Алтынкөпірліктер
(Қазіргі жастар поэзиясы хақында)
БАСТАУ СӨЗ
Елiмiз тәуелсiздiк алар тұста да, алғаннан кейiн де бiраз уақытқа дейiн мына заман аласапыран күйге түсiп, түрлi саяси, әлеуметтiк сапырылыстарды басынан өткердi. Талай-талай күрмеуi тас түйiн дағдарыстар мен ауыр да азапты күйзелiстердi көрiп үлгердiк. Мiне, сол кезеңдерде көбiмiз, соның iшiнде, өзiмiз де бармыз, әдебиетiмiз тоқырауға ұшырап тұр деп алқынып айтып та жаттық, жарыса жазып та жаттық. Бұл сөздiң шындығы да бар едi. Әдебиеттiң ауыр артиллериясы болып саналатын проза жанры, әсiресе, жаңа заманды бейнелейтiн роман, хикаяттар дүниеге келе қоймады. Аспан жерге түсiп, жер аспанға шығып кеткендей аласапыран заманның түр-түсiн, мiнез-құлқын танып-бiлу, оны көркем қорытудан өткiзiп, сомдап, мүсiндеу үшiн ол кезеңдерден берiрек алып кететiн уақыт алшақтығы қажет болатын. Солай болып шықты да. Қазiр ел үшiн талмауыр тұс болған сол бiр қиын кезеңдердi сипаттап, суреттей алатын роман, хикаяттар жазылып, жариялана да бастады.
Мен өзiм өлең жазатын адам болғандықтан, әрине, алдымен бақылайтыным да, бiрден көз салатыным да поэзия жанры ғой. Мен, сөз жоқ, күнделiктi баспасөз арқылы поэзияның сол жылдары да, онан кейiн де бiрде-бiр үзiлiп қалмай үздiксiз жұмыс iстеп жатқанын көрiп те, бiлiп те отырдым.
Бiрақ несiн жасырып, жаба тоқимын, әдебиетке тоқырау келдi деп толассыз айтылып жатқан көпшiлiк хорға қосылып кеткен өзiм де бiраз уақыт сол ойдың шырмауында қалған болатынмын. Поэзия тiнiнiң үзiлмегенiн бiле тұра дүдәмал күй кешкенiмдi бүгiн ендi жасыра алмаймын. Дүдәмалдың аты – дүдәмал. Онда күдiк те, үмiт те болады. Әрi тарт та берi тарт сол бiр күйде бiршама уақыт жүрдiм де, ақыры не күдiгiмдi, не үмiтiмдi бекiтейiн деген ниетпен, алдымен тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында, сонан кейiн жаңа ғасырдың о жақ, бұ жағында әдебиетке келген жастардың шығармаларын мұқият оқып-бiлуге кiрiстiм. Сөйтсем, бiрден айтайын, поэзияда түк те тоқырау болмаған екен. Өскен, өркенiн жайған. Жаңа өрiске шыққан. Яғни, басты айып өзiмiзде жатқан болып шықты. Жастар поэзиясын өз кезеңiнде оқып жарытпағанбыз, дер кезiнде бағасын бермегенбiз.
Менiң бұл көлемдi мақалам «Алтынкөпiрлiктер» деп аталады. «Неге Алтынкөпiрлiктер?» Ендi соған келейiк.
Бiрден айтайын, «Алтынкөпiрлiктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз – Маралтайдың сөзi. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңiн осылай атаған. Яғни, ол толқын сол бiр сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқыметтi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы Мәртебелi поэзияның кешегi жағалауын ертеңге, яғни бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде алтын көпiр бола бiлдi.
Мен алтынкөпiрлiктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмiрхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айтболатұлы, Әлiбек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берiкқажыұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темiрбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдiрасылқызы және сырттан өз елiне ендi оралып жатқан Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлi Таңжарық, Нұрбәтима Байтұрсын, Отар Шауқан шығармалары арқылы танып-бiлгiм келдi.
Әрине, жастар поэзиясы осы аты аталған жастармен ғана шектелiп қалмайтынын, Құдайға шүкiр, мен жақсы бiлем. Олар әлдеқайда көп. Тағы да олардың iшiнде мен әңгiме еткелi отырған жастардан қарым-қуаты да, талант-дарыны да бiр де кем соқпайтын ақындардың бар екенiне, тiптi де, шүбә келтiрмеймiн. Бiрақ бәрiн қамтуға бiр адамның мүмкiндiгi жетпейдi ғой. Оның үстiне, өзiм сырттай қадiрлейтiн кейбiр жастардың жыр жинақтары қолыма түсе қоймады. Сондықтан мен ағамыздың қаламына бiз неге iлiкпедiк деп өкпе-наз айтатын iнi, қарындастарым табылып жатса, олардан алдын-ала ғафу өтiнем.
Бұл жерде оқырман қауымның есiне сала кетер бiр нәрсе, алтынкөпiрлiктер өздерiн жастармыз деп санамайды. Олардың олай деуi дұрыс та. Өйткенi олардың алды бүгiн-ертең қырық жасқа кiргелi отыр. Бiрақ мен үшiн олар – жастар. Ол үшiн менiң қадiрлi iнiлерiм мен қарындастарым сөге қоймас.
Сонымен..
«РУХЫМДЫ ҚАН МЕН СҮТКЕ ИЛЕП ЕМ»
«Бастау сөзiмiзде» айтқанымыздай «Алтынкөпiрлiктер» атауының авторы – Маралтай Райымбекұлы. Сөз жоқ, осы алтынкөпiрлiктер iшiнде жұрттың көзiне жай оғындай жарқ етiп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерiмен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезiмде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерiнен-ақ мен ә дегенге мә дегелi тұрған шәлкес шамшылдық, иiлiп-бүгiлудi бiлмейтiн, ненi ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүрiппесi қайырулы тұрған мылтықтай кiм-кiмдi де сескентiп тастайтын сес байқағандай едiм.
Сөзiне тәнтi боп жүрген Маралтайдың өзiн 1996 жылы Жазушылар одағының екiншi хатшысы қызметiне келген кезiмде бiр-ақ көрдiм. Ол кез – «Абайдан Маралтайға дейiн» деген тiркестiң де шыға бастаған кезi. Айналайын Маралтайдың да аспан асты жер үстiне сыймай дүрiлдеп-ақ тұрған шағы екен. Артындағысын бiр теуiп сеспей қатырып, алдындағысын бiр қағып жапырып жiберетiндей тарпаң. Яғни, бiр өлеңiнде өзi айтқандай ол кез – Маралтайдың «бөтелкенiң қасында» жүрген кезi екен. Ал «бөтелкенiң қасында» жүрген адам ағаны неғылсын, жағаны неғылсын, қызметiңдi неғылсын, құзыретiңдi неғылсын. Ондай адамға аттың үстi түгiлi танктiң үстiнде отырған кiсiң де, пiшту.
Шынын айту керек, сол бiр тұста, жастардың iшiнде менiң әбден «нервiме» тиiп, жүйкемдi тоздырған да осы Маралтай болды. Мен де қай бiр жiбектей есiлiп, түбiттей түтiлiп, бiр лып етiп, бiр жылп етiп тұрған жұмсақ адаммын, Маралтайдың «қой» деген сөзге тоқтамай, «мен қой емеспiн, мен арыстанмын» деп шатынаған кезiнде, менiң де қай-қайдағы жыным қозып, тұла бойымнан тiкiрейген тiкендер мен сойдиған шөңгелер өсiп шыға келедi. Бiрақ, құдай қалап, нешеме рет шекiссек те кетiскен тұсымыз болмапты. Маралтай ертеңiне-ақ тап бiр нағашысының үйiне келгендей кабинеттiң есiгiн шалқасынан ашып жайраңдап жетiп келедi. Мен де жайылып сала берем. Артынша-ақ әлгi шәлкестiгi қайтадан басталады...
Әйтеуiр, абырой болғанда, күндердiң-күнiнде Маралтай да «бөтелкенiң қасынан» босанып шықты-ау.
Оның «бөтелкенiң қасынан» босанып шығуы да бiр хикая. Ол бiр күнi, шақырмаса да, бүкiл республика жұртшылығына белгiлi, қадiрлi ағайының тойына барған ғой. Цистерна болмаса да, бөшке-бөшке сыра, өзен боп ағып жатпаса да қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарап. Маралтайжан сол бөшке-бөшке сыраға қайта-қайта сүңгiп, қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарапқа қайта-қайта аунап-қунап құмардан бiр шығып, ақырында құлап тынбай ма?! Ертеңiне көзiн ашса – айдала... Кешегi бөшке-бөшке сырасын да, десте-десте арақ-шарабын да, солармен бiрге жүретiн қызық-шыжығын да iлестiрiп, киiз үй бiткеннiң бәрi көтерiлiп көшiп кетiптi. Бiр сөзбен айтқанда, Маралтай жұртта қалған. Содан шекесi балғамен соғып жатқандай солқылдап, тiлi аузына сыймай салақтап, iлбiп отырып бiр қараға iлiгедi де әупiрiммен аман қалады. Сонда ғана Маралтай мына бөтелке деген «доспен» дәл қазiрден бастап ат құйрығын кесiспесе, күнi ертең керексiз жыртық шүберектей немесе түбi түскен шелектей бiржола жұртта қалатынын сезедi. Сезедi де «ақаңмен» ант берiп қоштасады. Содан берi Маралтай арақты аузына алған емес. Бұл ендi туа бiттi тұла бойына бiткен мiнез берiктiгi.
Мiнез дегеннен шығады, бiр адамдар болады, iшкен кезiнде дүниенi түтiп жiберетiндей бетпақ болады да, ал ертеңiне жынынан айрылған бақсыдай жуас, бетiңе қарап сөйлей алмайтындай монтаны кейiпке түседi. Ал Маралтай олай емес. Ол қашан көрсең де тарпаң, қашан көрсең де дарқан. Әрине, қазiр оның бойында жынды су ұрттап алған кездегiдей есiрiк мiнездiң жұқанасы да жоқ. Ол естi ерке, бұла мiнездiң ақыны. Яғни, ол туралы Мейiрхан Ақдәулет айтқандай: «Бұл – әбден қанау мен қақпай көрiп, қамытқа жегiлiңкiреп келген қазақы өлеңнiң еркiндiкке шыққан кезiндегi «тентек баласы».
Бүкiл әлемнiң шәуiм басты ғұламаларынан бастап бiздiң Аманхан Әлiмұлына дейiнгiлердiң бәрi айтып келе жатқандай ақынды ақын ететiн мiнез, табиғи талант мiнезi. Қай талант та өз мiнезiмен туады.
Менiң жаным аппақ емес, қап-қара.
Қапияда от тигендей мақтаға.
Қарап қоям айнасынан уақыттың,
Маңдайдағы тағдыр дейтiн тақтаға.
Тәнiне орап тәлiмiнiң кебiнiн,
Жалпылдайды көптiң жықпай көңiлiн.
Жатырында қулық пенен сұмдықтың
Ессiз өскен бала-сынды өмiрiм.
Жүрек содан жетiм жандай ашынар,
Ашынар да шаншып, қайта басылар.
Жалғыз Жерде жалғыз ғұмыр кештiм мен,
Көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар.
Бала арманым өлдi екен деп тереңде,
Болмас iске қабағымды керем бе?!
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнiмдi
Көкке кетем көресiмдi көрем де!
Мiне, мiнездi өлең! Әйтпесе, «менiң жаным аппақ емес, қап-қара» деп қайсымыз айтыппыз. Айтсақ, бәрiмiз де мақтадай аппақпыз. Жанымызға шаң да қонбаған, тозаң да түспеген. Титiмдей кiнәмiз де, тырнақтай күнәмiз де жоқ сияқты. Осылай деу адам алдында да, ар-ұждан алдында да, Алла тағала алдында да барып тұрған күпiршiлiк екенiмен жұмысымыз жоқ. Шын адам, шын ақын ғана өз бойындағы мiн мен өз басындағы күнәнi жасырып қала алмақ емес. Абайдың өзi «ат көтере алмас мiнiмдi» демеушi ме едi. Жұрт бойындағы мiндi әркiм-ақ көре алады. Мықты болсаң, өз бойыңдағы мiндi көре бiл! Пендешiлiк жасап отырып, перiштенiң аузынан түскендей аппақпын деп кеудеңдi керiп, көкiрегiңдi ұрма! Бұл опасыз жалғанда, Құдай-ау, бейшара пендешiлiктiң қармағына кiм түспедi дейсiң, оның күл-қоқысына кiм былғанбады дейсiң! Бұл өмiрде қулықтың құйтырқы, сұмдықтың сұрқия жолы кiмдi адастырмапты. Өзiң адаспасаң, өзгелер алдап-арбап жүрiп адастырады. Ол да мiн, ол да күнә. Ондайда шын адам ғана өзiн-өзi ақтайтын дәлел мен дәйек iздеп кетпей, өзiн-өзi жерден алып, жерге салып даттай алмақ. Сондай жан ғана өзiн-өзi ұяттың уысына салып үгiтiп, өзiн-өзi ардың дарына асып қоя алмақ. Сондай адам ғана күйреп, күйiнiп сөйлеп, сондай адам ғана ашынып тұрып ашығын айтпақ. Сондай адам ғана «көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар» деп өзiнен-өзi безiнiп, өзiнен-өзi түңiлiп сөз айтпақ. Сонда ғана адам жаны лас былғаныш пен күл-қоқыстан аршылмақ.
Маралтайдың өзiн-өзi бiр отқа, бiр суға салып сөйлеуi, өзiн-өзi кiнәлап, өзiн-өзi айыптап сөйлеуi осы өлеңмен ғана аяқталмайды. Ол арқасын қайта-қайта дойырдың астына төсеп, маңдайын қайта-қайта сойылдың соққысына тосады.
Бүгiнгi түн – мен үшiн ақырғы түн,
Өмiрiмнiң ажалға атын бұрдым.
Мың ұмтылып Аллаға дiлiм жетпей
Аян боп тұр сайтанмен жақындығым.
Әрине, ақынның өзiн-өзi кiлең осылай жерлеп, өзiн-өзi осылай қаралай беруi, түптiң-түбiнде, оны iштей күйзелiске түсiрiп қана қоймай, ақырында рухани күйреуге алып келерi кәдiк. Бұл жердегi ақынның «менi» жалқылық мәннен жалпы ұғымға ұласып кететiнiн бiле тұра осындай ойға келмеуiмiз мүмкiн емес. Өйткенi жалпы ұғым да жалқы көңiл-күйден шығады. Бiр-бiрiмен жалғас, бiр-бiрiмен мұңдас. Ал ол жалғас, мұңдас ұғымдарды байланыстырып тұрған нәзiк тiнге соншалықты ауыр салмақ түсiре бермеу керек. Әйтпесе, соншалықты ауыр салмақтан нәзiк тiн бырт етiп үзiлiп кетуi кәдiк. Ондай кезде ақынның жалқы көңiл-күйi жалпылық мән болудан қалады да, оны оқырман қауымның қабылдауы қиынға соғады. Дәл осыны өзiнiң iшкi инстинктi арқылы, өз бойындағы сезiм талшықтары арқылы жақсы түсiне бiлген Маралтай ақын тез серпiлiп, тез түлейдi.
Бәрi менi алдайды, алданам мен,
Алла, өзiне аманат қалған өлең, –
деп алады да:
Жүрегiмнен жүз бұтақ өрiп шығып
Айналып кетсе, шiркiн, талға денем, – дейдi.
