28 қаз, 2016 сағат 11:47

Тұрсын Жұртбай. Бейнет сусыны

ЖҮЙКЕ СЕПТІГІ 

Бірінші тарау.  АТАУ: «КІМ?» – ШАБЫТ,

«КІНӘМШІЛ КЕЛІНШЕК» НЕМЕСЕ «КӨҢІЛ ҚОШЫ»

Әр істің бір бастауы, бастапқы себебі, қозғаушы күші болады. Жазу өнеріндегі жүйке талшықтарын шүйкелейтін сондай суыртпақтың ой ұйытқысы – шабыт. Ол ұлы жебеуші күш. Онсыз істің сәті мен мәті түспейді. Онсыз кез келген жазушы қолына қалам алмайды. Ендеше, шығармашылық психологиясына қатысты тәпсірді сол Шабыттың өзінен бастағанымыз ләзім.

Ал осы шабыт дегеніміздің өзі – түсініксіз тылсым ұғымның бірі. Оны «бар» деп те, «жоқ» деп те үзілді-кесілді кесіп айтуға келмейді. Абай да оны «оянып ой өлкесі»,«жарасып өңкей келісім» деп дәріптеп, «ақылдың гүлденуіне» теңеген. Егерде тұла бойың иіп, «ой сәулесі ашылып», көңілдің «көк ала бұлты сөгілмесе», ойдың  жинақталуы да, дамуы да, қорытылуы да мүмкін емес. Сондықтан «шабытсыз» жазылған шығарма – көңілсіз махаббаттан туған бала сияқты. Бейне бір әкеліктен бас тарта алмағанымен де ет жүрегіңді елжіретпейтін, көңілің түспеген нәресте іспетті өгейсіп тұрады. 

Шабытсыз туған шығармаға автордың өзі де исіне бермейді. Ал «шабытты» күтіп отыра берсе, төрт кітаптан тұратын Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі», Ромен Ролланның «Жан Кристофы», Томас Манның «Буденброккиі», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» аяқталмай қалар еді. 

Демек, «шабыт» дегеніңіз «кінәмшіл келіншек» сияқты шығармашылық иесінің сенімсіздеу серігі. Ал әдемі келіншектің бапшыл келетіні белгілі. Сондықтан да, «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген сұраққа өнер иелерінің өздері де әр қилы жауап береді. Оның үстіне «шабыт» деген сиқырлы сылқым келіншектің» құшағына бір ілінсеңіз, елітіп, адастырып әкететіні тағы бар. Мысалы...

Шиллер шабытты «Неожиданности души» – «көңілдің күтпеген сыйы» деп бағалапты. 

Сол бір «шабыт» деген ұғымды Флобер бұзып, жүйелі жұмыс істеу машығын әдетке айналдырды. Флобердің: «Все вдохновение состоит в том, чтобы ежедневно в один и тот час садиться за работу» – «Шабыт атаулының барлығы – күн сайын белгілі бір сәтте жұмысқа кірісуден тұрады» деген сөзі өзінен кейінгі жазушылардың барлығының күн тәртібіне айналды, яғни, жазу – кәдімгі кәсіби жұмыс, күніңді көрудің амалы, қаражат көзі ретінде қаралды.

«Шабыттың» мойнына «еңбек торысы» ретінде «қамыт кигізіп», әбден діңкесін шығарған жазушы – Бальзак. Ол: «Шабыт  дегеніміздің тоқсан тоғыз пайызы еңбектен тұрады, одан басқа түк те емес» – деп «қылықты әрі кінәмшіл келіншектің» көңілін қалдырған. Мүмкін, сол еңбектің нәтижесінде дүниеге келген, «Бальзактің келіншектерінің жасы» атанып кеткен отыз үш пен қырық үш жастың арасындағы «сылқым да кербез бикештердің», яғни, өзінің қиялындағы кейіпкер келіншектердің қылығы – қолдан жасалған не «үмітсіз шайтанның кебіндегі» «кесірлі кербездерден» көрі сүйкімді әрі тиімді, нәтижелі әрі қаражат көзі ретінде жан мен тән құштарлығын оятқан болар. Өзі «әрі өмірлік көңілдесі, әрі қайырымды әпкесі, әрі мейірімді шешесі» ретінде мойындаған «Дала гүліндегі» Дэдлей сылқымның бейнесін сомдау үстіндегі «шабытты шағын» өмір бақи ұмыта алмауына қарағанда, бұл уәжді де жоққа шығара алмайсың.

Алайда Абай айтқандай «ой өлкесінің» ұйықтап, не ояу жүретін сәттері айтулы адамдардың өмір тәжірибесінде жиі кездескен. Тіпті шабыт пен шығармашылыққа түк қатысы жоқ «сезімнен ада мамандық иелерінің» де, яғни, «есеп қуған» есепшілердің де жүйкесін иітетін көрінеді. Мәселенки, француздың ұлы математигі Анри Пуанкаре  бір есепті 10 ай зерттеп, шығара алмайды. Ұзақ жылдан соң аяқ астынан «ой өлкесі гүлденіп», «ақылдың көзі ашылып» әлгі есептің амалы есіне түсіпті. Сонда, тура сол сәтте Пуанкаренің шабыты ұстап кеткен бе, әлде, шайтан құлағына сыбырлаған ба. Екеуінің де жөні келмейді. Ендеше бұл қандай құпия? 

Қазақ арасында халықаралық деңгейде танылған, отызға жетпей ғылым докторы, академик атанған математик Асқар Жұмаділдаев бойын күй кернеп, өлең буа бастаса бітті, өзінің қиналып жүрген есебін шығара қояды екен. Қазақтың ХХ ғасырдағы жас перені атанған   Асқар Жұмаділдаевтің қиын есептердің шешуін таба алмаған сәттерде қолына домбыра алып, өлең жазып,  шабыт шақырып, бусанып отырғанынында  келген қисапты есептің қисынын табуын,   оның «ой өлкесін» ашқан поэзияның математика әлеміне ұлы жаңалық әкелуіне себепші болуын қалай түсінуге болады. Өлеңнің құдіреті ме, киесі ме? Киесі шығар. Мүмкін оның түйсік түкпірінде, арғы озандар заманында қобыз тартқан абыз бабасының рухы кеп жебеген шығар. Қалай дегенмен де, шығармашылықтың бір құпиясы сонда жатыр. 

Ал Альберт Эйнштейн өзінің «салыстырмалы теориясының авторы – скрипка» екенін мойындаған.

Демек, шабыттың көзі – қуатты көркем қиял, сол қуатты көркем қиял – өмірдің өзінен ыстық әрі сұлу «кінәмшіл келіншектен» – көркем әлемнен тоятын табады. Сөйтіп, суреткердің  «ой өлкесі гүлденген» шақтағы ұлы құштарлығы, оны отыз үш пен қырық үштің арасындағы «қырыпсал кербездердің» қулығы бойламаған құпияларды ашуға жетелейді екен. Ықылым заманда өмір сүрген, шабыттың жалынан ұстаған шешен Декарт дегдар өзінің кезекті дәрісінен соң есінен ауыса жаздайтындай күй кешкен. «Әнді айтсаң да – жаныңды жеп айтасың» – деген сол, әне. 

Нағыз шабыттың «жыны буған» кезде, сау адамды Мәжнүн еткен зәңгі Ләйлә құсап, жүйкені шүйкелеп, адамды шалыққа да ұшыратып, ұшынған тамағына қайтып тәбеті шаппайтын адам сияқты, шығармашылықтан мүлдем жеріндіріп, не ессіз күйге түсіріп, «енді беттемейтіндей» етіп ұшындырып та жібереді екен. Мысалы, поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевичтің ақындық ғұмыры үш-төрт-ақ жылға созылыпты. Шабыты ұстап шабынған дер шағында ол өзінің атақты «Пан Тадеуш» балладасын  таңертеңнен кешке дейін алаңдағы жиналған жұрттың алдында тұрып суырып салып шығарған, яғни, флейтамен қосылып бір күн «импровизация» жасаған. Дастан аяқталатын кезде түрі өзгеріп, шашы ағарып, талып түскен. Содан еске ұстау қабілеті нашарлаған. Бұдан кейін шабыты қайтып оралмаған. Мицкевичтің қалған өмірі саясатпен өтті. Ал қазақ ақындары  таңды таңға ұрып айтысады. Сонда олардың жаны не деген сірі десеңші! 

Мысалы, Ташкент қаласындағы Салар өзенінің жағасындағы пәтерде бірге тұрған Мұхтар Әуезовтің куәлік бере айтуына қарағанда, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанын бір тәулікте жазыпты. Бұл дастан Мағжанның да «ақындық өмірінің» соңғы нүктесін қойды. Өйткені, «Тоқсанның тобыры» ақындық шабыттың жебеуімен туған жоқ, қалайда қара жер басып тірі жүрудің амалын қарастырудан туған «махаббатсыз жаратылған» жат бауыр, шикіөкпе. 

Ал Мұхтар Әуезовтің өзі 1927 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың ақпан айының аралығында шығармашылық өмірінің ең талмауытты туындыларын – «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятын, «Қилы заман» тарихи романын, «Хан Кене» пьесасын жазған. Мұндай алапат шабыттың ұйытқысы не? Отызында бауырына басқан үшінші қосағының бал айының өтеуі ме, жоқ, басынан өткен жастық кешуінің салдарына өкінген уыт па? Әйтеуір, кең дүниедегі тар заманның қыспағына тура келген тұста «ұстаған шабыты» қайтып оралмаған. Әрине, «Абай жолының» әуені – орайы басқа әңгіме, әуені өзге ырғақ. Ол ұлы ой иірімнің ағысынан туған толғағы тосын құбылысты дүние. 

Адам Мицкевич пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхтар Әуезовтің бұл арадағы шабытты шақтарының «шалығы», яғни, себепкері біреу. Ол – сол сәттегі булығып тұрған  ұлт азаттық идеясы. «Ессіз» беріле суреттеулерінің себептері де сонда. Өйткені, үшеуі де өздерінің ертеңгі тірлігіне сенбеген, сол идеясы үшін құрбан боп кету қаупі төніп тұрған. Шындығында да, көп ұзамай үшеуі де тұтқындалды. Қудаланды ғұмыр кешті.

Ал шартты түрде алғанда тыныш заманда ғұмыр кешіп, шабытты тәрік ете қалам тербеген Стендальдің жүйелі жұмысқа үйренгені сондай, «Пармь тұрағын» 2-ақ айда бітірген. Ол: «Я не начинал писать до 1806 года, пока не почуствовал в себе гениальности» – « Мен қашан өзімнің данышпандығыма көзім жеткенше, яғни, 1806 жылға дейін жазуды бастағамын жоқ» депті. Жастықтың желігінен сақтанған. Ал поэзияға бұл талап қойылмаса керек-ті. Кексе тартқан сайын шабыт та шау тартып, қалам да «ақылды» сағалайды. Стендальдің шабытқа онша мойынсынбауының себебі сонда жатуы да мүмкін.

Ал енді осы «шабыт» дегеніміздің өзі күй талғай ма, жоқ па? Егер «кінәмшіл келіншекке» ұқсайтыны анық болса, бабы оңайшылықпен келе қоймаса керек еді. Күйт қаласа керек-ті. Ондай болса, онда Жан Мореастың өзінің негізгі шығармаларын көшедегі шамның түбінде жазғанын оның қай мінезіне жатқызамыз. «Құлақ күйінің» тосындығы ма, әлде, жағдайсыздығы ма, жоқ, жүйкесінде кәдік бар ма? Қазақтың майталман әңгіме шебері Бейімбетте де сондай «оқыс әдет» болған. Ол өзінің әңгімелерін көшеде, бекетте, жолда, вокзалда, тіпті, ай жарығымен де жаза береді екен. Бірақ, екеуінің де «шабыт» деген «сиқырлы келіншектің» құшағынан сытылып шықпағаны тағы да анық. Өйткені шығармалары шынайы тебіреніске құрылған. Тек күй талғамаған. Бұл да бір шығармашылық психологияның құпия тылсымының бірі шығар, сірә.

Керісінше, шабыттың көңіл-күйге түк қатысы жоқ дейтіндер де бар. Бәдәуи мәнерлі Бодлер: «Вдохновение зависит от регулярной и питательной пищи» – «Шабыт дегеніміз тұрақты және нәрлі тағамға тікелей тәуелді» – депті. Бұл қалжың емес. Нәрсіз өмір – мәнсіз. Нәр сызбаған суреткер қағазды да сыза алмайды. Әлгі «кінәмшіл келіншегіңіздің» өзі құшағыңызға енуін енгенімен, емексіте алмайды. Шабыт, Абай айтқандай, «қуатты ойдан бас құрайды». Миға ол қуатты асқазан береді. Қазақтың «оның ақылы – тамағында» дегенінде бір шындық бар. Қу құлқынды қаншама тәжікелегенімізбен ол да қажетті ағза. 

Қазақ жазушыларының арасында табандап жазуға кіріскен кезде міндетті түрде түскі  асында  бір  табақ ет жеп барып, қайтадан жазуға отыратын аса көрнекті тұлғалар болған. Феодализм дәуірінде «етпен ауызданған» Сәбит Мұқановты алдыға тартпай-ақ қоялық, бірақ солардың қатарында социализмның «нормасымен» есейген қалам иелері де бар. Ендеше, Бодлер мен Сәбеңді сөгудің еш реті, айып-шамы жоқ. «Ас – адамның арқауы» деп қазақ тегін айтпаған. Оған француздардың да кет әрі емес екендігі соған дәлел.

Ал «бар келісімі жарасқан», «шабыт» атты сылқымның құшағында балқыған «мәжнүн суреткерлер» өздерінің қалай көзі байланып, «шындықты өткізу үшін ішіне өтірікті қалай қосып жібергенін» (Қадыр) байқамай қалғандарын мынадай мысалдардан байқауға болады.

Наполеонды көп жазушы ақбоз атпен суреттеген. Фредерик те солай бейнелеген. Әйгілі император  ақбоз аттан қашқан (мінбеген). Қазақта ақбоз аттың, бақырауық түйенің құны – жарты. Себебі, ақ боз атты түнде жау алыстан көреді –деп есептеген. Ал майданда ақбоз атқа мінген қолбасшы бірден білініп, басына қатер төнеді, яғни, өзін өзі әшкерелейді. Қанша ержүрек болса да, ешқандай сардар өзінің әскер ордасын қатерге ұшыратпайды. Демек, Наполеон да ұрыс кезінде ақбоз атқа мінбеген. Бұл, кәдімгі көркем әсірелеуден туған әсер. 

Мұндай жаңсақтық барлық шығармашылық иесіне тән. Мысалы, Пушкин арыстанның ұрғашысын «жалы күдірейген» деп суреттейді. Негізінде, ұрғашы арыстанда жал болмайды. Мұны байқаған Абай оны еркек арыстан ретінде аударған.

Америка ақындары ХХ ғасырға дейін бұлбұл мен бозторғайды жырлаған. Сөйтсе, ол құс Америкада жоқ екен. Ақындар ағылшын поэзиясының ықпалымен кеткен. ХХ ғасырдың басында ғана бұл шындық анықталып, ақындардың жыры енді қараторғайға ғана арналатын болыпты. Қызық па? Қызық.

