21 қыр, 2024 сағат 13:11

Түркістан: Еңбек адамы – қоғамның басты байлығы


Фото: basnews.kz


Әділхан Мәлік — суреттері арқылы өзіндік стиль мен дәстүрлер сабақтастығын қалыптастырған жан. Суретші мақсаты — туған жердің тасын түрлендіре суреттеу, тарихын мақтан тұту,-деп хабарлайды  «Ұлт ақпарат».


Оның Отырарда туған Фарабилер шоғырынан бастап, Отырар қорғанысы, Отырар кітапханасы, Отырардың тыныс-тіршілігі сынды тақырыптық және еркін форматта салынған картиналары арының таза, жанының мөлдірлігін, рухының асқақтығын көрсетеді.


Киелі Отырар өңірінен шыққан белгілі қылқалам шебері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Көркем Академиясының «Ұлы Елдің Тарандысы» төсбелгісін алған, Халықаралық «Turan» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Turan» суретшілер консолидациясының мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы Әділхан Мәліктің есімі Отырар ауданына ғана емес, бүкіл қазақ еліне белгілі суретші. Ол Отырар ауданы, Мәдениет сарайында “Ақ зер” көркемсурет үйірмесінің жетекшісі. Бұл үйірме Мәдениет министрлігі тарапынан “Үлгілі” атағын алған. Отырар ауданынан құрылған «Отырар» халық театрының декоратор суретшісі ретінде 36-драма қойылымдарының суретшісі. Жазған картиналарының 20 данасы мысырдың Каир қаласы университеттеріне және Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған музейге табысталған.


Халықаралық, Республикалық, облыстық көрмелер мен байқау және симпозиумдарға қатысып, үнемі үздік атанып отырған.


Өнер мен руханияттың ордасы саналатын киелі Отырар ауданы өзінің әлемді мойындатқан даңқты перзенттерімен мақтана алады. Қасиетті топырақтан шыққан ұлы ғұлама ғалымдар, белгілі композиторлар, ақындар мен жазушылар қаншама.


Міне, биыл осы есімдердің қатарын толықтырған ақын, сазгер әрі суретші Әділхан Мәлік Табылханұлы асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бүгін ауданымызда саф өнердің руханият қазынасы саналатын-сурет өнерін, саз және қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға бірге сүйреген жанның «Өнерім-өмірім,поэзия-пірім»» атты әдеби-сазды рухани өнер кеші өтті.


Тағылымды шараға келген өнер сүйер қауым алдымен аудандық мәдениет сарайының кіре беріс фойесіндегі суретшінің шығармашылығындағы туындылардан құралған көрме галерееямен танысты. Автор фойедегі картиналарды және «Отырар эрмитажы» ғимаратының проектісін көрсетіп, шығу тарихын түсіндірді.

Мұнан соң өнерпаздар суретшіні ерекше құрметпен төрге шығарып, әннен шашу шашты. Әділхан Табылханұлының өмірі мен өнері қатар өрілген бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды.


Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, мерейтой иесін құттықтады.


Аудан әкімі өз сөзінде: «Қазақстан Мәдениет саласының үздігі, қылқалам шебері, ақын Әділхан Табылханұлы Мәлік өз шығармашылығындағы сурет өнерінің тамаша туындыларымен көпшілікті таңдандырып, сурет өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тұлға. Біз Әділхан ағамыздың туындыларын өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, олардың сурет өнеріне деген қызығушылығын оятып, шығармашылыққа жақын өнерлі жастарды ел тарихын, өнерін дәріптеуге тиіспіз. Себебі, суретші ұлттың рухани мұраларын қайта жандандыруда және жаңғыртуда ауқымды жұмыстарды атқарып, оны әлемге танытуда. Осынау ұлы өнер жолын жалғап, өңіріміздің мәдени-рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, құт-береке, ел игілігі жолындағы шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін!»-деді.

Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары, әндері мен кенепке салынған сырлы суреттері Отырардың рухани әлемін байытқан үстіне байыта түскені, өнерлі жанның еңбегі мен сенімінің жемісі екенін айтып, шығармашалық табыстар тіледі.


Кеш барысында Қазақстан суретшілері мен дизайнерлер одақтарының мүшесі, халықаралық «Аманат» сыйлығының иегері Қарабдалов Кендебай Әбжаппарұлы, Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жалғасбай Көлбай, Отырар ауданының бұрынғы әкімі Бейбіт Сыздықовтар он саусағынан өнер тамған азаматтың адамгершілігі мен азаматығы жайында әңгімелерін айтып, ізгі лебіздерін жеткізді.


Одан әрі әдеби-сазды рухани өнер кешінде Әділхан Мәліктің өлеңдері оқылып, жүрек түкпірінен шыққан сырлы әндері шырқалды. Тұла бойы өнерге тұнған, жүрегі өнер деп соғатын жанның рухани кешіне келген көпшілік ерекше көңіл-күйге бөленіп, рухани ләззат алып қайтты.


Мәртебелі оқырман, енді шағын мақаламыздың тақырыбына көшсек. Гольфстрим мен суретшінің арасында қандай байланыс бар деуіңіз әбден мүмкін. Дұрыс ойлайсыз, ешқандай да жақындық жоқ. Ал, суретші емес, адам Әділханмен... қатысын анықтау үшін Голекеңнің сипаттамасымен танысып алайық.


Гольфстрим – Атлант мұхитының солтүстік бөлігімен ені 70-90 шақырым болатын, сағатына 6 шақырым жылдамдықпен ағатын жып-жылы ағыс. Буыр­қанып, бұрқанған, таудай толқындары көбігін шаша жартасқа ұрған, долы да көкбет Атлант мұхитында бәріне жайлы Гольфстрим атты жып-жылы ағыс бар.


Білсем, үйренсем деген шәкірттеріне жылы жымиып қойып, жалықпай өнер үйретіп жатқан суретші Әділханды көрсем; «ата, анау не, мынау не?» деп жан-жағынан қаумалаған немерелеріне мейірлене қарап, ерінбей жауап беретін ата Әділханды көрсем; қолына қылқаламын қыса ұстап, айналасына жылы шуақ шашып тұрған суретші құрдасымды көрсем ойыма еріксіз алып мұхиттағы Гольфстрим оралады.