Фото: okg.kz
Дәл осы пікірді ауыл шаруашылығы саласында кездесетін кедергілер мен оларды жою, экономиканың негізгі драйвері саналатын саланы дамыту мәселелеріне үн қосып жүрген сала ардагері, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Агро кеңес беру» орталығының жетекшісі Нұрлыбек Боранбаев айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, Түркістан облысының құрылғанына 5 жылдан енді асты. Сондықтан да өңірдің барлық саласында шешімін табуы тиіс мәселелер мен соңына дейін жеткізілуі тиіс бастамалар көп. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге тоқталар болсақ, аймақта агротехнология талаптары орындала бермейді. Агрокешен саласында білікті кадрлар жетіспей жатады, тұқым шаруашылықтары жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр, сапалы тұқым жеткіліксіз...
«Мақта өсіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) техникамен жабдықталуы өте нашар, мақтаны өндірудегі кластерлік жүйе мен технологиялар трансферті де қалыптаспаған.
Одан бөлек, қазір аймақта жердің де құнары төмендеп барады, бұл ретте ауыспалы егіс жүйесі дұрыс сақталып отырған жоқ, өйткені, көптеген дақылдар бір танапқа монодақыл ретінде өсіріліп келеді. Егіннің сусыз өспейтіні белгілі, ал, өңірде суармалы ағын су жеткіліксіз. Ал, біздің облыста осы мәселенің шешімін табу үшін суаруда инновациялық қорды үнемдеу технологияларын қолданып жатқан жоқ. Салдарынан суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Ол аздай көлденең және тік ұңғымалар істен шығып, жүйелі қолданбағандықтан суармалы жерлер сортаңданып жатыр. Соның салдарынан кейбір суармалы жерлер айналымнан шығып, тастанды танаптардың үлесі артып кетті. Дренаж жүйелері де істен шыққан, жерасты сулары жер бетіне шығып босқа ысырап болуда. Егістік алқаптарда зиянкестер еселеп көбейді, карантиндік өсімдіктер, арамшөптер егіс алқаптарын басып кетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша қазіргі таңда кәсіпорындар мен көкөніс қоймалары да жетіспейді», дейді Нұрлыбек Боранбаев.
Маманның айтуынша, бүгінде облыста 37 көкөніс қоймасы бар, олардың сыйымдылығы – 79480 тонна.
«Мақтаның өнімділігі мен тұқымдық шиттің сапасын жақсарту мақсатында 2009 жылы арнайы сапалы тұқым дайындайтын зауыт азық-түлік корпорациясының құрамында «Қазақстан мақтасы» АҚ құрылған еді. Олар жылдық қуаттылығы бес мың тонна сапалы тұқым дайындайтын, халықаралық стандартқа сай шиттердің түгін химиялық тәсілмен түсіретін соңғы үлгідегі зауыт еді. Бірақ, ол небәрі екі-үш жыл жұмыс істеді де, тоқтап қалды. Осы зауытты мүмкіндік болса қайта іске қосу керек. Барлық тұқым шаруашылықтары тұқымдық шитке арналған мақтасын осы зауытқа өткізіп, сапалы тұқымдық шит дайындауларын міндеттеу қажет. Егер де «Қазақстан мақтасы» АҚ іске қосылса, тұқым шаруашылықтарын сол зауытқа өткізуге міндеттеуді дұрыс шешім деп ойлаймын. Әрине, агроқұрылымдарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, одан жиналған жоғары репродукциялы шитті мақта тұқымын арнайы бунтта жинауға мән беру керек.
Бүгінгі таңда мақта шаруашылығында жер жырту, сор шаю секілді агротехникалық шаралар мерзімінде жүргізілмейді, сапалы тұқым тапшы, егіс алқаптарының мелиоративтік жағдайы нашар, ауыспалы егіс әдісі сақталмайды, мақта талшығының шығымы мен сапасының төмендігі өзекті проблемаға айналды. Біздің ойымызша, бірнеше жылға арналған аймақтық «Мақта саласын дамыту» бағдарламасын қабылдау қажет. Өйткені, мақта өнеркәсібі мен тоқыма кластерін дамыту барысында мемлекеттік қолдау шараларын енгізіп, ірі мақта өңдеу зауыттарының жанынан мақта талшығын терең өңдеу цехтарын, фабрикаларын құруға мүмкіндік ашылып, жіп иіріп, трикотаж, басқа дайын бұйымдар шығаруды жолға қойса, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласы дамыған болар еді», дейді маманымыз.