Несиелі ақын Несіпбек те: «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деп жырлайды. Әнді естігеннің бәрі тамсанады. Әдемі-ақ. Бірақ аққудың көзінен жас шықпайды. Бұл табиғи шындық. Егерде аққудың көзінен жас шығатын болса, онда аспанда көзі жасаурап ұзақ ұша алмас еді. Алайда көркем шындық үшін жарасып-ақ тұр. Елдің барлығы сол жалған теңеуді шындықтан бетер ұнатып қабылдайды. Шығармашылықтың бір тылсымы осында. Оны асқақтатып тұрған шығармашылық шабыттың әсері. Ақын не жазушы өзінің шабыт қуатымен оқырманды баурап, «өтірігіне» сендірген. Артық кетсе – мін, орнында тұрса – құп жарасады. 

Демек, көркем өтіріктің өзінде де өлшем бар. Тек алтын ғана өзге металлмен тотықпайды. Бұл «тәсіл» поэзияға ғана жарасымды болса керек. Прозада ондай «ессіз» шабыт – мін ретінде қабылданады. Өйткені қара сөзді оқырман асықпай, ойланып оқиды. Жалпы, суреткер атаулының жазу кезінде бір сиқырдың арбауына түсетіні анық, бірақ соның өзінде де еңбексіз еш нәрсе өнбейді. Сұлуды тамсанумен сүйсіндіре алмайсың, оған да еп пен еңбек керек. 

Шабыт та сондай кірпияз мінезді құбылыс. Ондай көңіл-күйді қазақта Абайдан асырып түбіне жеткізе суреттеген дегдар аз. Осы үрдістің үлгісі ретінде Абайдың сол өлеңін толық келтірумен шолақ шолуымды тиянақтаймын. Сонымен, Бальзак «отыз үш пен қырық үштің арасындағы қылықты келіншек» ретінде бағалаған «шабыт» атты «кінәмшіл сылқымның» қалаулы азабы мен ыстық құшағына Абай дана қалай кірген, яғни, қалай сезінген екен, соған назар салыңыз:

Адамның кейбір кездері,

Көңілде алаң басылса.

Тәңірінің берген өнері,

Көк бұлттан ашылса.

Сылдырап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындай.

Кірлеген жүрек өзі үшін,

Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан, зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға,

Сынатып көрген, білгенін.

Білдірер алыс, жақынға,

Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе – жайы сол, 

Жек көрсең де өзің біл.

Демек, Абайдың бұл суреттеуіне қарағанда «шабыт» дегеніміздің өзі кәдімгі көңіл қошы, қарабайыр арабилатып айтқанда «адамның мүжәзі» сияқты. «Адамның ...көңілдегі алаңы басылған», «кейбір кездерінде» құштарлықтың қошы келіп, ағзалық мүжәзің құшырланып, «тәңірінің берген өнері, көк бұлттың арасынан ашылса», «кірлеген жүрек өзі үшін жуа алмай тұра алмайтындай» күйге ұшыраған шақта – түйсіктің түкпіріңдегі түнек санаға сәуле түсіп, «ұйқыдан көзін ашпақ».

Міне, осындай «тас бұлақтың суындай сылдыраған толық келісім» жүректі қытықтап, сезім арқылы «қуатты ойдан бас құраған» соң барып – «сөз», қасиетті «сөз еркелене шығады» екен. Бұл жәй «ерке сөз емес», «дүние кірін жуып» тазарту үшін «мұң мен зарды қозғаған», «надан мен зұлымға» «қаһарланып, кәрленіп, қыранша шүйілген, тек «әділет пен ақылға» ғана жүгінген қайырлы да қасиетті шақ. «Әділет пен ақылдың» дегенін «ызалы жүрек, долы қолдың» күшімен «улы сия, ащы тіл» арқылы қағазға түсіреді.

Сондай шапағатты шақта хатқа түскен сөзді қайтып өзгертпек емес. Өйткені «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Айшықты мезет сәтінде дүниеге келген, ессіз таза махаббаттан туған туындыны қайыра өзгертуге жаратқаннан басқаның қолы батпақ емес. Ал пенде атаулы не айтса да «өзі біледі». Сөз де, сөз иесі де нәби, яғни, «өлең, сөздің патшасы». Шабытты шығарма сонысымен де киелі.

Шабынған шабыт иесін бұдан артық дәл суреттеу, түсіндіру, сірә, біздің қолдан келе қоймас. 

Біздің қазіргі «заманның ырқына күйлеп», шығармашылық психолгия, жазушы психологиясы, шығармашылық шеберлік, жазушы лабораториясы  дегенді жатсынып, нарратология, нарратив, нарратор-баяндаушы деп бұлдыратып жүрген тегі белгісіз пәніміздің түп төркіні – осы шабыттан, шабыттың тоқсан толғауынан, алпыс екі тамырынан, қырық буынынан, саналы-санасыз түйсік тебіренісінен, шабынған шақтағы көзіңе қос көрінуден (раздвоенин личности), қос жарылудан (екі  ойлылықтан), ойсоқтылықтан, жүйкенің шүйкеленуінен, аян қабылдаудан, кие мен мыстан араласа жаратылған, соған орай «бейнет сусынын ішем деп, аласұрған асау жүректің алқынуынан» (Абай), яғни, әр қилы әдеби тәсілдер мен түрлерді қолдануынан – бастау алатын түйсік ілімі. 

Онсыз да тылсымы мен құпиясы көп, түсіндіріп беруге келмейтін, ықылымнан бері дүние ғалымдары түсіндіріп бере алмай келе жатқан жан құпиясын одан бетер түсініксіздендірудің  мақсаты  бізге де түсініксіз. Өзі түсінбейтін құбылысты түсіндіріп беруге ұмтылған сараместік – тек шығармашылық психологиясынан бейхабар дүмбілездердің ғана бопсасы болса керек. Бірақ, білім бәсекесі көнге қойылды. Енді ойын шартына бағынудан басқа амал жоқ. 

Осы жолдар да екі кештің ортасында, ойда жоқ жерден басталып кетті. Неге? Қай нарратор түсіндіріп береді? Қырық жыл бойы қатирада қаттаулы жатқан істің сәт сағаты неге екі кештің ортасында келе қалды. Қай нарратр – «баяндаушы» желкемізден қарап тұрып, жазуға мәжбүр етті? 

Менің ойымша бұл шығармашылық психологиясының, жазушы психологиясының, суреткер шеберханасының, жалпы адамның түйсігі мен  жүйке талшықтарының шүйкеленуіне, көңіл қошына, мүжәзіне байланысты шетін мәселе. Яғни, біздің де көңіл қошымыз, мүжәзіміз енді ғана үйлесім тауып, тақырыптың «көзі ашылып», зар күйіне түскен тәрізді. 

Әттең, жастау кезде қолға алғанда, әлгі қылықты келіншектер көңіл көгінде емес, көз алдымызда тұрар ма еді, кім  білсін. Ал мына жолдар – қалам ұстаған көп жылдардағы тәжірибеге сүйенген, әбден тақыстанған сөз иесінің «ақылға ғана жүгінген» құрғақ тәпсірі ғана болып шыққаны өкінішті. Амал қанша. Бұл да «кірлеген жүректің өзі үшін жуынғаны» шығар. 

Иә, «шабыт» дегеніміз, сол дана Абай айтқан «бейнет сусыны» болса керек-ті. Не сусының қанбайды, не жирене алмайсың. Түңіліп қойып іше бересің, іше бересің. Одан басқа жұбаныш – еш жұбаныш әкелмейді. Грибоедевтің «ақылдың азабы» дегені де осыған саяды.

Оған қырық бес жыл бойы татқан жазудың кермек дәмі, бейнет ырыздығы толық дәлел. Соған да шүкіршілік. 

Дарвин: «Талант – это сочетание всех способностей» – «Талант дегеніміз – барлық қабілет атаулының тоғысуы» – депті. 

Демек, тебірене, таңдана, қиялдай білу де сол қабілеттің бірі шығар. 

Біз суреткерге септігін тигізетін атау септігінің: кім? – деген сұрағына «Шабыт» деп жауап бердік. Ал енді сол: «Сені мұншама асқақтатып қуаттандырған кім?» – дегізген шабытты шамырқана шарықтататын Не? 

 

2.«НЕ?» – ЖҰМЫС: ОҢТАЙ МЕН ОРАЙ

Әрине, жұмыс, миһнаты – кәдімгі қара жұмыстан батпан есе ауыр, «ақыл азабын» тартқызатын жұмыс. 

Орайы келіп, оңтайына ілінген іс қана діттеген жеріне жетіп, барқадам табады. Қазақ мұны «ұқсаттыру» дейді. Ал «Сабақты ине – сәтімен» дегеннің де саятын жері сол. 

Алайда, қашан орайы келіп, оңтайыңа ілініп, сәті түсіп, шабытың шалқығанда қолыма қалам аламын – деген суреткер ешқашанда мақсатына жетпейді. Шабытын шақырып, шалықтай берсе, түбінде шалдығып барып, шалыққа ұшырап тынатыны анық. Мұндай әсіре күйден арыла алмай, сау мен аурудың арасында делбелік күй кешіп, қаншама талант өмірден өтті десеңші. Олардың дені ғұмырын жындыханада, не мәйітханада аяқтады. Біразын көзімізбен көрдік. Ал ілгері жұрттарда олардың сауынан сандырақтап өмір сүргендерінің саны көп боп келеді. 

Ілкі ғасырда шығармашылық түрлерінің саны молайып, баспагер, сыншы, тәржімәші, тілші, қоюшы-сценарист, редактор, шолушы, әр саладағы суреткерлерге демеуші, көмекші, дерек жинаушы, жарнамашы сияқты кәсіби мамандықтың саны молайып, іштегі булығуын сыртқа шығарудың амалын тапты. Олар шетінен сауатты және шығарманың талмауытты жерін дәл табатын, суреткерді етекбастылықтан құтқаратын нағыз жанашырлар. Сонымен қатар өзіне бұйырмаған таланттың желінін қақтап сауып алатын атжалмандар да бар.

 Әдебиет саласында алғаш рет «қолбала ұстаған» жазушы әйгілі Дюма. Оның «Граф Монте Кристо», «Үш мушкетер» атты атышулы романдарының алғашқы қарабайыр нұсқалары можантопай ауыл дәбірінің қолынан шыққан. Кеңестік кезеңде ондай мүмкіндікті Константин Симонов пайдаланса керек. Қазақ жазушыларының арасынан «қолбалаға» жарыған ешкім жоқ. Әр кім өзінің киген қамытын өзі сүйретіп келеді. Шетелдік жазармандардың бұл орайда арнайы жасақ ұстап, әдебиетті ақшаның көзіне қалай айналдырғаны хақында атышулы «Леонардо да Винчидің таңбасы», «Періште мен ібіліс», «Құпиясы ашылған ныспылар», «Сан қамалы» атты жинақтай есептегенде жүз миллион данадан артық таралған романдардың авторы Дэн Браун туралы «әдеби шикізат» тарауында арнайы тоқталамыз.

Жоғары деңгейдегі талғам мен жазу мәнерін игерген әлгі атжалмандардың басты кінәратты – алдыңғы тараушада айтылған «бейнет сусыны» мен «ақылдың азабына» төзіп бере алмағандығында сияқты. Тәп-тәуір бастап, тастап кеткендер де солардың қатарын толтыратыны өкінішті. Ғұсман Жандыбай ақынның бәйге аттардың даңқы туралы: 

«Біреуінен біреуінің артылатын жоқ түгі, 

Болғандығы алғашқының сәл биіктеу шоқтығы» – деп дәп басып айтқанындай, тұяқты – тұяқ жібермейді. Бірақ талант иесінің пешенесіне жазылған «итшілік жанкештілік» пен азапқа төзу де оңай емес. Оған қилы-қилы себептер мен салдарлар, «Сұм тағдыр шырмауықтай шырмап алған» – деп Ақан сері айтқандай, шырмауықтай шырматылған күйкі тіршіліктің қам-қаракеті де тұсау. «Жетім қозы – тас бауыр, түңілер де отығар» демекші, шығармашылықтың азабына да «мың өліп, мың тіріле» білетін жансебіл жан ғана шыдас береді. 

Мұндай қиямет-қайымдық қинаудан және шабыттың жалған шалығынан құтқаратын дауа, әлгі Флобер айтқан, «тұрақты жұмыс». Қадыр ақынның: 

«Тамаша – тамаша емес бірақ, құрбым, 

Бір мезгіл кетпен, күрек ұстамасаң» – деп айтқанындай, қанша талантты болсаң да, қаншама шабыт құшағында жүрсең де, бір мезгіл және жанкешті күйде еңбек етпесең, сенің талантың – талант емес, ет пен терінің арасындағы желік қана болып қала береді. 

Өмірін желкөбік күйде текке өткізген таланттар өзге ұлттарда да, қазақ ішінде де аз болмаған. Оған мысал жетіп артылады. Олардың біразын өзіміз де көрдік, қазір де бар, ертең де кездеседі. Күй таңдаған бәйге ұзаққа бармайды. Ал «азап қамытын» еркімен киген жанкештілердің жұмыс істеу тәсілдері де әр қилы болған. Оның басты себебі, әр істің, әр таланттың өз оңтайы мен орайы болады.

Әрине, төрт құбылаң сай болғанға не жетсін. Алайда «жын қонған» өнер иелерінің басым көпшілігі Марк Твен айтқан «бақытсыз балалықты» басынан кешкендер болып келеді. Мұның басты себебі, оларға өмірдің азабынан гөрі өнердің азабы жеңіл көрінгендігінен емес, керісінше тұла бойын, ақыл-санасын, сезім-жүйкесін дуалап алған азапты сыртқа шығарудың, «бейнет сусынының» уытын қайтарудың жалғыз мүмкіндігі болуында шығар. Сол ықтай жүріп кешкен өмірді әдетке айналдырып алған кейбір мінез-қылықтары, оның шығармашылық жұмысына да татын қалдырса керек-ті. Әр суреткердің жұмыс тәртібінен өзі кешкен ғұмырдың, тәрбиесінің, ортасының табы танылады. 

Мәселен, адамды ойлаған ойы үшін жазаға тартқан еуропалық орта ғасырдағы инквизиция – діни ғазауат дәуірінде өмір сүрген атақты Италия ақыны Петрарка өзінің Лаура аруға арнаған сонеттерін елді мекеннен аулақта, ат үстінде серуендеп жүріп шығарған. Түн ортасында оянып, шам жақпастан әлгі шығарған сонеттерін қараңғыда асығыс-үсігіс жазып қояды екен. Көңіл көзі байланған, ойы шырмалған, үрей билеген адамның жазуы қайсы бір дұрыс түсті дейсің. Жазуын – жазғанымен де, ертеңінде өзінің жазғанын өзі әрең танитын көрінеді. «Шабыт», яғни, Лаура сияқты «кінәмшіл сұлулар» не істеткізбейді, тіпті, жүрегің мен миыңның түкпірін тіміскелеген «әулие әкейлерден» де шіміріктірмеген. Сөйтіп, Италияның «гүлдену дәуірінің гүлтәжі» атанған Петрарка сейілге шыға жүріп өлең жазуды, дәлірек айтсақ, өлең шығаруды еркінен тыс «жұмыс дағдысы» етіп алыпты. 

