08 қыр, 2016 сағат 08:01

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Көргенсіз елдің көсегесі ешқашан көгермейді

Егер, "Үштұғырлы тіл" саясатына, "Сағадиев реформасына" осылайша үндемей, келіскен сыңайда қала берсек, болашақтағы жағдайымыздың өте жаман болары Айдан анық.

Сол жаманның басы - "Қазақстан Жазушылар Одағы" деген қоғамдық ұйымның түбегейлі адыра қалмағы. Өйткені, ақыл-есі қос тілмен қойыртпақтанған, өз Ата Тілінің, басқа сала тұрмақ, әдебиетте де еш бәсі болмас Қазақтан келешекте ешқандай ақын да, жазушы да шықпайды. Ал, ақыны, жазушысы жоқ ел - көргенсіз ел. Көргенсіз елдің көсегесі ешқашан көгермейді. Біз сондай бақытсыздыққа бара жатырмыз, үн-түнсіз.

"О, санкта симплицитас!" ("О, святая простота!") 
Осыдан алты ғасыр бұрын, өзін өртеп жатқан алауға отын тастап тұрған аңқау кемпірді көргенде, әйгілі чех қаһарманы Ян Гус осылай депті, өлердей қапаланып. Біздің қазіргі жағдай - тұп-тура сол сорлы кемпірдікіндей! Қапалы Ян Гус қана жетіспей тұр бізге...