10 қар, 2019 сағат 23:02

Ұларбек Нұрғалымұлы: «Оған ой еркіндігі тән еді...»

Жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театры сахналаған «Әбутәліп әпенді» трагикомедиясын 1991 жылы жазыпты. Бұл Рахымжанның драматургия деген тыңға салған алғашқы түрені еді. Содан бері Отарбаев қаламынан ұзын саны жиырмаға жуық пьеса өмірге келіпті.

Оның дәл осы жанрға деген махаббаты да, еңбегі де ересен болды. Бір қоздаса, қайыру бермей қаулата жазатын қара сөздің хас шеберін драматугрияның тылсым әлемі жатырқамады. Прозасындағы қолтаңбасының ерекше екенін ә дегеннен байқаған жазушы Смағұл  Елубай: «Қазақ әдебиетінде Мүсіреповтің жолын жалғастырған бірден-бір жазушы – Рахымжан Отарбаев» деуі де сондықтан ғой. Ал енді қысқа ғана сахна суреттері мен қозғалысты, сосын дәл де шымыр диалогтармен ғана көрерменін тырп еткізбей ұстап отырар тартысты драмалық шығарма жазу үшін қаумалап келген қалың сөздің бәрін қағазға төге алмайсың. Баяндау – прозалық шығарманың қабырға кірпіші десек, драмалық шығармада енді сіз (бірлі-жарым тіреу болса болар, болмаса ол да жоқ), қабырғасыз үй тұрғызу керек болады.  Міне, драматургияның дәл осы ерекшелігі «қара сөзді қойша айдайтын» Рахаңдай жазушыға өзін-өзі тұсаулау болды десек, артық айтпаймыз. Жалпы, қазақта жазушы көп болса да, драматургтың санаулы болатынының бір себебі де осында жатса керек. Кейбір жазушыларымыз прозадағы сол көсіле шапқан бетімен драматургияның ауласына кіріп кетіп, сахналық қойылымның қабырғасын аспай-саспай саман кірпіштен өріп отырғанында, көрерменнің ұйықтап қалатын кездері де болғаны рас. Драмада тартысқа құрылған диалог алға жетелеуі керек. «Бірде Рахаңның өзбек театры қойған спектаклін екі рет тамашалағаным бар. Кейде көшеде сұлу әйел көріп қалсам: «Жаным, Анфиса!» деп айтып қалатын кездерім болады. Драманың әсері ғой...», - депті, Отарбаев драматургиясы жайындағы журналист сауалына берген жауабында жазушы, марқұм Талғат Кеңесбаев.

 Отарбаев дрматургияның бұл қиын асуын да бағындыра білді. Тіпті драматургияға (ол біреуге ұнар, ұнамас) өзіндік көзқараспен, өзіндік тәсілмен келді. Бұл сөзімізге «Абай – сот» пьесасы дәлел. 1995 жылы Бішкектегі Халықаралық Айтматов театры қойған бұл пьеса әдеттегі тұлғалар туралы жазылатын пьесалардан өзгешелеу шықты. Онда Абайдың көзімен бүгінгі күнге қарау мақсат етіліпті. Пьесада Абай ескерткіштен түсіп, Алматыны аралайды. Қала­ның әкіміне кездесіп, сұрақтар қояды. Тіпті базарға барып, сауда жасап отырған бүгінгінің Ділдәсін, Әйгерімін көреді. Тосын ба? Әрине, тосын. Бұл – «Абай біздің бүгінгі халімізді, рухани күйімізді көрсе не дер еді?» деген сауалға жауап іздеген драматургтің өзгеше тәсілі еді.

Рахымжан шығармашылығының негізгі тіні – өзі өмір сүріп отырған уақытқа ой салу. Оны оған уақыттың өзі итермелегендей. Өйткені, Тәуелсіздікке қолы жеткенмен, алдағы бағдары мен болашағына ойы жетпей аңтарылып қалған жұрттың өз болмысына үңілуге шамасы келмей әбігерге түскен өлара уақыт оның қаламына салмақ түсірді. Енді оған Абайды анау заманның арпалысына салып қойып қызықтап отыру қисынсыз көрінді. Өз уақытының кесірлі кемшіліктері Абай көзімен қарағанда анағұрлым анық көрінетінін пайдалана білді.

