
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканың шығармашылық секторын дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен салалық министрліктердің және әкімдіктердің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қосымша құны шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншік құқықтарын басқару (кино, музыка, жарнама, БАҚ, дизайн, сәулет, киберспорт, сән, заманауи өнер және т.б.) арқылы қалыптасатын шығармашылық салалар бүгінде ең танымал және экономиканың серпінді дамып келе жатқан бағыттарының бірі саналады. Қазірдің өзінде экономиканың бұл бөлігі әлемдік ЖІӨ-нің 3 пайыздан астамын құрайды (2,6 трлн АҚШ доллары).
Барған сайын қазақстандықтар халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие креативті өнім жасай алатындығын көрсетуде. Біздің азаматтарымыздың музыка, кино режиссурасы және ойын-сауық медиа-контентін құру сияқты салаларда (2019 жылы Қазақстанның шығармашылық индустрияларының экспорт көлемі 247 миллион АҚШ долларынан асты) ерекше жетістіктері бар.
Кездесуге қатысушылар шығармашылық секторды дамытудың жоғары әлеуетін ескере отырып, Қазақстан шет елдердің үлгісімен, шығармашылық салаларға және тұтастай алғанда экономиканың барлық салаларына қатысты мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, міндеттерін, тетіктерін және күтілетін нәтижелерін бейнелейтін ажырамас стратегиялық құжат әзірлеуі қажет екенін атап өтті.
Елдегі экономиканың шығармашылық секторын дамыту үшін қазақстандықтар арасында шығармашылық белсенділікті ынталандыруға, таланттарды тиімді басқаруға, сондай-ақ шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға және шетелдік инвестицияларды тартуға жағдай жасауға бағытталған бірқатар шаралар ұсынылды.
«Мемлекеттік органдардың барлық ұсыныстары мұқият зерделеуді және кәсіби қоғамдастықпен талқылауды қажет етеді. Мемлекет басшысы алға қойған шығармашылық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларды сапалы орындау үшін Премьер-Министр А.Ұ.Маминнің тапсырмасы бойынша күн сайын осы маңызды жұмыстармен айналысатын арнайы Жобалық кеңсе құрылып жатыр. Шығармашылық сектордың біздің елде тек экономика үшін ғана емес, сонымен бірге қазақстандық мәдениетті насихаттауда, жастардың өзін-өзі тануында орасан зор даму әлеуеті бар екенін ерекше атап өткім келеді. Үкімет осы стратегиялық маңызды саланы дамыту үшін барлық күш-жігерін салады», - деді Әлихан Смайылов.