Оның сөзінше, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара малдардың генофондын сақтап, тұқымдық құрамын жақсартуды қолға алып, жергілікті малды негізге алып асылдандыру керек.
«Осы орайда ғылыми негізде қой шаруашылығын дамыту жүйесін ұсынған болар едім. Ол үшін шопандардың кәсіби статусын заңмен белгілеу керек. Бізде малды бағатын шопан, ал, жиындар мен фестивальдерде төрде отыратын, марапат алатын шаруашылық төрағалары. Кәсіптік-техникалық арнайы оқу орындарында шопан кадрларын даярлауды қолға алу керек.
Сонымен қатар өңірлердің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты бейімделген қой тұқымдарын анықтау керек. Қой шаруашылығын дамыту концепциясын бір ауданға пилоттық жоба ретінде енгізуді ұсынар едім.
Ең бірінші, ауыл шаруашылығын дамытудағы басым бағыттарға тоқталсам, егін шаруашылығын әртараптандырып, агротехнологиялық жүйелерді өндіріске ендірген дұрыс. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту да тиімді, сондай-ақ, тамшылатып суару әдісін қолдануды кеңінен пайдаланғаннан ұтылмаймыз және жылыжайларды да көбейту қажет. Оған біздің облыстың климаты өте қолайлы. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көкөніс қоймаларының да сыйымдылығын арттыра түсумен қатар логистиканы дамытуды да ұмытпаған абзал. Нөльдік терең қопсыту технологиясы енгізілсе, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дами түсер еді», дейді Нұрлыбек Боранбаев.
Айта кетейік, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен агрохимиялық зерттеу зертханасы ашылды. Соңғы жылдары шаруалардың кәсіби біліктері төмен болуы салдарынан агротехнология талаптары сақталмай топырақтың құнары азып, пайдалы микроэлементтер жоғалып кетті. Өкінішке қарай, ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесі өндіріске ендірілер емес.
Ғалымдардың пікірінше, болашақ мол өнімнің негізі егістік танаптарды күзде жыртып, өңдеуден бастау алады. Фермерлерге әр ауданның және ауыл округтерінің топырақ-климаттық жағдайына, өсірілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес кеңес бере алсақ, бұл болашақ мол өнімнің кепілі болар еді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаруалар топырақ өңдеуді өз дәрежесінде ғылыми негізделген жүйеде жүргізе алмай келеді.
«Біз осы проблемаларды шешу мақсатында Сайрам ауданындағы «Нұр көл» шаруашылығына қарасты базада демонстрациялық алаң құрдық. Ол алаңда егістік аймағында нөльдік терең қопсыту, жер өңдеу технологиясы ендірілді. Осы арқылы өндірістік шығындар 35-40%-ға дейін азайды, ол өз кезегінде топырақтың құрылымын жақсартады және қара шіріндінің (гумыс) құрамын байытуға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда егілген дақылдардың өнімділігі 30-40 пайызға дейін көбейді. Бұл бір. Екіншіден, Ордабасы ауданындағы «Рамазан» агрошаруашылығы базасында да мақта өсіру бойынша демонстрациялық алаңдар ашылды. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің пилоттық жобаларымыздың өндірістік бағыты бар. Онда ең бірінші мақта дақылын өсіруге көбірек көңіл бөлінеді. Мәселен, бір гектар жерден алатын мақтаның түсімділігін арттырып, химиялық тыңайтқыштарды лажы болса қолданудан бас тартсақ, толықтай органикалық тәсілге көшсек дейміз.
Жалпы, Түркістан облысында мақта саласын дамытуда көпжылдық бағдарлама әзірлеу қажет. Бұдан өзге, Отырар ауданындағы «Марғұлан» шаруа қожалығында да бақша дақылдары мен жүгеріні органикалық негізде өсірудің дұрыс болатындығына көз жеткіздік. Жетісай ауданындағы «Ералиев» ШҚ базасында жеміс-жидек пен жүзім, Шардара ауданында балық өсіріп отырған «Хамит» АӨК шаруашылығы мен Сауран ауданындағы «Тұран» ӘКК шаруашылықтарының барлығын кооперация тәсілімен шаруаларды біріктіру арқылы нарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Облыстағы бірнеше базалық шаруашылықты озық технологиялармен қамтып, өндіріске енгізсек, нәтиже көп күттірмейді. Сонымен қатар, маман кадрларды оқытып, өңірдің агроқұрылымын, ауыл шаруашылығы саласын алға сүйрейтін, жаңа жобаларды іске асыратын тетіктерді де қарастырып отырмыз», дейді дейді Нұрлыбек Боранбаев.