«Ауру қалса да әдет қалмайды». Оған әр заманда өмір сүріп, өзінің тосындау, өрескелдеу   көрінетін ғадеттенген әдетімен шығармалар жазып, адамзат руханиятының  тарихында қалған не бір ұлылардың «жұмыс дағдысы» дәлел. Мысалы, Шиллер аяғын суық суға малып, Бальзак – тасқа жалаң аяқ отырып, Пруст – иіссу (духи) иіскеп, Руссо – басын күнге қыздырып, Мильтон – аяғын көтеріп отырып жазған (Себебі, басқа қан мол құйылып, оның айналымын күшейтеді, сөйтіп ми жұмысын жақсартады екен. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелдеген). 

Гете – ит жетектеген, көзілдірік таққан, усарымсақ жеген адамды жек көрген. Усарымсақтың иісін сезген соң көпке дейін қалам ұстамайды екен. Ал театрға ит жетектеп келушілер пайда болғанда (герцог), жазу қабілетінен айырылып қалудан сескеніп, директорияны тастаған.  

Бальзак – түнде, Вальттер Скотт – таңсәріде жазған.

Виктор Гюго жазу столынан тұрмас үшін шашының, сақалының жартысын алып, не бояп тастайтын болыпты.

Метерлиник – таңертеңнен түске дейін  түк жазбаса да жазу столында отырады екен.

Француздың атақты жазушысы Анатоль Франц жазар алдында алдына 1 графин  шарап қойып қойып, соны ұрттап отырып жазады екен. 

Өнер атулының барлық түрін меңгерген Ромен Роллан жазуға отырардың алдында жарты сағаттай рояльда ойнайды екен. Сөйтіп, сезім талшықтарын босатып барып жазуға алаңсыз кірісетін көрінеді. Демі біте бастағанда тағы да рояльға отырады екен.

Марсель Пруст есік-терезені жауып, тесігіне тығын тығып қояды екен.

Заманы мен қазақ әдебиетіне деген ықыласы бізге жақын жазушылардың ішінде Илья Сельвинский барлық шығармаларын жылы су толтырылған астаудың (ваннаның) ішінде отырып жазыпты. Шығармашылық демалысқа барғанда, тіпті, ұлы отан соғысы жылдары қоныс ауыстырған кезінде де «астауын» сүйрете жүріпті. 

Қазақ жазушыларының арасында мұндай өрескел қылықтар байқалмайды. Тек Мұхтар Әуезов өзінің шығармаларын ауызекі хатқа түсірердің (диктовка жасардың) алдында жарты сағаттай ән, күй тыңдайды екен. Жұмыс ережесін радиодан берілетін концерт бағдарламасына орайластыра белгілейді екен.

Ғабит Мүсірепов жазуға отырардың алдында қорабымен тұрған су жаңа қарындаштарды ұштайды екен. Егерде қарындаштың біреуінің ұшы сынып қалса, не көңіліндегідей әдемі ұшталмаса, әрі қарай жазуға ұмтылмай, сол сәтте орынынан тұрып кетеді екен. 

Ал олардың ізін басқан Дүкенбай Досжан барлық шығармаларын жерге етпеттеп жатып алып, жастықты кеудесімен бауырына басып  жазған. Мұны – аталғандардың барлығы да өздерінің «жұмыс дағдысы» ретінде көзі тірісінде көпке жария етті. 

Әгәрәки, усарымсақтың иісі мүңкіп тұрса, ит жетектегендер жоғалмаса, есік-терезе тығындалмаса, сақал-шаш бояйтын бояу табылмаса, радиодан дер кезінде жақсы ән берілмесе, қарындаштың бәрі морт болып шықса, төсеніш не жастық жайсыз болса, онда сол күні мұндай кірпияз мінездің иелері жазуға отырмас па еді, қайтер еді. 

Ғабит Мүсірепов бөлмесін тәрік етіп, серуенге шығады екен, жазатайым алдынан өзіне ұнамайтын адам кезіге қалса, сол күні міндетті түрде, ал кейде екі-үш күн жазу столына жақындамайды екен. Мұхтар Әуезов: «Осылар өстиді. Бұларда тәртіп жоқ. Тыңдаушыны сыйламайды» –  деп күңкілдеп біраз жүріп диктовкасын бастап кеткенін өзі де аңғармай қалатын көрінеді. Дүкенбай Досжанның мұндай жағдайда өзін қалай ұстайтынын сұрамаппыз. Мәтқапылық деген сол.

Ал енді осы айтылғандар қызық па, шыжық па, кім білсін, оны біз білмейміз, бірақ әр жазушы өзінің «көңіл қошын» келтіретін «оңтайлы орайды» әр қалай табатыны анық.

Сонымен, иттің қарасы өшті, усарымсаққа тиым салынды, шарап әкелінді, пианино ойналды, тесік біткен бітелді, астауға жылы су толды, ән айтылды, қарындаш ұшталды, жастық жайлы болды. «Көңілдің қошы» келді, жұмыстың «оңтайы орайласты», «ойдың көзі ашылды». Әлгі «отыз үш пен қырық үштің» арасындағы «кінәмшіл келіншектермен» қытықсыз майдан басталып кетсе керек-ті. Нағыз тоят тұсы осы. Енді «дағдылы машыққа» үйренген қалам еш алаңсыз ақ қағаздың бетінде ойқастай жөнелуі тиіс қой. 

Жоқ, мүлдем олай емес екен. Әлде бір қара мыс (черная магия) иығыңнан басып, бойыңды буып, сірестіріп тастайтын көрінеді. 

Мысалы, «шабытты» жоққа шығарған Флобердің өзі бірде 3 күн қатарынан 4 сағаттан отырып түк жаза алмаған соң, ақыры ызаға булығып жылап қоя беріпті. Содан түн ішінде оқиға есіне түскенде қуанғаны сондай, сасқалақтап көз жасын сүртетін орамалды әзер іздеп тауыпты. Мұндай мысал әр суреткердің өмір тәжірибесінен табылады. 

Өзгенің өміріндегі сәтсіздіктерді тізбелемейін, өз басыма жүгінсем де, ондай мысал жеткілікті. Мәселенки, «Бұзылған бесік!..» атты эссенің шикізатын дайындап қойғаннан  соң екі жыл бойы жиған-тергеніміз жазу столының үстінде жатты. Жазуға арналған ақ қағаз сарғайып кеткеннен кейін барып, қорлана отырып жиыстырып тастадық. Он жылдан кейін тағы да «жайма» жайылды. Ол жолы жарты жыл жатты. Ақыры арада тағы да он жыл өткен соң «жаймамызды» жаймай-ақ, аяқ астынан кірісіп кеттік. 

Әрине, алғашқы ойлаған терең сүйіспеншіліктен ада болған, екінші жолы терең толғаныстан айырылған, сұлбасы ғана қалған құрғақ талдау болып шықты. Қалайда қағазға түсірмесе болмайтын еді. Өйткені «Хан Кененің» тағдырын аяқсыз қалдыру азаматтық парызымызға мін еді. Дерегінің өзі жұртқа қат мағлұматтардың қатарына жататын. 

«Күнделігіме» жүгінсем, Абылайдан бастап сыйынбаған әулием жоқ екен. Ешқайсысы қолтықтан демемепті. Орайы келді, ыңғайы табылды, тура осы жазбалар сияқты күтпеген жерден басталып кетті. Ал бастаған нәрседен нәтиже шығармай аяқсыз тастау әдетімде жоқ еді. Сол «машықты әдет» жеңді және өзінің алғаш кіндігі байланған Алматы қаласындағы пәтерде жазылды.

Осы жолдар да сол Алматыдағы үйде оқыстан басталып кетті. Ал неге былай болғанын әлі де түсіндіріп бере алмаймын.

 

Екінші тарау. ІЛІК:  «КІМНІҢ?» – КЕРЕКСІЗГЕ КЕТКЕН КЕРЕКТІ УАҚЫТЫН ЖҰМСАҒАН ТАЛАНТТЫҢ...

Қош, сонымен, орайсыз орайда шығарма басталып кетті. Енді, темірдей төзімді талап ететін, дүниедегі қызықтың бәрін тәркі етуді қалайтын осынау бір азапты жанкешуді Кімнің  қалай басынан кешкеніне көшейік.

Герберт Спенсер күніне тура 2 сағат (дәл ме дәл) жұмыс істеген. Межелі минут біткенде орынынан тұрған. Кей кездері сөйлемі аяқталмай қалады екен. 

Лейбниц «Еркектерді» жазғанда 3 күн, 3 түн ұйықтамапты.

Метерлинк таңсәріде тұрып күн сайын 3 сағат жазумен айналысқан. Бұл оның өмір заңына айналған «жұмыс машығы» екен. Егер ештеңе жазылмаса, онда өзін-өзі жазалап, 3 сағат  бойы орынынан қозғалмай қояды екен. 

Әйел қаламгер Жорж Санд түнгі 11-ге дейін жазуды тәртіпке айналдырыпты. Сағат кешкі 10. 30-да кезекті романы бітсе, сағат 11-ге дейін жаңа романын бастап жібереді екен. Өзі де жанкешті жазушы атанған Альфред де Мюссе қатаң тәртіп ұстанған көңілжықпасы Жорж Сандтың сол әдетіне шыдамай, еріксіз сырдаң тартқан, яғни, көңілдесінің күнтәртібіне көндіге алмаған.

Бодлер  – апиынның күшімен «көңіл қошын» келтіріпті.

Жұмыстан ғана жан құштарлығын қандырған драматург Лопе де Вега 2 000 (!) пьеса жазған! Ал әр пьесасын екі жыл жазған деген де дерек бар. Сонда ол қанша жасаған? Біздің білуімізше, соншама ұзақ та жасамаған. Ендеше осы арада бір кілтипан бар. Мүмкін, әлемге танымал туындыларын екі жыл жазса – жазған шығар, ал қалғандары сарай театрының күнделікті ермегіне татитын қатардағы дүниелер болса керек.

Көркем шығарманың идеясына қатыссыз талант даралығын таныту үшін жазушының өзіне өзі қоятын шеберлік пен көркемдік ерекшелікке қатысты «қитұрқы да қырсық» талаптары болады. «Өзіндік қана» мақсаты бар сондай «кәсіби қырсықтар» кейде шығарманың жеке басына тиесілі азаптан асып түсіп, негізгі мәтіннен көрі көп уақыт алатын болған. 

Флобер «Иродиаданы» жазғанда бір тауды (екі сөзден тұратын) суреттеу үшін ориентолог досына хат жолдап, жауап келгенше жұмысын тоқтатып қойыпты.

Сөзбен – сөздің, сөйлеммен – сөйлемнің арасына үтір, нүкте қоймау Аполлинерден басталды. Оған себепші болған кәдімгі корректорлар екен. Оның өз өлеңдеріне қойған тыныс белгілерін корректорлар мен редакторлар ұнатпаған. Соған намыстанған Аполлинер ешқандай еміле белгісін қоймаған. Бұл «қырсық», заманынан асып туған «авангардтық» ретінде бағаланып, кейінгілерге «үлгі» (мода) болған. Әдебиеттегі «авангардизм» деген бағыт осылай қалыптасқан. Аполлинердің поэзиясын түсініп оқу үшін «француз тілін білу аздық ететіні» де сондықтан.

Джеймс Джойс «Поминок по Финнечану» – «Финнечануды еске алу» (немесе жоқтау) романын тек қана бұрын ешкім   қолданбаған «выражениемен» – «оралыммен» жазған. Сондықтан да «Финнечануды» оқу ағылшындардың өзіне қиын соққан. Оған қарсы қандай уәж айтарсың. Жазушылық шеберлігін көрсеткісі келгендіктен емес, қарабайыр, ауызекі, үйреншікті тіркестермен роман жазуға тақыстанып алған қаламдастарына қыр көрсету үшін әдейі солай жазған. Ал атағын шығарған «Улисс» романын ерінбеген адамның өзі бір жылда әзер оқып бітіреді. Қайран уақыт! Алайда өкінуге тиісті осы «түсініксіздік» әдебиетте «ой ағымы» деген бағытты қалыптастырып, көркем ойға төңкеріс әкелді. «Еңбегі жанды» деген сол, әне.

Француз жазушысы Жорж Перек, француз тілінде ең көп қолданатын «е» деген әріпсіз роман жазып шыққан. Бұл француз тілінің бейнелеу мүмкіндігі мен сөз байлығын   байқату ма, әлде, «шаловство» – «ерке қырсық» па?

Қазақ әдебиетіндегі мұндай мінез Жүсіпбек Аймауытовты үлгі тұтқан Ғабит Мүсіреповтен ғана шаң береді. Ол дегдар: «Мен әдебиетке қадам басып, қалам тартқаннан бері етістікке соғыс жариялаумен келемін. Бірақ бір де бір рет жеңіске жеткемін жоқ» – деп жиі айтатын. Расында да, Ғабеңнің шығармаларында «еді, болды, қылды, жасады, етті» деген етістіктер анда-санда бір кездеседі. Айтуға оңай. Бірақ сол етістікті қолданбас үшін сөз тіркестерін, сөйлемді қаншама рет қайта құруға тура келді десеңші. Ал ол да уақытты «жейтін» жебірдің бірі, бірі емес, нағыз өзі.

Керексізге кеткен керексіз уақыт сияқты көрінгенімен, бұл «қырсықтың» астарында ұлы талант қуаты мен қаламгерлік қарсылық, сөзге, ана тіліне деген ұлы махаббат жатыр.

 

2. «НЕНІҢ?» – ОМАРТАНЫҢ

Суреткер өзінің кәсіби мақсатын анықтаған соң жинақтаған шикізатын игеруге кіріседі. Шикізатсыз, яғни, шикізатты игеруге жұмсалған дайындықсыз, яғни, шындық пен көркем шындықтың салыстырмалы буданынсыз – шабыт та, көңіл қошы да, жұмыс дағдысы да, «қырсықтың тарқауы» да еш дәрмен көрсете алмайды. Мұның барлығы бұйдалы бураның құр шабынуы ғана болып қалады. 

Бұл – шығармашылық жолды таңдаған суреткер үшін ең жауапты, ең күрмеулі, ең іш пыстырарлық көңілсіз кезең. Өйткені дауылға қарсы арпалыса ұшуды аңсаған көк еркесі – сұңқар сияқты, кез келген өнер иесі, біздің тәпсіріміз бойынша жазушы қаламының ұшына қаны мен жаны үйірілген шапағатты да, киелі шақты өмір бойы аңсаумен өтеді. Ал соған жеткізетін алғы шарттарға менсініңкіремей, «етекбасты тіршілік» есебінде, көңілсіздеу қарайды. Бірақ та сол бір аяулы сәтті елестете жүріп, «түңіліп барып отығып», өшіп барып тұтанып, жанын жұбатады. 

Қарабайыр өмірлік шындықты қанатты көркем шындықтың деңгейіне көтеру, ал содан кейін сол «аспандап алған асқақ қанатты» (Несіпбек), яғни, көркем шындықты екі аяқты пенденің пәкәнасына дейін төмендету үрдісі – азаптың ішіндегі азабы. Сайып келгенде суреткердің талантын безбенге салатын тұс, шығарманың сәтті-сәтсіз болатынын анықтайтын таразы, осы шикізатты көркем қиял арқылы саралау кезеңі, дәлірек айтсақ, жазуға дайындық мерзімі болып табылады. 

