фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа 2025 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақорданың баспасөз қызметі президенттің жаңажылдық құттықтау сөзінің толық мәтінін жариялады.
Қымбатты отандастар!
Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді.Ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.
Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды. "Таза Қазақстан" акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті.
Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды.
Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді.
Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті.Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді. Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті.
Оқушыларымыз түрлі білім сайыстарынан жүлделі оралды. Басқа да көптеген табыс бар.
Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр.Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын.
Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Қадірлі ағайын!
Осы мерекелік сәтте мен әр шаңыраққа шаттық тілеймін! Жаңа жыл әр азаматқа жақсылық әкелсін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Ардақты аналарымыз бен ардагерлеріміз аман болсын! Жас ұрпақтың жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жаңа жылда баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін!
Әр үйде қуаныш көп болсын! Сіздерге мықты денсаулық тілеймін! Ырыс-несібелеріңіз арта берсін!
Жаңа жыл құтты болсын!