Бұл ендi ақынның жанын жеп жатқан күмән мен күдiктiң темiр торларын тас-талқан етiп дүр сiлкiнiп, қарға аунаған түлкiдей түлеп шыға келуi. Мейiрiм мен қайырымға, iзгiлiк пен жақсылыққа ұмтылуы. Бұл жолдар – Маралтай шығармашылығындағы күре тамыр, басты кредо. Ендi ол қашанғы «көлеңкелермен сүйiсiп» өмiр сүрмек. Ендi ол, бiр сәтке болса да, «қобыз тартып қаңқылдап» өмiр сүргiсi келедi.
Әсiлi, мiнез ғана адамды өзгелерден дараландырып, мiнез ғана ақынды өзгелерден тосын сөйлетпек. Ондай мiнездi ақынның қуанышы да өзгеше образды тiлмен жауап қатпақ. Сенбесеңiз, оның нәрестелi болған кездегi сәтiне көз салыңыз.
Өмiрге мұрсат берiлдi...
Жарық дүние дидарын –
Екеумiзге бiрге жазды көрудi.
Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемi!)
Дұрысталды дүниенiң сәлемi.
Ластауға лайықсыз – Лә ил Аллам,
Сүйiншiге жанымды алсаң, ал ендi!
Бес күн ойдым бесiгiңнiң бедерiн.
(О, кiшкентай, – қайталанбас өлеңiм).
Шүмегiңнен шүметейiң шықса аман
Көрiмдi де өзiң қазсаң деп едiм.
Тұңғыш рет перзенттi болып көкiрегi қарс айырылып тұрған әкенiң жан-жүрегiн қақ тiлiп тұрған осы өлеңнен бәрiмiзге етене таныс қазақы қуаныштың иiсi бұрқырап тұрған жоқ па?!
Бiрде өзiне-өзi күмән мен күдiкпен қарап, ендi бiрде, нәрестелi болғанда, жер мен көкке сыймай қуанатын ақынның, кейде бәрiмiз сияқты, мына қым-қуыт, қырық құбылып тұрған дүниенiң қыры мен сырын да, қатпар-қатпар боп жатқан қыртысын да, тылсым-тұңғиығын да түптеп тани алмай әрi-сәрi күй кешiп дал боп тұратыны бар. Өйткенi ол әлi де өзiн-өзi толық танып болған емес. (Жалпы, адам баласының өзiн-өзi танып, бiлуi мүмкiн бе?!) Егер ол өзiн-өзi танып болса, бiрде «құран сүйiп», ендi бiрде «шарап iшiп қарқылдап» жүрмес едi ғой. Ақын жаны тұнып тұрған қарама-қарсылық, бiр-бiрiмен кетiсiп, бiр-бiрiне керi келiп тұрған қайшылық. Сондықтан да ол кейде:
Айт дедiң-ау, не айтам, жаным, саған.
Елдi айтам ба етегiн жаңа жапқан.
Жердi айтам ба денесiн жара жапқан.
Көлдi айтам ба шөл болып бара жатқан, –
деп жол айырығында тұрған жандай аңырап мұңын шағады.
Қай жағынан қараса да көңiл жұбатарлық, көз сүйсiнтерлiк ештеңе таба алмай қабаржып қамыққан ақын:
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын
Қазылмаған қабiрiмнiң қасында, –
деп бiр-ақ қайырады.
Қазiр Маралтай шығармашылығы бабына келген дер шағы. Жiлiк майы то¬лық, сiңiрi болат сымдай берiк, ең бастысы – рухы қайратты. Өйткенi ол рухын халқының «қаны мен сүтiне» илеп алған. Ондай таланттың бiздi әлi де талай- талай тамсандыра берерi сөзсiз.
«КӨҢIЛIМЕ ТАУДЫ АЛЫП,
СЕНIМIМЕ АСПАНДЫ АП»
Кейде көзге көрiнбейтiн тозаңдардан қаптаған гүлдер, немесе тырнақтай ғана дәндерден ағаштар өсiп шығатыны сияқты, кiшкентай ғана елеусiз бiр детальдан да қайратты өлең дүниеге келедi. Оған көптеген мысалдар келтiруге болады...
Алтынкөпiрлiктердiң тағы бiр талантты өкiлi болып саналатын Әмiрхан Балқыбекте де сондай бiр тамырын тереңнен тартқан қайратты өлең бар. Өлең – «Баба-ырым» деп аталады. Тақырыбының атына мынадай түсiнiк берiлiптi: «Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты». Ендi сол өлеңдi оқып керейiк.
Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын.
Баба ырымы, әлегi емес жарғының.
Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де
Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.
Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн.
Айыптарға өзге күнәм көп менiң.
Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,
Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.
Итаяқтан суды да iшкен бар шағым
Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң.
Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.
Итаяқтан суды да iшкем.
Бабаның
Ырымына мiнезi жат қаланың
Көшесiнде көп-көрiктi қызбен де
Қызып кетсем ырылдасып қаламын.
Осы болды-ау замананың өлеңi.
Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.
Исi тiлге илiкпеген жандарға
Итаяқпен тамақ бергiм келедi.
Құдай сақтасын.
Бiр ырым – бiр деталь. Ал одан өнiп шыққан өлең қандай! Сол өлең көтерiп тұрған жүк қандай! Шоқ жұтқандай көкiрегiңдi күйдiрiп жiберетiн ашыну мен ыза қандай! Әрине, Әмiрхан ол ашу мен ызасын ала көзденiп айқайлап, жер тоқпақтап байбалам салып айтпайды. Исi тiлге тiлдерi сынбай жүргендерге «итаяқтан тамақ бергiсi келетiнiн» айтып салады да, сол бiр ашынуға толы ызалы ойынан шошып кеткендей «Құдай сақтасын» деп жағасын ұстап, тәубеге келгендей болады. Бiрақ айтылуға тиiс сөз, не болғанда да, айтылып кеттi.
Шын ақын – ұлттың үнi, рухы. Ұлттың үнi бола алмаған ақын, бар болғаны өлең құрастырушы ғана. Әрине, әр ақынның табиғаты да. болмыс-бiтiмi де, дүние танымы да әр қилы. Ақын бiткеннiң бәрi ұлттың ұранды сөзi мен үнi бола бермейдi. Бiреулерi – табиғат құбылыстарын, екiншiлерi – махаббатты, үшiншiлерi – адам жанының иiрiмдi қатпарларын, тағы бiреулерi – сұлулық пен әсемдiктi жырлауға бейiм тұрады. Бiрақ шын мәнiндегi ақын болатын болса, сол табиғат құбылыстарынан да, махаббат тақырыптарынан да, адам жанындағы иiрiмдi қатпарлардан да, сұлулық пен әсемдiктен де қазақы әуен, қазақы мiнез, қазақы көзқарас табуы керек.
Сөз жоқ, жоғарыда бiз келтiрген Әмiрхан өлеңi бүкiл қазақ халқының мұңы мен зары боп келген бүгiнi көмескi, ертеңi бұлдыр тiл тағдырын көр¬сете бiлген. Ия, бәрiмiз көрiп отырмыз, дәл қазiр елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын қолдарына ұстап отырған азаматтар тiл тағдырын әрi тарт та берi тарт етiп, қақпақыл етiп ойыншыққа айналдыра бастады. Әмiрханның осы өлеңiн оқыған кезде солардың бәрiне, өз қолыңмен, итаяқтан тамақ бергiң кеп кетедi. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген, оған тамсанып, таңдай қағып, кө¬зiңдi жұмып бас шайқау емес. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген сенiң де тұтас бойыңда жатқан ой мен сойды, әрекет пен «бәлекеттi» қозғап, орнынан көтеру. Тебiренту, толқыту.
Жалпы, Әмiрхан Балқыбек уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнедi. Содан болса керек ол бүгiннен ертеңге, ертеңнен өткенге емiн-еркiн өтiп кете бередi. Ол, тiптi, кешенi жырлап отырып бүгiннiң гәбiн, бүгiннiң мұңын айтып отырып кешенiң мұңын ешқандай кедiр-бұдырсыз үйлестiрiп жiбере алады.
Бұл – Әмiрханның әдебиетке мол дайындықпен келгенiн көрсетсе керек. Шынында да, Әмiрханмен әдебиет туралы әңгiмелесiп пiкiр жарыстыра қалсаң, айтысқан адамын бiлiмпаз Асқар Сүлейменов секiлдi алып та, шалып та жығып кетпесе де, бiрқатар мәселеде көп адамға алдырмайды да, шалдырмайды да. Бойында интелектуалдық қуат жеткiлiктi. Оның уақыт пен кеңiстiк iшiнде өзiн «еркiн жел» сезiнетiнi содан болса керек. Сондықтан да ол:
Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны
Тән арыды. Арман бiрге арыды.
Жанарымды қытықтайды нұрымен
Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы, –
дей алады.
Әдетте, уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнетiн ақын, ең алдымен, өзiнiң өткенiн, яғни, рухани тамырын iздесе керек. Ондай ақын сол рухани тамырдан қоректенiп, рухани тамырдан көктеп-өнерi сөзсiз. Әмiрхан дәл сондай ақын. Тiптi оның ғасырлар ар жағында қалған өткенiңiзбен күнделiктi қатысып, хабарласып, солармен аралас-құралас қатар қонғандай болып отыратыны бар.
Аптап.
Ыстық
Ақыл-естен тандырған,
Дұрыс болар кең далада қаңғырған.
Қонатұғын жер жоқ деме,
Қыр асты
Балбал қала қарсы алады алдыңнан, –
деп ғасырлар қойнауына кiрiп бара жатады. Әрине, сол балбал қаланы қызықтап, оған тамсанып, таңғалу үшiн емес. Ең алдымен, өзiн көру үшiн, өзiн тану үшiн.
Бәрi осында,
Қас батыр да, қаған да.
Бәрi осында
Арғы атаң да, анаң да.
Айтшы, досым,
Өзiңдi емес, Өзiңнiң
Өзегiңдi көре бiлсең жаман ба?!
Ендi ол бiздiң болжамымыздан да әрiрек кеттi. Өйткенi ақын ол балбал тастардан өзiн ғана емес, өзiнiң өзегiн, яғни түп-тамырын танып-бiлмек. Тiптi ол балбал тастарға жан кiргiзiп, оларды әрекет пен қарекетке түсiрiп қояды. Оның балбал тастармен «достасып» алғаны сонша, «қала жақта жанжал болса жан-жағың, балбал жiгiт сыйлар саған қанжарын» деп олардан қолма-қол көмек алатын дәрежеге жеткен. Әрi қарай оқиық.
Ер мұратын қолдағандай дауыс көп.
Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.
Бала болып аттанасың далаға,
Дана болып ораласың қалаға...
Сосын сенi ойлайды жұрт ауыш деп.
Қала өмiрi,
Ит тiршiлiк тағы да.
Асау мезгiл маза бермей қаныңа
Шөлдегенде...
Тостағанын ұсынған
Балбал тастар оралады жадыңа.
Бәрiн былай қойғанда, ақын ендi ғасырлар қойнауында қалған балбал тастардың қолындағы сусынға шүпiлдеп тұрған тостағанынан шөлiн басыпты, мейiрiн қандырыпты. Ендi ол шақпақ тасқа қайралған шарболат қанжардай әрi қайратты, әрi өткiр.
Дей тұрғанмен, ол қаншама өткен тарихпен көршi-қолаң қонып, онымен ауыз жаласқан дос-жарандай араласқанмен, ол бәрiбiр осы уақыт пен заманның ақыны. Өйткенi ол: «Он ғасыр бұрын туғанда, бабамның жолын қуғанда, тоғысқан тоғыз тараптың таңдау боп бiрi тұрғанда, бойыңды, ойым, жасырма. Кiм болар едiм расында?» деп, өткен заманнан өз орнын iздеп алағай да бұлағай күйге түсiп, бүгiнгi күннiң көкейiңдi бiрде кесiп, бiрде тесiп жатқан сан қилы, сан сырлы тiршiлiгiне қайта оралады. Оралады да уақыттың дауылды өтiнде қалтырап, қамығып тұрған халқын, тығырыққа кептелiп қамалып тұрған сол халықтың көздерi жәутеңдеген арманы мен үмiтiн көредi. Жанарында – жас, жүзiнде – нала.
Уақытымды күте-күте бiттi әлiм.
Маңай тұман, жұлдыз бiткен адасты.
Кiм бiледi, кiмдер не iстеп жатқанын,
Кiмдер қалай жұбатарын алашты? –
дей келiп,
Қасiретiмдi түсiн мейлi, түсiнбе,
Өз талайын әркiм өзi тапқандай.
Жонарқамда, жұлынымның iшiнде
Жауынқұрты қабiр қазып жатқандай.
Бұл – тек қана ақынның жеке қара басының ғана азабы емес, әрине. Бұл – халқының бүгiнi мен ертеңiн ойлап қамығып-жабығатын бар қазақтың қазiргi халi. Шынында да, халқының келешегiн ойлап қабырғасы қақырап сөгiлiп бара жататын, өзiн-өзi қадiрлейтiн қай қазақтың да санасын жебiр құрт кемiрiп, жұлынын жауынқұрт жалмап жатқан жоқ па?! Тағы да Әмiр¬хан жұлыныңды жауынқұрт жалмап жатыр демейдi. «Жұлыныңның iшiнде жауынқұрт қабiр қазып жатқандай» дейдi. Бейне бiр мына қатыгез тағдыр, зұлым уақыт тәнiңдi жерге бермей-ақ өзiңе-өзiңдi көметiндей. Неткен қатал үкiм!
Мына дүние ту-талақай боп тозып, ойың онға, санаң санға бөлiнiп, тұла бойыңнан қан сорғалап қансырап, жан-жағыңнан андыздаған сан сұраққа жауап таба алмай сансырап қалған ақын не iстеу керек.
Иа, Аруаһ!
Қалмасам да тұралап,
Бiздiң бастан ұшады ендi, сiрә, бақ.
Ақының боп аңырайын соңғы рет,
Соңғы сөздi Тәңiрiмнен
Сұрап ап!
Әмiрханның өзi айтқандай «Құдай сақтасын» дейсiң мұндайда. Ондай халдi басымызға бере көрмесiн. Бiрақ жаман айтпай жақсы жоқ демеп пе едi дана халқымыз! Бұл сөздер тiптi де күйректiк емес. Қайрау. Сенi, менi ойландыру. Ояту. Сiлкiнiп, серпiлмесең түп-тұқияныңмен құрдымға жұтылып құрып кетесiң дегенi. Әйтпесе, Әмiрхан Балқыбек «көңiлiне тауды алып, сенiмiне аспанды ап» жүре алатын ақын.
Тек менiң бiр байқағаным, байқағаным емес-ау, байқап жүргенiм Әмiрхан Балқыбек тым сараң жазады. Әрине, сараң жазу кемшiлiк емес. Оны өзiне-өзi қатал қарау деп ақтап алуға болады. Бiрақ оның да шетi мен шегi болса керек. Не болғанда да, менiң ойымша, Әмiрхан өз мүмкiншiлiгiн тұсап, өз қарым-қабiлетiн арқандап ұстап отырғандай көрiнедi де тұрады. Арқырап-сарқырап келiп тұрған шабыт арынын тiзгiндеп, екпiнiн тежеп, өзi айтқандай «шабытты құлыптап өмiр сүру күнә». Бұл жерде мен оның өз «Ескертуiн» өзiне қаратып айтқым кеп тұр.
Бiр ғасырдың аяғы, бiр ғасырдың басында,
Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда.
Қырығында қарт болған ақындардың да
Болғанын
Ей, Уақыт, ұмытпа!
Ұмыттырмау үшiн не iстеу керек екенiн басқа-басқа Әмiрхан жақсы бiледi.