Бұл – омартаға бал жинаған араның тіршілігімен пара-пар ұзақ та қысқа мерзім. Ұзақтығы – жылдың тоғыз-он айы күздегі омартаны құндақтаудың, қыстың қытымырынан аман-есен құтылудың, көктемнің қызыл суынан сақтанудың қам-қаракетіне  кетеді. Содан кейін гүлдің шоғырын, оның ішінде шырыны тазасын тауып, ызыңдай жүріп ырысын жияды. «Тістеп сүйетін» сақтық алаңы тағы бар. Сонда, қалған екі, әрі кетсе үш ай ғана уақыт тікелей бал жиюға кетеді. Балдың сапасы – алдыңғы тоғыз-он айдың ішіндегі дайындыққа (біздің тәпсіріміз бойынша өмірлік шындықты зерттеуге), қалған екі-үш ай гүлдің шырынын таза бал етіп шығаруға (біздің тәпсіріміз бойынша, өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдыруға) тікелей байланысты. Сондықтан да, дайындық мерзімі, жоғарыда айтқанымыздай, ең талмауытты әрі деректі жинауы қанша күнге, айға, жылға созылары белгісіз беймерзім. 

Мысалы, ойлаған шығармасының оқиғасына араласатын кейіпкерлердің (бастысының да, қосымшасының да) межелі санын, олардың  жеке мінездері мен іс-қимылын, оқиғаға кірігетін өкпе тұстары мен шығып кететін кезін анықтау, міндетін белгілеу, былайша айтқанда жалпы қаңқасын (фабуласын) құру да оңай жұмыс емес.

Бальзактың «Адамзат комедиясында» 5 мың адам бар. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 5 200-ден астам кейіпкердің аты кездеседі. Шығармашылықтың азабын былай қойғанда, осыншама адамның атын есте ұстап тұрудың өзіне қаншама жүйке талшығы керек және олар «тыныш жатпайды», өзара күйісіп-сүйісіп, сыбырласып-қыбырласып, айтысып-тартысып, қосылып-ажырасып, өліп-тіріліп жатады. Яғни, дайындық барысы қанша уақытқа, қайталап айтамыз, қанша күнге, айға, жылға созылғанша, ол оқиғалар шығармашылық иесінің түйсігіңнің түкпірінде ызыңдайды да тұрады. 

Ал олардың кейіпкерлік тұлғасы мен оқиғаға араласы анықталып, соған орай қимыл мен «тіл біте» бастаған кезде, яғни, шығарма қаңқадан ажырап, желіге (композицияға) көшкен кездегі жүйкенің қалай шүйкеленетінін елестетудің өзі бір азап. 

Сондай ми машақатынан құтылу үшін суреткер не түрлі амал, айла, тәсіл қолданады. Мысалы, орыстың ұлы жазушысы, түпкі тегі түркі Иван Сергеевич Тургенев әр шығармасына жеке дәптер ашып, әр кейіпкерінің өмірбаянын, көзқарасын, түр-түсін, киетін киімін, сөйлеу мәнерін, соған орай сөздік қорын, мінезін, өскен ортасын қағазға түсіріп, олардың атынан күнделік жазып отырыпты.

Әрине, мұның барлығы, шығарма кейіпкерлері бейнесінің бірін-бір қайталамай, даралана сомдалуы үшін жасалған дайындық шарасы. Ол «Әкелер мен балалар» романындағы  қоғамға өші кеткен Базаровтың жан ашуының себебін түсіну үшін Базаровтың «Күнделігін» пайдаланыпты. Дұрыс-ақ, бірақ... Ол «Күнделікті» кім жазды дейсіз бе? Иван Сергеевичтің дәл өзі жазған. Жазу барысында Базаровтың, яғни, Базаровтың атынан өзі жазған «Күнделікті» қайталап оқып, ондағы ой-пікірлерді бірде – алғап, бірде – сынап, өзінің авторлық пікірін қосып пайланған. 

Атақты француз жазушысы Эмиль Золя да кейіпкерлеріне арнап жеке күнделік ұстаған. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы күнделіктер қалай дүниеге келді, ол жағы бізге мәлімсіз. 

Өмірде ізім-қайым ізі жоқ елес адамдардың атынан жеке күнделік ашып, оны өмірлік шындық ретінде көрсету үшін өзі жазып, уақытын кетіргенше бірден неге туындының бойына тоғыта салмады. Оны өзінен басқа кім біліп жатыр. Әлде, сол жасанды шындықтың өмір шындығы екендігіне өзінің көзін өзі жеткізіп, соған өзін сендіру үшін бе? Ол да мүмкін. 

Мүмкін емес, солай. Өзінің жазғанының шындық екеніне өзі сенбесе, шығармашылық  жұмыс мағынасынан айырылады. Бұл, әлгі өзінің баласының өзінікі екенін біліп тұрып, жатбауыр тартатын кінәмшіл әке сияқты кірпияз қылық. 

Мұндай сенімсіздіктің соңы жеке трагедияға әкеліп соғуы да ғайбыл. Өздерінің жазғанынан жасандылықты аңғарған Джек Лондонның, Фиц Скоттсжеральдтің, Эрнст Хэмингуейдің, Германн Гессенің, Рюнеско Акутагаваның, Ясунар Кавабатаның, Сергей Есениннің, оның өлімін қоштамаған Владимир Маяковскийдің, Маяковскийдің өз еркімен өмірден кетуін мінеген Александр Фадеевтің, біз «шекпенінен шыққан» Бердібек Соқпақбаевтің сондай тосын шешім қабылдауы, шығарманың дайындығы мен дүниеге келуінің арасында қиямет-қайымдық катарсистердің жүріп жататынын қасым етеді. 

Ал тікелей санаға түсетін салмағы тұрғысынан алғанда, мазасыз емес, араның ызыңына ұқсаған мазаңдау кезең бұл. Мазасының аздығы – қабырғаң сөгіліп, шөгел шүйілген күй кешпейсің. Өмірдің әр көрінісін, соның шындығын дәлелдейтін деректерді тірнектеп теріп, көркем қиялдың талшығын үзік-үзік жалғап, бір желінің бойына моншақтап тізе жүресің. Тірнектеген «төлің» қашан қосақты көгенге айналғанша ол үрдіс үзілмейді. Күндіз – күлкіңе, түнде – ұйқыңа тыныштық бермейді, Абай айтқандай ұзатқан «ойың жұртқа ұлып қайта береді». Бұл кезеңнің мазаңдау келетіні де сондықтан.

Тікелей жеміс бермейтін бұл науқанның өмір бойы аяқталмауы да мүмкін. Ондай мысалдар бірдеп емес, жүздеп саналады, тіпті, әлемде қанша суреткер өмір сүрсе, соншама туынды тумай қалды деп сеніммен айтуға болады. Арыға бармай орыс әдебиетіне жүгінсек те жүгіміз жеңілдемейді. 

Мәселенки, Николай Васильевич Гоголь Ресей самодержавиесінің жағымсыз өмірін әшкерелеу ниетімен өмірлік құбылыстарды «Өлі жандар» романының шикізаты ретінде өмір бойы тірнектеп жиған. Екінші кітбында жағымсыз кейіпкерлерді жағымды бейнеге айналдыруға ұмтылған. Роман сәтті аяқталған. Бірақ өзінің ғұмыр бойы тірнектеген «қарабайыр өмір шындығының» пайдаланылмай қалғанына өкінген және кейіпкерлерінің әлгі құбылуына (жағымсыздан жағымдыға) сенбеген жазушы толық аяқталып, сыннан өткен романын пештің көмейіне тыға салған. Сөйтіп, «Өлі жандар» да, оның дайындық шикізаттары да діттеген жеріне жетпей қалған.

Лев Толстой қуат-күші бойында булығып тұрған шағында «Декабристер» атты роман жазу үшін пәленбай жыл дайындалып, архив ақтарып, жеке құжаттарды қарастырып, өмірлік деректер жиған. Бұл дегдар да күнделікке жүгінген. Ақыр-соңы не болды дейсіз ғой? «Декабристер» атты роман жазылмай қалған. Жазу барысында көркем қиял еркіне қоймай жетектеп, «Соғыс және бейбітшілікке» алып келген. Ізденіс пен дайындық шарасы текке кеткен жоқ, бірақ декабристер туралы пәленбай жыл жинаған түгендей том деректер, шығарманың қаңқасы мен желісіне байланған кейіпкерлердің күнделік беттері мен мінездемелері, қысқартып айтқанда, есіл еңбек еш кетті.

Мұндай мүттәйімдіктен Мұхтар Әуезов те құр алақан қалмаған. Отызыншы жылдардың басында түрмеден шыққан соң алаш зиялыларының өміріне арналған «Тұман айығарда» атты романға деректер жинастырып жүргенін анда-санда айтып қалып жүрген. Оның бірінші тарауы жазыла бастап, тоқтап қалды. Тірнектеген өмірлік деректер сананың ашылмайтын  түйсік түкпіріне жасырылды. Оған кім кінәлі? Заманы ма. Әрине. Алаш қайраткерлерін кейіпкер етсе, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» сияқты, көбесіне ши жүгірте әшкерелеуге тиіс еді. Романның жап-жақсы басталып келе жатып мазмұндама, жоба деңгейінде үзіліп қалуына басқадай себеп табу неғайбыл. 

Дегенмен де, аяқталмай қалған романның бір желісін «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші кітабындағы Әлихан Бөкейхановтың прототипі – Әзімханның бейнесіне пайдаланғаны шындық. Жағымсыз кейіпкер болғанымен де, эпопеяда оны – Әзімханды жақтайтын Сарымолда, Тәкежан, Шұбар сияқты «кәнігі, туа жағымсыз жаратылған» ой оппозиционерлері бар. Ал жеке романда ондай қамқоршыны табу қиынға соғар еді. Мүмкін де емес. Сондықтан да екі оттың арасында қалатынын біліп, дайындығының тиянақты-тиянақсыздығына қарамастан, роман жазуды тоқтатқан. Алайда сол идея тыныштық бермесе керек, кейін «Тартыс», «Алма бағында» атты пьесаларында алаш зиялылары қылаң берді. Ал «Дос – Бедел дос» атты соңғы пьесасында қиял жүзіндегі шындық арқылы тағдырлы туынды сомдауға ұмтылды. Әрине, шындықтың өзі шырматылып жатқанда, шынайы шығарма қайдан тусын. Авторына ішкі сырын ашпаған күйінде тартпада қалды. 

Илья Сельвинский: «Власть одного писателя над другим – это самое тяжкое, что может выпасть на долю литературы» – «Бір жазушының екінші бір жазушыға жасаған өктемдігі – әдебиеттің басына төнген ең ауыр қауіптің бірі» – деген екен. Мұндай өктемдіктен Мұхтар Әуезов өлерінен екі-үш жыл бұрын ғана арылды. Әлгі: «Уа, тар заман, адымымды аштырмай, шырмап алатындай не жазып едім мен саған» – деп Абайдың атын жамылып отырып шағынатыны сондықтан.

Сондай өктемдікті өле-өлгенше көріп кеткен Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» мен «Қатерлі өткелдің» және «Қатерлі өткел» мен «Айқастың» арасын жалғайтын (алғашқысы Әлихан мен Ахаңның, соңғысы Ермахан Бекмахановтың өміріне арналған) романдарының шикізаттары игерілмей қалды.

Біздің де жиырма жастан бастап қырық жыл бойы жинақтаған, тек қана Ресейдің 64 мұрағаттары мен мұражайларының, кітапханаларының қорынан тірнектеп терілген шикізаттарымыздың бума-бума күйінде шаң қауып жатқанын ішіміз аши отырып еске саламыз. 

Бұл өзі «тірі күйік» нәрсе екен. Кейде соның барлығын көзге – күйік, санаға – салмақ қылмай, өртеп жібергің келеді. Амалың қайсы. Әзірше, соншама деректі жиғанша тағы бір адамның өмірі зая кетпесін, бірде болмаса – бірде, біреу болмаса – біреу кәдесіне жаратар деген есекдәмемен әзірше аман сақтап келеміз. 

Үмітсіз шайтанның ісі, әрине. Шайтан заманда шайтанға дәме артпасаң тағы болмайды.

 

Үшінші тарау.БАРЫС: «КІМГЕ?» – «ҺОМО ПОЭТИКУСКЕ»

Қойшы, сонымен «көмекші құралдардың» бәрі іске қосылды деп есептейік. Яғни, ой (замысль) мен жоба қабысты. Гүлдің шырыны омартаға жиналды. Енді соны қорыту, былайша айтқанда, гүлдің шырынын балға айналдыру ғана қалды. Дөрекі теңеумен жеткізсек, кәуап жасайтын сұрпы ет таңдалып, сірке суына салынды. Кәуаптың ендігі сапасы, яғни, дәмі мен жұмсақтығы еттің сірке суын қалай сіңіргеніне байланысты. 

Сол сияқты жазушы да көркем шындықтың азу тісін сындыратын құжаттар мен күнделіктердегі қасаң өмірлік шындықты үгітіп, иін қандырып, бабына келтіре баптауы тиіс. Бұл жердегі қорытылмаған шикізаттар – көркем әлемнің қас жауы. 

Туындының тұтастай туырылып түсуі үшін шикізаттар қалдықсыз ұнтақталуы керек. Таланттың шеберлігі осы бір сәттегі «қайтарған ой күйісіне», шығармашылық қуатына, көркем қиялының құдіретіне байланысты шешіледі. Ертеңгі мәңгілік даңқтың, не мәңгі арылмайтын дақпырттың басы бұл. 

Гетенің: «Подлинный художник, диктующий законы искусству, стремится к художественной правде, тот же, который подозревает об этих законах и следует только слепому влечению, стремиться к натуральность; первый взносить искусство на его вершину, второй – низводит на самую низщую степень» – «Өнердің заңына бағынатын шынайы суреткер көркем шындыққа ұмтылады, ал, кім де кім мұндай заңдылықтарға күдікпен қарап, соқыр сенімнің соңынан кетсе, қарабайырлыққа ұмтылса, онда – алғашқысы  өнерді  шыңға  шығарады, ал екіншісі – оны шыңыраудың ең түбіне тастайды» – деп дауасын айтқан шығымды, не шығымсыз шақ. 

Ендігі таңдау сізде. Бірақ қай қаламгердің шыңға шырқағысы келмейді дейсің. Гәп – қарабайыр, жер бауырлап қалған өмірлік шындыққа қанат бітіріп, өтірікті – шындай, шынды – өтірікке бергісіз етіп «қиыннан қиыстыра» білуде. Әрине, ондай олжа тумысы тұтас таланттың ғана елшісіне тиесілі. Қалғанын айтқызбай-ақ өздеріңіз түсіне беріңіздер.

Сонымен, шығарманың алғашқы тамшы қаны осы сәтте ұйыйды. Енді оған жан беріп, бейне бітіріп, сезім демін салып, іс-қимылға жетелеу керек. Бүгінгінің тілімен айтқанда, әрқайсысына жұмыс тауып беруге тиіссің. Мұны, көне әдеби терминде «Һомо поэтикус» деп атайды.

