ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында тұрғын үй жалдау субсидиясына кімдер өтініш бере алатынын түсіндірді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы;
3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растау;
4) тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы.
Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы:
1) төлемдер тағайындауға өтініш;
2) тұрғын үйді жалдау шартын қоса береді.
«Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады. Отбасы банк ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді және растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады», - деді Қайырбек Өскенбаев.