«АҚЫН БОЛУ АЗАП ҚАНДАЙ, ТӘҢIРIМ»
Жарас Сәрсек – кiсiлiгi де, кiшiлiгi де бiр басына молынан жететiн, жұртты да сыйлай алатын, өзiн де сыйлата алатын жайсаң азамат. Аспайды да саспайды. Биязы сөйлейдi, бипаз жүредi. Тiптi үлкенге сәлем берер кезiнде де алдымен жаға, омырауын жөндеп, шашын тарап алып барып сәлем бередi. Жүрiсi де ерек. Денесi қаршығадай шағын бола тұра, қашан көрсең де, салмағы тонна тартатындай асықпай баппен басып бара жатқаны. Ол осынысымен, өлеңiнен де, өзiнен де, сөзiнен де Жетiсудың бүкiл өсiмдiгiнiң иiсi бұрқырап тұратын құрдас замандасым, марқұм Жұматай Жақыпбаевты еске түсiредi. Ол да осы Жарас сияқты жартас көтерiп келе жатқандай асықпай баппен басатын.
Жүрiс-тұрыстары ұқсас болғанмен, екеуi бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайтын бөлек ақындар. Арналары да бөлек, өрiстерi де бөлек.
Жарас та алтынкөпiрлiктердiң iшiнде алғаш көрiнген, жұрт аузына ертерек iлiнген, көзге бiрден түскен ақындардың бiрi.
Халқы еркелеу,
Сүмбе дейтiн ауылдан
Алматыға өзiмдi iздеп келiп ем, –
дейдi ол алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде. Басқа жұрт Алматыға iлiм-бiлiм, орта iздеп келушi едi, ал бiздiң Жарас Алматыға өзiн iздеп келген. Ә дегенде тосаңдау естiлгенмен, аңлап қараған жан бұл жолдардың астарынан үлкен мән мен мағына көрген болар едi. Шындығында да, қай-қайсымыз Алматыға өзiмiздi тану үшiн, яғни өзiмiздi табу үшiн келдiк қой. Өзiңдi тани алмасаң өзiңдi таба алмайсың. Яғни өзiңдi таба алмасаң, өзiңдi тани алмайсың. Жұрт та сенi тани алмайды. Бұл – бесенеден белгiлi жайт. Жарас осыны дәл тапқан.
Өзiмдi iздеп таба алдым ба бұл маңнан
Ол жайында жар салғам жоқ ертерек.
Мойнын қысып мұңданады бiр арман,
Қойнын ашып бiр үмiт жүр еркелеп.
Әрине, мен өзiмдi-өзiм таныдым, өзiмдi-өзiм таптым деп ешкiм де айта алмайды. Тiптi, өзiн-өзi тапқанына көзi жеткен адам да. Айтса, ол адам даңғой, немесе өзiн-өзi әлi таппаған адам. Сенiң өзiңдi-өзiң тапқаныңды былайғы жұрт айтуы керек.
Бiздiң сырт көз ретiнде бiрден айта¬рымыз, Жарас Сәрсек өзiн өзi тапқан ақын. Оның қазiр әдебиетте өз орны, өз дауысы бар.
Ол, тауда өссе де, тау өзендерiндей бұрқан-талқан боп, тасып-төгiлiп, астан-кестенi шығып, аптығып, асығып сөйлейтiн ақындардың сойынан емес. Өзiнiң жүрiс-тұрысы сияқты баппан сөйлейтiн, баппен сөйлеп отырып, қатпарлы қыртысқа, астарлы астарға үңiлетiн ақын. Сондықтан да ол жұрттың бәрi көре алатын жайттарды емес, «тiгiстердiң қыртысын қалқан еткен биттердi, асаяқтың ернеуiн талқан еткен иттердi» көргендi жақсы көредi. Сондықтан да ол:
Топырағын тамырдың жерiнбейтiндiгiне,
таңқаламын
Содан соң көрiнбейтiндiгiне, –
дейдi.
Атам қазақта «айтпасаң, сөздiң атасы өледi» деген аса қадiрлi, аса қасиеттi сөз бар. Бұл сөз, ең алдымен, алдына ақ қағазды ақ жайнамаздай жайып, қолына тектi құстың қауырсынындай қалам ұстаған ақынды үлкен мүдделерге мiндеттеп тұрған сөз. Егер сен табиғат берген талантыңды сол мiндеттiң үдесiнен шығаруға жұмсай алмай, анадан бiр үркiп, мынадан бiр шошып, анаған бiр жалтақтап, мынаған бiр жалбақтап, өзiңдi-өзiң рәсуа етiп айта алмадың ба, онда сен сөздi ғана емес, өзiңдi де өлтiрiп тынғаның. Сөз, қашанда киелi. Сөз өлсе де, оның киесi өлмейдi. Оның киесi дүниенi кезiп жүретiн болса керек.
Ертеде-ерте, тұншығып өлген сөздер мың,
Түрегеп келiп түсiмде менi қарғады.
Тәңiрiм,
Маған көрсiн деп тағы көз бердiң,
Көрсоқыр екем,
Ақталар амал қалмады.
Сөзiм мен көзiм кебiнсiз өлiк секiлдi –
Жалаңаштанды,
Барады бастан күз өтiп.
Халқыма қайтып көрсетем қансыз бетiмдi.
Өлiктерiмдi отырар болсам күзетiп.
Сiз ендi, бiр пәске, сөздердiң өлiктерiн күзетiп отырған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Тұла бойыңыз дiр ете түсерi сөзсiз! Сонан кейiн ақын:
Келiстi ұл деуге кейпiмде кескiн кем менiң
Бесiктен босап,
Есiкке жетпей көнергем, –
деп жабығып, күйзеледi. Жабығып, күйзелмей қайтсiн «ермiн деп елге семсердi сүйiп серт етсе де» «қара орман ойды қашқақтап жүрiп мерт етiп, оның да бейiтiн кеудесiне салып» көтерiп жүрсе.
Бұл өлең, сөз жоқ, өзiн елдiң перзентiмiн, халықтың азаматымын деп жүрген кiм-кiмдi де қатты ойға қалдыратын, осы мен өзi не iстеп жүрмiн, не сiтеуiм керек едi деген мәңгiлiк сұрақтар астына байлап қоятын өлең. Шынында, бiз неге осыншама күйгелек, неге осыншама жалтақпыз?
Апыр-ау, бiз мына өмiрге «ұрпақ үнiн ұран етсем деп едiм, мұң-зарыңды бiр ән етсем деп едiм» деп келмеп пе едiк?! Сол анттай уәденiң үдесiнен, көзiн алмай қадалып қарап отырған қалың қауымның сенiмiнен неге шыға алмаймыз?! Жанды жаралайтын, ой-сананы сарсылтатын сұрақ көп. Сұрақ, сұрақ, сұрақ! Жарас та сол сұрақтарға жауап iздейдi. Әрине, оның әлеңкедей жалаңдап тұрған бұл сұрақтарға нақты жауабы жоқ. Бұл сұрақтарға ешкiм де нақты жауап бере алмақ емес. Оның тек нақ бiлерi, сол елiң мен жерiң үшiн әрекет ет, қолыңдағыны үлестiр, аузыңдағыны жырып бер. Сондай әрекетке дайын екенiне ол ғашық жанның алдында тұрып серт бергендей болады.
Сезiм дейтiн жанымды өртеп жасынды от,
Сен шөл болсаң жаумақ болғам жауын боп.
Асқақ басын табанында таптаған
Әттең менiң бабам-сынды жауым жоқ!
Сенiң ғана үстем болып жарлығың,
Менiң тiптен шықпай сөнiп қалды үнiм.
Мен денемдi төртке бөлiп жоқ болам
Үлестiрiп кемтарларға барлығын.
Көңiлiмнен көрiп соңғы жолымды,
Көзсiз тауып барам сонсоң қорымды.
Әлi ешкiмнiң жағасынан алмаған
Сыйға тартам қолсыздарға қолымды.
Шатастырған жасық пенен жасынды
Қаншаңызды бассыз иық басынды.
Сыйға тартқан қолымменен кесiп ал
Азығы көп, жазығы жоқ басымды.
Ендi ақын өзiнiң қолымен өзiнiң басын кесiп алсын мейлi, бәрiбiр ол, не нәрсеге де бейiл.
Иығына үлкен жүк арқалатып, алдына iрi мақсат қойған ондай ақын мына дүниенiң жалт-жұлт еткен қызығы мен дуылдаған той-думанына қарамақ емес.
«Көңiлдi жыр жазуға келмей қойды ыңғай бiр» деп ондай жалтылдақ, жыртақай өмiрден өзiн сырт ұстап қана қоймай, құлқының да, ниетiнiң де мүлде жоқ екенiн бiлдiредi. Ал ондай ақын сонда не iстемек, ненi бақпақ?
Өзiме-өзiм ақын болдым, ләйлiдiм,
Жырға қосып Мәжнүнiн Ләйлiнiң.
Қара түнде бiлте шамның түбiнен
Ауылын шолып отырамын қайғының.
Ендi ақынның мұңдасы да, сырласы да елiнiң қайғысы. Мұндай сәтте оның көзiне «қардың өзi аппақ қайғы» боп көрiнедi. Дегенмен, егер ақын тек халқының қайғысын бақылап-шолушы деңгейiнде қалса, онда ондай ақыннан не үмiт, не қайыр. Онда ол өзiн ғана емес, оқырманын күйретуге, оның сағын сындыруға қызмет етсе керек. Шын ақын, әдетте, халқының қайғысын көре отырып, оған қанжылап ортақтаса отырып, одан рухани қайрат алуға тиiс. Ия, ия, қайғының өзiнен рухани қайрат алуы тиiс. Осыны жақсы түсiне бiлген Жарас Сәрсек ауылына хат жазған бiр сәтiнде «дайын бол, таңданбастан, мен бiр күнi наладан найзағайға айналғанда» деп өзiнiң басты мақсатын жайып салады. Халқының бүкiл мұң-зары мен уайым-қайғысын жан-жүрегiне құйып алған ақын, қалайда наладан найзағайға айналуға мiндеттi. Онсыз бәрi бекер, бәрi бос сөз. Әрине, қайғыға ортақтаса бiлу де үлкен азаматтық болмыс. Бiрақ ол ақын үшiн аздық етедi. Өйткенi ақын парызы қайғыға ортақтаса отырып, сол қайғыны сейiлтуге ұмтылса керек. Осындай мақсат-тiлекке бiлегiн сыбанып, белiн буып шыққан ақын «аттап өтiп өзiнiң қабiрiнен» жолға шығады. Тосын мiнез. Тосын әрекет. Басқа-басқа өз қабiрiн аттап өтiп жолға шығу, тiптi «қайда барарын» анық бiлмей тұрса да, осындай тосын мiнездi қажет етсе керек.
Сөз жоқ, ол жолдың кедiр-бұдыры, ирелең-бұралаңы көп. Ол ендi талай-талай қиямет-қайым қиындыққа, талай-талай сарсаңға түсiрiп сабылтып қоятын кедергiлерге кездесерi хақ. Өмiр деген де қызық қой. Жүрген сайын, оны көрген сайын, оған үңiлген сайын дал боласың, тiптi бәрiнен көңiлiң суып, айдалада қалғандай бүкiл iшкi дүниең аңылжып, не iстерiңдi бiлмей дел-сал боп, дағдарысқа түсерiң хақ. Ондайда ақынның:
Қыр басынан төменге сенбей қарар,
Қайыңдар-ай, бұл күнде жайым басқа.
Шариғат пен табиғат ұқсас деушi ем
Адам басқа екен ғой, қайың басқа... –
деп мұң шағатын тұстары аз болмайды, әрине.
Бiрақ, бәрiбiр, дүниенiң әр бiр үнi мен дыбысына құлағы түрiк, оның әр бiр қимыл-қарекетiне көзi ашық, бәрiн былай қойғанда «Тәңiрiнiң керуетiнiң сықырлағанына» – дейiн естiп, бiлiп отырған Жарас Сәрсектiң «ақын болу азап қандай, Тәңiрiм» деп айтуының өзi-ақ оның зор мiндет, үлкен мақсат жолына түскенiн көрсетсе керек. Бiздiң Жарастың сол азапты жолда арымасына сенiмiмiз мол.
«КIРПIГIНЕ ҚАН ҚАТЫП ҚОҒАМЫҢ ТҰР»
Бауыржан Бабажанұлы барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бiр сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Бiзде қазақы жазуды, қазiргi заман құбылысынан кеш қалып қойғандай, уақыт көшiне iлесе алмай қалғандай, көне стиль, ескi сүрлеудi шиырлап жүрген сияқты көретiндер бар. Бауыржан туралы олай ойлау күнә. Ол тiптi де заман құбылыстарынан да, уақыт көшiнен де сырт қалған ақын емес. Қазақы көрiнейiн деп өлең жолдарына қаптаған архаизмдердi арқалатып та қоймайды.
Оның ерекшелiгi сонда – қандай бiр күрделi ұғымды да қазақ жанына жақын етiп қорыта бiлетiндiгiнде. Ол сөз iздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөздiң өзi табиғи түрде құйылып жатады. Яғни, қазақы ситихиялық мiнез. Қай өлеңiн оқысаңыз да, одан көкiрек сарайыңды ашып жiберетiн даланың аңқылдаған желi есiп, нөсерден кейiнгi жусанның кермек иiсi бұрқырап қоя бередi. Оның өлеңдерiндегi мұндай қазақи жайдары мiнез ұлттық тақырыптарды жазғанда ғана емес, мүлде басқа тақырыптарды жырлағанда да, атап айтқанда, «Ескендiрдiң мүйiзi», «Сүлейменнiң жүзiгiнде» де анық көзге ұрып тұрады. Мәселен, сол «Сүлейменнiң жүзiгiн» алайықшы. Бұл өлеңде Бауыржан жұрттың бәрiне белгiлi оқиғаны хабарлы сөйлемдермен баяндап жатпайды. Одан осы заманға сай философиялық мән-мағына iздейдi. Iздегенде де нақты әрекет арқылы, яғни Сүлейменнiң жүзiгiн қолына киiп алып сөйлейдi.
Қайран басым болған кезде бiр әлек
Жалғай алмай бiр ойлардың үзiгiн,
Пайғамбардан қалған маған мұра деп
Тақтым қолға Сүлейменнiң жүзiгiн.
Содан кейiн күндер кештiм қызықты ең,
Құшағы ыстық Бақтың ауылын мекендеп.
Сәуле түсiп, жазу шықты жүзiктен
«Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деп.
Тақырыпты қазақша қорыту, яғни қазақ ұғымына жақын, қазақ ұғымына сiңiмдi етiп беру деген осы. Әйтпесе, Сүлейменнiң жүзiгiндегi мәтiнде «байқа, бала», деген тiркес жоқ қой. «Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деген тiркес қазақ үшiн әлдеқайда салмақты, әлде қайда ұғынықты.
Әрине, Бақыт дегенiңiз де баянсыз. Ол да тас төбеңде бұлбұлдай тамыл
жытып сайрап, тотықұстай мың құбылып тұрады да, күндердiңкүнiнде басыңа бiр саңғып ұшып кетедi.
Аттан түстiм, түстiм дұшпан торына,
Азап шектiм, ит өмiрден жерiндiм.
Далбасалап қарап едiм қолыма
Бұл күннiң де өтетiнiн ұғындым.
Әлбетте, Бауыржанды қинайтыны өз басының халi емес. Оны қинайтын жайт, көкiректерi аяққаптай-аяққаптай боп, кеуделерiне нан пiсiп, ысқырықтарымен жер жарып, жетi қабат таралғыны қатар үзiп жiберердей боп шiренiп, көздерiн шел басқан асып-тасқандар. Соларды көрiп тұрған Бауыржан:
Соңына ерген көп итiне үргiзiп
Ендi тiзе батырмас деп мына елге,
Тым болмаса түссе көктен бiр жүзiк
Кигiзер ем, шiркiн, ана бiреуге... –
дейдi. Өлең бiттi. Бiрақ оқырманды толғандыратын, толқытатын толғақты ой қалды. Жалғанды жалпағынан басып жүрген сол шiренген шiркiндердiң қолдарына сенiң де Сүлейменнiң жүзiгiн кигiзгiң келiп кетедi.
