18 қар, 2018 сағат 00:22

«Түркістан – менің мақтанышым!»

Жақында Түркістанда халықаралық журналистер форумы өтті. Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстаннан келген қонақтардың көне шаһарға деген ыстық ықыласы, жаңа облыс орталығын жақыннан көрсем, білсем деген ниеті бізді бей-жай қалдырмады. Әрине, олар үшін өңір басшылары бар жағдайды жасапты. Жаңа форматта өткен көшпелі брифинг, жаңадан ашылған «Түркістан медиа» ақпарат орталығы қонақтарға риясыз жылы леп сыйлады.

Осы форумда Түркістанның байырғы тұрғыны, құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар Амангелді Өтетілеуов деген ағамызды жолықтырдым.

– Көрдіңіз бе, шетелдерден келген журналистердің Түркістанға деген ықыласы ерекше, ал, біз оларды қандай тірлігімізбен қуанта аламыз? – дедім оған.

– Иә, Түркістанның жаңа облыс орталығы ретіндегі екінші тынысы енді басталды ғой. Дегенмен де әзірге мақтаныш етер жәдігерлеріміз жетерлік. Оның біразы осы Түркістанда, өзгелері өңіріміздің әр аймағында орналасқан. Уақыттары болса, бәрін аралатып көрсетуге болады. Алайда, қазір оларды қызықтырып отырғаны осы көне шаһар – Түркістан. Негізінде қолға алынған жобалармен әлгінде облыс әкімі көшпелі брифингте таныстырды ғой. Қаланың болашағын елестетін макеттер көрсетілді. Құрылыс жұмыстары дәл осылай дамитын болса, екі-үш жылдың ішінде Түркістан адам танымастай өзгереді. Енді осыған сіз боп, біз боп, барлығымыз да өз үлесімізді қосуымыз керек. Түркістан ақылды қала, мәдениетті қала, қонақжай қала болуы тиіс, – деді ол сабырлы кейіппен.

– Иә, миллионыншы турист келіп, есігімізді қақты. Келушілердің саны бұрын қалай еді әлде бұл үгіт-насихаттың күші ме?

– Рас. Түркістанның жаңа облыс болып құрылғаны бүкіл түркі әлеміне серпіліс туғызды ғой деймін. Қазірдің өзінде келетін туристер мен қонақтардың саны көбейе бастағандай. Қай күні облыс басшысы Қ.А.Ясауи кесенесінің жанында миллионыншы туристі қабылдап, құрмет көрсетті. Көне шаһарды жаңғыртуға байланысты қолға алынған жобаларды көріп, болашақта түркі әлемінің рухани орталығы болатын Түркістанның гүлденген келбетін көз алдыма елестетсем, кеудемді мақтаныш кернейді.

Менің мамандығым – инженер-құрылысшы. «Дәуіт-Инжиниринг» құрылыс фирмасына жетекшілік етемін. Қазір қалада көптеген ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Айнала қызу еңбек. Түркістанның байырғы тұрғыны әрі құрылысшы ретінде бізге де билік тарапынан әртүрлі ұсыныс түсіп жатады. Мақсат – қаланы одан әрі көркейтіп, көріктендіру, әлемдегі көз жауын алатын шаһарлардың біріне айналдыру. Осыған жергілікті құрылыс мамандары, фирмалар, компаниялар да өз үлесін қосуға құмбыл кіріскен сияқты.

Әбекең сәл ойланып тұрып, қолын қаланың жатаған үйлер жайлаған орталығына қарай сілтеді.

– Осындайда қаланың жатаған үйлері мол ескі аймағын қайтпек керек деген сауал туындайды. Біреулер ол аймақты «снос» жасау керек дейді. Мен оған келіспеймін. Меніңше, ол аймақ «ескі қала» ретінде қалу керек. Әрине, ішінара көшелерін жөндеу, үйлердің қасбеттері әрленуі тиіс. Әсіресе, кәріз жүйелерін реттемесе болмайды. Шымкентте де «ескі қала», «жаңа қала» деген атаулар бар. Жалпы, әлемде дамыған қалалардың «ескі» аймақтары сақталған. Бұл өткеніміздің ескерткіші болып қалады. Ескі аймақ «төрт қақпалы Түркістан» мен «қос қақпалы Қожа Ахметтің» сынын бұзбайды.

Бүгінде Түркістанның реңін келтіріп тұрған – қалаға кіре берістегі Қ.А.Ясауи мавзолейі мен ХҚТУ-дің ғимараттары. Осы оқу орнының бас корпусы мен 500 орынды жатақханасын салуда өзіндік үлесім бар екенін айта кетейін. Оған мақтанамын да. Енді жаңа құрылыс алаңы белгіленді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салынбақ. Түркістанмен қатар іргелес жатқан Кентау қаласы да дамиды. Қазір біз осында жаңа стадион салып жатырмыз. Тағы да 60 пәтерлік үш үйдің құрылысын қолға алдық. «Ақжол», «Экспресс строй» фирмалары үй салуда тәжірибесі мол компаниялар. Түркістанның дамуына олар да аянып қалмайды, – деді ол.

Әбекең биыл пайғамбар жасына толады екен. Еңбек жолын теміржол саласында шебер, прораб болып бастаған азамат 1978 жылдан бері құрылыс саласында тер төгіп келеді. Жұбайы Күләш екеуі 5 перзент тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйіп отыр. Жаңадан салынып жатқан үйлердің жобадан ауытқымай, сапалы тапсырылуына жауапты азамат болашақта Түркістанның түркі әлемінде өзіндік орны болатынына сенімді. Немерелеріне де «сендер Түркістанның перзентісіңдер» деп отырады екен.

Нұрлан ҚҰЛБЕК,

"Оңтүстік Қазақстан" газеті