Бүгінгі таңда ел аумағындағы қоқыс полигондарында 100 миллион тоннадан астам қатты қалдықтар көміліпті. Оған жыл сайын 6 миллион тонна қосылып отыратынын ескерсек, көп ұзамай бұл көрсеткіш еселеніп өсіп кетері анық. Яғни, мамандардың қалдықтардан тау тұрғызуға болатынын айтып дабыл қағып жатқаны бекер емес сыңайлы.
Елордада жаңғырмалы энергия және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне арналған алқалы жиын өтуде. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында «Green Energy & Waste Recycling Forum-2016» деген атпен өтіп жатқан бизнес-форумды ұйымдастыруға «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы, Энергетика министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұрындық болыпты. Осы бизнес-форумда мамандар қоқысты өңдеуге қатысты Қазақстанда қолданылып келе жатқан тәжірибені одан әрі жетілдірудің жолдарын қарастырды.
Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков атап өткендей, елімізде жаңғырмалы энергияны дамыту, жаңа энергия көздеріне қол жеткізу, қалдықтарды энергия өндіруге пайдалану бизнестің де дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Экологиялық жағынан тазалығын ескерсек, оның маңыздылығы да арта түсетіні түсінікті.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдың екінші жартысында қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістер күшіне енген болатын. «Қазақстанның тұрақты дамуына көмектесу» орталығының директоры Вера Мұстафинаның айтуынша, бұл өзгерістен көпшілік бейхабар.
– Заңға енгізілген өзгерістерде кейбір қалдық түрлері, атап айтқанда электронды құрылғылар, улы заттар сынды қылдықтарды қалай қолдану керектігі көрсетілген. Өкінішке қарай, ол туралы қарапайым азаматтар да, өндірістік кәсіпорындар да біле бермейді. Бүгінгі жиынға көптеген кәсіпорындардың өкілдері қатысып жатқанын ескеріп, заңда көрсетілген жаңа ережелер, талаптар туралы айтылуға тиіс, – дейді ол.
Екі күнге созылатын бизнес-форумда әлемде және ТМД елдерінде, Қазақстанда жаңғырмалы энергияның даму барысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату жұмыстары, өндірістік қалдықтарды өңдеу және басқа да тақырыптар бойынша семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сондай-ақ, қалдықтардан энергия өндіру бойынша түрлі жобалар таныстырылады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»