Жалпы, Бауыржан сөздi аса қасиеттi ұғым, яғни, дүниенiң алтын дiңгегi, асыл қағидасы деп бiледi. Ол ертеректе жазылған «Сөз» деген өлеңiне киелi кiтаптағы «әуелi сөз болған» деген тiркестi эпиграф етiп алуының өзi содан болса керек.
Мақсат басқа, өзге арман,
Болмысым да... көнердi.
...Атамыздан сөз қалған,
Не қалдырам мен ендi?
Сап, сап, көңiлiм – бозжорғам,
Жоқ нәрсеге налыма.
«Ең әуелi сөз болған»,
Сөз болады соңы да!
Рас қой. Адамды шыр етiп жерге түскеннен әуелi сөз күтiп алады, соңғы сапарға аттанарда сөз шығарып салады. Сондықтан да, сөз қадiрiн бiлу деген сөз – өз қадiрiңдi бiлу деген сөз. Өз қадiрiңдi асқақтатам десең, онда сен сөз қадiрiн асқақтат. Өйткенi мына дүние сөзбен ғана өлшенедi, сөзбен ғана бағасын алады. Өмiрдiң алағай да бұлағай аласапыран тiршiлiгiне де, адам жанының жықпыл-жықпыл түкпiрлерiне де қоғамда болып жатқан ақ түтек, қара құйынды құбылыстары мен сапырылыстарына да тек сөз арқылы үңiле аласың.
Несiн айтасың, қазiр бiздiң күнiмiз, қашанғыдай, «қасқыр байлап ұстағандай қорада» болып тұр ғой. Ылғи бiр бiтпейтiн де қоймайтын арбасумен, аңдысумен күн кешiп келемiз. Содан барып сан соғып опынасың, тiптi омақаса құлап, бiр жақ қабырғаң опырылып құлағандай боласың. Олай болмаса, ақын:
Мен, мен едiм, мен едiм,
Тауға айналдым, төбе едiм.
Егемендi ел болдым,
Ендi мәңгi жайқалады желегiм
... деп едiм.
Бiрақ, бiрақ азат, дарқан елiме
Тiлiм керек болмады.
Дiлiм керек болмады.
Дәл осылай кете берсе егерде
Менiң дағы болар ма екен керегiм?! –
демес едi ғой. Дәл қазiр бәрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйе-гiмiздi кемiрiп жатқан сұрақ осы ғой. «Мен, мен едiм, мен едiм» деп жүрген мына елдiң керегi бар ма өзi?! Әй, қайдам... Өйткенi «Қазақты алдау» дейтұғын бiр ойын бар, Қазақстан дейтiн мемлекетiмде»... сол ойыннан «ойынымыз осылып» кетпесе игi едi...
Ел мен жер тағдырын ойлаумен қабаржып жүретiндiктен бе, жоқ, әлде о бастағы табиғи болмыс-бiтiмiнен бе, Бауыржанның ең бiр жақсы көретiн мезгiлi – Күз. Күздi мол жырлапты. Тiптi ол күздi адам кейпiне енгiзiп, оны шәлкес мiнездi, долы, дүлей қимылды Құдағай ретiнде қабылдайды.
Сәлем бердiк, төрге шық, Күз-құдағай,
Құрметiмiз қалған ба, сiзге ұнамай?
Қабағыңнан қаймығып, кеттi шығып
Қыз мiнездi жаз дейтiн бiздiң ағай.
Даңғыратып бұлт-нөкер шелектерiн
Желiктiрер анау жел желөкпенi.
Әжемiздiң өрмегiн күрт үзiпсiз,
Сәл сабыр ет, құдағай, о неткенiң?
Бiздiң әрбiр iсiмiз күнә сынды.
Өршелене жаясың құлашыңды.
Жекжат жөнiн бiлмейтiн ел емеспiз,
Ақылға кеп, бер ендi бiр ашуды.
Қайың шашын жұлыпсыз, обалдағы-ай,
...Бұрын қалай келгенбiз абайламай.
Бiз еңкейген сайын сiз шалқаясыз
Мiнезiңiз, апыр-ай, қалай-қалай?
Бұл өлеңге түсiнiк берiп жатудың өзi артық. Сурет – өлең. Образ – өлең. Ешқандай талқылап, таратып жатпай-ақ бәрi ап-айқын. Бұл өлеңнiң тағы бiр көзге ұрып тұрған ерекшелiгi барынша қазақы мiнезiнде, яғни қазақы орындалуында. Сол үшiн де әдейi келтiрдiм, Бауыржанның сөзден өзiмiзге етене таныс сурет сала бiлетiн шеберлiгiне тәнтi болғандықтан. Әйтпесе, Абайдың «Қыс» өлеңiнен бастап жыл мезгiлдерiн адам кейпiне келтiрiп суреттейтiн өлеңдер, Құдайға шүкiр, жетiп артылады.
Негiзiнен, Бауыржан күздi өзiмнiң көңiл-күйiмнiң ауа райы, жан құбы-лыстарымның климаты деп бiледi.
Мөлдiр бұлттан пәренжi жамылды Ай да,
Шаршады ғой... аспан сәл дамылдай ма?
«Жылама ендi, сүрткiн, – деп – көз жасыңды»
Ақыл айтар күзге ешкiм табылмай ма?
Мен-ақ ақыл айтар ем, түсiн, бiрақ...
Бiреу алып кеткендей күшiмдi нақ.
Айқайлаймын, дауысым шығар емес,
Тұр өйткенi, менiң де iшiм жылап.
Көңiлдiң көп бояуы оңар шерден,
Бiзге-дағы көп адам болар сенген.
Сол сенiмнен шығайық, жылама, күз,
... Алдыменен сен тоқта, содан соң Мен.
«Көңiлiнiң көп бояуы шерден оңып» кеткен Бауыржанның iшiн қанжылататын жағдаяттар көп болып тұр. Тым көп. Өйткенi «шындығыңыз бүгiнде тұлдыры жоқ тұл жетiм». Өйткенi ол «мыстан-өмiр қолынан көземенен қайғы iшкен». Өйткенi ол:
Данғазаның буына маң дала мас,
Жапырақсыз қурады орман-ағаш.
Кiрпiгiне қан қатып қоғамың тұр.
Үмiт күткен ұрпағың ол жалаңаш.
Арманымен қондырған айға өлеңiн
Адалдықтың әр кезде байрағы едiң.
Етiк сатып ертеңiң базарда жүр,
Ендi күнiң не болар қайран елiм? –
деген етiн езiп, сүйегiн үгiтiп жiберетiн ауыр сұрақтың астында жүр. Қай жағына қараса да еңсесiн басып, жан-жүрегiн талап, сезiм талшықтарын отап жiберетiн көрiнiстердi көре-көре көңiлi әбден қайтқан ақын «бақытсыздық пен ақында бар ма екен әлде үндестiк» деген зiл батпан тұжырымға келедi.
Мен бұл мақаламды Бауыржанның өз өлеңiмен аяқтағым келiп тұр. Өйткенi ол өлең көбiмiздiң қазiргi көңiл-күйiмiздiң ең керектi пернесiн дәл басып, шер-мұңымыздың шегiн дер кезiнде қағып жiберетiн жұп-жұмыр қалпында, аяқ-қолы балғадай боп туа салған өлең екен.
Жүрегiмдi билегенде нала-мұң,
Хал-жайымды сұрай берме, қарағым,
Құлай-құлай таусылған бар амалым,
Күрсiнуден күлге айналған жанарым.
Лаулай алмай, бықсып жанған шаламын.
Қарашаның бұлты-сынды түнерген
Қара көзден қан ағызып күлем мен.
Жанарында қайғы жусап, мұң өрген
Қара түннiң үрпiнен мен жыр емгем.
Содан болар көңiлдiң көп кетеуi,
Менiң жаным – көңiлсiздiк мекенi.
Қиялымның қанжылаған жанары,
Арманымның жасқа толған етегi.
Көкiрегiмде күрсiнгенде шерлi өлең,
Сәби-мұңды бесiгiмде тербеп ем...
Өз сезiмiн өзi өлтiрiп жерлеген
Қанды қолды қатыгезбiн мен деген.
Хал-жайымды сұрай берме сен менен.
«ОРМАНДЫ СӨЗДIҢ АЙМАҒЫН ОМБЫЛАҒАН ОЙ БҰЗАР»
Осы топтама мақалаларымның бас жағында Әмiрхан Балқыбек туралы жазған пiкiрiмде мен оның тым сараң жазатынын ескерткендей сөз айтып, бiрақ сараң жазудың тiптi де айып емес екенiн, солай бола тұра, қолына қаламды жиiрек қолға алғанын қалайтынымды бiлдiргендей болып ем. Бұл толқынды оқи келе, сараң жазу «ауруы» олардың бәрiне де тән екенiн ұқтым. Алды қырыққа кеп қалған, баяғы бiздер секiлдi қыспақ пен құрсауда, яғни қатып-семiп қалған, сықиған стандартта емес, аласапыраны да, алыс-жұлысы да көп қым-қуат, алақұйын дүниенiң iшiнде жүрсе де неге соншалықты сараң жазатындарына түсiнбей-ақ қойдым. Құдай-ау, өлең дейтiн бiрде жамыраса табысып, бiрде жағаласа тебiсiп жатқан мына қатал да қазымыр уақытпен шаппа-шұп ұстасып, қоян-қолтық тартысқа түсетiн сон¬шалықты ұшқыр жанр емес пе?! Әрине, не болса соны жаза бермеу керек, не болса соның жетегiнде кете бермеу керек, не болса соны ешқандай електен өткiзбей, iшкi қуат-қарымыңда қорытып алмай, дүмбiлез қалпында өлең ете бермеу керек. Мұның бәрi түсiнiктi. Дей тұрғанмен... Дей тұрғанмен...
Бiрақ, солай бола тұра, бұл толқынға сүйсiнгенiм, олардың әр қайсысының өз жолы, өз дауысы бар. Бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Шығармашылық ара-жiктерi бiр-бiрiнен алшақ-алшақ жатыр. Бiрi мен бiрiн тiптi де шатастырып алмайсың.
Осы «сараңдардың» қатарындағы Нұржан Қуантайұлы да өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылыпты. Бұл жерде бiз жол мен соқпақ метафорасын тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Өйткенi оның «Күмбiр» кiтабының алғашқы бетiндегi өлең «Жолда» деп аталыпты. Бұл өлең – ақынның өзiн қанағаттандырған, көңiлiнен шыққан алғашқы өлеңдерiнiң бiрi болса керек. Өлеңдегi «сүреңсiз күннiң сүт қосқан шайға бiр қанған Анама ұқсап ашылып қапты қабағы», «қоға мен қамыс үңiлiп тұрды жапырлап, етектi кесiп есiле аққан өзенге» деген жолдар, сөз жоқ, жас ақынның әрi сергек, әрi байқағыштығын көрсетсе керек.
Нұржан қиядағыны қапы жiбермейтiн байқағыш қана емес, сол көргенiн қаршығадай қағып түсетiн алғыр. Тағы да ол көргендерiнiң бәрi қазақ жанына жақын. Ұлттық колоритке бай.
Сары шалдың тарамдалған
сақалындай
Ошақта от көлбеңдейдi жел лебiмен.
Кiм-кiмдi де қызықтыратын жанды сурет.
Жалпы, Нұржан сөзбен сурет салуға шебер-ақ. Тағы да ол суреттердiң бәрi сондай нақты, бояуы сондай қанық. Сонымен бiрге, ол суреттердiң бәрi де уақыт табымен көмескi тартып көнермейтiндей. Бейне бiр олардың бәрi жаңа ғана, сенiң көз алдыңда салынғандай. Тiптi ұстасаң қолыңа бояуы жұғып қалардай немесе нақты бiр заттың табы алақаныңа сезiлетiндей. Оқып көрейiк.
Аңдаусызда аспанға нұрын шашып
Нәлiсiндей етiктiң... Ай қағылды.
Немесе:
Бұлақтың суы бүйiрi қызып биледi
Қақпақыл қылып қайраңда малта тастарды.
Немесе:
Жаңа сытылған терiсi құсап соғымның
Көкжиек сонау көлбең де көлбең бу болып.
Немесе:
Ақша бұлттар түтiнiндей мүштiктiң.
Немесе:
Жайып қойған өреге ақ малтадай
Ауыл үйi көрiнген ағараңдап.
Немесе:
Салы суға кеткен көктiң
Еңсесi
Ескi тонның етегiндей салбырап.
Мiне, осылай жалғаса бередi, жалғаса бередi. Әрине, бұл суреттердiң бәрi дерлiк ғылыми-техникалық төңкерiс заманының шынжыр табаны жерiн таптамаған, сорайып-сорайып тұрған тұрба өңештерi көгiне көкала түтiн құспаған туған жердiң тұнып тұрған келiстi келбеттерi. Бiрақ сол айшықты суреттер мен әдемi көрiнiстердi көтерiп тұрған ол сұлу аймақтың да сұңғыла тарихы болмас па? Әрине, көрген көздi сұқтандырып, айтқан ауызды тамсандырып жiберетiн сол ғажап көрiнiстерге толы бұл аймақ ғасырлар бойы осындай тамылжыған қалпында тұрмаған екен, ол жер де талай-талай қанды оқиғалардың куәсi болып, басынан талай-талай тартысты оқиғаларды өткерген екен...
Ендi ақын да өзiнiң қылқаламын көз бен көңiлдi қатар арбайтын сары ала, жасыл бояулардан арылтып, қара ала, қанқызыл бояуларға малып алады.
Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам.
Тұтам емшектей ту бие үшiн нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам
Басы қайда қалмаған?
Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қараша жұрттың қай сөздерiн қарманам»,
Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда
Қазағым қайда аумаған.
Ендi ақын бойында не нәрсеге де, қандай құбылысқа да тарихи көзқарас қалыптаса бастады. Ақын бойындағы тарихи көзқарас деген категорияны нақты бiр тарихи аяда ғана қарастыруға болмайды. Бұл жерде ол ұғымды қай тақырыптың да арғы астарына үңiлiп, тамырына бойлап, қыртысын аршып, тегiн тануға ұмтылу деп қараған жөн. Яғни Нұржанның көру аясы ауқым¬далып, дүние танымы мен көңiл көкжиегi кеңи түстi деген сөз. Яғни, ендi ол қылт етiп көрiнгендi кәнiгi фотографтай сырт еткiзiп түсiре қоятын немесе көздi арбап тұрған көрiнiстi шұғыл түрде көшiре қоятын пейзажистен гөрi, тақырыпқа айналған материалдың арғы жағына, iшкi әлемiне зер сала бастады. Сол әрекет, сол жолға түскеннен-ақ мына жарық дүниенiң шетi де, шегi де жоқ екенiне көзi жетiп, оның драмасы мен трагедиясы андыздап шыға келдi. Ақын ендi қияметтен де қиын сол дүниенiң iшiне кiрдi.
Көкжиектiң кемерi,
Көзiмдi менiң алдама.
Шегi бар жердiң деп едi,
Шексiз екен-ау жалған, ә?
Көкжиектiң кемерi
Көзiме қарар сұғына.
Жалықпай-ақ ел сенедi
Жалғанның жалғандығына.
Көкжал тағы қайда бар?
Көзiме айтшы, сыр бүкпе.
Диiрмен құсап айналар
Дүниесi де, тiрлiк те.
