Біздің төртуыл ішіндегі бақсылардың ең дәуперім мықтылары Мырзағали мен Түсіпбек болатын. Мен бала кезімде жоғарыда аталған: Қали, Иісбай, Жұмабек бақсылардың «ойынын» өз көзіммен көрдім. Бірақ солардың ешқайсысы Түсіпбекке жетпейді. Түсіпбек біздің зәйімкеде – Балтақын қоржасында отыратын. Алайда «бақсыны байым бар деме» дегенді жұрт тегін айтты дейсің бе, жыл он екі ай ел аралап жүретін ол оқта-текте болмаса, үй бетін көрмейтін-ді.
Бір жылы бізбен құдандалы Шиқу ақсақалдың бәйбішесі Қорлыға деген әйел желігіп ауырып, бүкіл ауылдың мазасын алғаны бар. Ескіше хат сауаты бар, ертегі-қиссаларды да көп білетін, көкірегі даңғыл сол Қорлыға аяқастынан жынданып, бір-ақ күнде албастыға айналып шыға келді. Шашын жайып жіберіп, үсті-басына неше түрлі құс қауырсындарын қадап алып, жалаңаяқ, жалаңбас дала кезіп кетті. Кейде аузынан көбік ағып, өзінен-өзі сақылдап күлетіні бар. Жеті түнде жападан-жалғыз бейіт аралап жүреді. Күні кеше ертегі тыңдаймыз деп Қорлығаның қасынан шықпайтын біз енді одан қорқатын болдық.
Содан күндердің бірінде Түсіпбекті іздеп кеткен жігіттер оны сонау Мәмбет ішінен тауып келді. Әлі ел жайлауға шықпаған, біздің ауылдың Арқарлыда отырған кезі. Бақсы ойынына арналып, оңаша алты қанат үй тігілген. Бұрын атын естігенім болмаса, Түсіпбекті түстеп танығаным осы жолы. Ол өзі шарға бойлы, қаңғажақтай ғана кісі екен. Әлде Қорлығаның жыны басым болды ма, «көптен бері Түсіпбектің қатты ойнағаны осы» десті білетіндер. Бақсылардың ойын үстінде қызған темірді тілімен жалайтыны, табанымен басып таптайтыны үйреншікті нәрсе ғой. Түсіпбек одан басқа да небір кереметті көрсетті. Ауылдың әйелдерін тілдерінен жіп өткізіп байлап тастады. Жылқыдан жаңа ұстап әкелген асау атты тізерлетіп үйге енгізді. Бақсының бүркіт жыны бар екен. Бір мезгілде бүркітше пыштақтап аз отырды да, бір-ақ секіріп шаңыраққа шығып кетті.
Бірақ Қорлыға сонда да жеңіле қоймады. Аузынан ақ көбік аққан күйі сақылдай күліп, бет-аузын қисаңдатып, бақсыны мазақтап отыр. Сол сәтте тұла бойы қалшылдап, ышқынған бақсы:
– Құдай үшін арқан әкеле көріңдер... Арқан! – деді жанұшыра айқайлап.
Су жаңа қыл арқан әкелінді. Түсіпбек арқанның орта тұсын белінен бір шалып байлады да, екі басын жігіттерге ұстатты.
– Ал, енді аямай тартыңдар!
Ерігіп тұрған жігіттерге қызық керек, бақсының өзі өтініп тұрған соң аясын ба, екі жаққа бес-бестен бөлінген он азамат арқанды ал кеп тартсын. Қыл арқан сусылдай сығып, бақсының белін лезде бір уыс қып жіберді. Енді сәл болса омыртқасын үзіп жіберердей. Бақсы сонда да місе тұтпайды: «Құдай үшін тарта көріңдер!» – деп жалынады. Жігіттер алқынып қара суға түсті. Бақсы олай-бұлай бұлқынғанда әлгілер жаңқадай ұшып кете жаздайды. Бір мезетте Түсіпбек арқанның қос қанатын қолмен қармап, өзіне қарай жұлқа тартқанда, жаңағы екі топ бір-біріне беттесе құлады... Бұл – ойынның шарықтау шегіне жетіп, бақсыны әбден жын буған кез еді. Манадан бет бақтырмай отырған Қорлыға осы тұста ғана сәл иліккендей болды. Түсіпбек сарыала қамшысын білеп жетіп барғанда:
– Ағатай, жаздым, жаңылдым... Енді желігуді қояйын! – деп бақсының аяғын келіп құшты.
Сенесіз бе, сол Қорлыға осыдан кейін ада-күде жазылып кетті. Содан кейін де талай жыл өмір сүріп, бертінде өз ажалынан қайтыс болды. Әсілі, бақсылардың бойында ғарышпен астасқан әлдебір құпия қасиеттің барын жоққа шығаруға болмайды. Әлі сыры ашылмаған жұмбақ табиғаттың адамдарға жіберген ол да бір сыйы. Тек соны бергі заманда кім көрінген кәсіпке айналдырып, қасиетін түсіріп жіберді.
Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романынан