03 жел, 2022 сағат 21:39

"Тurkistan bilimi" стратегиялық даму жоспары әзірленіп жатыр


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 60-тан аса мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 300-ден 2000 оқушыға арналған білім беру ұялары бар. Бұл бастама өз игілігін бермек. Нәтижесінде ұлттық жоба аясында облыстағы анықталған апатты мектептер мен үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі

Қазіргі таңда Түркістан облысында білім беру саласын кешенді дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «TURKISTAN BILIMI» стратегиялық даму жоспары әзірленіп жатыр. Осы жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылады.

«TURKISTAN BILIMI» экожүйесінде білім саласын автоматтандыру және білім сапасын арттыру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар басталды. Биыл оқу процесіне қажетті барлық функциялардың жиынтығы қамтылған білім саласындағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланған «Bilim Land» платформасымен «Әлеуетті мемлекеттік жекешелік әріптестікті іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум» жасалды.

Аталған платформаның білім мазмұнына қатысты жүйесіне облыс мекептері 100% тегін қосылды.

Сонымен қатар педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізілуде. Сондай-ақ мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылды.

Бүгінгі күні оқушылардың білім сапасы халықаралық зерттеулердің (PISA, TIMSS, TALIS, PIRLS) қорытындысымен айқындалады. Жоғарыда аталған жоба шеңберінде білім сапасын көтеру үшін педагогтердің біліктілігі мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Ұлттық жобаны жүзеге асыру мақсатында биыл қосымша жан басына шаққанда қаржыландыруға өткен 92 мектептің 32-сі (физика-14, химия-14, биология-16, STEM-13) пәндік кабинеттерімен жабдықталды.

Білім беру саласында 3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады.

Бұдан басқа, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жоспарланған.

Әкімдік жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 13 мектеп салынады. Сондай-ақ облыстан көмек аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 мыңнан астам балаға беріледі: бұл қаражатқа жергілікті бюджеттен шамамен 2 млрд теңге жұмсалды. Балаларға мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтары сатып алынды.