Өңірдің дамуына сыртқы инвестицияның қосар үлесі зор болуы керек. Ол үшін аудан әкімдері кәсіпкерлер мен инвесторларға барлық тиісті жағдайларды жасауға міндетті. Сондай-ақ жыл соңына дейін аяқталуы тиіс құрылыс нысандарындағы жұмыстарды жылдамдатып, сапалы әрі мерзімді аяқтауға қол жеткізу қажет. Бүгін бұл туралы облыстық әкімдікте өткен селекторлық отырыста Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Селекторлық отырыстың күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы облыстың 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы индикаторларының 6 айлық орындалуы.
«Облысқа 180,6 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылдың тиісті кезеңінен 33 пайызға артты. Инвестиция көлемінің ұлғаюы Мұнай өндіру зауытының жаңғырту жұмыстарының есебінен орын алып отыр. Бұл көрсеткіш республика бойынша 1- орында», - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов.
Десек те, бірқатар аудан қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар төмен деңгейде жүргізілуде. Осы мәселеге нақты мән берген өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне тиісті ескерпелер жасап, тапсырмалар жүктеді.
«Аудан-қала әкімдерінің жұмысы осы сыртқы инвестиция тарту көрсеткіштеріне қарай бағаланатын болады. Жыл соңында барлық әкімдердің жұмысы сараланғанда осы мәселеге мән беріледі. Сондықтан қарап отырмай сыртқы инвесторларды қызықтыратын жақсы жобаларды әзірлеп, мемлекет тарапынан жасалынатын барлық жағдайларды тиісті деңгейде атқарғандарыңыз жөн», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Селекторлық отырыста облыстық құрылыс саласы да әңгімеге арқау болды. 2017 жылы облыс аумағында облыстық құрылыс және аудан-қала әкімдіктері тапсырыс беруші болып табылатын 209 инвестициялық жобаның іске асырылуына 64,9 млрд.теңге қаралған. Құрылысы жоспарланған 209 нысанның, жыл соңына дейін 116-ін пайдалануға тапсыру жоспарланса, 93 нысан 2018 жылға өтпелі. Осы ретте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашов сөз алып, алдағы қыркүйекте 20 мектеп ел игілігіне берілетінін айтты.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев болса, күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан нысандардың барысын баяндады.
Жиын барысында қысқы маусымға дайындық барысы да талқыланды. Әсіресе, білім ұялары мен әлеуметтік нысандардың қысқа әзірлігіне жіті мән берілуі керектігі айтылды. Жалпы облыстағы 3209 бюджеттік мекемелерден алдығы жылу маусымына дайындалғаны 2677-іне құрап отыр.
«Жылу маусымына дайындық жұмыстары 25-тамызға дейін толық аяқталуы керек. Жылыту маусымына қажетті көмір, сұйық отын, мазут секілді қажеттіліктер осы айдың соңына дейін жинақталып, қорда тұруы тиіс. Бұл ретте аудан-қала басшылары мен тиісті сала басшылары апталық есеп беріп отыратын болады», - деді Ж. Түймебаев.