Дүние шыркөбелек айналуда. Тағы да диiрмен құсап. Алапат айналыс. Дәндей басыңды ұндай үгiтiп тартып жiбермек. Көкжиектi, көкжиектiң кемерiн ол бұрын да көрген болатын. Ол кезде көкжиектiң кемерiнде бұлың-бұлың етiп жататын «сағымды малтып барсам ба» деп әдемi бiр ойнақы қылық көрсетiп, туған жерге деген аңсар сезiмiн ғана бiлдiрiп қойған-ды. Сөйтсе, табиғат көкжиегiнiң кемерiнен гөрi, өмiр көкжиегiнiң кемерi әлдеқайда ауыр да қиын болып шықты.
Нұржан ақын ендi көмейiне түскеннiң бәрiн ұн етiп тартып жiберетiн диiрмендей айналып тұрған дүние мен тiршiлiк түгiлi, күнi кеше ғана моп-момақан боп монтиып, жұп-жұмсақ боп жұтынып, өзiнiң бүкiл сұлулығы мен сымбатын сыртына шығарып жататын табиғаттың өзiнен де драма, табиғаттың өзiнен де тартыс көретiн болды. Өзiнiң көңiл-күйi мен көзқарасын сол табиғат құбылыстарымен астастыра қарастырып, өлеңiн сол құбылыстармен үйлестiре, үндестiре өретiн болды.
Сiре, сiре, сiре қар,
Сiре қарда кiм оңар.
Сiрi қалған мына бiз,
Сiз табыңыз бiр амал.
Қара түннiң қаймағын
Айқай бұзбас, ой бұзар.
Орманды сөздiң аймағын
Омбылаған ой бұзар.
Айтылар ойдың, iшкi психологиялық арпалыстың балқыған қорғасындай боп құйыла қалғанын былай қойғанда, орындалуының өзi қандай әдемi. Құлағын келтiрiп, бұрауын қалай дәл түсiрген. Сыңғыр-сыңғыр, сыңғыр-сыңғыр. Бейне бiр әр буын, әр бiр сөзге көзге көрiнбейтiн құйтақандай-құйтақандай күмiс қоңыраулар iлiп қойғандай.
Ақын мына тiршiлiкке бұрынғыдан да жiтi, бұрынғыдан да сергек қарайтын болды. Көру де, сонымен қоса көзқарас та өзгердi. Бiр кезде қағылған нәл сияқты көрiнетiн Айыңыз, ендi «бұлтқа сiңген қауғаның шелегiндей суға батып бара жататын» болды.
Алдынан «ошаққа ұқсап жұртында қалған моладай суық қыстақтар» шығып, соларды көрген өзiнiң де көңiлi «қабырғасы құлаған ескi жұрттай қақырап» қалатын болды. Махамбет ақынның: «Ежелгi дұшпан ел болмас, етектен кесiп жең болмас» деп қылыштай тiлiп сөйлегенiн оқып, оны көңiлiне мықтап тоқып өскен ақын, ендi мына аяр заманның сол бiр серттей берiк сөзден сырт айналып кеткенiн көрiп «ежелгi дұшпан ел болды, етектен кесiп жең болды, тең-тең болды, тең болды, тең-тең жүгiң жем болды» деп қамықты.
Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естiген құлаққа да оқшау көрiнiп, тiптi оғаштау естiлетiн образдар мен сөз тiркестерiнен де қашпайды. Абай айтқандай «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей Нұржан да қиыннан қиыстырады. Қиыстырады деген сөзден (тiптi Абайдың өзi солай деп тұрса да) бiреулер шошып кетуi кәдiк. Өйткенi көп жұрт үшiн өлең деген құйыла салу керек. Олар өлең дегенiң де өмiр екенiне мән бере бермейдi. Олай болса, өмiр сияқты өлең де кейде мозайика сияқты құрастырылады. Тек сол құрастыруда үндестiк болсын, сендiре алатын қуат болсын деңiз. Мәселен ол: «Менiң жырым – сонау ерте көктемде қасат қарды теуiп шыққан бәйшешек» дейдi. «Қасат қарды теуiп шыққан бәйшешектi сiздiң, әрине, қабылдамауға толық хақыңыз бар. Ал мен осы образды қабылдадым. Көрiнбейтiн процесс болса да, көрiп тұрғандаймын. Тағы да Нұржан «Алматының бетiне ала плакат жабысып» тұрғанын көрiптi. Мұны ендi қабылдамасаңыз да қабылдайсыз!
Нұржан шығармашылығы туралы пiкiр жазған Бекжан Әшiрбаев: «Жаңа, тың теңеулер, үйреншiктi емес лексикаға ұмтылу, оқыс метафоралар жасау, шарттылықтан жалт бұрылып кету Нұржан поэзиясында аз кездеспейдi» дептi. Мен бұл пiкiрге әбден қосылам.
«СОРДАН БАҚЫТ ТАРТЫП АЛДЫМ БIР СӘТТIК»
Менiң алдымда шығармашылығын өзiм қадағалап жүретiн ақындардың бiрi Батырболат Айтболатұлының «Мен ғашық қыз» атты бiр жапырақ қана жыр кiтабы жатыр. Әдебиетке ол ертерек келсе де, кiтабы тек 1996 жылы ғана жарық көрiптi. Содан берi он бiр – он екi жыл өткен. Өздерiңiз байқап отырғандай, бұл топтама мақалаларымда алтынкөпiрлiктердiң тым сараң жазатындарын айтып өткем. Бiрақ бұл сөздi тек бiржақты түсiнуге болмайды. Сараң жазады дегенде олар қаламдарын мүлде суытып қойған деген ұғым тумау керек. Сөз жоқ, олардың қай-қайсысында дәл қазiр ең құрығанда бiр-бiр жыр жинақтары дайын екендiктерi сөзсiз. Алайда оларға деген министрлiк тарапынан да, баспалар тарапынан да тиiстi ықылас пен қамқорлық жетпей жатыр ғой деп ойлаймын.
Пышақтың қырындай ғана сол жинақтағы алғашқы өлеңдердiң бiрi «Өз әлемiм бар менiң» деп аталады. Сол өлеңiнде ол: «Жаңа жырды шырақ етiп кiремiн пенделiктi босағада қалдырып» дейдi. Ал ақынның iшкi әлемi деген мына қапылысы да, қақтығысы да жетерлiк, мұңы мен қуанышы салаласып-сабақтасып, бiрде қатар өрiлiп, ендi бiрде тарқатылып жатқан, дүркiреген дүрмегi де көп, шешiмi табылмай жатқан күрмеуi де көп дүние ғой. Ондай әлемге ендеп кiрiп, ондағы болып жатқан қым-қуыт оқиғалар мен алыс-жұлыс арпалыстарға кесiм айтып, шешiм шығару үшiн сен, ең алдымен, өз басындағы күнкөрiс қамын ғана ойлайтын күйбең-күйбең мiнезден, бейшара пендешiлiктен арылып алуың керек. Тек сонда ғана сен өзiңнiң ең бiр жауапты аймағыңа кiре аласың... Ақын, мiне ендi, өзiнiң iшкi әлемiн қарастырып отыр.
Күз сыпырып кеттi iшiмдi
Үздiм ойдан жапырақ-мұң.
Тоғышарлау, тоқ пiшiндi
Ақымаққа – ақымақпын.
Көңiл қалды пенделiктен
Әлiм бiттi – зая күндер.
Таппай келем сенделiп мен
Сезiмiмдi қоятын жер.
Ақын жаны да мына өмiрдiң өзi сияқты алай-дүлей, ығы-жығы, сапырылыс. Тiптi онда сезiмiңе де орын жоқ. Өмiрдiң өзiндей алай-дүлей болып жатқан өз әлемiне үңiлген ақын, әдетте, сол алай-дүлей дүниенi реттеп немесе «жуасытып» тастау үшiн үңiлмейдi, соның iшiнен керегiн тауып, қажетiн «өндiрiп» алу үшiн, оны рухани игiлiкке айналдыру үшiн үңiледi.
Өкiнбеймiн! – Жанды жырмен жұмсарттым,
Аш көңiлдi абаданға құрсақ қып:
Көкке қарап ұлып тұрып қасқайып
Сордан бақыт тартып алдым бiр сәттiк.
Кейде ақын дәл осындай өжет, долы болуға тиiс. Жақсылықтан әркiм-ақ бақыт таба алады. Мықты болсаң, тiптi бiр сәттiк болса да, сордан бақыт тартып ал! Мiне, қайрат! Мiне, рухани қуат. Адамның намысын жанып, жiгерiн қайрайтын жолдар осындай болса керек едi.
Әрине, «сордан бақыт тартып алатын» ақынның өзi де кiлең маңдайы жарқырап, жалы күдiрейiп, мерейi өсiп, мәртебесi биiктеп жеңiске жете бермейдi. Оның да жабығып жасып қалатын, соққыға жығылып, тауаны қайтатын тұстары аз болмаса керек. Ал ондай кезде ақын күйi қандай болмақ?
Рухымды дертке шалдырдым
Кісәпірлікке обалы.
Тәнiмдi жерге қалдырдым...
... Жұлдызым жоғары.
«Рухы дертке шалдығып» ақыры тәнiн жерге қалдырып бақилыққа кетсе де, бәрiбiр өршелене өжеттiк танытып «жұлдызым жоғары» деп тұр.
Бiрақ оның қаншама өршеленiп, қаншама өжеттiк керсетсе де айналада болып жатқан алақұйын, аласапыран тiршiлiктен қажып шаршамауы мүмкiн емес. Бұл – бәрiмiздiң басымыздан өтетiн жайт. Ондай сәттерде тұмандай тұнжырап, итсiлiкпең шығып қалжырап қалатының хақ. Сондай бiр сәттi Батырболат әдемi-ақ айтқан.
Бiр түнiмнен ұйқым қашты,
Бiр түнiмнен күлкiм қашты...
Баянсыздау сезiмдердiң
Байсал ойым
жұртын басты.
Бетке жамап жасаң әрдi,
Көңiлiмнiң шашы ағарды...
Көзден қызық бұл-бұл ұшты,
Көрген қызық тасаланды.
Жеңдi бiлем тұрмыс менi
Жұрттың, қырттың түрлi iстерi...
Жерiп, тойып,
ойдан мүлгiп
Қартқа айналдым жиырма үштегi...
Бiр түнiмнен ұйқым қашты...
Бiр күнiмнен күлкiм қашты...
Небiр кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi көре-көре жиырма үш жасында-ақ қартқа айналған Батырболатты ғана емес, сондай сәттердiң талайын басынан өткiзген көзi ашық, көңiлi ояу барша естi қауымды аяйсың!
Өзiнiң iшкi әлемiнде болып жатқан сан сапырылыстар мен сан қапылыстарды, берiш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерiн ақтарып сөйлей алатын Батырболат, бәрiбiр, ең алдымен лирик.
Лирик болғанда да, төгiлiп тұрған лирик. Махаббат лиригi. Оны «Жұматайдың iнiсiмiн өлеңде сiңiлiсiне өле ғашық Ләйлiнiң» деп өзi де мойындайды. Ол әрине,
Қылығы бала сықылдым,
Қытығым жеңiп ұтылдым:
Жанарымды ұрлап жұтындық,
Тамағым құрғап, жұтындым,
Қылығы бала сықылдым... –
деп тандайына кәмпит салып тамсанып тұрған бұл өлең, одан гөрi тереңiрек, одан гөрi әлдеқайда қуатты естiлетiн «Махаббатын мәшһүрлейтiн мұнара бiткен күнi басы алынар шебердей» деген басқа бiр өлең жолдарына ауысады. Бәрiмiз де махаббат туралы жазғанбыз, бiрақ көбiмiз барша әлемге паш ету үшiн махаббат мұнарасын салып ап, басын семсер астына тосатын шебердей хал кештiк деп айта қоюымыз екiталай-ау, екiталай. Сонда ақын ғашық болған қыз, Құдай-ау, қандай болғаны?! Ай десе аузы, күн десе көзi бар, көркiмен көңiлiңдi де, көзiңдi де арбап тұратын сиқыр перiнiң қызы ма, жоқ, әлде, көктен ғана көлбеңдеп көрiнетiн перiште ме?! Ендi жүзiмiздi соған бұрайықшы.
Мына жалған – жалған екен, тым жалған!..
Бейбақ басқа берген болды-ау мұңды арман.
Мен сүйген қыз сыймайды екен жалғанға, –
Немесе оған лайық емес бұл жалған! – деп бiз күткендегiден де асыра мақтап, марапаттап алады да:
Осы болса өмiрiңнiң сияғы,
«Өлең емес, өксiк» десем сияды.
Түкiрдiм мен сол бейнеден басқаға
Жетпейтiндей еш пенденiң қиялы!..»
Ал, әйтпесе! Сүйсе, Мәжнүн ғана осылай сүйген шығар-ау! Бiрақ ақын өзегiн суырып берердей боп өлiп-өшiп сүйген сол жанның қасына баруға жасқанады, батылы жетпейдi. Тағы да ақынның оқырманды әрi-сәрi ғып, не айтарыңды бiлмей ал-дал етiп қоятын бiр қызық тұсы, ол өзiнiң ғашық қызын өзiне де қимайды! Түсiнiп отырсыз ба, өзiне де қимайды!
Құдай куә, қол созуға жасқанам...
Сен өйткенi ерекшесiң басқадан!
Өзiме де қимаған соң, қорқамын
Қадiрiңе жетпей ме деп басқа адам.
Сүттен де аппақ, ауадан да жеңiлсiң...
Сұқтанғандар бағаңды ұқпас сенiң шын.
Нәзiктен де, нәзiгiм-ау, менiң сол
Олар сенiң қадiрiңдi не бiлсiн?!
Талшыбығым, таң шығындай
тұнығым,
Сәби сынды сүп-сүйкiмдi қылығың.
Өмiрiне жүрегiмнiң жүгiнiп,
Тәңiрiме айналдырды ұғымым.
Атыңды мен аяттайын жаттадым,
Көз моншағым, кәусар ауам, ақ таңым.
Гүл қауызды ерiнiңнен әдемi
Қиялымда өбуге де батпадым...
Бақиға хас бақытыма мас болам,
Сен ерекше жаралған соң басқадан...
Өзiме де қимаған соң, қорқамын
Қадiрiне жетпейдi-ау деп басқа адам.
Сүйгенiн «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегi таңғы шықтай таза, ақ бұлттай аппақ болса керек. Ал ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесiз аңқылдап айтылатын, кiнәратсыз талай-талай сыр мен гәп тыңдай берерiмiз сөзсiз.
«КӨҢIЛДI МҰҢМЕН КӨКТЕППIН»
Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Әлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Әрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен орындалуы, адам жанына әсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуатты сағыныш болса, Әлiбек сағынышы егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш. Бiрақ мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнерiп, қалың қорысқа кiргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердiң сары ала белдерi мен ақ адырларын, баталарын берiп жататын аталарын аңсайтын, тiлеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын iздейтiн, сөйтiп сенiң жаныңда да өз ауылыңа деген үлбiреп тұрған аңсар сезiмдi оятып, жүрегiнiң дәл басынан өсiп шыққан шидей жiп-жiңiшке үмiт сабағына шырақ iлiп кететiн нәзiк сағыныш.
Сабырым қанша дем бердi
Әлi де талай шыдармын.
Сағыну үшiн сендердi
Алыстап кеткен шығармын, –
дейдi. Бұл, әрине, ауылдан алыстап кеткенi үшiн ақталу емес. Бұл, ең алдымен, өзiнiң де, өзгелердiң де көңiлiн аулап, жұбату.
Әсiлi, сағыныш деген де дерт. Ол дерт сенiң ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды әбден меңдеп алған кезде ес-түстен айрылғандай боп мәңгiрiп қалар сәттерiң аз болмаса керек. Ондай халдi Әлiбек мына төменгi жолдармен әдемi жеткiзе бiлген.