Ал «Һомо поэтикус» дегеніміз – поэтикалық адам, яғни, сөзбен жан біткен жан, бүгінгі тілге аударсақ кейіпкер болып шығады. Мұнда адамның келбеті, іс-қимылы ғана бейнелі баяндалып қоймайды, сонымен қатар оның ішкі ағзаларының табиғи қабілеттері, яғни, көз, құлақ, ерін, жүрек, қол, ішек-қарын, аталық пен аналық без, бөксе, балтыр, табан, тағы да басқа ашық аталып, аталмайтын мүшелер бар болмысымен суреттеліп, іске қосылады. Болмысты бұл ағзалар психологиялық тұрғыдан қалай қабылдайды, соны толық жеткіземін деп Джеймс Джойс өзінің атышулы «Улисс» романын жазған.

Сөзбен суреттеліп, қалам үшімен жан біткен жандардың әр демін суреткер етене сезіп отыруы тиіс. Онсыз құр сүлдерді суреттеген болып шығады. Мысалы, әлем драматургиясына төңкеріс жасаған атақты норвег драматургі Генрих Ибсен пьеса жазу үстінде өзінің кейіпкерімен астасып кеткені сондай, ол күнделігіне: «Сегодня у меня побывало Нора. На ней было голубое платье. Она вошла в комнату и положила мне руку на плечо...» – «Бүгін маған Нора келді. Үстінде көгілдір түсті көйлегі бар екен. Ол бөлмеге кірді де менің иығыма қолын салды» – деп жазған. Нора – кейіпкері. Демек, Ибсен өзінің кейіпкерін тірі адам ретінде сезінген. Қандай творчестволық кірігу. Тіпті келіншектің ыстық демін де сезініп отыр. Езіле астасып, егіле табысу, қытықсыз араласу осындай-ақ болар.

Жаңа әр суреткер өзінің жасанды жандарына, яғни, кейіпкерлеріне жұмыс тауып беру керек – дедік қой. Бұл арада жазушы еңбек биржасының міндетін атқарады. Кімнің қандай қабілеті мен мамандығы бар, кім не нәрсеге бейім, соның барлығын есте ұстауы шарт. Әрекеті ауысқан кейіпкерден сом бейне шықпайды. Қаламгердің сақтанатын тұсы осы және әр адам өз бейнесіне сай орынын табуға тиісті түйткілді мәселе бұл. Оқиғаның басында етікші боп баяндалған кейіпкер соңында ұста болып шыға келген жайлар өте жиі кездескен. Әсіресе, қазақ жазушыларының біразы зардап шеккен, ақырында еңбекші тап бар кәсіпті игере алады – деп сылтаурата құтылған суреткерлер болған. 

Ал буржуазиялық және капиталистік қоғам мұны кешірмейді. Сондықтан да суреткерлер «кәсіп бөлісуге» өте сақ қараған. Мысалы, Генрих Ибсеннің жәй тіршіліктегі мамандығы аптекарь, яғни, дәріханада істеген. Сондықтан дәрі салатын толып жатқан ұсақ қобдишаларының болғаны таңдандырмаса керек-ті. Ол жазатын шығармасында қанша кейіпкер болса, сонша қобдиша дайындаған. Әр қобдишаның сыртына кейіпкердің атын жазған.  Содан кейін әр кейіпкердің жеке басына қатысты деректер мен диалогтерді, соған лайықты сөздер мен терминдерді, кәсіби ісін жазып, қобдишаға тастай берген. Қобди толып, шикізат толық жинақталып біткенде (ойша жобалағанда) жазуға отырған. Міне, «кейіпкерлер биржасын» Ибсен осылай ашқан.

Гюстав Флобер роман жазбас бұрын тиянақты түрде жоспар жасаған, жұмыс барысында содан ауытқымауға тырысқан. Яғни, оқиғаның басталуы, дамуы, шарықтау шегі, көркемдік шешімі алдын-ала белгіленіп қояды. Мұндай «есепті қисын» жазу мәнері мен стильдік тұрғыдан әлемдегі ең үздік шығарма ретінде мойындалған Флобердің «Бавари ханымының» өзінен де аңғарылады.

Ал Джозеф Конрад өзінің кейбір романдарын кейіпкердің ең соңғы демі үзілген жерден, яғни, өлімінен бастап жазып, оның туған күніне қарай шегіндіре жазған. Қазақ әдебиетінде мұндай тәсілді  біз өзіміздің шикі кезімізде жазылған «Жер-бесік» атты  роман-новелламызда» қолданыппыз. Әрине, өзге де үлгі бар, бірақ, еске түсіріп,  назарды басқа жаққа аударып, елпілдеп тұрған есімізді адастырғымыз келмеді.

 

2.«НЕГЕ?» – СӨЗГЕ

Әрине, мұның барлығына мүмкіндік беретін құдірет – Сөз. Әр суреткердің, әр тақырыптың, әр туындының, әр кейіпкердің тек өзіне ғана сыбағалы сөзі болады. Анатоль  Франстың: «Ласкайте фразу» – «сөзді аялаңдар» деп жар салуында сондай бір сырлы астар бар. 

Сондықтан да суреткер біткеннің бәрі үшін ең ауыр әрі жауапты, әрі айшықты мезет – алғашқы сөздің қағаз бетіне түскен сәті. Бұл, жазушы үшін өмір сүрудің ыңғайын таңдағанмен бірдей. Өйткені, енді сен қашан шығармаң аяқталғанша сол ырғақпен, сол көңіл-күймен, сол көзқараспен, сол әлеммен өмір сүресің. 

Сондықтан да өзіңе не рахат, не азап сыйлайтын жолды таңдауыңа тура келеді.

Сапарың сәтті аяқталуы үшін жолға алған азығың жете ме, дайындығың қалай, яғни таңдаған әлеміңді тарықпай суреттеп беретін сөздік қорың мол ма? Шығарманың шикізаты – күнде-күнде қайталап ысытып іше беретін кеспе көже емес. Әр сөзің, әр сөйлемің, әр абзацтың әсер беріп, ілгері қарай ынтызарыңды арттыра жетелеуі тиіс. Әйтпесе, «кінәмшіл келіншектер» кешірмейді, тез жалығып, теріс қарап кетуі ғажап емес. Ал одан айырылу – жазушы үшін өліммен тең. 

Гете осынау бір зауал шақтағы жауапкершілік өткелі туралы: «Я вновь ощущаю интерес к миру, испытываю свою способность наблюдать, проверяю, насколько велики мои знания и сведения, достаточно ли ясна и светло мое зрение, много ли я могу схватить при беглообзоре и способны ли изгладиться морщины, врезавшиеся в мою душу» – «Мен осынау сәтте мына дүниеге  ынтызарымның қайта ашылғанын тағы бір рет сезінемін, өзімнің қадағалау қабілетімді сынаймын, менің білімім мен мағлұматтарымның қаншалықты жеткілікті екенін тексеремін, менің көзқарасым соншалықты анық әрі қанық па, атүсті жеделдете шолып шыққан кезде қаншалықты құбылысты  қамти аламын, менің жанымды осқылаған жаралардың тыртығын жазуға қабілетті ме, соның  барлығын көңіл көрігінен өткіземін» деп жазыпты. 

Бұл – жалғыз Гетенің ғана  емес, қалам ұстаған мұқым қаламгердің рух кедені.

Сөздік қордың негізгілерін, соның ішінде келесі сөзді шақыратын, не нақты бір құбылысты, ситуацияны, оқиғаның мінезін, сөйлемнің ішкі ырғағын, кейіпкердің көңіл ауанын білдіретін нысаналы сөздер мен ұғымдарды қатирасына, не дайындық дәптеріне түсірмеген, жарты мың сөз тіркесін жадында ұстамаған жазушыны сыйлау қиын. Ондай сөзге жарлы, сөйлемге орашолақ, ұғымдары можантопай жазушысымақтардың дүмбілез дүниелері бірден жүрегіңді кілкітеді. 

Флобер «Мадам Бавариды» жазғанда ғана емес, бүкіл шығармашылығында бір сөзді екінші рет сол мәнерде ешқашан қайталамаған, кейіпкерлер бейнесін сомдағанда да сол талапты ұстанған. Оның: «Мне еще осталось написать десять страниц, а между тем запас моих тем уже исчерпан» – «Менің әлі он бет жазуым керек, соған қарамастан менің тақырыбымның сөздік қоры таусылды» – деп алаңдауы соны танытады. 

Бұл сөздерді ол күнделігіне жетіскеннен жазған жоқ. Жазушының жан айқайы дегеннің нақ өзі осы. Флобер жазу столында күніне 3-4 сағаттан тапжылмай отырып жазғанның өзінде 1 романды 5-6 жылда бітірген. Ибсен әр драманы 2 жыл жазған. Бальзак та, Толстой да, Достоевский де, Тургенев те, Дж.Лондон да, қазақта Ғабит Мүсірепов те бастан кешкен бейуақ бұл. 

Сондай машақатты жақсы білетін бір әдебиетші Гогольге: «Жақсы сөзді қайдан аласың?», – дегенде: «Из дыма пишу и сжигаю, что писал. И пишу снова» – «Түтіннен аламын, әуелгі жазғанымды өртеймін де қайта жазамын, ол жазғанымды тағы да өртеймін. Содан кейін барып жазуға отырамын» – деп бейнелі түрде жауап беріпті. 

«Өлі жандарды» өртеп жіберуінде осындай бір гәп жатса керек-ті. 

Гербер Спенсер: «В основе всех правил, определяющих выбор и употребление слов, мы находим то же главное требование: сбережение внимания... Довести ум легчайшим путем до желаемого понятия есть во многих случаях единственная и во всех случаях главная цель» (Философия слога») – «Сөзді таңдау мен қолданудың шегін белгілейтін барлық ережелердің негізіндегі басты талап – (сөзді) үнемдеуге назар аудару болуы тиіс деп есептейміз... Ойыңды діттеген ұғымыңа жылдам жеткізетін жеткізетін ең жалғыз жол біреу ғана және барлық жағдайдағы басты мақсат та сол болмақ» – дейді сөздік қор туралы.

Ал сөз қисынының теоретиктерінің бірі А.Веселовский: «Достойнство стиля состоит именно в том, чтобы доставить возможно меньшем количеств слов» – «Стильдің ерекшелігі дегеніміздің өзі де, (ойыңды) мүмкіндігіңнің барынша аз сөзбен жеткізу болып табылады» – депті. 

Қазақта сөзге «сараңдық жасаған» жазушы Ғабит Мүсірепов қана. Мұндай жанкештілікке тәуекел еткен өзге қаламгер есімізде сақталмапты. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар  Әуезов, Сәбит  Мұқанов, Ғабит Мүсірепов қойын дәптер ұстаған. «Жазушының жан серігі – қойын дәптер» деген кәсіби тұрақты сөз тіркесі содан туса керек-ті. Сол қойын дәптерге кейіпкерлерінің іс-қимылы мен портретін, қажетті бұйымдық заттар мен тұрмыстық, кәсіптік атауларды түсіріп, оның шығармада пайдаланылуы мүмкін тұстарын ескерте отырған. 

Абайдың «Жол азығым мол емес» – дендегі «азығы» осы мағыналы сөз.

Виктор Гюго артына жиыны миллион сөз қалдырған №1 жазушы – деп есептеледі. 

Марсель Пруст түн ішінде және немістер Парижді бомбалап жатқанда «без  строгости» – «қатал қарамай, жұмсарта шешпей» мәтіннің мағынасы бойынша аударылды) деген бір сөздің италянша аталуын білу үшін қаланың екінші шетіндегі досы Рамон Фернандеске барған. Міне, тілге жауапкершілік деп осыны айт.

Қазақта сөздік қоры ең бай жазушы – Мұхтар Әуезов. «Абай жолының» сөздік қоры шамамен жиырма мыңға жуық. Ал бүкіл шығармаларындағы қолданылған сөз санын есептесе, Виктор Гюгомен иық тірестіріп қалатынына сенім кәміл.

Күнделік пен қойын дәптер ұстамағанымен де (әңгімелерінің өзі қойын дәптердегі жазудың міндетін атқарған) Бейімбет Майлин жазу барысында тура сол арада кейіпкері айтуға тиісті сөзді есіне түсіре алмаса, қазақтың ауызекі сөзін барынша еркін меңгерген және не көңілденген, не ашуланған кезінде неше түрлі қою мазмұнды сирек сөздерді бұрқырата жөнелетін бәйбішесінен сұрайды екен. Ол үйде болмаса қашан келгенше күтіп отырады екен. Кейде өзіне қажетті сөзді табу үшін Күлекеңді әдейі күлдіріп, не қасақана ашуландырады екен. Кейде күйеуінің мұндай «тәсілін аңғармаған» Күлжамал жеңгей, қызып кетіп, екпінін әзер баса алмай қалған жайлардың болғанын өзінің естелігінде жасырмай жазған.

Сөз – өте қауіпті құрал. Ол – асыл ұстара сияқты, байқамасаң арандап қаласың. Сондықтан да «Орынын таппаған сөз жетім» дейді қазақ. Дұрыс және мағыналы сөз. Жазушы үшін тіпті де қымбат ұғым. 

Өйткені, бірінші сөз, бірінші сөйлем, бірінші абзац – бүкіл шығарманың көркемдік болмысын шешіп береді. Кейін қаншама бұлқынсаң да алғашқы сораптан, алғашқы екпіннен, алғашқы ырғақтан, алғашқы мәнерден сытылып шыға алмайсың. Ол алғашқы ерінің тиген ерін сияқты көңіліңнің қошыңды жаңылыстырмайды, түйсіктің түкпірінен ынтықтыра мәпелеп, ырқына көндіреді де отырады, яғни, шығарманың көркем әлемінің пердесін ашып, суреттелуге тиісті оқиғаның босағасынан аттатады. 

Мұндай сиқырлы әлемге кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ. Алғашқы қарқыныңмен оқиғаның желісіне еріп бүлкектейсің де отырасың. Малтығуың да мүмкін. Азап та шегесің. Сөз іздеп сарылып, сөйлемнің құрылымын өзгерткің келіп неше түрлі қитұрқы құбылтуларға барасың. Сөз бен сөйлем суреттеген оқиғаңа, кейіпкерлеріңнің қас-қабағына, көңіл-күйіне, тіршілік қаракетіне, қоршаған ортасына, тап болған жағдайға сай келмейтіндей көрінуі мүмкін. 

Былайша айтқанда, жаңа да болса жараспай тұрған киім сияқты әлгі сөз бен сөйлем жалпы шығарманың тұла бойына қонбай тұруы да ғажап емес. Бәрін де, кейіпкерлердің түр-түсі мен іс-әрекетін де, оқиғаны да, оқиға өтетін жерді де, оқиғаның даму желісін де, оқиғаның көркемдік шешімін де өзгертуіңе болады. Тек алғашқы сөздің, алғашқы сөйлемнің, алғашқы абзацтың екпінін өзгерте алмайсың. Одан гөрі шығарманы жазбай тастағаның әлде қалай оңтайлы. Мысалы, Қайрош:

«Зытып келеді, зытып келеді. Артына қарай-қарай зытады... Зытып келе жатқаны – қашып келеді, артына қарай беретіні – қорқып келеді». 

