01 қыр, 2021 сағат 13:00

Тоқаев: Агроөнеркәсіптегі қылмыстық істердің жартысынан астамында субсидия талан-таражға салынған


Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы субсидиялау тиімді жүзеге асып отырған жоқ. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында мәлімдеді, деп жазады "Ұлт ақпарат".

"Біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр. Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. 

Келесі мәселе. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды.

Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс.  Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет.

Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет.  

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету.

Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді.  

Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін" деді Мемлекет басшысы парламент палаталарының бірлескен отырысында.