Тұрғын үй жалдау субсидиясы арқылы арендаға алынатын пәтердің ауданы отбасындағы адам санына сәйкес белгіленеді. Бұл туралы «Отбасы банк» акционерлік қоғамы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай «Хабар» телеарнасындағы «Бүгін» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағдарламаның ішінде тағы бір шарт бар. Отбасындағы адамдардың санына сәйкес, жалға алатын пәтердің ауданы бар. Субсидияға қол жеткізу жалдайтын үйдің ауданы содан асып кетпеу керек. Отбасындағы адам саны 1-ден 3 жанға дейін болса, 40 шаршы метр субсидияланады. 4 пен 5 адам болса, 60 шаршы метр, 6 адамнан көп болса, 80 шаршы метрден аспайтын пәтер субсидияланады», - деді «Отбасы банк» өкілі.
Сондай-ақ, ол жалға беруші мен алушы арасындағы келісімшартты қолдан жасап ұсыну мүмкін емес екенін де ескертті.
«Яғни, отбасы адам санына сәйкес пәтер іздейді. Пәтер иесімен келісімшарт бір жылға жасалады. Ол келісімшарт жергілікті Әділет басқармасында тіркеуге түсуі керек», - деді Жансұлтан Матай.