Атырау облысында еңбек шартының 82,4 пайызы есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыс әкімі жанындағы әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысында белгілі болды.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, қазір еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу деңгейі 82,4% құрап отыр.
«Атырау қаласында 455 мекемеде 28 998, Жылыой ауданында 3 869, Индерде – 213, Исатайда – 276, Мақатта – 117, Махамбетте – 358, Қызылқоғада – 75, Құрманғазы ауданында 478 еңбек шарты бірыңғай жүйеге тіркелмеген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85%-ға жеткізу үшін басқарма басшылары мен қала, ауданда әкімдері Үкіметтің тапсырмасын жеке бақылауға алуы қажет», - деді Игілік Әубәкіров.
Ал, «Теңізшевройл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиевтің дерегіне қарағанда Теңіз жобасындағы қызметкерлерді жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына қарай жүзеге асырылады.
Мәселен, қараша-желтоқсан айларына жасалған болжамға сәйкес 6 159 адам жұмыстан босатылады.
Ал, 753 адам басқа жұмысқа ауыстырылады.
«Биылғы тамызда Атырау облысы әкімдігінің жобадан босатылатын қызметкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсынысына орай қысқа мерзімді оқыту курстары іске қосылды. Қазір жобадан босатылған 81 адам аталған курстан өтті. Оның ішінде 64 адам жұмысқа орналасты», - дейді Ербол Жұмағазиев.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, еңбек келісімшартын жүйелеу, қызметкерлерге әлеуметтік аударымды уақытылы жүргізу қажет.
«Кез келген мекемеде жалақыға немесе әлеуметтік төлемдерге қатысты ешқандай мәселе туындамауы қажет. Егер басшылар бұл жұмысты жүргізе алмаса, орнын босатуына тура келеді. Басшының салғырттығынан қызметкерлер қиындық көрмеуі тиіс. Қызметкерлер жұмысын адал атқарады, алайда, жалақысы да, әлеуметтік жарнасы да уақытында аударылмайды. Бұлай болмайды. Сондықтан, бұл мәселені бақылауда ұстау қажет», - деді Серік Шәпкенов.