Соққылап жүректегi тасқын ағын,
Көлдеттi көңiлiмнiң жас құрағын,
Менде бiр түрi жаман ауру бар
Осылай анда-санда асқынатын.
Әрине, Әлiбек өлеңдерiндегi туған жерге, туған ауылға деген сағынышты тек аңсаудан, аңсар сезiмнен ғана туған сағыныш десек, қатты қателесемiз. Оның өлеңдерiндегi мұң – ақ дәкедей жұп-жұқа шарбы бұлт астынан, немесе ауада жеп-жеңiл буалдыр iшiнен сүзiлiп түсiп, нұрын себезгiлеп құятын күн сәулесiндей жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайымы бар мұң. Өйткенi күнi кеше ғана мына заманның қабағынан қар жауып, дүниенi алағай да бұлағай етiп әуре-сарсаңға түсiрген қатал кезеңде тәлкекке түскен туған ауылының тағдырына, мүшкiл халiне бейтарап қарай алмайды.
Ағаштар тұр тыр жалаңаш тоналған,
Өткен күздi ендi қалай сөгерсiң.
Қырман қаш-а-а-н бұл ауылдан жоғалған
Итаяққа көз тiгедi көгершiн.
Ақ ниеттiң символындай көрiнетiн көгершiннiң өзi итаяққа телмеңдеп көз тiккен соң-ақ бұл ақынның ауыр халiн бүкiл болмыс-бiтiмiңiзбен ұғарыңыз хақ. Туған ауылының жыртық шекпен кигендей жадау, жағы суалып, бiлегi талып қалған жүдеу кескiнiн көрген ақын жаны жабығып, ойы онға, санасы санға кетiп, сергелдеңге түсерi сөзсiз.
Қайран күндер, қайтейiн, көп сенделген,
Көп сенделдiм көңiлге көп сенгеннен.
Жалғыздықты көзiме шұқығандай
Топ шымшықтар ұшады топ шеңгелден.
Топ шымшықтар ұшады
жазбай жұбын,
Майшамдағы бiлтедей маздайды күн.
Азаптады-ау бұлар да жан-жарамды
Азапталған аяусыз аздай мұңым.
Жетегiнде қиялдың жүрек самғап,
Арманыма жетуге жүрем сан қап.
Алсам деп ем аунап бiр төскейiне
Бұл даланың шөбi де кiлең жантақ.
Жыр жұтатып жүректiң шоғыменен
Шыққан ақын бұл жерден соңы мен ем.
Топ боп ұшқан шымшықтар,
Топ шеңгелден
Топ жыңғылға қонады тобыменен.
Ақын болып не таптым соныменен?!
«Топ боп ұшқан шымшықтардың топ шеңгелден топ жыңғылға қона-тыны» ана жерден де, мына жерден де не барақат, не байыз таппай сансырап сандалған ақын жанының бейнелi көрiнiстерi ғой.
Тұралап жатқан ауылының бүгiнгi халiн көрiп көңiлi құлазыған қалалық ақынның күнi күн емес. Заманның екi өкпесi қысылып, жан-жағының қуырылып, қысылып бара жатқаны мынау. Уақыт салмағы да екi иiнiнен басып, жаншып барады. Ақын жаны да ауыл сияқты әрi жадау, әрi жүдеу. Ауыл да, қала да әбден дiңкелеп, қалжырап қалған. Ашқұрсақ. Ашқұрсақ жан– ашкөз. Сондай халдi Әлiбек тайға таңба басқандай етiп көрсете бiлiптi.
Кей кездерi дөңбекшумен түнiмдi әр
Ұйықтай алмай өткiземiн ұғыңдар.
Қайыршының алдындағы жиналған
Ақшаға да көздi тiккен күнiм бар.
Бұл – күнi кеше ғана тек ақын басынан ғана өткен жай-жағдай емес, бұл – сол кездегi заман кескiнi, уақыт портретi. Көз алдында жүндей түтiлiп, бордай үгiтiлiп тозып бара жатқан мына заманның кейпiн көре-көре, жан-тәнiмен сезе-сезе «өмiрi сары уайымға айналған» ақынның
Бәрi бар, таңым да бар, көлiм де бар,
Бұлт сүзген шыңым да бар, шөлiм де бар.
Өң мен түстiң арасын өмiр дейдi,
Өң мен түстiң арасы өлiм болар, –
дегенiне ерiксiз иланасыз. Ондай кезде ақынның «өл-е-е-ең деп ем айқайлап, мең-зең дала қайталады өл-е-е-ем деп жаңғырығып» дегенiне де сенесiз.
Әрине, Әлiбек, ең алдымен жас. Тiптi жастық шағы, жастық дәуренi әлгiндей әуре мен сарсаңға, сананы сандалтып, сезiмiн сергелдеңге түсiрген уақытқа тап келсе де, Абайша айтқанда: «Махаббат қызық мол жылдарын» талақ етуi мүмкiн емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегi қанша езiлiп тұрса да оны селт еткiзiп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдiреттi күшке ерiксiз мойынсынбауға оның әддi жоқ.
Күндерiм сырғып әттеңмен,
Көңiлдi мұңмен көктеппiн, –
дей тұра, сол бiр қызды көрген кезде ол:
Өзiңдi көрген сәттен мен
Өмiрге ғашық боп кеттiм, –
деп салады. Бейне бiр жабыққан ақын жанында төңкерiс болғандай. Әбден жабығып тарыққан ақын сол бiр аяулы жанды көргеннен-ақ басқаша қам-қарекетке кiрiп, басқа кейiпке енедi. Әлiбектiң осы кезеңдерде жазған өлеңдерiн оқып отырып, «әлемдi сұлулық құтқарады» деген даналық сөзге ерiксiз ден қоясыз.
Қасың қандай қиғаш едi,
Көрген көз де қимас едi.
Аллам өзi жiбергендей
Жер бетiне сыйға сенi.
Кiрпiк қандай қайырылған
Бiр талына қайың құрбан.
Жiгiттi ендi түсiндiм мен
Жүрегiнен айырылған.
Шашың қандай тарқатылған,
Шолпан ба едiң таңда туған.
Талай жандар жүр-ау жерде
Өзiңдi ойлап таңды атырған.
Бiтiм қандай, күтiм қандай
Көз де сенен ұтылғандай.
Шаршап тұрған шалдың өзi
Шарасыздан жұтынғандай.
Алқым қандай, алтындалған,
Алтыныңмен жарқылдар маң.
Сендей қызды туа бiлген
Жоқ та шығар халқымда арман.
Мiне, бұл сұлулыққа ода. Әрине, арудың қасы мен көзiн, кiрпiгi мен шашын Әлiбекке дейiн де талай-талай ақындар таң-тамаша болып тамылжытып жырлаған. Ол өлеңдерден бұл өлеңдi бөлек етiп көрсетiп тұрған соңғы екi жол: «Сендей қызды туа бiлген жоқ та шығар халқымда арман!» Халық тудырған сұлулыққа қандай сұлулық тең келмек. Ал ондай сұлулыққа ғашық жанның хал-күйi қандай болмақ. Әрине, беймаза күй кешпек.
Намыссыз деп санама,
Момынға да балама.
Аймен бiрге тентiреп
Күтiп жүрмiн далада, –
дейдi. Ондай сұлулыққа ғашық жан, тентiресе де Аймен бiрге тентiрейдi. Бұл – махаббат iрiлiгi!
Қалай болғанда да, адам жаны қатпар-қатпар, сан салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бiр әлем ғой. Бүгiн опырылып, опынып қалсаң, ертең жадырап қайта сiлкiнесiң. Бүгiн қуанышқа кенелiп құлпырып тұрсаң, күнi ертең итсiлiкпең шығып шаршап-шалдығып, бейшара халге түсесiң. Сондай бiр сәтте ақын:
Өлiмдi келедi екен өмiр айтып,
Жалған-ай! Бiлмегенбiз соны қайтiп.
Жоқтау айтып жылаған сезiмiме
Келiп тұр қайғы мен мұң көңiл айтып.
Құдай-ау, басқа емес, қайғы мен мұңның өзi көңiл айтып келетiн ол неткен ұлы қасiрет. Ондай қасiреттiң аумағы теңiздей көлемдi, ондай қасiреттiң салмағы таудай ауыр болу керек қой! Мұндай сөздi тек «жаны тәнiн жылатып, тәнi жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Айнала қараса, өзiн қойшы, бәрiнен бұрын, жанына бататыны, әлдекiмдер елi мен жерiне бәлесiн үйiп-төгiп, жаланың қара күйесiн жағып, ту-талақай етiп тоздырғысы кеп, бүлiк кiргiзiп бұзғысы кеп жатыр. Бұдан өткен қасiрет болар ма?! Әсiлi, адам баласы, мына өмiрдiң қысастығын көрiп опынып,мына өмiрдiң кiсәпiрлiгiн көрiп өкiнiп «әттең-ай» деп бармақ шайнаумен өтсе керек.
Әттең-ай, әттең, әттеңiм,
Әттеңiм неткен көп менiң.
Күлiп келгенмен көктемiм,
Жылап барады өткенiм.
Түк көрмеген боп тұр күнiм.
Жасатып жерге құлдығын.
Тәп-тәттi едi-ау тiрлiгiм,
У қосып кеттi кiм бүгiн?
Жанымды жейдi кей-кейде
Күткенiң тура келмей де.
Тiрлiкте мынау байқасаң
Адамның бәрi шынында
Гөй-гөйлеп жүрiп өлмей ме?!
Әттең-ай, әттең, әттең-ай!
Дәл солай деп бiз де бұл өлеңнiң соңына жамыраса қол қоямыз.
«ЗАРЫҢДЫ АЙТЫП КӨККЕ ҰШАДЫ ТЫРНАЛАР»
«Көкемарал – тамыр қошы аңқыған иiрдейiн иелi, киiк-отындай киелi дәру шөп. Үйiрiн жауға бермейтiн кербез де кесек кер бұғылар жыртшықтардан жазатайым жарақат ала қалса, көкемарал дәруiне аунап-қунап сақаяды. Кералаң замандардың талайын бастан өткерiп, ендi-ендi ғана еркiн тыныстай бастаған Елiмiздiң де Жан жарасы мен Тән жарасы жетерлiк, Менiң «Көкемаралым» соған шипа болса екен» дептi Бақыт Беделханұлы өзiнiң жыр жинағы жайында. Сөз жоқ, ықылас толы iзгi ниет. Қаншама ғасырлар бойы зорлық пен зомбылықтың өзегiне қорғасын құйылған тоқпақтай жуан дойырының астынан, босағасында бұралқы иттей сүмеңдетiп қойған кемсiту мен қор¬лаудың тепкiсiнен, жыртқыш, қорқау азулылардың аяусыз талауынан өлiп-талып, қансырап зорға құтылған байғұс халқымыздың, несiн айтасыз, тағдыры да, жаны да, жұлым-жұлым, жара-жара. Оны емдеу үшiн халқым деп қамыға бiлетiн қайсымыз да дәру табуға, шипа iздеуге мiндеттiмiз.
Кезiнде абыз ағамыз Әбiш Кекiлбаевтың дуалы аузымен үнi де, уiлi де ешкiмге ұқсамайтындығынан, айрықша тосындығынан «бiртүрлi ақын» атанып кеткен Тыныштықбек Әбдiкәкiмұлы осы жинаққа жазған алғысөзiнде былай тебiренiптi: «Түпкi Жаратушыны да байырғы бабалар дәстүрiмен «Жұпар iие » (Жұпар Алла) айтатын Бақыттың «Көкемаралының» iшi толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлеңсөз! Бiреуi оның шашыратқыдай ащы, екiншiсi – қызамықтай жасыл, үшiншiсi – барқытшөптей бояуға бай, төртiншiсi – қызанақтай әтiр иiстi, бесiншiсi – бес саусақтай тәттi, алтыншысы – қарғакөздей бек уытты, жетiншiсi – кәдiмгi ... гу-гу гүлдеу үстiнде! Қалай десек те, соның бәрi, өз уағында, өз кезегiнде, қазiргi мына жатбауыр қоғамнан да өгейлiктi көп көрiп өксiп жүрген өзектерге, автордың өзi тiлегендей, өзiнше ем болып қонады деп ойлаймын» деп әдемi тiлек айтыпты.
Көкемарал шөбi неге соншалықты дәрулi, неге соншалықты шипалы? Ең алдымен, ол өсiп тұрған топырақ – қасиеттi топырақ. Өйткенi ол топырақты аралап мына халықтың «сан ғасырлық қаны жүр». Яғни, көкемаралдың бойына да ғасырлар бойы төгiлген қанның ыстығы мен қуаты сiңген. Ол қан ыстығы мен қан қуаты дәру мен шипаға айналған. Сонымен бiрге, туған жердiң топырақ, тас, шөбiне дейiн ақынмен тамырлас. Тiптi тағдырлас.
Мен осы алтынкөпiрлiктердiң шығармаларын оқып отырып бiр сүйсiнгенiм, тамырларын да, тағдырларын да өткеннен iздейтiндерi болды. Бейне бiр олар өткенсiз өмiр сүре алмайтындай. Яғни, олар өткенiң тұлдыр болса, ертеңiң бұлдыр деп бiледi. Олардың өлеңдерiндегi өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң тiзе қосып бiрге өмiр сүрiп жататыны қандай жарасымды. Тiптi Бақыт Беделханұлы өткенге бүгiннiң көзiмен ғана қарап қоймайды, өткеннiң көзiмен бүгiнге де қарай алады. Күнi кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есiк-терезелерi үңiрейiп қалған ауылға кiмдер қарап тұр дейсiз ғой.
Күйкi тiрлiкпен мүжiлген аядай ғана
Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, әне...
Бiз, әдетте, бүгiнсiз өткен де, ертең де жоқ деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгiн мен ертеңсiз өмiр сүре алмайды екен. Өткен де кiлең бiр өлi төмпешiктерден тұрмайды екен. Ол да тiрi әлем екен. Ол да бiзге, бүгiн мен ертеңге алаң екен.
Бүгiн түгiлi, өткеннiң бiзге алаң көңiлiн аңғара бiлген сергек ақын бұл жалған дүниенiң түп-тамырын кемiрiп, iшiнен үңгiп, етiн езiп, сүйегiн үгiп бара жатқан не бiр әлеуметтiк зардаптарды көрiп қапаланып, налып сөйлейдi. Не нәрсеге де әрiрек, тереңiрек қарауға шақырады. Әрине, ұран тастамайды. Атамзаманнан берi келе жатқан әрi қадiрлi, әрi кәделi сөздiң байыбына баруға, байламын аңғаруға, түпкi түйiнiн ұстауға шақырады. Ондай кезде Бақыт үшiн тақырып болуға халықтың «қарға тамырлы қазақпыз» деген дана тiркесi жетiп жатыр.
Қарғаның жарық дүниесi-ай,
Айналасы түгел аппақ пар.
Алақұстың айтқан әңгiмесi-ай,
Тақылдап тұрған тақпақтар.
Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да,
Қарға тамырлы қазақ-ау!
Әлде бiр құстай зарламай таңға
«Қарқ» еткен үнi ғажап-ау, –
деп сүйсiнедi. Құдай-ау, әдетте, бiз үшiн қарғадан өткен сұмпайы, қарғадан өткен жексұрын құс бар ма едi?! Бұл ұғым – заңдылыққа айналған ұғым едi ғой. Қазақтың қарға тамырына құрт түсе бастағанда ол ұғымымыздың да тас-талқаны шығады. Бiреуi олай, бiреуi былай қарап бара жатқан қалың қазақ баласы тамырына қайта бiр қайырылып қарағанын қалайды.
Жалына тақтың жармасып өлген,
Көкесi,
қарғаны жазғыра көрмешi!