«Бас» пьесасы да сол тақылеттес. Онда қылышы жалаңдаған Махамбет жоқ. Көрден қазылып алынған бас қана бар. Алматыда он жеті жыл бойы жертөледе жатқан Махамбеттің басы. Бірақ оны өлтіретін Ықылас, жан жолдасы Исатайлар бар. Ең қызығы, олар – бүгінгі заманның кейіпкерлері. Махамбеттің айналасындағы есімдермен көрініс береді. Бірі министр, біреуі директор, енді бірі ғалым болып шауып жүр. Ал енді бүгінгі күннің Ықыласын көр де отыра бер, Исатайының жағдайын көр... Бәрі-бәрі көз алдыңыздан өте береді. Ішің удай ашиды, ұяласың, қиналасың. Ғажап шешім әрине! Қалам қуаты қоғамның қанды іріңін қалай сығатынын, сырқатын қалай емдейтінін осыдан-ақ көруге болады.

«Рахымжан Отарбаев – интел­лектуалды қазақ прозасының ХХІ ғасырдағы озық өкілі» депті «адамзаттың Айтматовы» атанған әйгілі жазушы Шыңғыс Төреқұлұлы. Ендеше, сол интел­лектуалды таным Отарбаев драматургиясын да биіктен көрсете білді. Автордың «Двойник» аталатын пьесасының философиясы сұмдық. Осы күн ғана емес, болашақ адамдардың негізгі дертінің диагнозы десек те болады. «Р. Отарбаев драматургиясының жиі сахналануы әлемдік ірі мәселелерді көтеруінен» деген екен бір сұхбатында қаламгердің бала кезден бергі досы, журналист Таңатар Дәрелұлы. Бұл пайымның тиянағын осы шығармадан нақты көруге болады.

Ақшаның жолында басы қауіп-қатерде қалған Байға «күйеубаламын» деп, (қарындасын алмақ ойы бар), Америкадан келген алаяқ – Конг – Қонбай двойник тауып бермек болады. Бір сахна көрінісінде бай: «Мәселе былай. Ұлы адамдардың... байлардың... (түшкіріп) жәрекімалла... бәрі де двойник ұстаған. Тіпті участковый полицияның да двойнигі бар. Түнімен әлгінің киімін киіп алып ысқырып шығады. Сен мына менің...», - дей бергенде, оның потенциалды «двойнигі» ақша үшін бұл рөлді «ойнауға» оның сөзін аяқтатпай-ақ келісе кетеді, өз өміріне төнетін тікелей қауіпті тіпті ескермейді де.

Бұл пьесада Отарбаевқа тән ащы сарказм де бар. Рахаң сөз емес, ой қуатын қаламгер ретінде қоғамдағы  дендеген дерттің сын көтермейтін жағдайын дөп басып, ашы мысқылман сынайды. Бұл ерекшелік пьесадағы диалогтардан ашық емес, астыртын, анық емес, нәзік аңғарылып тұрады. Бұл пьесада алмастыруға болмайтын нәрселерді де алмастыра бастаған адамдардың әрекеті комедиялық жанрда көрсетілген. Мына бір көрініске мән берейік:

«ІІ ШАЙТАН: Әй, двойник, біз шайтан деген жұртпыз.

ДВОЙНИК (шошып, бақырып): Шай-тан?!

І ШАЙТАН: Иә, шайтан. Сен бізге жаныңды саттың.

ІІ ШАЙТАН: Жаның мына дорбаның (көрсетіп) ішінде.

І ШАЙТАН: Ендігі есімің – Бай. Солай ма, двойник?

ІІ ШАЙТАН: Жаныңды қаншаға сатқаның есіңде ме?

