01 жел, 2016 сағат 13:41

Түймебаевпен кездесу кезінде кемшіліктер жасаған аудан әкімі жазаға тартылды

Сарыағаш ауданының әкіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесу ұйымдастыруда кемшіліктерге жол бергені үшін  ескерту жасалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Облыс әкімінің Сарыағаш ауданына 29 қарашадағы іс-сапары барысында, аудан әкімдігі тарапынан шараларға дайындығы кезінде кемшіліктерге жол берілді. Атап айтсақ, аймақ басшысына аудан орталығындағы кітапхананың ашылу салтанатының уақыты туралы қате мәлімет берілген. Салдарынан ашылу салтанаты белгіленген уақытынан кеш өткізілді. Ашылу салтанатына жиналған адамдарға айтарлықтай уақыт күту керек болды", - делінген хабарламада. 

Осы кемшіліктерге қатысты Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуалиевке ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны айтылады. 

Мұның алдында Сарыағаш ауданының тұрғындары ОҚО әкімін 3 сағаттан аса уақыт далада күткен. Жансейіт Түймебаев Сарыағаш қаласында жаңа кітапхананы ашу керек болатын. Жергілікті билік ашылу слтанатына жергілікті ақсақалдар мен өзге де жұртшылықты шақырып қойған. 

Ашылу 16:00-ге жоспарланған, алайда, аймақ басшысы кешіккендіктен салтанатты шар қараңғы түскенде өтті. ОҚО әкімі кешіккені үшін халықтан кешірім сұрады.