Қарға тамырлы қазақпыз ғой
Үмiтiмдi үшке бөлмешi.
Тас керең боп қалғыр құлағымыз талай-талай есiтiп, ағып түскiр көзiмiз талай-талай көрiп жүргендей қазiр көп-көп азаматтарымыздың бойын кесапатты кеселге, ойын жазылмас дертке шалдықтырып бара жатқан рушылдық пен жүзшiлдiктi Бақыт та аз көрмегендей. Соларға ол «үмiтiмдi үшке бөлмешi» деп ызалана жалбарынады.
Жалпы, Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тiлiп түсетiн өлең жолдарының жылан бауыр бишiгiн сiлтей алатын ызалы ақын. Туа бiттi та¬биғаты солай ма, жоқ, әлде, мына өмiрдегi аттаған сайын андағайлап шыға келетiн келеңсiздiктер мен оспадарлық¬тарды көре-көре солай болған ба, бiлмедiм.
Көп ақын күйiнiп сөйлесе болды күйреп шыға келедi ғой, ал Бақыт олай емес, күйiнiп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзi шайнап, ызаға толып, өршеленiп, аласұрып кетедi екен.
Арман жолынан тайқып кеттi.
Жалған жанымнан тартып кеттi.
Қалған көңiлiм қамығып,
Ардан кебiнiн жамылып
Аппақ әлемге қайтып кеттi.
Уақыт санамды қырқып кеттi
Бақыт жағамды жыртып кеттi.
Кiмнен көрерiн бiлмей,
Кiмге сенерiн бiлмей
Үмiттерiм үркiп кеттi.
Адам да, қоғам да
бәрi әдемi ғой деп
Анау көкем
Немененi қыртып кеттi?!
Мен осы жолдардан, дәл қазiр, әбден ызаға бұлыққан жанның, бiрақ басқа қылар амалы қалмай отыз екi тiсiн шақұр-шұқыр еткiзiп қайрағанын естiп тұрғандаймын. Мен бұл жерде болмашы нәрсе үшiн өн бойынан боран тұрғызып, түкке тұрмайтын нәрсе үшiн тұландай түтiгiп шыға келетiн бейшара пендешiлiк ашу мен ызаны айтып отырғам жоқ, халқының қамын ойлап булығатын азаматтық ашу мен ызаны айтып отырмын. Сондай адам ғана «тiрiмде – сiрiмiн, өлгенде – тiрiмiн» дей алса керек.
Тағы да Беделханұлының ызасы – мұңды ыза. Мұңды ыза! Былайша тiршiлiкте бiр-бiрiмен қабысып-табыспақ түгiлi, мүлде жанаспайтын керағар ұғымдар ғой. Ақынның ақындығы сонда, кейде ол керағар ұғым-дарды да қабыстырып, табыстырып жiбере алады. Сондықтан да оған «мұңдымын, кейде, жындылығыммен құндымын» деген сөздердi де сол табиғи болмысы айтқызып тұр.
Кейде Бақыттың да аласұрған ашу-ызасын ақылға жеңдiрiп, барақат тауып аялдап, салиқалыққа бой алдырып, сабырмен сөйлер тұстары болады. Ондайда ол:
Ол жақтағы өлерменiң
Өмiр сынды қияли.
Оу, ақыным, бөгелмегiн
Қаламыңа сия құй.
Қақтап сауып қаныңды құй
Аппақ арың сөйлесiн!
Ал, ол үшiн жаныңды қи
Тоқтамасын ой-көшiң.
...Қанбадың ба әлi ұйқыңа,
Алдыңда азап тұр бүкiл.
Тасқа айналған тағдырыңа
Тағдырыңмен тiл бiтiр.
Бiрақ мұндай салиқалық пен сабырлылық бiр сәттiк қана хал. Айналада болып жатқан кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi, зорлық пен зомбылықтарды көре тұрып, төбесiнен жаңғақ шағып жатса да түк болмағандай, етегi егiс, жағасы жайлау боп отыра беретiн, тiптi, тойдан-той өткiзiп жататын мына қалың қауымды көрiп назаланған ақын қайтадан қыл шылбырдай ширатылып шиыршық атып шыға келедi.
Ұлыңды құрбан шалып,
Күңiңдi думан салып
Көргенiм үшiн,
Күн үшiн тiлдi сатып
Бiрiне-бiрiн шатып
...Келгенiң үшiн, –
дейдi ол аузымен от бүркiп жiбергендей. Ендi ол олай сөйлемей қалай сөйлесiн. Қарап тұрса, халқының мұңы мың батпан, халқының зары мың қатпар.
Пенделiкке қарамайтын пысқырып,
Сұр заманға қайтедi ақын сұс қылып.
Өз кеудесi, өз бөлмесi – кең сарай,
Табанында қоғам жатыр ысқырып.
Арасында жанның зары тыңдалар...
Тау басында мұнарланып мұң қалар.
Мұңыңды айтып жерге сiңер жылғалар,
Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар.
Бұл қатыгез дүлей дүние ендi тырналар үнiмен аспаннан айтылар ол мұң мен зарды естiр ме екен?! Әй, қайдам-ау...
«УЛАҒАН САЙЫН ЖАНАРЫҢ ҰЛЫ АҚЫН БОЛЫП БАРАМЫН»
Дәурен Берікқажыұлының 1996 жылы жарық көрген жыр жинағы қолға түспедi. Қолға тигенi – биттiң қабығындай ғана соңғы жинағы. Содан да мен Дәуреннiң толық мүмкiндiгiн қамтып сөйлей алмайтын сияқтымын. Бiрақ оның ақын екендiгi анық. Бұл сөзiмiзге осы жинақтың алғашқы бетiн ашып қалғанда-ақ, жанып тұрған пештiң ауызын ашып қалған кездегi жалын қызуындай лап ете түсетiн екпiндi леп куә.
Есiре соққан Ебi жел,
Екiлен тағы, екiлен!
Ез туған елге егесiп,
Егiзiң болып кетiп ем...
Бөлтiрiк елiм шығарып
Бөрiлiгiн есiнен
Қанымды менiң қарайтса
Қан майдан шығар, несiбем!
Осындай құрыштай берiк, арқар мүйiздi, атан жiлiктi сөздер жонын күдiрейтiп алдыңнан анталап шыға келген кезде, оны ақын емес деуге кiм-кiмнiң де әддi бара қоймас.
Әсiлi, өлеңнiң өлеңдiгi, ең алдымен, өзегiне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай бiлтесi бықсып өлеусiреген өлеңнен, тiптi образы бар, теңеуi орнында, ұйқасы мiнсiз бола тұра, бiрақ рухы жоқ болса, яғни қайратсыз болса, не үмiт, не қайыр. Өлеңнiң жан бiтiретiн тамыры – рух. Оны Дәуреннiң «Найзақарамен тiлдесуiнен» де танып-бiлуге болады.
Ей, ажары талақ – көкбет шың!
Намысты туған нар қайда?
Өртенбей жатып өкпек мұң,
Өкiртiп бiздi алмай ма?!
Маңдайда не тұр, маңдайда.
Еңсесi биiк ер бiткен
Айылын тартса болмай ма?!
Аруағы биiк қай-қайда –
Абылайдай Ар қайда?
Наурызбайдай нар қайда?
Алаңсыз, арсыз айқайға
Шаңқ етпей шерiм тарқай ма?!
Ей, қатулы қабақ – найза шың!
Дауылды күнгi арқырап, шулап көтерiлетiн теңiз толқындарындай жал-жал боп көтерiлген сөздердiң орамдары сенiң жүзiңе дым бүркiп, су сiлкiп жiбергендей сен де тiктенiп, ширығып бара жатасың. Тағы да оның асқақтығын, iрiлiгiн айтсаңшы. «Ей, ажары талақ – көкбет шың» деп тұр ғой. Ақын бейне бiр найзақара шыңнан да биiкте тұрып сөйлеп тұрғандай.
Өзегiнде оты бар ақын, кезегiнде ешкiмге де есесiн жiбермейдi. Айтатынын айтып қалады. Ондай ақынның тақырыбы да, қадап сөйлер нүктесi де әйтеуiр бiр қауқар-салмағы жоқ кәкiр-шүкiр, ұсақ-түйек болмаса керек. Кеше ғана Найзақарамен кеудесiн керiп сөйлесiп тұрған ақын, бүгiн ендi неге төменшiктей қалсын. Ендi ол өр Алматымен тiл қатысып тұр. Әрине, Алматыға кiру де, оған сiңу де оңай емес. Ол орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн үлкен күш керек, қайтпас жi-гер керек. Әлбетте, Алматыға етiгiңнiң жыртығынан шұлғауыңды сүйретiп, сүмелектенiп сүмiрейiп кiруiңе де болады. Солай кiрдiң бе, онда сен сол сүмелек қалпыңда қалдым дей бер. Сен Алматыдан өз орныңды сүйменмен мұз ойғандай ойып тұрып алмағаннан кейiн, бәрi бекер. Сондықтан да ол Алматы табалдырығын атой сап аттайды.
Ханың бар ма әдiлеттi?!
Бар датым!
Мен болайын ең ақырғы
Зарлы ақын.
Өз емiңе жарап қалар
Ұлыңды
Өзегiне теппешi ендi,
Алматым!
Тағы да ол Алматыға жүк артайын деп, салмақ салайын деп немесе бәл
сiнiп, бұлданып келiп тұрған жоқ. Дерттi Алматыны емдейiн деп келiп тұр. Бұл – азаматтық iрiлiк!
Жалпы, Дәурен кесек турап, iрi сөйлейтiн ақын. Жан-жүрегi iрiлiктi қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тiршiлiк, жалған өмiр-дiң қыбыр-жыбырын көру ауырдың-ауыры. Сондықтан да ол:
Тәмәм болып сал-серiлеу ғұмырым,
Арғы бетте адасады ақыл да.
Жер бетiнде жәндiктердiң жыбырын
Көру қандай қиын едi ақынға! –
деп, басқа емес, тура Тәңiрiнiң өзiне шағынады. Бұл өлең одан әрi өрби кеп:
Менiң бейнем өмiрiңiзде бар күнi
Маған бекер жымиясыз, Тәңiр, сiз.
Қаралы күн ақындардың барлығы
Қара жерге жерленедi қабiрсiз!
Мiне, тосындық! Әрi кермек демiмен кеудеңдi қақ жарып жiберердей ащы шындық. Халқының басынан өткен немесе күнделiктi болып жатқан не¬бiр нәубеттер мен толайым тауқымет тердi көрiп жүрген ақын бiткеннiң бәрi күн сайын, сәт сайын жер тоқпақтап опынып, күнде бiр өлiп, қара жерге қабiрсiз жерленiп жатқан жоқ па?! Соны дөп басқан, дәл айтқан. Өрттей өкiнiшке орап, дерттей күйiнiшке буып тұрып айтқан.
Дәурен өлеңдерiн оқып отырып, тағы бiр ұққаным, ол өлеңдi тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дәрi мен дәруiм деп емес, керек кезiнде айналаға айбар көрсетiп тұла бойына тағынып алатын қару-жарағым деп бiледi.
Жалғыз өзiм қап, жабырқап тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Бәрiңе бүгiн таңырқап тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Елдерге тағы егесiп тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Ертөстiктермен кеңесiп тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Өлеңдi қару-жарақ етiп мұздай құрсанып алған мұндай ақын кiм-кiмге де есесiн жiбере қоймас.
Биiк азаматтық iрiлiкпен сөйлей алатын Дәуреннiң көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Бiрақ ол нәзiк сол тақырыпта да iрi сөйлеуден бiр танбайды-ау, бiр танбайды.
Тулаған сайын анарың
Бұла түн болып қарадым.
Улаған сайын жанарың
Ұлы ақын болып барамын.
Қыз алдында қысылып-қымтырылу, инабаттық көрсету деген болмас па?! Жоқ, қайта бұрынғыдан да қайраттанып «ұлы ақынға» айналып бара жатады.
Әрине, махаббат болған соң, оның айналасында шыбындай құжынаған гу-гу сөз де ерiнi-ерiнiне жұқпайтын сымпылдаған өсек те көп болуы мүмкiн. Ондай кезде де Дәурен өз мiнезiне әбден берiк. Әлгiндей пасық, бықсық сөздердiң ешқайсысына пысқырып та қарамайды. Ондай сөздердiң бәрiне қолын бiр-ақ сiлтейдi.
Өсек болып,
Төсек болып керегi,
Мейлi, жағы талғанынша толғасын.
Бұл ел солай «аңыз» айта бередi,
Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.
Ақын тәкаппар. Ақын биiкте тұр.
«ТАМҰҚТАМЫН КҮНДIЗ, ТАБЫТТАМЫН ТҮНДЕ»
Мен жоғарыда жазған сөздерiмнiң бiрiнде жас ақындардың өлеңдерi туралы осы уақытқа дейiн пiкiрлер жоқтың қасы, олардың шығармашылығы мүлде дерлiк насихатталмайды дегендей сөз айтқан едiм. Әрине, мен бұл пiкiрдi жастар шығармашылығына деген бұқаралық ақпарат құралдарының қатысынан шығарып айтқан болатынмын. Әрине, осылай екенiне ешқандай күмән болмаса керек. Дейтұрғанмен, олардың шығармалары мүлде ескерiлмей, көңiлден аулақ, көзден таса қалды деуге болмайды. Ара-тұра, ауызекi болсын, олардың шығармашылығы туралы әңгiме бiржола суалып, тартылып қалған емес. Оның үстiне, ол ақындардың жыр жинақтарын ақтарып отырып оларға жазылған бiрқатар алғысөздердi оқыдым. Ол алғысөздердiң бәрi дерлiк шын ниет, жақсы тiлекпен жазылған алғысөздер.
Мәселен, Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» атты жанағына өз басым аса қадiр тұтатын үлкен көркемсөз шеберi Мархабат Байғұтов «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөрiстi өлеңдер» деген тақырыппен салмақты да, салиқалы алғысөз жазған екен. Мархабат өзiнiң Бақытжан iнiсiнiң шығармаларына жан-жақты тоқталып, терең талдау жасапты. Бағыт-бағдарын анықтап, бағасын берiптi. «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделiктi күйбең тiрлiкте де, өзiнiң өзгеше өлең-дерiнде де iшкi рухани еркiндiгiне залал келтiргiсi жоқ күйде қинала тiршiлiк кешедi. Халықтың, қазақы ұлттық көркемдiк уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тiл, Алдиярлық дiл – бiз сөз етiп отырған ақынның айрықшалығы» – дейдi Мархабат. Бұл орнықты пiкiрге Бақытжан өлеңдерiн оқыған кiм-кiм де бiр сөзге келмей келiсетiнiне мен кепiлдiк бере алам. Әсiресе, маған осы пiкiрдiң iшiнде «iшкi рухани еркiндiк» деген тiркес қатты ұнайды. Ақынды ақын ететiн ең басты қасиет – осы. Iшкi рухани еркiндiгiң жоқ па, анаған бiр жалтақтап, мынаған екi жалтақтап өзiнiң қара басына өз билiгi жүрмей өмiр сүрдiң бе, онда, әсiлi, қолға қалам алмай-ақ қойған абзал.
Шынында да, Бақытжан өлеңдерiн оқып отырып оның iшкi рухани еркiндiгiне тәнтi болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ «Алла менi жаратарда маңдайыма өлең жазған бiр шумақ» деп өзiнiң ия бағы, ия соры екенi белгiсiз парыз-борышты, рухани мiндет-жауапкершiлiктi мойындаған ақын, ештеңеден де тайынбақ емес.
Сөз жоқ, маңдайына өлең жазылған ақынның бұл өмiрден көрер құқайы да, бұл тiршiлiктен көрер тәшпiшi де аз болмаса керек. Тiптi Алла тағала өлеңдi де тек сондай жанның ғана маңдайына жазатын болар.
