09 жел, 2025 сағат 16:30

Түркістан облысында әнші Азоданы ұрған бұрынғы қайын атасына үкім шығарылды

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында тойханадағы бұзақылық әрекеті үшін айыпталған ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды. Оқиға 2025 жылдың 31 тамызында Төлеби ауданындағы “Зағамбар” тойханасында болған, деп хабарлайды Ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы тойда ән айтып тұрған бұрынғы келінін көріп, оған күш қолданған. Соның салдарынан жәбірленушінің мойны, білегі және көкірек тұсы көгерген. Сараптама бұл жарақаттарды денсаулыққа зиян келтірмейтін, қысқа мерзімді зақым санатына жатқызды.

Прокурор сотталушыға 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Жәбірленуші бұл ұстанымды қолдап, 700 мың теңге материалдық зиян және 10 млн теңге моральдық шығын өндіруді талап етті.

Айыпталушы өз әрекетін жоққа шығармай, өкініш білдіргенімен, айыптаумен толық келіспей, өзінің ісін ҚК-нің 109-1-бабы бойынша қайта саралауды және айыппұл түріндегі жаза қолдануды сұрады.

Сот жаза тағайындау кезінде оның бұрын сотталмағанын және өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын факторлар анықталған жоқ.

Сот үкімі бойынша айыпталушыға 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Сонымен қатар одан 800 мың теңге моральдық өтемақы және 700 мың теңге өкілдік шығындары өндірілді.

Түркістан облыстық сотының хабарлауынша, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, әнші Азода Тұрсынмұрадова тойда ән орындап тұрған жерінде бұрынғы қайын атасы оған жұдырық ала жүгірген. Әнші тергеудің әділ өтпей жатқанын айтып, жұртшылықтан көмек сұраған еді.