Расында да солай. Тау етегiндегi аймақтың сұлу табиғаты талайларды тамсандырады. Мәселен, Ақсу-Жабағылы мемлекеттiк қорығына жыл сайын 45 мыңдай турист келедi екен. Әсiресе, шетелдiктердiң ықыласы жоғары. Түлкiбастықтардың туристер талабын қанағаттандыруға деген талпынысы қуантады. Таяуда Керейт ауылында жалпы құны 1 млрд. 200 млн. теңгенiң отбасылық демалыс кешенi ашылды. Орталық бiр мезетте мың адамды қабылдай алады. Жуырда Жабағылы ауылында жалпы құны 350 млн. теңгелiк 70 орынды «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы пайдалануға берiлмек. Оның үстiне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлiзiндегi жол бойынан жолаушыларға арналған сервистiк қызмет көрсету орталығы iске қосылады. Бұл жаңа әкiм келгелi жүзеге асып жатқан iлкiмдi iстер.
Түлкiбас ауданының әкiмi Нұрбол Тұрашбековтiң бұл қызметке тағайындалғанына әлi төрт ай тола қойған жоқ. Дегенмен, көңiл қуантарлық игi iстер баршылық. Аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Нұрбол Әбсаттарұлы осы мерзiм iшiнде атқарылған жұмыстар туралы әңгiмелеп бердi.
«Састөбе цемент» зауыты 1 млрд. 381 млн. теңгенiң қайта жаңғырту жұмыстарын ойдағыдай жүргiзiп, қазiр цементтiң түрлi-түстi 7 маркасын шығаруда. Екi қазандық «көгiлдiр отыннан» қатты отынға өтiп, айналмалы қазандықтарға ауыстырылды. Индустриалды картаға 6 жылда 8 жоба енгiзiлiп, оның төртеуi iске асты. Ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 1 iрi, 7 орта, 23 кiшi, 8 қосалқы – барлығы 39 кәсiпорын жыл басынан 8 630 млн. теңгеге жуық өнiм өндiрдi. Кәсiпкерлiк салада жұмыс iстейтiндер саны 17 мың адамнан асты.
Аудан әкiмi сондай-ақ, кооперативтер құру, бау шаруашылығын дамыту, мал бордақылайтын алаңдар мен сүт өндiретiн фермалар ашу, «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуы туралы атқарылған жұмыстарды тiлге тиек етiп, журналистердiң сұрақтарына жауап бердi.
Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».