Енді Қайрошқа да, оны жазып отырған Ғабит Мүсіреповке де тоқтау жоқ. Сол «зытқаннан зытып отырып» қалаға келеді, онда байыз таппай жарты Еуропаны жайлаған ғарасат майданына аттанады, тіпті роман аяқталғанда да Қайрош Қарағандыға «зытып» бара жатады. 

Кейіпкердің де, автордың да «орынында аялдауға» қақысы жоқ. Шығарманың заңдылығы солай. Өйткені алғашқы сөз «зытудан» басталып тұр. Сол бір ауыз сөз бүкіл шығарманың желісіне екпін беріп тұр. Одан баяулатса – жазушыға мін, баяуласа – кейіпкерге сын. Себебі туындының бірінші сөзі іс-қимылға, екінші сөзі де іс-қимылға, бүкіл бірінші сөйлем іс-қимылға құрылған. Екеуі де сол екпінінен жазбауы тиіс. Бұл дегеніңіз, бүкіл шығарма – қимылға құрылды деген сөз.

Ал мына: «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған» – деген сөйлемнен кейін «зытып келеді, зытып келеді» – деп «зытқыта» жаза алмайсыз. 

Бұл сөйлем іс-қимылға емес, ойға құрылған. Енді Мұхтар Әуезов өзінің құдіретті қаламын  қанша зорлағанымен де «зытып келеді, зытып келеді» деп жаздыра алмайды. Керісінше, Ғабит Мүсірепов те қарындашы қанша үшкір ұшталғанымен де «зытып» келе жақтан Қайрошты тоқтатып алып, «күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған» дей алмайды. 

Өйткені шығарманың екпіні сол арада үзіледі. Ал Мұхтар Әуезов ойлы Абайға астындағы атын борбайлата қамшылатып, «зытқыта» жөнелмейді. 

Өйткені, Альбер Камю өзінің өмірбаяндық «Долы пенде» атты эссесіне: «Да, быт может, грусть былых несчастий и есть счастье» – «Иә, бақыт дегеніміз, мүмкін, өтіп кеткен  бақытсыздықтардың  көңілге қалдырған қоңыр мұңы шығар» – деп мінездеме бергеніндей, «Абай жолы» да қазақтың басынан көшіп кеткен, қайтып оралмайтын көшпелі әлемімен қоштасқанын бейнелейтін «қоңыр мұңға» құрылған шығарма. 

Міне, бірінші сөздің, бірінші сөйлемнің, бірінші абзацтың «неғылайынсыз қатал» құдіреті осындай. Екі сөйлем – екі ұдай әлем.

«Қысқалық – таланттың қарындасы» деген ұстынды ұстанған, онсыз да қысқа жазатын әңгімеші Антон Павлович Чехов жазған әңгімелерінің алғашқы абзацын сызып тастайды екен. Ендеше, біздің әлгі «бірінші сөз, бірінші сөйлем, бірінші абзац бәрін шешеді» – дегеніміз жаңсақ қисын ба? 

Кім білсін. Суреткер дегеніміздің өзі, көркем шығарманың заңдылығынан басқа  еш заңдылыққа бағынбайтын «қырсық мінездің» иесі емес пе.

Стендальдің: «Легче описать одежду и медный ошейник какого нибудь средневекового раба, чем движения человеческого сердца» – «Адам жүрегінің дірілін жеткізуден гөрі, орта ғасырлық әлдебір құлдың киімі мен мойнындағы қарғысын суреттеу әлдеқайда оңай» – деуінің себебі де сонда.

Көркем шығармадағы әр сөз – көңіл қылын басатын бір-бір перне. Дәп баспасаң – жаңыласың. Чехов содан сақтанған болуы мүмкін.

 

Төртінші тарау. ТАБЫС : «КІМДІ?» –  НЕГЕ ҚҰМАРТТЫ?

Осыдан барып, сол сөз бен сөйлемді құру тәсілі мәселесі келіп туындайды. Алғашқы сөйлемінің өзін жай құрмалас емес, күрделі құрмалас сөйлеммен лекіте бастайтын, ойлау жүйесі күрделі суреткерлер шоғыры бар.

Әлемдік үрдіске жүгінбей-ақ қоялық. Ал қазақта бұл тәсілді иін қандырып қолданғандар Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменовтің де күрделі құрмаласқа құштарлығы басым болатын. Тіпті, ол қолданған үйір-үйір үйірлі құрмаластардың жігін ашудың өзі қиынға соғатын. 

Ал жай сөйлеммен-ақ ындыныңды суырып алып, ықыласыңды өзіне аударып, суырыла жөнелетің жазушылардың екінші бір легі және мол. Қазақ қаламгерлерінің арасындағы Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин солардың алдыңғы қатарына жатады. 

Ал мұндай қолтаңбалары ашық байқалмайтын, не тұрақты «көңілашар» мәнерді машық етпеген қаламгерлер қатары да жетіп артылады. Көзі қарақты, көңіл көзі ашық оқырмандар, алғашқы сөйлемді оқып жібергеннен-ақ, ол қай жазушының шығармасы екенін бірден сезе қояды. Мысалы, мынау кімнің шығармасы: 

«Балконға шыққанында Атыраудың бетіне алтын жол салып, жарықтық күн де көтеріле берген. Сол теңіз үстіндегі алтын жолмен асықпай аяңдап, жетім ботасын жетектеген Ақбота кетіп бара жатты... Жетім бота жетелеген қыз, әне, су бетімен шашбауы сылдырап, үкісі желбіреп кетіп барады... Мәңгілік сапарға жаяу кетіп барады». 

Сөзсіз таныдыңыз, Иә, Оралхан. Оралханның «Ақботасы». Ал мынау жолдар кімге тиесілі:

«Ат тұяғынан құм сауырын ойып түскен дөңгелек шұңқыр лезде қайта толады. Алдындағы оқ бойы озық өңшең құла ат мінген күзет сарбаздарынан тау-тау шағылдың беткейіне де шашырап қалып жатқан көп із көзді ашып-жұмғанша-ақ ғайып болады».

Бұл Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романындағы ең қарапайым алғашқы сөйлемдерінің бірі. 

Алғашқы үзіктен сентименталді-романтизмнің, соңғысынан қазымырланған натурализмнің сарыны еседі. Оралхан сілтей салды емеуірінмен алып-ұшып баяндайды. Мұнда жалғыз қыз бен бота бар. Ал Әбіштің бір сөйлемінде бір елдің жұрттан көшкеніндей қою бояу бар. Аттың тұяғы, құм, құмдағы ойық, оқ бойы озған ат, тағы да құла ат, күзетші, сарбаздар, тау-тау шағыл, шашыраған шағыл, тағы да із, із ғайып болады. 

Екі жазушының да өз оқырманы бар. Осы екі үзікті қарапайымдатып: «Жетім бота жетектеген қыз су бетінде кетіп бара жатты» немесе  «Сарбаз мінген құла аттың құмға батқан тұяғының ізі лезде ғайып болды» – деп жазса қайтер еді. Жоқ, мүлдем болмайды. Бұл – жазушының көркем әлемі. Оны өзгерту – жазушының жанын кеудесінен суырып алғанмен бірдей. Жазушының өзі таңдаған сөз алынса – шығарма өледі. Өйткені оның бүкіл жанжүйесі осы мәйекке ұйыған. Ол – рух мәйегі, рух уызы.

«Абай жолының» кейбір тарауларын жай құрмалас сөйлеммен аударған Николай Ановқа Мұхтар Әуезов: «Мен шолтаң қаққан, тақ-тұқ еткен шолақ сөйлемдерді жек көремін. Менің стилім – Тургеневтің стилі емес, күрделі сөйлемдерге құрылған Бальзактің стилі. Ол менің көркем ойлау жүйем. Шолтаңдатпай аудар», – деп қатты налып хат жазыпты.

Ал Ғабит Мүсірепов: «Ащы ішекше шұбатылған сөйлем мен етістік менің жауым. Мен оларды қабылдай алмаймын» – деген.

Қайсысын қолдайсыз? Екі данышпан да өзінше дұрыс. Өйткені олардың жаны – әр сөздің, әр сөйлемнің ұшында тұрады. 

Ал кім кімге жанын қиып бергендей. Тек шын талант қана өзінің туындысына жанын үзіп бере алады. Абайдың әлгі:

«Ызалы жүрек, долы қол, 

Улы сия, ащы тіл, 

Не жазып кетсе жайы – сол, 

Жек көрсең де өзің біл» –

дегеніндегі тәуекелі – осы тәуекел. 

Яғни, «жан қимақ бар да, жандығыңды, тағы да яғни дейік, шығармаңды қимақ жоқ. Шығармасын қорғап, өлімге бас тіккендер қаншама. 

Есте сақталар, сақталмас заманда, миләдиден пәленбай ғасыр бұрын қытай императорлары сол уақытқа дейінгі хатқа түскен қолжазбаның бәрін өртетіп тынған. Тіпті, императорлар мен патриархтар талмуд, інжіл, забур тарапындағы құпиялар ашылып қалмас үшін «даналық мәйегі» атанған Александрия кітапханасын күлге айналдырған. 

Әрине, кейін оның жаласын исламға жапты. Алайда Клеопатра мен Птоломейдің сіріңкенің шиін ұстаған саусақтарының ізін ешкім өшіре алмады. Оның үстіне жаңа дәуірдің қарсаңы мен алғашқы ғасырында мүслімдік ойлау жүйесі әлі Алланың ғайып бесігінде тербеліп жатқан болатын. 

Еуропалық христиандық инквизиция тұсында кітап пен қоса автордың өзі де отқа оранып кетті. Байрон мен Пушкиннің жеке өмірін былай қойып, ойлаған ойына бақылау қойылды. 

Мұндай қысымның құрсауына Гете марқасқа: «Чем более замкнутом становиться образ  жизни, сковованной  гражданским  устройством, чем меньше страсти управляют миром, тем больше поэзия утрачивает то, что до сих пор являлось ее предметом...» – «Азаматтық  құрылымның қысымынан өмір сүруің тұйықталып, дүние қызығын игеруге деген құштарлығың неғұрлым кеміген сайын, поэзия соғұрлым соған дейінгі басты ауаны болып келген киесінен айырылады» – деп баға берген.

Кітап атаулыны қорлаудың неше түрлі зәлім амалдарын тапқан кеңестік кесір идеология кезеңін Әуезов «тар заман» деп атаған.

«Бақытсыз Жамал», «Оян, қазақ», «Қорқыт», «Ақбілек», «Қилы заман» жөргегінде тұншықтырылды. «Абай жолының» әр жолын – тасқа басатын хатшы келіншектен бастап КПСС орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Сусловқа дейін бақылап отырды. «Кеңестік өмірдің жыршысы» Сәбит Мұқановтың өзін «Жанымды қисам – қияйын, қаламымды қолымнан алма» дегізген, жазалау саясатының қысымына шыдамаған Мұхтарды «Қаракөз», «Еңлік Кебек», «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», «Хан Кене» сияқты тағдырлы шығармаларынан бас тартқызып:  «Абай» романын жазып қалу үшін тәуекел тілейтін көп қиындықтан бас тарттым», – деген сылтауды айтқызған да сол «кер заман». 

Ождан азаттығы үшін заман тұншықтырған кейіпкері Фаустың жанын шайтанға айырбастатқан Гете «тар заманның» тылсымына қарсы күрес жолын ұсынады. Ол бұл туралы: «Недостаток характера у отдельных теоретиков и писателей – вот главный источник зла в нашей литературы» – «Кейбір әдебиет теоретиктері мен жазушылардың бойындағы мінездің жетіспеушілігі – біздің әдебиетіміздегі дұшпандық пиғылдың басты көзі болып табылады» – депті. 

Жалпы, мінезсіз суреткер – суреткер емес. Кәдімгі көп жалпақ шешейдің бірі. Ал мінезін заман ырқы билеген суреткерді бақытты суреткер деп айтуға болмайды.

Өзінің заманы туралы Антуан де Сент-Экэюпери өлерінен аз ғана бұрын жазған «Еленаның қуғындалуы» атты эссесінде: «Я ненавижу свою эпоху... Но эта эпоха – наша, и мы не сможем дальше жить, ненавидя самих себя», – «Мен өзім өмір сүрген заманымды жек көремін... Бірақ, бұл дәуір – біздің дәуіріміз, сондықтан да бұдан әрі біз өзімізді өзіміз жек көре отырып өмір сүре алмаймыз» – депті.

Демек отаны үшін отқа түсіп, жүйкесі жұқарғанша аспанда дұшпанымен шайқасқан Экзюперидің өзі «өз қоғамына жеккөрінішті» атанғаны ғой. Мұның басты себебі...

Билік иесі мен кесірлі қоғам үшін ең қауіпті адам – жазушы. 

Өйткені оның жанкештілікпен жазылған әр сөзінде, әр сөйлемінде, әр абзацында «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, жазып кеткен» қоғамның ащы шындығы бар. Суреткер біткен «ақыл мен әділетке» жүгініп, «Дүние кірін жуынып, Көрініп (кәрленіп, қаһарланып) ойға сөз салады. 

Қыранша қарап қырымға, 

Мұң мен зарды қолға алды. 

Кектеніп надан, зұлымға, 

Шиыршық атып, толғанды» (Абай).

Соған мүмкіндік берген киелі сөзін қорғайды. Тәуекелге барады. Түрмеге жабылады, сотталады, атылады. 

Бұл көңіл-күйді Альбер Камю өзінің өлерде жазған «Долы пенде» («Бунтующий человек») атты эссесінде: «Лучше умереть стоя, чем жить на коленях»; «Я восстаю, следовательно, мы существуем» – «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген жақсы», «Мен бұлқынамын, демек, мен тірімін» – деп жеткізген.

Сондықтан да, олардың артында жанын бір беріп, бір қайтарып алып отырып жазған сөз бен сөйлемнен, абзацтан құралған шығармасы қалды. 

Демек, жазушының «Айтқан сөзі – атылған оқ».

 

2. «НЕНІ?» – КӨЗДЕЙДІ?

Енді сол «атқан» оқ айдалаға лағып кетпей, адаспай, көңілің көздеген қарақшыға дәл тию үшін де әуелі нысананы анықтап алуы тиіс. Содан кейін барып белгіленген белгілі бір  сара жолға түсу қажет. «Соқыр, мылқау танымас тірі жанның» кебін кешіп, шабытқа шабынып, бес қаруыңды – өмірлік шындықты, сөздік қорды, сөз бен сөйлемнің ырғағын, «жұмыстың оңтайлы машығын» – сайлап алған соң бір соқпаққа түсіп, көркем әлемге сапарға аттануың тиіс. 

Бұл – ұзақ, «соқтықпалы, соқпақсыз», «соқыр» сапар. Өйткені бейішке бергісіз көркем тылсымның ішінде сен жалғызсың. 

Бұл – «бейнет сусынын» зейнет сусынына айналдырғысы келген жалғыздың жанталасы. «Жазушының жан серігі» – қойын дәптер де мұндайда көмекке келмейді. Ол бағана өзің табалдырығын аттаған көркем кеңістіктің босағасында қалған:

«Бүгін не жазатынымды білмеймін. Алдын-ала жоспар құрмаймын. Жазу столына отырып, қалам ұстаған кезде ойыма не оралады, соны сүйкектете беремін. Көркем әлемнің бір пердесінен кейін бір пердесі ашыла береді және бір жазғанымды қайта түзетпеймін», – деген данышпандар да жеткілікті. 

Мысалы, Вольфганг Гете, Виктор Гюго, Чарльз Диккенс, Жорж Санд, Александр Дюма, Михаил Шолохов, Шыңғыс Айтматов, Юрий Бондарев, қазақтан Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Сәкен сері, Оралхан Бөкей сондай ұстанымды діттеген. Генрих Ибсен, Лев Толстой, Иван Тургенев, Александр Куприн, Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин сияқты қаламгерлер қойын дәптер ұстап, күнделік толтырып, кейіпкерлердің жеке өмірбаяны мен сөздік қорын жасауды шабыттың тоятын қайтаратын, «етекбастылыққа» ұрындыратын іш пыстырарлық басы артық іс деп санаған. 

Солайы – солай да шығар. Бірақ бұл шындыққа еш жанаспайды. «Ессіз шабыттың» буына шалқып, балқып, көркем кеңістіктің ішінде шарықтай самғауы мүмкін, алайда, көркем шығармашылықтың психологиясы «есіргенді», «еліткенді» ұнатқанымен де, «ессіздікті» сүймейді. 

Өйткені көркем шындықтың өзінің қатал, «неғылайынсыз» заңдылығы бар. Сен сол көркем шындыққа сөзсіз бағынасың. Әйтпесе, әлгі «кінәмшіл келіншек» табан астында ажырасуды талап етеді. Егер оған тастабандап көнбесең, онда сенің өзіңді талақ етеді. Өйткені, сенің өзің можантопай шындықтың қойынынан сүйретіліп шыға алмай, оны сатып жіберіп тұрсың. 

Ал ұрғашы арыстанның қызғанышындай қызғаныштан тірі қалуың қиын. 

Көркем шығарма, әсіресе сан сарынды ырғақ пен ой ағысына, сансыз кейіпкерлердің тағдыр мен көзқарас тоғыстарына, не қайшылықтарына құрылған күрделі туындылар – өзінің қаңқасы (фабула) мен композициялық құрылымын, сюжет желісінің нобайын міндетті түрде алдын-ала белгілеуді талап етеді. Олар, Абай айтқандай, «қуатты ойдың күшімен бас құрайды». Көркем ой неғұрлым нақтыланып, қуат жиып, күш алса – шығармашылық үрдіс те соғұрлым нәтижелі болмақ. 

Демек, адассаң да – «көркем кеңістік» атты әдемі де әдепті әлемнің әдебін бұзбай әдемі адасуың керек. Жоғарыдағы «ессіз шығармашылық үрдісті» аңсарына айналдырғандар шындықты емес, сол сәттегі өздерінің шығармашылық «көңіл қошын» ғана жеткізген. Әйтпесе, олардың барлығы да жоғарыда аталған сыпаттарды басынан кешкен. Тіпті, «жан серіктеріне» сүйенген қаламгерлерден көрі, олар әлдеқайда қиналысқа, тіпті, күйзеліс пен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. 

Ал «белгіленген нобайдан» шықпай, кейіпкерлеріңнің еркін тым тежеп, бір сызықтың бойына қақпайлап әкеле берсең де, пәлеге қаласың. Орыстың: «Борзеть то борзей, но не хами» – «Есірсең – есір, бірақ басынба» – деген мәтелі тура осы араға дәп келеді. 

Себебі, көркем шындықтың қалауы – қалау, одан бас тарта алмайсың. Жазушы санасының қос жарылатын тұсы да осы мезет, айрықтың қосылатын құйғаны да осы атырау. 

Жазушы бұл тұста: «Бүгін мені Наташа тастап кетті. Жоламай қойды. Бір жол жазғамын жоқ» (Пушкин) – деп мұңайып, не «Бүгін маған Нора келді. Үстінде көгілдір түсті көйлегі бар екен. Ол бөлмеге кірді де менің иығыма қолын салды» (Ибсен) – деп қуанып, не «Софья, мына Наташаға (Ростоваға) айтшы, Пьер Безуховқа күйеуге шығайын деп жатыр. Шықпасын. Ол кәдімгі тоқмейіл мещан ғой» (Толстой) – деп налуы, «Пәлі Абай өлейін деп жатыр ғой. Қалай өлтіреміз» (Әуезов) – деп торығуы мүмкін. 

Суреткердің өз әлемі – кейіпкерлер әлемімен астасып кетіп, шын дүниемен өзі қолдан жасаған дүниенің парқын ажырата алмай, жазушының: «Человек видел во сне бабочку, и, проснувшись, он задумался о том, он ли видел во сне бабочку, или, можеть быть, бабочка увидела во сне его» – «Адамның түсіне көбелек кірді, ол ояна салып: ұйықтап жатып көбелекті мен түсімде көрдім бе, әлде, көбелек ұйықтап жатқан мені көрді ме» (В.Шкловский) – деп сансырап, алмағайып күй кешетін мұндай сәттері де жиі ұшырасады.

Қазақтың арыстан жалды ақыны Қалижан Бекхожин Сағдидың «Жеті аруын» Қырымдағы демалыс үйінде ұзақ жатып аударып бітіргенде, Алматыдағы бала-шағасына: «Жеті сайқалдың да шаруасын бітірдім. Енді демаламын» – деп жеделхат жіберіпті. 

Сөйтіп, сөз бәсекесіне шақырған жеті ару – жеті сайқалға айналып шыға келген.

Міне, «ессіз» үрдіс те, суық қисын мен нобайға құрылған «сара жол» да жазушы мен оның кейіпкерлерінің арасына осындай дүрдараздық тудыруы мүмкін. 

Әрине, Пушкин мен Толстой, Әуезов сияқты көркем қиялдың киелі иелерін мойындатқан көркем шындыққа сен де еріксіз бағынасың. 

 

2. «НЕНІ?» –  НЫСАНАҒА  АЛАДЫ

Өйткені, әлемдегі шындықтардың ішіндегі ең абсолютті шындық – көркем шындық. Ал оны тұтастырып, өмірдің шытырман қайшылықтары мен тартыстарын қамшының өріміндей бір салаға жымдастыратын нысана – көркем идея!

Көркем идея – суреткердің жеке басының жан қалауынан туған аңсар. Өткенге, бүгінге, ертеңге, тарихқа, тарихи оқиғаға, тарихи тұлғаға, жеке адамға, табиғат құбылысына көзқарасы. Сол көзқарасын көркем ойдың күшімен қалайда жария жеткізуге ұмтылған құлшынысы. Жазбаса – ындыны басылмайтын ынтасы. Белгісіз алыс кеңістіктегі рух ұстыны. Тілге, әуенге, суретке ауысқан ділі. Көркем идея ешқандай нақты қисынның аясына сыймайды және оның барлық ауқымды әрі ғайып құсы сияқты бейнесіз мағынасын түсіндіріп те бере алмайсың. Суреткер атаулының санасын баураған осынау таңғажайып аңсарды «мақсат пен міндет» деген қарабайыр ұғыммен түсіндіруге болады. 

«Кто к тайнам жизни рвется мыслью каждой, то в своей душе находить их родник» – «Кім де кім, «санаменен сарғайып» (Абай) өмірдің құпиясын білуге құлшынса, онда ол өзінің рухынан оның (идеяның –Т.Ж.) бастауын сөзсіз табады» (Гете).

Сонымен, көркем идея дегеніміз – көркем көзқарас. Суреткер өзінің көзқарасын көркем дәйектеуге ұмтылады. Сол аңсарына орай алдына мақсат қойып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін міндеттерді белгілейді. Біз осы уақытқа дейін тәпсірлеп келген шығармашылық кілтипандардың барлығы сол мақсат жолына бағынады және қызмет көрсетеді. 

Мысалы «Толстой, начиная «Войну и мир», определяет отношение разных людей к Наполеону» (В.Шкловский) – «Толстой, «Соғыс және бейбітшілікті» жазу арқылы әр қилы адамдардың Наполеонға деген көзқарасын анықтайды». 

Тура осы пікірді М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына қарата да еш күдіксіз, сеніммен айтуға болады. Айырмашылығы, көркем тартыс үшін шартты түрде алынған жағымсыз бейнелерден басқа «Абай жолындағы» 5250-ден астам кейіпкердің барлығы да тек Абайдың ғана көзқарасына ықтайды, тек Абайға ғана кеп жүгінеді. Неге?

Қалың-қалың алдыңғы үш кітаптағы «соғыс пен бейбітшілік» туралы көркем талдау жетпегендей, Толстой өзінің Наполеонға деген көзқарасын төртінші кітапта тұтастай тәпсірлеп шығады. Өйткені, жазушының көркем идеясының өзі осы «тарихи көркем талдау» болатын. 

Ал Әуезов оған мүлдем қарама-қайшы бағытты ұстанды. Суреткер өзінің көркем нысанасын:  Абайдың  өмірі мен өлеңін көшпенділер әлемімен өрімдей бейнелеп, дана Абайды және Абай арқылы қазақ елін дүниеге таныту. Сол мақсатқа жету барысында тарихи шығармаға тән барлық көркемдеу әдіс-тәсілдерін пайдалау. Сөйтіп, Абайды – адамзаттың Абайы ретінде бейнелеп шығару – деп түсіндірді. 

Бұл идеяның толық және сәтті орындалуына жиырма жыл уақыт кетті, яғни, бір адамның өмірі жұмсалды. Төрт томдық шығарманың басынан аяғына дейін оқып шығып, Абайға ессіз ғашық боласыз. Бойында секем алатын иненің жасуындай мін болсайшы. Әлгі: «Өзім де өрге шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім», – дейтін өр мінезі айналып-толғанған мейрім мен қайырымға айналып кеткен. Оқыған сайын егілесің. 

Мұның себебі неде? 

ХХ ғасырдағы орыстың ұлы ойшыл сыншысы, әдебиеттанудың атақты теоретигі, Виктор Шкловскийдің көркем идея мен көркем әлемге – шығармашылыққа қатысты   айтқанындай: «Слова само не плачет и даже не всегда ориентирует» – «Иә,  сөз – тектен текке жылатпайды, тіпті, кейде есіңнен де адастырып жібереді». 

Сол көркем идеяның аңсарынан туған көркем әлем – суреткердің еркін қиялымен өмірге келген тәуелсіз кеңістік. Оған нәр беретін екі үлкен күретамыр бар. Ол – өмірлік шындық пен көркем шындық.

Өмірлік шындық – кәдімгі қарапайым, қарабайыр, күнделікті етекбасты шындық. Ол суреткер үшін шикізат қана. Сол шикізаттан қандай түйін түйемін десе де суреткердің өз еркі. Өйткені, ендігі шындық суреткердің идеясына бағынған жасанды, яғни, туынды шындық. Жазушы, суреткер, шығарма, туынды, өнер (искусство – жасанды) деген ұғымның өзі содан туған.

Юрий Тыняновтың: «Өмірлік деректер аяқталған жерден көркем шығарма басталады» – деуі де сондықтан. 

Өзін-өзі сыйлайтын және өнер атаулының заңынан хабары бар суреткер ешқашанда өмірлік шындықты өнеріне өзек етпейді. Дүниедегі жалғыз шындықты сол  қалпында  хатқа  түсірдім, тек  қана  шындықтың өзін жаздым не жазуға ұмтыламын деген адам – суреткер емес. Егер ол ниетінен қасарыса айнымайтын болса, онда ол адам дереу өнер әлемінен кетуі керек. Өйткені ол суреткер емес, өмірдің можантопай көшірмешісі ғана. Шын суреткер өмірдің мың шындығын диірменге салып уатып, «ой қуатының» күшімен ұнтақтап, шабыттың демімен аптап, жалғыз-ақ шындық, көркем шындық жасап шығарады. Және сол жасанды, туынды шындықтың өмірлік шындық екеніне күдіксіз сендіруі тиіс.

Мен өзімнің шәкіттеріме дәріс өткенде сәл желпіне: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» тарихи роман-эпопеясында өмірлік бір шындық жоқ. Сенбесеңіз романның кез  келген  бетінен кез  келген  оқиғаны маған оқып беріңіз. Мен, қара басып қалмаса, сол оқиғаның  өмірлік  шындық  емес екенін дәлелдеп беремін. Ал, керісінше, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасында көркем шындықсыз бір сөйлем жоқ. Бәрі де шындық. Нанбасаңдар кез  келген беттегі кез-келген сөйлемді оқып беріңіз, есімнен жаңылып қалмасам, табан астында дәлелдеп беремін», – деймін, «тарихи роман-эпопея»  мен «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасы» дегенді тілімнің астына маржан етіп жасыра отырып.

Әрине, Абай – Наполеон емес, Наполеон – Абай емес. Ақынның гуманист болуы заңды. Дегенмен де, Мұхтар Әуезов  өзінің көркем идеясын жүзеге асыру үшін Құнанбай, Тәкежан, Оразбай сияқты жағымсыз кейіпкерлердің өзін Абай бейнесін биіктен-биікке көтеретін баспалдақ ретінде пайдаланған. Ал өмірде өзі екі рет жер аударған Базаралымен қимас дос еткен. Тіпті Абайға қатысы жоқ тарихи оқиғаларды «қатысты етіп», «қақтығыстырады». 

Қысқарта айтқанда, тарихи көркем шығармада сақталуға тиісті жеті шарттан басқа барлық мүмкіндікті пайдаланған. Қарсы шыққандарға да, қабылдамағандарға да уәжі дайын. 

Мінсіз Абай бейнесін сомдау – Мұхтар Әуезовтің көркем идеясы. Ал көркем идея – тәуелсіз, Абайша айтқанда, «тәңірінің берген сыйы». Тәңірдің берген сыйына ешкім олжа сала алмайды.

Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының көркемдік ерекшеліктері туралы В.Шкловскийдің:

«Жазсаң – көңіл шерің тарқайды» – «Слова освобождает душу от тесноты»,

«Проза – оқиғаның себебін қайталап анықтайды. Сөйтіп ол тарихтың орынын ауыстырады» – «Проза возврашает причину события. Она перестраивает историю»;

«Тарих – адамзаттың жадын жаңғыртады» – «История обновляет память человечества»;

«Өнер – бейнелі ойлау жүйесі» –  «Искусство – это мышления образами»;

«Поэзия дегеніміз – ойлаудың ерекше тәсілі, соның ішінде образбен ойлау» – «Поэзия есть особый способ мышления, а именно, мышления образами»;

«Қарасөзбен жазылып, өлең ретінде қабылданатын, керісінше, өлеңмен жазылып, қара сөз ретінде қабылданатын шығармалар болады» – «Вещ может быть: 1.Создана как прозаическая и воспринята как поэтическая. 2.Создано как поэтическая и воспринята как прозаическая» – деген пікірлерін М.Әуезовтің «Абай жолына» қарата да пайдалануға болады.

Өз сөзін өзінің атынан пайдаланғанымыз үшін, эвакуация кезінде Алматыға келіп, кейін еліне қайтқан соң: «Ұмытпаспын. Ұмытылмайтын күндер өткіздім. Рахмет, Мұқа!» – деп М.Әуезовке алғау жеделхатын жолдаған В.Шкловскийдің әруағы біздің бұл еркіндігімізге қарсы уәж білдіре қоймас. 

Бұған  қосарымыз, «Абай  жолы» «Қарасөзбен жазылып, өлең ретінде қабылданған» шығарма. Суреткердің ұстанған мақсаты мен көркем көзқарасы, яғни, көркем идеясы да осы болатын.

Себебі: «Поэтикалық образ дегеніміз – барынша әсерлендіріп жеткізудің бір амалы ғана» – «Образ поэтический – это один из способов созданий найбольшего впечатления» (В.Шкловский).

Міне, мұны әдебиет қисынында – «көркем шындық» деп атайды.

Көркем шындық – суреткердің суреткері ғана қол жеткізетін шындық. Тіпті, талғамы қалыпты қарапайым оқырманның өзі шығармадағы өмірлік шындыққа емес, көркем шындыққа сенеді. 

Кеңес тұсындағы кеңсешіл кемел жазушы А.Чаковскийдің біз қатысқан бір кездесуінде: «– Өз уақтысында СССР мемлекеттік сыйлығын алған «Бізде қазір таң атты» – «У нас уже утро» атты романымдағы Весельшаков деген кейіпкер шалдың оқиғасы өмірден алынып еді. Сюжет 20-30 жылдардағы мұхиттағы оқиғаны баяндайды. Шал өмірінің соңында ұлының қолына келіп тұрады. Сыншылар соны өтірікке санап, сынап, ақыры сенбеді. Романдағы жалғыз шындық сол еді» – дегені қатирамызға жазылып қалыпты.

Демек, Чаковский өмірлік шындықты көркем шындық деңгейіне жеткізе алмаған. Көркем қиялы шарықтап ұшпай, жер бауырлап қалған. Дайын шындық тұрғанда, «ой қуатын» артық жұмағысы келмеген. «Шығармашылық қуатты үнемдеу заңы да барлық мойындалған заң атаулыға тән ережеге бағынады»» – «Закон экономии творческих сил также принадлежит к группе всеми признанных законов» (В.Шкловский). Демек, кеңестік кермиық жазушы Александр Чаковский де көркем шығарманың заңына бағынуға тиісті еді. Бірақ, соған қарамастан «сыбағасымен» қоса сыйлығын да алып тынды. Бұл оның «диірмен» тартуға жарап қалған кезі еді. Сыйлығы қалтасында қалды, ал шығарманың сол беті аты өшті.

«Қасаң өмірлік шындықтың беломыртқасын опырып, уатып, көңіл тиірменінен қайта өткізуді» шығармашылық басты мақсаты еткен Гете дегдар бастаған дүние әдебиетінің тәмсілдерін ескере отырып, бұл арада өзімізге етене өмірді бейнелеген Мұхтар Әуезовтің көркем тәпсіріне жүгінеміз. Өйткені Мұхтар Әуезовтің көркем шындықты игеру тәжірибесі әлемдік әдебиеттегі сирек құбылыс. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың арақатынасын салыстыра талдасаңыз, шындығында да, жазушының «қиыннан қиыстырған» көркем ой қуатына таң қаласыз.  Эпопеяға шіміркендіре желі тартқан негізгі оқиғалар мен сюжеттің бір де біреуі өмірлік шындыққа сай келмейді.

Мысалы: Қодар – Қамқа қасіреті өмірде болған оқиға және оны Абайдың көруі мүмкін емес. Өйткені оқиға ол тумай тұрған кезде өтіп кеткен. «Мұсақұл соғысында» ара ағайындыққа жүруі де неғайбыл. Себебі ол қақтығыс 1845-1846 жылдары, Абай жөргекте жатқанда орын алған. Бөжейдің асын көруі мүмкін, алайда асты басқарып, атағын шығарған емес. Бөжей Абайдың бес жасында, 1850 жылы дүниеден қайтқан. Құнанбай аға сұлтан болып тұрғанда Қарқаралыға ере барып, Ділдәні алып қайтпайды. Құнанбай 1849-1851 жылдардың арасында, оның өзінде де алты ай ғана пәрменді аға сұлтан болған. Қалған уақытын Омбыда «мырзақамақта» өткізген. Тәкежанның жылқысын барымталаған Базаралыны Абай қорғамақ түгілі қостамаған. Себебі, Базаралыны ұрлығы үшін итжеккенге айдатқан Абайдың өзі. 

Сонда өзі романның қай желісі өмірлік шындыққа саяды? Бұл кемшілік пе? Жоқ. Өмірлік шындықты көркем идеясына «қызмет көрсеттіруі» үшін «қуатты ойдан бас құраған» көркем шындық және абсолютті шындық. Осы «қиыннан қиыстырған» көркем шындығы бәрінен қымбат. 

Адамды сендіреді, шіміркендіреді, ойландырады. Суреткер тарихи шығармада қиянат жасауға болмайтын өмірлік шындықтың жеті қатаң талабын орындаса: кейіпкер өмір сүрген қоғамдық формацияны сақтаса (Абайды социализмде өмір сүргізуге болмайды), кейіпкердің туған-өлген жыл аралығын (1845-1904) өзгертпесе, ұстанған дінін (мұсылман) ауыстырмаса, өмір сүрген ортасының табиғи жағырапиялық ерекшелігін нақты бейнелесе (Шыңғыстауда пальма мен кактус өспейді), жеке дене сыпатына өзгеріс енгізбесе (Абай соқыр не ақсақ емес), заңды некесін көрсетсе (үш әйел алған), сол замандағы өркениет жетістігін  ғана пайдаланса (Абайды ұшаққа отырғызуға, көңкеге мінгізуге болмайды, ол кезде бұлар жоқ) – жетіп жатыр. Суреткерге бұдан басқа тыйым салынбайды. 

Осы талаптарды сендіре суреттегені сондай, «Абай жолы» роман-эпопеясы «қазақ тұрмысының көркем энциклопедиясы» (Қ.Сәтбаев) атанды. Тарихи шындықты көркем шындыққа сіңіре білгені сондай, миләдиден бұрынға төртінші ғасырда скифтердің көсемі Атей патша Александр Македонскийдің – Ескендір Зұлқарнайынның әкесі Филипп патшаға қолданған соғыс тәсілін Құнанбайға «Мұсақұл соғысында» қолдандырады. Қыр астынан қалың түйені қарсыластарына қарай шаңдата жауып жібереді. 

Көшпелілер қоғамынан орын алған тарихи шындық болғандықтан да ешкімнің оған дау айтуға қақысы жоқ. Суреткер – шығарма – кейіпкер уақыты – тарихи уақытпен жігі білінбей жымдасқан. Сондықтан да көне заманды зерттеген тарихшылардың өздері оны дерек көзі ретінде пайдаланды. Мысалы, шамамен VІ-Х ғасырда өмір сүрген хазар империясының тарихын зерттеген М.И.Артамонов:

«Оның (Ибн Фадланның, Х ғасырдағы араб саяхатшысы – Т.Ж.) жазбаларындағы көріністерді, Мұхтар Әуезов «Абай» атты тамаша шығармасында суреттеген қазақтардың тұрмысымен салыстырсақ, мынаны – Х және ХІХ ғасырда өмір сүрген көшпелілердің тұрмысындағы ұқсастықтардың соншама көп екенін байқау онша қиын емес, олардың өмір сүрген қоғамы өте аз өзгеріске ұшырапты, «Абайдағы» жарқын бейнелерді негізге ала отырып, біздің отанымыздың ұлы даласында осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген көшпенділерді нақты көз алдымызға елестете аламыз», – деп жазды.

Толстойдың  суреткерлік  психологиясын  діттеген тағы да сол В.Шкловский тілмәр айтқандай, шығармада: «Кездейсоқ ұқсастықтың болуы мүмкін емес, ұқсастықтың өзі сюжет құрылымының ерекше заңдылықтарымен ғана түсіндіріледі» – «Случайное совпадения не возможны. Совпадения обьяснаються только существованием особых законов сюжетосложения».

Міне, бұл – шындыққа бергісіз көркем шындықтың құдіреті.

Сол қолдан жасалған шындықты өзің өмір сүрген замандастарыңның мүддесімен байланыстыра білсең ғана парызың мен міндетіңді орындағаның. 

Гете: «Өз заманыңмен бірге өмір сүр, бірақ оның жасанды төлі болма: өз замандастарың  неге мұқтаж болса, соған қызмет ет, ал олар мақтаған нәрсеге жолама» – «Живи со своими веком, но не будь его творением: служи своим современникам, но тем, в чем они нуждаеться, а не тем, что они хвалят» – деп ақыл айтады.

Өйткені өзіңнің көркем идеяңды замандастарыңа әсерлі жеткізе алсаң ғана, шындығың белгілі бір мәнге ие болады. Өзіңнің кім екеніңді, не айтқың келгенін замандастарың міндетті түрде мойындауы тиіс. Онсыз діттеген мақсатыңа жете алмағаның, қойылған міндетті орындамағаның. 

Гете көркем идеяның мақсат пен міндетке айналуын: «Өзіңді-өзің қалай тануға болады! Жасампаздықпен емес, тек шешуші әрекетпен. Әуелі өзіңнің парызыңды өтеуге ұмтылып көрші – сол сәтте-ақ өзіңді-өзің тани бастайсың. Ал, сенің парыз дегеніңнің мағынасы не өзі? Ол бүгінгі күннің талабы» – «Как можно самого себя познать! Отнюд не созерцанием, а только действием. Попробуй испольнить свой долг – и тот час себе познаешь. Но что, в сущности, твой долг? Требования дня» – деп түсіндіреді.

Шындығында да өз дәуіріңмен үндестік таппаған туынды – жетім туынды.

Сонымен, суреткер психолгиясымен тікелей астасып жатқан көркем идея, көркем әлем, өмірлік шындық, көркем шындық, суреткерлік парыз туралы тереңдетілген талдауларды теориялық еңбектердің еншісіне қалдыра отырып , енді суреткерден қисынды машық-мантиқты (логиканы) қажет ететін сюжет құрылымын қиыстырудың қамына қатысты шытырманды ойдың шырғалаңына көшеміз. 

 

Төртініші тарау. ТАБЫС  1.«КІМДІ?» – КӨГЕНДЕЙМІЗ?

Әрине,кейіркерлерді.

Өйткені, жоғарыда аталған жүйкені шүйкелейтін қам-қаракеттің барлығы да сюжет атты арналы дарияның жағасына шоғырланып, суат сәтін – шығармаға кіретін кезегін күтіп тұрады. 

Ұмытылып кеткен қазақы ұғыммен айтсақ, көгеннің  моншағын шешіп, енесінің бауырындағы емшекті емін-еркін сорпылдата соруға құмартып, жамыратуға жіберуін асыға күткен қозы сияқты мазасыз тізіліп тұрады. Қайсысын бұрын ағытады, қайсысын кейінге қақпайлап қалады, қайсысын енесіне, яғни, шығарманың желісіне зорлап телиді, ол тек суреткердің еркіне байланысты шаруа. Көгеннен ажыратылмай, жағада кезегін күтіп мүлдем ұмыт қалатын, яғни, шығармадан тыс қалатын оқиғалар мен кейпкерлер де болады. 

Мысалы, Гете соншама кірпияздықпен дайындалған «Вертердің» өліміне қатысты соңғы көріністерден мүлдем бас тартқан. Егер ол көріністі жазса, өзі де сондай құмығумен өлетіндей сезінген.

Әуеліде әйелдің зинақорлығын әшкерелеу үшін дайындаған «Сылқым келіншек» атты роман жазбақ болған Лев Толстойдың «көгенделген кейіпкерлерінің» барлығының моншағы ағытылмай қалған. Себебі, шығарма сюжеті өзіне бағынбай, көркем шындыққа қиянат жасай алмаған суреткер, Анна Каренинаны ақтап шыққан. Қосаққа тосыннан мүлдем басқа кейіпкерлер қосылған.

Абайдың көзқарасының қалыптасуына тікелей ықпал жасап, кітапқа ынтызарын аударып, Омбыдан батыс, орыс жазушыларының шығармаларын әкеп беріп, көркем ойға тәрбиелеген Айғыз шешесінен туған ағасы Халиолланы екінші, үшінші кітаптың сюжетіне араластыру үшін Мұхтар Әуезов оның өмірі туралы мағлұматтарды былай қойып, мұрағат деректерін де қарастырған. Шығарманың жазылу барысында Халиолла мүлдем ысырылып, Абайдың «көзін ашқан Михаэлис» болып шыға келді. Ал әскери корнет Халиолла Өскенбаевтің жеке бас трагедиясын ойдан құрастырылған образ Дәрменге теліді.

Ғабит Мүсірепов «Қазақ батыры» атты алғашқы романын «Қазақ солдаты» деп өңдеп жазған тұсында кейіпкерлерінің бестен бірін «жұмыстан шығарып жіберді», яғни, қысқартып тастаған.

Шығармашылық  үрдіске   кәсіподақтың құқы жүрмейді. Оның құқы – суреткердің өзі сайлап алған президенті – көркем идея мен көркем шындықта. Сюжет сол президенттің бұйрығын орындаушы, ал сюжеттің құрылымы мен желісі мантыққа – логикаға бағынады.

Мінезді ұлы суреткерлердің дені: «Сюжет деген – менің өзім, менің қуатты қиялым» (Гете, Гюго, Байрон, Пушкин, Толстой, Достоевский, Абай, Мағжан, Мұқағали) – деп кеуде қағатыны да сондықтан.

Себебі, бұл суреткерлердің шығармаларының дені жеке бастарының өмірлік әсерінің көркем көрінісі болып келеді: Лермонтов жазып, Абай аударып жеткізгеніндей:

Нені сүйді, дүниеде неден күйді,

Қазысы оның – ары  мен бір-ақ құдай.  

Тіпті, ілгері жетелеген құпия құштарлықтың себебін олар іздеп те жатпайтын сияқты. Өйткені олардың тұла бойының өзі тұнған көркем болмыс. Өмірдің өзін көркем әсерге айналдырып жіберген. Енді сол әсерін жүйелеп беру ғана қалады.

«Мен қашанда өзім басымнан кешіргенді ғана бейнеледім, ауаны қармап жоқтан бар жасау ешқашанда маған тән мінез болған емес, мен қашанда: өмір менен көрі данышпан – деп есептедім»» – «Я всегда изображал пережитое; извлкать из воздуха никогда не было мне свойственно, я всегда считал, что жизнь более гениально, чем я...» – деп Гете данышпан айтқандай, Мұхтар Әуезов те тек өз басынан кешкен тарихи дәуірді суреттеді.

Әрине, Гете – рухын шайтанға сатқан Фаустың, Достоевский – кемпірдің басын балтамен қағып түсіретін Раскольниковтың, Әуезов – Қодар-Қамқа қасіреттерін басынан кешірген жоқ. Бірақ көркем әлемді сюжетке түсіру сәтінде барынша сезінді. Сол сюжеттің барынша қисынды қиысуына байланысты шығарманың көркемдік шындығы ашылады.

Жалғасы бар...

"Жұлдыз" журналы