31 қаң, 2024 сағат 11:35

Тұрғын үйдегі жарылыс: зардап шеккен тұрғындар уақытша баспанаға көшірілді

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде газ баллоны жарылысынан зардап шеккен үйдің тұрғындары үшін уақытша баспаналар табылды. Бұл туралы аудан әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"12 отбасының ішінде бір отбасы туыстарымен тұруды таңдап, уақытша баспанадан бас тартты. 

Бүгін олардың үй-жайларын тексердім. Күні бойы әкімдік қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, жеке заттарды тасымалдауды ұйымдастыруға көмектесті. 

Отбасыларға қажетті көмек пен кеңес беру бойынша мемлекеттік мекемелердің басшылары бекітілді" - Бұқар Жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали Instagram парақшасында. 

Оның сөзінше, төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, әрі облыс әкімінің бақылауында.