19 нау, 2018 сағат 16:40

Үлкен Алматы айналма жолы салынады

Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ және Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын салатын мердігер компания өкілдерінің қатысуымен тағы бір қомақты жобаның тұсауы кесілді. ҚР Инвестиция және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитетінің тапсырысы бойынша қолға алынған жобаны түркиялық  және кореялық  құрылыс компаниялары серіктесіп жүзеге асырады.

Мамандардың айтуынша, бұл ғасырлық мәнге ие жоба болып отыр. Олай дейтіні, аймақ аумағынан «Ұлы Жібек жолы» сорабымен керуен тартып өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа күрежолы өтеді. Соның ішінде Алматы қаласы арқылы өтетін көліктердің іркіліссіз қатынауы айрықша маңызға ие. Міне, осы мәселенің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатар шешім – маңызды  жобаның қолға алынуы болса, аталған жол құрылысының биыл басталуы да еліміз үшін үлкен жаңалық.

Осы ретте, инвесторлармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелескен Амандық Ғаббасұлы:

– Өткен жылы Алматы облысының экономикасына 567 млрд. теңге инвестиция тартылса, бір ғана Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысына құйылған инвестиция 512,3 млрд. теңгені құрады. Бұл – шын мәніндегі өңірдің экономикалық әлеуетін көтеріп, әлеуметтің тіршілігіне серпін беретін жоба болады, – деді.

Жобаны іске асыру үшін облыстық әкімдік жол құрылысына керекті қосалқы материал дайындайтын, тас үгітіп, цемент пен асфальт шығаратын зауыттарды орналастыруға қажетті жерлерді анықтап береді. Осы арқылы мердігер компанияның белсене жұмысқа кірісуіне жағдай жасалған. Бүгінде жолды салып бітірудің нақты мерзімі де белгіленген. Нақтырақ айтқанда,  2018 – 2021 жыл аралығына жоспарланған. Жалпы ұзындығы 66 шақырымға созылатын алты жолақты, 1 «а» категорияға жататын жол бойында 41 көпір, 7 жол айырығы салынады. Жоба пайдалануға берілгенде айналма жолдан тәулігіне 40 мыңға жуық көлік  өтсе, толық қуаттылығына енгенде 100 мыңнан аса көліктің іркіліссіз қатынауына мүмкіндік тумақ.

Мүмкіндік демекші, кездесу барысында шетел компаниясы өкілдері  күрделі инженерлік жұмысты атқаратын мамандардан басқа 90 пайыз жұмысшыны жергілікті тұрғындардан алатынын атап өтті. Одан әрі екі тарап та өздерінің бұл жобаға нақты дайын екендіктерін тілге тиек етті.

– Жоспар бойынша биыл дайындық жұмыстарын аяқтап, келесі жылдан жол салуға қарқынды кірісеміз. Бәрі ойдағыдай болса, 2021 жылы жолды тапсырамыз. Оған қуатымыз да, мүмкіндігіміз де жеткілікті. Мұндай ауқымды жобаны Қазақстанда бірінші рет қолға алып отырғанымызбен басқа елде бірнеше мәрте жүзеге асырдық, тәжірибеміз жеткілікті, – дейді «Алсим Аларко» АҚ-ның вице-президенті Аббас Шахин.

Айта кетейік, Қарасай, Іле, Талғар сияқты үш ауданның аумағын кесіп өтетін айналма жолдың жобасы 2013 жылы қолға алынған болатын. Алматы қаласының аумағы ұлғайып, көрші аудандардың жер телімдері қаланың территориясына кіруіне байланысты жоба қайта қарастырылды. Осы уақыт аралығында жол өтетін жер телімдерін жекеменшіктен мемлекет меншігіне өткізу жұмысы жүргізілді. Қазір айналма жол өтетін аумаққа орналасқан 722 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жерде тұрғын үй, сауда орталықтары, егістік алқабы, мекемелердің ғимараты, өндіріс орталығы сияқты нысандар болғандықтан көптеген қиындыққа жолықса да жол құрылысына кедергі келтіретін себептердің бәрі жойылды.

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы