22 қаз, 2024 сағат 22:24

Түркістан өңірінің оңды тәжірибесі

 

Фото: okg.kz


Жалпы, егіншілік пен мал шаруашылығын өркендетуде республика бойынша оңтүстік диқандары мен фермерлерінің асығы алшысынан түсіп жүргенін өзге өңірлер еріксіз мойындайды. Әсіресе, озық технология мен реформалық жаңа үдерістерді енгізуде түркістандықтарға ешкімнің ілесе алмасы анық. Жаңа технология —  табыс көзі екенін бүгінгі шаруалар жақсы біледі. Сондықтан көшбастаушы өңірдің оңды тәжірибесін өзге аймақтар өздерінде қолдануға құлшынуы құпия емес. 

 

Инвестиция – ел игілігі

 

Айта кетейік, Түркістан облысында бұл салада, әсіресе, мақта кластерін дамыту, Австралия тәжірибесі негізінде ет кластерін құру, жібек шаруашылығын дамыту, субтропикалық жылыжай шаруашылығын ұлғайту, қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру басты мақсат болып саналады. Соның есебінен аграршылар алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласынан өндірілетін жалпы өнім көлемін 2,2 есе арттыруды көздеп отыр.

Ресми статистикаға сүйенсек, облысымызда 80 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді екен. Бұл – республикалық көрсеткіштің 31 пайызы деген сөз. Түркістан облысының потенциалын осыдан- ақ аңғаруға болады. Атап айтқанда, өңіріміздегі 1 миллионнан астам ауыл тұрғынының әлеуметтік жағдайы осы ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есеге дейін артып, жалпы 148 млрд.теңгеге жетті. Ал, қайта өңдеу көлемі 94 млрд. теңгені құрады. Ет экспорты бойынша да біздің облыс еліміздің көшбасында келеді. Бұл жай статистика мәліметі ғана емес. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, ұсақ мал етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесінде екенін мақтанышпен айта аламыз.

 

Тұжырымдама «Тұран суға» тиімді

 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.

Кеңестік кезеңде суармалы алқаптар елдің «Алтын қоры» ретінде саналатын. Бүгінгі таңда облысымызда 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары орналастырылды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтиды. Біздің өңірімізде 552 мың гектар суармалы жер бар екен. Бұл сайып келгенде, республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігін құрайтын болып шықты. 

Осы тұрғыдан алғанда, өңірімізде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуетін тиімді пайдалану қолға алынды. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80%-дан 10%-ға төмендеді.

Биыл облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Тұран су» мекемесін техникалық жарақтандыруға басымдық беріліпті. Атап айтқанда, 2023-2024 жылдар аралығында мекеме табысы есебінен 60 бірлік арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Мекеме тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында құны 756,4 млн. теңгеге 14 дана экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Соның нәтижесінде 714 шақырым канал, 387 шақырым қашыртқы тазалануда. «Алтын күз» мерекесінде аудан, қала әкімдіктеріне қосымша 10 дана арнайы техника салтанатты түрде  табыс етілді.

 

Ет экспорттаудан алдамыз

 

Республикадағы қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы Түркістан облысының еншісінде екенін еске салғанды жөн көріп отырмыз. Облыста мал шаруашылығының дамуы елімізде жетекші орында тұр. Өткен  9 айда облыс бойынша 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша біздің өңір  республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, ұсақ мал етінің 75%-ы Түркістан облысында өндірілуде. Ағымдағы жылдың 9 айында 10 мың тонна қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды.

Ет экспортының әлеуетін арттыруда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізуде. Өңірде жалпы 9 183 қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 басқа дейін 

9 148 бірлік, 400 бастан – 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тағылымды тәжірибесімен жалпы құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын 400 бастан жоғары 2 ірі тауарлы-сүт фермасының (809 бас) инвестициялық жобасы жүзеге асырылды.  Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5% мөлшерлемемен 3,8 млрд. теңге несие қаржы бөлінді. Олар —  «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС-і.

Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Бүгінгі таңға Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары гольштейн тұқымды 539 аналық қара мал әкелінді. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 8,5 мың тонна сүт өндіріледі.

 

Бау мен бақша — байлық көзі

 

 Түркістан облысының диқандары биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 870 мың гектарға орналастырды. Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде. «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасымен аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайтқыштардың 60%-ы субсидияланды. Нәтижесінде егіс алқаптарына 141,4 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасымен субсидиялау нормативтері 1,5-2 есеге дейін ұлғайтылды. 

Көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 63 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға қол жеткізілді. Биыл ауа райы қолайлы болып, жауынның жиі жаууына байланысты 929 мың тонна дәнді дақыл, 3,5 млн. тонна көкөніс-бақша өнімдері, 192 мың тонна жүзім жиналды. Сонымен қатар, 5,5 млн. тонна мал азығы дайындалды. 

Биыл тәжірибе негізінде 1,9 мың гектарға жаңа әдіспен мақта дақылы егілді. Технологияның тиімділігі сол,  бұл тәсіл суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Біздің облыстың климаттық ерекшелігі қарқынды бау және жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Өңірімізде қарқынды баудың көлемі 5,7 мың гектарды құрайды. Өнімділік дәстүрлі бауларға қарағанда 5 есеге жоғары немесе 300-350 центнерге дейін өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектар, жиналған көкөніс 150 мың тоннаны құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштің 71%-ы деген сөз. Бұл маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігін 42% қамтамасыз етеді.

Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимон өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Сөйтіп биыл жылыжай шаруашылықтарынан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон өндірілді.

Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық 5%-дық мөлшерлемемен қолжетімді лизингтік бағдарламаcын іске қосты. 9 айда жаңадан 1 603 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техникалар паркін жаңалау үлесі 6,3%-ды құрады.

Осылайша түркістандық аграршылар Республика күнін толымды табыстармен қарсы алып отыр.

 

Серікқали Жексенбаев,

«Оңтүстік Қазақстан».