Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде супермаркеттерді тонаған адамдар саусақ іздері арқылы ізделетін болды. Тонауға келгендердің көбі, мысалы, Magnum дүкендерінде адамдар азық-түлік алмаған да, сол жерде ішіп-жеп кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Magnum өкілдері бүлік күндері түсіп қалған видеоларды жариялады. Кадрларда ондаған адам супермаркеттерден қолына түскенін жымқырып жатыр. Арасында жасы да, қарты да бар, ерлер мен әйелдер, бірінде қару бар, бірінде жоқ, маскамен де, маскасыз да жүр. Сауда нүктелерін тонауға бүкіл отбасымен келгендер бар.