Фото: qandastar.kz
Елге келушілер Сарыағаш, Ордабасы, Қазығұрт, Келес, Сайрам, Жетісай, Түлкібас, Мақтарал, Шардара аудандары мен Арыс және Түркістан қаласына қоныстанған. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Өңірге жыл басынан бері 339 отбасы, 588 этникалық қазақ қоныс аударған. Оның 570-і Өзбекстаннан болса, 10-ы Тәжікстаннан келген. Ал 3 адам Ресейден көшіп келсе, басқа мемлекеттерден 5 адам қоныс аударған. Ал осы жылдың жеті айында Түркістан облысынан 165 отбасы немесе 599 адам еліміздің Солтүстік аймақтарына қоныс аударған.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облысты белгіледі. Олардың ішінде Абай облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан облысы бар. Бөлінген квота негізінде Шығыс Қазақстан облысына 9 отбасы, Қостанай облысына 3 отбасы, Павлодар облысына 78 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына 66 отбасы, Қарағанды облысына 1 отбасы, Абай облысына 6 отбасы, Ұлытау облысына 2 отбасы көшті», - деді Әсия Темірбаева.
Сондай-ақ, спикер, өңірдегі аз қамтылған азаматтардың табыстарын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
«Облыста көпбалалы отбасылар саны 185 690 немесе республиканың барлық көпбалалы аналарының төрттен бір бөлігін құрайды. Аз қамтылған азаматтардың табыстарын арттыру арқылы кедейлікті төмендету бойынша жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. 2024 жылға қарай кедейлік деңгейін 5,5%-ға дейін немесе 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға төмендетуге межеленіп отыр» - деді басқарма басшысы.
Биыл өңірдегі 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің 2024 жылға тоқсан сайынғы жоспары бекітілді.
«Биыл 1 тамызға дейінге мәліметтерге сүйенер болсақ, 14 160 отбасыға немесе 84 860 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, көмек алушылар саны 19 563 адамға төмендеді. Бұл мақсатқа 4,1 млрд теңге жұмсалды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 61 224 адамға немесе 41,9% төмендеді», - деді Әсия Темірбаева.