13 қар, 2024 сағат 17:47

Елімізде спорт түрлері медаль санына қарай қаржыландырылатын болады – министр

Фото: ашық дереккөз 

Мәжіліс отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда тіркелген 180 спорт түрінің ішінен тек 60-ы ғана басымдықпен қаржыландырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутат Ерлан Саиров елімізде 180 спорт түрінің тіркелгенін және олардың көпшілігінің қазақстандықтарға таныс емес екенін айтты.

"Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген, бірақ олардың арасында халыққа белгісіз спорт түрлері бар, мысалы, биатлон, триатлон, петанк, унифайт. Оларды қаржыландырудың қандай маңызы бар? Ұлыбританияда 15, Германияда 17 спорт түрі ғана бюджеттен қаржыландырылады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 180-ге жетеді. Мұны қалай түсіндіруге болады?" – деді депутат.


Министр Ербол Мырзабосынов спорт саласындағы бұл мәселені растады. Ол заң жобасы аясында 60 спорт түрін басымдыққа қою жоспарланғанын, оның ішінде ұлттық спорт түрлері, сондай-ақ Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазиялық ойындарға кіретін 45 спорт түрі бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ министр алдағы уақытта басым спорт түрлері медаль санына қарай қаржыландырылатынын және Париж Олимпиадасынан кейін спортты қаржыландыруға ерекше назар аударылғанын айтты.

Айта кетейік, Туризм және спорт министрлігі спорттың басым түрлеріне арналған критерийлерді әзірлейді.