Фото: ашық дереккөз
Есіл аудандық әкімдігінде істеп жүрген кезім. Бір күні, әкімдікке екі – үш түріктің кәсіпкер жігіттері келді. Аудан әкімі А.Мұхитбеков өз кабинетінде жиналыс өткізіп жатқандықтан, екінші қабатқа, жұмыс бабымен көтерілген мен, тыпыршып жүрген әлгілерді күте тұрсын деп, кабинетіме ертіп алып келдім.
Түрік кәсіпкерлері ұн тартатын диермен салумен айналысады екен. Бізге келмес бұрын, Қостанай және Павлодар өңірлерінде осындай іспен айналысқан көрінеді. Мен еңбек етітін Есіл ауданында бидай сақтайтын элеваторлар көп болатын. Осы элеваторлардың бірнешеуіне станоктар әкеліп, жоғары сортты ұн шығармақ көрінеді.
Тілдері орысшаға көп келмегенімен, айтқан ойлары мен сөздерін анық түсініп отырдым. Түстері жылы, көп нәрсені білетін, салмақтай алатын, азаматтығы бар жігіттер екен. Жоғарыда аталған аймақтардағы ашқан диермендерінің қазір сапалы өнім беріп, жақсы жұмыс істеп тұрғандарын мақтаныш қылды. Дегенмен, ол жақтың адамдарына, әсіресе қазақтарына көңілдері мүлде толмайтындығын сөз арасында айтып өтті. Мен, оларға неге дегендей сұрақ қойдым. Түрік жігітінің біреуі көңілі қалғандай қолын бірақ сілтеп:
- Они капиры (кәпірлер дегені), - деп қойып қалғаны. – Бұл аймақтағы, біз кездескен қазақтардың барлығы, қатардағысы мен басшысының ешқайсысының ауызынан бізбен қазақша амандасып, тілдескенін көрмедік. Осы өлкелерде бір жарым жылдай жүрдік қой. Не тілдерін, не дәстүрлерін білмейді. Тіпті, өздерінің мұсылмандығы жоқ. Бұл жақта жүріп, Айт мерекесін тойлағаның көрмедік. Айт кезінде біз мешіт іздеп, соған барып жүргенімізде қазақтарды көрмейсің, көбінесе мешітке кавказдық адамдардың көптеп келіп жүргенін байқадық. Осыған қарап, бұл жақтың қазақтары мүлде мұсылманшылықтан кетіп қалған-ау деп түсіндік. Кәсіпкер жігіттің біреуі күліп, бұл жақ кәпірлер жағы екен (регион капиров), - деді.
Біраздан кейін, хатшы қыз аудан әкімінің алды босағанын айтып, әлгілерді ертіп алып кетті. Дегенмен, әлгі түрік жігіттерінің "Бұл жақ, кәпірлер жағы" екен дегені талай уақыт есімнен кетпеді. Сырттан келген адам, сыншы ғой. Барымыз да, кемшілігіміз де оларға анық көрініп тұрады. Бұл, осыдан біраз жылдар бұрынғы оқиға. Алайда, бұл өңірдің тұрғындары қазір де өзгере қойды дейсің бе?! Осының барлығы халқымызды тұтастыққа жұмылдыратын, ұлттық идеологияның жоқтығы десек артық айтпағандық. Оған әрине, жоғарғы жақ кінәлі.