Жасырын емес Қазақстандағы мемлекеттік органдардың қызметіне белгілі бір басқару құрылымында заңмен бекітілген қызметтер мен міндеттерді, оларды жүзеге асыру шарттары мен шектеулерін белгілейтін тәсіл функционалдық үлгіге тән. Ал стратегиялық басқару тұрғысынан бағдарламалық-мақсатты тәсіл (ұзақ мерзімді даму мақсаттары мен міндеттерін, оларды іске асыру тетігін әзірлеу және аралық сатыларды олардың іске асырылуын қадағалау) кеңінен қолданылуда. Мұнда мақсатты қоюдан бастап нақты нәтиже алғанға дейін процесстер бекітіледі. Осы басқару тәсілдері нақты төрешілдік ұйғарымдарды қолдану қажеттігін көздейді, бұл, бір жағынан, сапалы бақылау және жауапкершілік жүйесін құруға мүмкіндік берсе, екіншіден, стратегиялық даму міндеттерін шешкен кезде, икемділік деңгейін, ведомствоаралық әрекеттесу тиімділігін азайтады.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, осы проблемалардың шешімі – мемлекеттік билік органдарының қызметіне ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ тәсілін енгізу. Мұнда өзге тәсілдердің күшті жақтары біріктірілді, соның ішінде процестік тәсілден негізгі міндетті фазаларға бөлшектеп байланыстыру үлгісі алынды. Бұл әр фаза бойынша мерзім мен оның құнын бақылау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жобалық басқару дегеніміз тек жоба белгілеріне ие нысандарды ғана емес, сондай-ақ, кез келген басқа нысандарды басқаруға қолданыла алатын қызметтің айрықша түрі. Басқаша айтқанда – нақты бір міндеттерге қол жеткізу үшін адамдарды ұйымдастыру технологиясы. «Жоба» ұғымының көптеген анықтамалары оның бірегей мақсатының болуына, оны іске асыруға арналған уақыт пен ресурстардың шектелуіне сүйенеді.
Жобалық тәсіл мемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу сапасын арттырып, мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік тудырады. Халықаралық жобаларды басқару қауымдастығының деректеріне сәйкес жобалық басқару құралдарын іс жүзінде пайдалану уақыттың шамамен 20-30 % және маңыздысы қаражаттың 15-20 % үнемдеуге көмек береді [1].
Жобалық тәсіл мемлекеттік басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу алғышарттарын тудыра отырып, нәтижесінде бөлек жобалар мен бағдарламалардан жалпы жобалық бағытталған қоғамға көшуге жол береді. Уақыт өте келе жобалық басқару тұжырымдамасы тек ірі мемлекеттік жобаларға ғана тән тәсілден ұйымдастырушылық процестерді басқарудың кешенді әдіснамасына бірте-бірте дамыды.
Қазіргі таңда жобалық басқаруға бағытталған тәсіл Ұлыбританияда, Жапонияда, Америка Құрама Штаттарында, Ресейде және т.б. елдерде кеңінен қолданылады. Көршілес еліміздің тәжірибесін, соның ішінде Белгород облысының тәжірибесін зерттей келе, мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды енгізуде табысқа жету факторларына жоғары лауазымдық тұлға тарапынан қолдауды, жобалық басқаруды енгізуге жауапты органды белгілеуді, жобалық басқару сұлбасына барлық мемлекеттік органдарды қосуды, жобаларды бағалау және іріктеу ортасын қалыптастыруды, жобалық басқаруды ресімдеуді, жобалық қызметке технологиялық қолдау көрсетуді және ынталандыру саясатын жатқызуға болады.
Алайда, осы факторларға қайшы мемлекеттік секторда жобалық басқаруды енгізуді тежейтін проблемалар да анықталды, атап айтқанда: дамымаған нормативтік-құқықтық база, белсенділіктің, ынталылықтың және уәждеменің болмауы, қажетті білім мен дағдылардың жетіспеушілігі және жаңа жұмыс әдістерін іс жүзінде пайдаланбау.
Осылайша, жағымды жағдай жасаған кезде, жобалық басқару мемлекеттік бағдарламаларды, ірі инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін даму құралдарының біріне айналуы тиіс.
Аяулым Айтжанова,
мемлекеттік жеке-меншік әріптестік орталығының сарапшысы
[1] «ПМСОФТ және Primavera – өнеркәсіпке және құрылысқа табысты инвестициялар» VIII Халықаралық ПМСОФТ жобаларды басқару конференциясының деректері