Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35-қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу керектігін нақты айтқан. Сонымен қатар президентіміз «Қазақстан аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндікке ие және инновацияны ендіруге жоғарғы әлеуетті сала болып табылады. Азық-түлікке деген қажеттілік жылдан жылға өсе беретін болады. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, тиімді пайдалану керек» - деген болатын.
Осы биік талаптардың үдесінен шығу үшін ауданымызда үш негізгі кең көлемді міндет – ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, етті мал шаруашылығын дамытып экспорттау және суармалы жерлердің көлемін барынша ұлғайту алға қойылды. Ауданымыздың түкпір-түкпірінде ауыл шаруашылығы өндірісі кең құлаш жайып, даму үстінде.
Төлеби ауданының аграрлық секторы заманның талабына сай шаруаларға жаңа технологияларды ендіру, өнімнің сапасын арттыру, бәсекелестікке жауап беру сынды ұтымды идеяларға бет түзеп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.
Биыл Төлеби ауданында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша тындырымды істер жасалды. Ауданда жалпы ұзындығы 90 шақырымнан аса канал механикалық тазалаудан өткізілді. Бұл өз кезегінде аудан ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің артуына себепші болатыны сөзсіз.
Алатау ауылдық округіндегі Қайнар ауылында кеңестер дәуірінде салынған Кәусәр-1, Кәусәр-2, Кәусәр-3, Кәусәр-4 төрт тоған (канал) мүлде қараусыз қалып шаруалар жердің бар әлеуетін толық пайдалана алмауда. Осы жағдайды түзету үшін биыл қазан айында осы 4 тоғанды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Каналдар қаптап кеткеп қамыстардан, батпақты ұйықтардан тазартылып су тосаптары (задвижкалар) орнатылды. Осы айдың соңына дейін тазалау жұмыстары бітуі тиіс төрт тоған іске қосылса, 350 гектар жер суландырылатын болады.