06 қыр, 2016 сағат 09:29

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Ақ сарбаз! - десем, артымнан ерер жұртым жоқ

О-ооу, балалық шағымның мәңгі мемлекеті,
Байрағың - бұзаутісті бұжыр қамшысы Әкемнің,
Әнұраның - Шешемнің әсем әлдиі,
Елтаңбаң - періште аңқыған бесігім!

Мен қазір сорлы елде жүрмін, 
Ата Тілі де тұншықтырылып, Ата Мекені де сатыла бастаған.
Ашынып айтқан ақиқат-сөзімнің құны - көк тиын.
Ақ сарбаз! - десем, артымнан ерер жұртым жоқ.
Абақтыға кетсем, жарым да іздеп келместей.

О-ооу, балалық шағымның мәңгі мемлекеті,
Сен менің соңғы шебімсің!
Сен менің соңғы шебімсің!
Сәбилік былдырыма қойыртпағын қостыртпай еш тілдің,
Шыбығыма мініп ап, 
Ши-садағымды Көкке көтеріп,
Қарыс жерің үшін, қас жаулармен қандасып,
Мен Өзіңді дәйім қорғаймын!

Қорғай алмасам,
Еңіреп,
Туған Жерімнің топырағын шайнап Сендегі,
Оқтан да өткір өксіктерімнен жансырап өлермін,
Бесігімді құшақтап...

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы