16 қыр, 2024 сағат 17:05

Түркістанға ерекше мәртебе берілуі халықтың тұрмысын жақсарта ма?


Фото:qazaqgeography.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат"

4 тараудан 15 баптан тұратын Заң жобасы Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді. 

Заң аясында туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеу және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеу қарастырылған. Түркістанның туристік мүмкіндігі көтерілсе және қалаға ерекше мәртебе берілсе халықтың тұрмысы қалай өзгереді? Жұмыссыздық мәселесі шешіле ме? Бұл туралы ULT.KZ тілшісіне ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтып берді.

«Осы заң жобасын дайындап бастаған кезде біз сараптама жасадық. Түркістан жалпы 2018 жылы облыс орталығы болғаннан бастап, халықтың әл-ауқаты қалай өзгерді? Біріншіден халықтың өмір сүру ұзақтығы жетпістен жетпіс үш жарымға дейін өсті. Яғни мұны ортақ статистикада өте жақсы көрсеткіш деп айта аламын. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны  2018 жылы 10 мың болса, қазір 22 мың, бұдан екі еседен аса өсіп отырғанын көруге болады. Шағын және орта кәсіпкерліктің өскені бюджетке де өз әсерін тигізеді. Яғни қаланың өзіндік табысы Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілген кезде 3,1 млрд. теңге болған, ал қазір 32 млрд. теңге болып отыр. Яғни он есеге өскенін көреміз. Бұл сол кездегі саяси шешімнің дұрыстығынан. Сонымен қатар, Түркістан тек қана облыс орталығы емес, әкімшілік-аумақтық құрылысы ешқандай өзгерместен, жалпы елдің әлеуметтік-рухани, тарихи орталығы ретінде танылуы маңызды болып отыр. Мен ойлаймын, ол қаланың беделі мен танымалдығын көтереді және соның есебінен ішкі және сыртқы туризм дамып, келушілер саны артады. Сұраныс бар жерде ұсыныс та артады, яғни осы салаға қажетті инфроқұрылымдар жетіліп, шағын және орта кәсіпкерліктің саны артып, зауыттар мен фабрикалардың салынуына ықпал етеді. Меніңше, жалпы барлығының мультипликативтік әсері бірінен біріне жалғасып кетеді деп ойлаймын», -дейді тілшісіне ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Бауыржан Омарбеков. 


Вице-министрдің сөзінше Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру барлық саланы қамту деген сөз емес. Алайда осы заң аясында Түркістан облысындағы қолөнершілер мен кәсіпкерлерге пайдалы тұстары да бар деп отыр.

«Түркістандық қолөнершіредің белгілі бір шығындарын 25-30 пайызға дейін өтеп беру осы заң аясында қарастырылған. Түркістанға салынып жатқан инвестициялардың және Түркістанда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің шығындарынан 10 пайызын өтеп беру қарастырылған. Яғни туризм саласындағы шығындар әрине үлкен болады. Қонақүйлер салу, мейрамханалар салу деген сияқты... Сол шығындардың бір бөлігін өтеген кезде кәсіпкерлерге белгілі бір деңгейде сезінерліктей жеңілдік болады деп ойлаймын», -дейді Бауыржан Омарбеков.


Заң жобасының негізгі новеллаларының ішінде Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру; Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу. (Қазіргі уақытта қалада 30-дан астам қолөнершілер жұмыс істейді екен. Өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін өзгереді. Жергілікті бюджеттен шығындарды өтеу 88,5 млн теңгені (жыл сайынғы негізде) талап етеді). Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау кіреді екен.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленді.

Айта кетейік, Түркістан еліміздегі адам саны қарқынды өсіп келе жатқан, негізінен жастардан құралған аймақ. 2017–2023 жылдары Түркістан қаласындағы халық саны 160-тан 220 мың адамға дейін, яғни 28%-ға өскен.