28 жел, 2018 сағат 08:10

Түркістан облысында латын әліпбиін насихаттау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру» жобасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде осы жоба аясында облыста жалпы 1138 іс-шара өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімідігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел Президентінің латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы өңір халқы арасында кеңінен қолдау тапты. Осы бағытта Түркістан облысында шет елдерден келген жазушылар, облыстың зиялы қауым өкілдері, түркітанушы ғалымдардың қатысуымен бірқатар семинарлар мен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 19 маусымында облыстағы 428 кітапханада латын әліпбиінен «Ұлттық мұра»  тақырыбында диктант жазу акциясы өтті. Кітапханалардағы бұл диктантқа мыңдаған адам қатысты. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде студенттермен кездесіп, «Рухани жаңғыру: жастарға жаңа бағдар» тақырыбында лекция оқыды. 

Латын әліпбиінің мән-маңызына тоқталған өңір басшысы ұлт санасын серпілтуде жаңа әліпбидің пайдасы мол екенін жеткізіп, бұл мәселе назарында болатынын сөз етті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалық кеңсенің мәліметінше, алдағы уақытта да латын қарпін насихаттау, қолданысқа енгізу жолындағы жұмыстар жалғаса бермек. Өйткені, бұл бастамаға қызығушылық жоғары.

Сонымен бірге, Түркістан облысында «Жаңа гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынған. Өңірде мемлекеттік тілге аударылған 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. Оған жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысқан. Студенттерге бағдарламаның негізгі басымдықтары түсіндіріліп, «100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған оқулықтарды таныстыру, латын әліпбиіне көшу және  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында онкүндік өтті. Университетте «Рухани жаңғыру» алаңы,  «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық коворкинг орталығы» және оқушыларға арналған ақысыз компьютер сыныптары ашылды.

Бүгінде Түркістан облысындағы 2 жоғары оқу орнында Жобалық кеңселер құрылып, «Рухани жаңғыру» бағытында түрлі алаңшалар істеп тұр. Университет кітапханаларында «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша арнайы бұрыштар жасақталған. Сырдария университетінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтар сканерленіп, университеттің сайтына салынды. Қазіргі таңда құнды кітаптар студенттердің рухани игілігіне жарап тұр.