ДВОЙНИК: (қалтырап): Тапқан табыстың он пайызы.

І ШАЙТАН: Ә, солай де. Біз ақшаға дуалап Байдың да жанын сатып алғанбыз. Ол – қазір тірі мүскін.

ДВОЙНИК: Мен Бай емеспін. Қайтарыңдар жанымды!

ІІ ШАЙТАН: Қайту жоқ. Жаның тәніңді қашып шыққан».

Өмірде өз болмысын, өз қуанышын, өз мұңын жоғалтып мүлде басқа адамдардың рөлін сомдап жүрген пенделер туралы бұдан артық қалай айтуға болады? Олардың қасіретін двойниктің соншама ақшаға келісе тұра, «қайтар жанымды» деген жалғыз ауыз сөзімен-ақ береді. Ол шын мәнінде өзінің жанын «қайтарғысы» келеді. Өз әрекетіне өкінгендей болады. Бірақ өмірдің мәні ақша деп білетін рухани мүгедек жан түпкі ойынан оңайшылықпен ажырамақ емес. Пьесадағы Қонбайдың жанын шайтандар ақша мен арсыз алаяқтыққа айырбастадық десе, байдың қарындасының жанын жәлептікке итеріп, әйелін алтынмен арбап алғандарын айтады. Бұларға қарама-қарсы бейне – шал әкесі. Адалынан туған, арам сүт ішпеген оған шайтандардың әлі келмейді, маңына жуи алмайды.  Пьеса соңында тап-таза бүлдіршін балалар жанын сатпай, кісілігін сақтап қалған сол кейіпкерді «аталап» қаумалағаны – жан дүниең тыныс табар керемет шешім. Адамдардың ең жылы ұясы – адамшылығы сақталған кеуде екенін қапысыз сезінесің. Балалар да сол жылы ұяға қарай жүгіреді. Енді сен де болашақ ұрпақтың да паналар жері, бетке алар бағыты сол адамшылығы бар асыл кеуде болса екен дейсің. Сосын... сосын өзіңе үңілесің...

Сол жалт-жұлт еткен алдамшы шайтани ойға ерік бермеген, адам деген жаратылыстың мән-мазмұнын бойында ұстап қалған ӘКЕ:

«...Сендер ақшаның тілін білмегенмен, адамның тілін ұмытқансыңдар. Өңшең, шайтан иектегендер!» дейді. Ол – алмастыруға болмайтын адамдарыңның тілі... Алмастыруға болмайтын жақыныңның жүрегіне жол табар жан тілін ұмыту – бүгінгі күнгі адамзаттық қасірет емей не?

Рахымжан Отарбаев жал-кекілді жығылған жағына сипап, көптің ыңғайына көне салатын  жалтақ жазушы емес. Сондықтан да ол «Жәңгір ханды» жазды. Махамбеттің «Хан емессің, қасқыр­сың» деген Махамбеттің бір ауыз сөзімен жұрттың жадына жағымсыз образы сіңіп қалған Жәңгір ханның қаншама ірі еңбектерін, арман-мұратын айқын көрсетіп берді. Рахымжан Отарбаевтың тарихи тұлғалар турасындағы «Бейбарыс сұлтын», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары жоғарыда айтқанымыздай олардың өмірі жолындағы оқиғалардың қуалаған түзу желіге емес, шым-шытырық тартыстар тұсындағы тұлғалық тұғыры мен азаматтық арман-мұратын әйгілеуге тырысты. Ал, ол жолдағы еңбектің ұшы-қиыры жоқ. «Бейбарыс сұлтан» пьесасын жазуы үшін әлденеше рет Каирге барғанының өзі бөлек хикая. Мұның бәрі шағын мақаланың шанағына сияр әңгімелер емес әзірге.

Ол айтпақ ойының ыңғайына жанрды жақсы таңдай білді. Публицистикалық ойларын өткір сұхбаттар берсе, кеңірек аша түсер образдарды прозаның даңғылына салса, адамның түрлі әрекеттерімен өзінің жан дүниесін сойып салар тұста драматургияға жүгінгендей.

Бірде бауырынан жараған арғымақтай жазушы ағамызды көріп қалып, сәлем бергенбіз. «Аға, сұхбатыңызды оқыдық» дедік. «Сұхбатыңды оқыдық» деп хабарласқан жұрт телефонға маза берер емес, солар неге «әңгімеңді, романыңды, пьесаңды оқыдық» демейді екен, ә?» - деп әзілдеді. Әрине, зілді-ақ әзіл. Көркем шығарманың қуаты алапат қой! Сөйтсе де, Рахаңның дара тұлғасы қаймана қазақты еліктіретін, жұрт кітаптарынан бөлек, Рахаңның өз болмысын тани түсуге, сөзін құмарта тыңдай түсуге ұмтылатын еді.

Автордың «Актриса» пьесасын оқыған әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай әбден күліп: «Мұны қойса, орыстар қояды...» деген екен. Өйткені, онда сол театр саласындағы адамдарының арасындағы көзге көрінер-көрінбес көп тартысты, ашығын айтқанда адам ұялатын сондай қитұрқы істерін аяусыз ақтарып береді.

«Фариза мен Мұқағали» пьесасында Мұқағали жатқан аурухананың алдында сөйлесіп отырған екі ақының диалогында:

«ФАРИЗА: Аға, соңғы кезде біреулер өлеңдерімді көп мақтап жүр.

МҰҚАҒАЛИ: Білем, бірақ мақтау да қарыз ақша сияқты. Кері қайтаруың керек. Көп ала берме.

ФАРИЗА: Досым аз.

МҰҚАҒАЛИ: Азы дұрыс. Малға достық барынан жоғы. Ал, жанға дос, мысалы, менде ешкім жоқ, сенен басқа, Фариза. Асқар Сүлейменов те осыны айтып еді. Сенің бір ерлігіңді естіп шексіз риза болғаным-ай.

ФАРИЗА: О, қандай ерлік?

МҰҚАҒАЛИ: Асқардың шет жұртта оқитын ұлына аса көп ақша керек боп... зыр жүгірген. Таптыра ма? Жоқ та, жоқ! Сонда сен үйіне келіп: «Әй, дуана, мә, қайтармай-ақ қой. Ал» деп бір бума ақшаны лақтырып кетіпсің.

ФАРИЗА (қысылып): Оны несіне айтты екен? Сатқындықты пәниде көп көрдіңіз бе?

МҰҚАҒАЛИ: Көп көрдім. Өте! Адамдармен араласпасаң, күн көре алмайсың, ал аралассаң, күн көрсетпейді.

ФАРИЗА: Мансап пен даңқ ше?

МҰҚАҒАЛИ (бас шайқап): Бәрі баянсыз. Уақытшалық. Ақ қағазға түскен қара таңба болмаса...

ФАРИЗА: Аға, шаршаттым білем, палатаға барып демалыңызшы».

Фариза да, Мұқағали да – өзі! Иә, Рахымжан Отарбаевтың өзі! Оның жаны, болмыс, мінезі жан сыры өзінің көркем шығармаларында. Сондықтан да ол «солар неге «әңгімең, романыңды, пьесаңды оқыдық» демейді екен ә?» дейді... Оны айтып жеткізу мүмін емес...

Біз білетін бертінгіде адал ойының адамзат санасына жетуі жолында жанын да, малын да аямаған бір қазақ қаламгері болса, ол – Рахаң! Мазасыз күндер мен ұйқысыз түндері ақ қағазды қара сиямен мөрлеп, шындығында одан өзгенің бәрі баянсыз, уақытша екенін тағы бір дәлелдеп кете барды.

Сондай, қасқайып келіп, қасқайып кете барған тәуелсіз қазақтың еркін ойымен ендігі ұрпақ ақ қағаздың бетінде, театрдың сахнасында сырласады... Бұл ғұмыр – ұзааақ ғұмыр!..

Ұларбек Нұрғалымұлы