Иен дала, ерен дүз,
Иесi бiз дегенбiз.
Алаң сүтiн iшкенбiз,
Аю етiн жегенбiз, –
деп желпiнiп жүрген ақынның күндердiң-күнiнде аңшы әкесi қансонардан қайтпай қалады. Сонан кейiн-ақ қоңторғай тiршiлiк қана емес, иiнi түскен жадау, иығы жамау, жүдеу тiршiлiк басталады. Бiр кезде «қабыланмен қағысып, қанын жұттық қасқырдың» деп кеудесiн керiп жүрген бала қабағы күреңiтетiн де тұратын сұрықсыз сұрқай өмiрге тап келедi.
Ендi ол «пiсте сатты шешемiз... пiсiрдi ғой бiздi өмiр» дейтiн болды. Бiрақ ол жабығып жасып, қамығып арып қалмайды. Қайта кетiлген үстiне жетiлiп бара жатады.
Көлге-көзге жас тұнбай,
Кеуденi өзге бастырмай
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.
Өлтiрем деп өпремдеп келген тағдырдың болат тырнағынан қаймықпастан өршiл өжеттiгiн көрсетедi.
Ондай жанға бұл өмiрден өз орнын, орнын болғанда да, бiреудiң ығында немесе тасасында жүретiн емес, қайта бiреуге пана болатын, жердiң шетiнде, желдiң өтiнде жүретiн орын белгiлеп алу оңай емес. Сонда ғана Мархабат айтқандай «iшкi рухани еркiндiкке» ие бола алмақсың. Ондай жанның тар қауызға, тар қауыз емес-ау, мына жалпақ дүниенiң өзiне сия қоюы қиын. Ондай жанның өмiрден алар еншiсi – сергелдең өмiр, сансыраған сана.
Жарытпастан жыр түлеп
Көзiмдi ашсам кiл түнек.
Әлемiңе сыймадым
Әр пәтерге бiр түнеп.
Ақын өстi. Ақын ержеттi. Ендi ол өз қарақан басының қиындығын ғана емес, уақыт пен заман үстiнен өтiп жатқан ауыртпалық өз басынан өтiп жатқан ауыртпалықтан да ауыр, зiлмауыр екенiн бiлдi. Байқаса, мына қу өмiр зымиян жүрiс, сұрқия әрекетке де, жын-жыбыр, қыл-қыбырға да, құдай-ау, қаптап кеткен екен ғой.
Көнергеннiң есте тұтпас көбiн ел,
Көрем деген көзге бiрақ көрiнер, –
Жер үстiнде – ыбырсыған тiрiлер,
Жер астында – ыңырсыған өлiлер.
Неткен күйiнiш, неткен ашыну десеңiзшi?! Дүниенiң қорқау құлқынын көре-көре жаны түршiгiп шошынып, дүниенiң сұмпайы сұрқын бiле-бiле жаны күйреп безiнген жан ғана осы¬лай сөйлесе керек. Мына күйкi тiршiлiкте өмiр сүрiп жатқан «ыбырсыған тiрiлерге» назалы болған «ыңырсыған өлiлердi» жан-дүниесiмен ұғып отырған ақын бұлай сөйлемей, ендi қалай сөйлемек. Бұл өлең:
Бақ – иесiз, бап киесiз қалмақ па?
Ей, ағайын, әруағыңды ардақта!
... Арқа сүйеп темiр қоршау шарбаққа
Айналарын түсiндi ме әруаққа
Бiр қария жылап тұрды аулақта, –
деп аяқталады.
Кiмге қалай екенiн қайдам, мен үшiн айтар ойын ашып айтқан ақыннан гөрi, айтар ойын тұспалдап, астарлап айтқан ақын әлдеқайда жақын. Өйткенi астарлы ой оқырманның өзiн көбiрек ойландырып, көбiрек толғандырады. Қазақшалап айтқанда, оқырман үшiн шайнап бергеннен гөрi, өзi шайнаған әлдеқайда дәмдi, әлдеқайда құнарлы. Олай болса, темiр шарбаққа сүйенiп жылап тұрған қарияның iшкi иiрiмiне көз салып көрiңiз. Күнi ертең ол қария да әруаққа айналмақ, яғни жер астында, дәлiрек айтқанда, ыбырсыған тiрiлердiң аяғының астында күңiренiп, ыңырсып жатпақ. Ол сол үшiн жылайды. Мiне, ақынның тұспалдап айтып отырған ойы. Ерiксiз, сол қарияға деген, оның әруаққа айналатын фәнилiк тағдырына деген күйiнiштi сезiм сенiң бүкiл алпыс екi тамырыңды құтырта қуалап есеңгiретiп, сансыратып жiбергендей болады. Мына дүниеден осы сияқты мiсәпiр құбылыстарды көп көрген ақын «тамұқтамын күндiз, табыттамын түнде» деуге әбден хақы бар. Бiрақ ол еңсесiн түсiрiп, қысастықтың құрсауына қамалып, күйрей жығылып, орнынан тұра алмастай халге түсiп, опынып тұралап қал-майды. Ақын бәрiбiр әрекетте, бәрiбiр жолда. Өйткенi өмiрдi бұрынғыдан да тани, бұрынғыдан да бiле түсуi керек. Әрине, қатыгез заман мен қатыбас уақытпен келiсу үшiн де емес, кетiсу үшiн де емес. Күресу үшiн! Жалпы, мықты ақын ешуақта да өзi өмiр сүрiп жатқан заманмен келiспек емес. Тек күреспек! Жеңiлсе де күреспек! Сондықтан да ол жолда, сондықтан да ол әрекетте.
Асағандарға қасасып,
Қашағандарға төс ашып,
Көргiсiз көрден қос асып,
Белгiсiз белден бас асып,
Оралмас жерге жол алдым,
Бола алмас жерде боп алдым.
Моламның өттiм жанынан
Оған да бiр күн соғармын.
Ендi оның моласының да жанына аядауға мұршасы жоқ. Бәрiн бiлу керек, бәрiн көру керек. Ендi ол «нән өтiрiк – мiнбеде, нағыз шындық – төменде» екенiн ұғу үшiн де, «ит жетектеп барады әлдебiреу, жетегiнде бiз жүрмiз ит-өмiрдiң» деп апшу үшiн де, «iшқұсалық зарпымен iшкен уы басқа екенiн Абайдың» деп тереңiрек үңiлу үшiн де өмiр сүруi керек.
Бақытжан өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң әрi салалас, әрi құрамдас екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiмен, бүкiл тамыр-талшығымен сергек сезiнетiн ақын. Осы сөздерiмiздiң куәсi ретiнде оның бiр өлеңiн сәл ұзақтау болса да тұтас келтiргiм келiп тұр.
Бәз-баяғы келер күн мен өткен күн,
Таныс маған гүлi әнебiр көктемнiң.
Мен осыдан екi жүз жыл бұрын да
Жер бетiнде өмiр сүрiп кеткенмiн.
Мұным, сiрә, боп көрiнер, сiрә, аңыз,
Сенбесеңiз табиғаттан сұраңыз.
Дәл осыдан екi ғасыр бұрын да
Маған өле ғашық болған мына қыз.
Ауық-ауық күрсiнетiн ана аспан,
Анау таулар көк аспанмен таласқан.
Баяғыда-ақ кейiпкер боп жырыма
Содан берi мәңгiлiкке жол ашқан.
Тау мен тасты өлең еткен сол ақын,
Бүгiнде де әйгiлеген жоқ атын.
Баяғыдай жұрт та...
Бiрақ, ол кезде
Ездерiнен ерлерi көп болатын.
Тәңiрiнен тiрiлiгiн тiлеген,
Жұрт сөзiнен таппаған соң тiрек, ем,
Күлтегiндей күллi жаһан бiлсiн деп
Жартасқа ойып жазғам сосын бiр өлең.
Сол өлеңнен әлi күнге жоқ дерек,
Көркем сөздi етпеген соң көп керек.
Жер бетiнде жүрiп-жүрiп бiр күнi
Ғарыш жаққа кетiп қалғам өкпелеп.
Едi, мендегi мұңға ғашық
кәрi өлке,
Таңғалғыштау жүрегiмдi тағы өрте.
Үлгермеген жырларымды жалғасам
Деген едiм, келдiм бiлем сәл ерте.
Жұлдыздардың аржағынан жобалап
Уақытыңнан жаңылысқан жаман-ақ.
Талай жылдан таныс болған қара жер,
Тәнiм саған аманат,
Қайтып келгенше...
Әттең, жадың берiк болса, жаттап-ақ алатын өлең.
Бақытжанның көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Ол өлеңдерге бiз бұл жолы аялдай алмадық. Бiрақ ол өлеңдердегi тұнып тұрған сезiмге бiр сүңгiп шықтық. Бақытжанның ол махаббат әлемi бiрде тып-тынық күндегi көлдей мөлдiреп, бiрде құтырған дауылды күнгi құмдай бұрқырап, бiрде сыңарынан айрылған аққудай сұңғағын созып сұңқылдап, бiрде бұлттай көшiп, ендi бiрде арнасынан асып-тасыған өзендей сарқырап... жатқан әлем екен.
Бiз бұл мақалада оның тек өз ыңғайымыз бен өзiмiздiң оңтайлы тұсы-мызға келетiн өлеңдерiне ғана тоқталдық.
«КҮРСIНУМЕН КҮН ӨТIП, ӨКIНУМЕН ӨТТI ТҮН»
Айым туып солымнан
Адасайын жолымнан.
Жетi басты жалмауыз
Жетелесiн қолымнан
Қу жиылсын қасыма,
У бұйырсын асыма!
Бұлдырықтай оқ жаусын
Жұдырықтай басыма.
Маңдай терiм құрысып,
Самай терiм тырысып! –
Жат жерiнде жатайын
Өз-өзiммен ұрысып!
Тақтан тайсын тақымым,
Жатқа айналсын жақыным.
Өмiрем қап өлеңiм
Адыра қап ақылым!
Жүйкем жүндей бұрқыра,
Шыбын жаным шырқыра!
Итiм өлiп iшiмде
Иiсi шықсын сыртыма!
Отыз омыртқам үзiлiп
Қырық қабырғам қақыра!
Iбiлiстiң iлiмiне қызығып,
Кiр тигiзсем,
Тiл тигiзсем
Ақын деген атыма! –
дейдi тегеурiндi талант иесi Алмас Темiрбай.
Шiреп тартылып қозыжауырын жебе ұшырған адырнадай аңырап немесе атылар кездегi жыландай ширатыла бүктетiлiп, шиыршық атып немесе тастақ жерде тұлпар тұяғындай дүбiрлеп немесе тау домалаған тастардай сатырлап естiлетiн бұл өлең, сөз жоқ, кез-келген анатологияның райын кiргiзiп, шырайын келтiретiн, ажарын асыратын мықты-ақ өлең.
Бiз өз өмiрiмiзде талай-талай серт те, талай-талай ант та естiп келе жатырмыз. Әсiресе, кейiнгi кезде алтынмен аптап, күмiспен күптеген ертегiдей ғажайып орда-сарайларда кекiрейiп кердеңдеген әлдекiмдер пәпкiсiн жайып, көзiлдiрiгiн жөндеп халыққа қамқор болам, елге қызмет етем деп ант-су iшiп жатады. Бiрақ олар берген анттарының үдесiнен шыға алмайды. Олардан берген анттарыңның үдесiнен неге шықпадыңдар деп сұрап жатқан ешкiм жоқ. Сөйтiп қасиеттi ант сөзiнiң де құтын қашырып, қадiрiн ұшырып бiткендей ек. Тағы да ол ант пен серттердiң сөздерi де қандай жадағай, қандай құрғақ едi десеңiзшi! Сүйек жұтқандай өңешiңдi орып жiберетiн.
Алмастың мына өлеңiн оқи отырып қадiрi ұшып, құты қашып кеткен, үлкен әрiппен жазылуға тиiс Антпен құштарлана қайта қауышқандай болдық. Құдай алдында тұрғандай қарғанып тұрып, айтылған дұғадай естiлетiн үлкен ақындық тегеурiнмен, ақындық шабытпен айтылған мұндай Ант пен серттi бұрын-соңды естiмеген екенбiз. Шығарып салу үшiн айтыла салған жай сөз емес, көктiң төсiнен үзiлiп ұшқан жай оғындай сөз екенiн бiрден-ақ ұғасыз.
Алмас Темiрбай сөздiң иiнiн де, иiрiмiн де, екпiнiн де, тепкiнiн де, құрылысын да, құбылысын да жете меңгерген ақын. Ол тiптi кез-келген сөздiң өмiрден алатын үлес салмағын ғана бiлiп қоймайды, кейде сол сөздердiң құрамын жаңа элементтермен байытып, оны бұрынғыдан да салмақтандырып, бұрынғыдан да сән-салтанатын келтiрiп құбылтып жiбере алады.
Алмастың екi жыр жинағына алғысөз жазған қазақ поэзиясының үлкен өкiлдерi болып саналатын, iрi талант иелерi Серiк Ақсұңқарұлы мен Есенғали Раушановтар да оның поэзиясына тәнтi екендiктерiн жасыра алмапты. Серiк айтады: «Адамзаттың алтын рухани бекетi – ұлы Мәртебелi поэзияға ақын атаулы екi жолмен келiп ат шалдырған. Бiреулер өлеңге өлеңнен келедi. Бiреулер өмiрден келедi. Алмас Темiрбай өлеңге өмiрден келген ақын. Ойы – ордалы, сезiмiнде селкеу жоқ. Шығармашылығы – өмiрдiң өзiндей шынайы. Жаттандылықтан ада. Өмiрдiң өзiндей қайнаған қайшылықтарға толы. Тақпақ оқымай, өлең оқып отырғаныңды бiрден сезесiң». Ендi Есенғали айтады: «Көкшетау бiр таза жер перi жүрген, мұнда жоқ жын мен сайтан өрiп жүрген» – деушi едi ғой Iлияс Жансүгiров. Алмастың өлеңдерiн оқығанда осы жолдар ойымызға орала бередi. Жаны таза, рухы биiк, дүниеауи заттарға алданбаған, былғанбаған жас жүректiң лүпiлi сезiледi бұл өлеңдерден. Кейде таң-тамаша қалдырып, кейде көзiңе жас үйiрiп, кейде ерiксiз езу тарттыратын таза жырлар бұл. Оның үстiне, Алмас Алматыдан шалғай жүрсе де, бәлкiм, ұстаздары тәуiр болды, әлде өзiнiң алғырлығы болар, техникасы және содан туындайтын барлық шартты және шартты емес мiндеттердi шебер меңгерiп алыпты. Бәрекелдi, деймiз оған!» Осылайша екi ағасы да Алмасқа өздерiнiң жүрекжарды пiкiрлерiн бiлдiрiптi.
Алмастың өмiрдi танып-бiлуi де тосын. Тосындығы – айналадағы құбылыстарды тосын образ, тосын метафора, тосын тiркестер арқылы ашатындығы.
Деп ойлап ем: «дүниенi iзгi етем».
Сорлылықтың сорақысы бiзде екен.
Еркекшораң ер болам деп еркiнсiп,
Қыздан бетер қылымсиды қызтекең.
Ит тiрлiк-ай, ала көздi ақшиттың,
Мен – өлiгiн көрсетпейтiн жақсы итпiн.
Апырмай, ә, ақыл тiсiм шыққалы
Ақылсызға азуымды ақситтым.
Әсiлi ақын өлеңiн оқығанда оның астарына үңiлiп оқыған жақсы ғой. Мұн
дағы ақын айтып отырған «еркеꬬшораң» мен «қызтекең» тек табиғи кеселдi кесапатқа ұшыраған кемтар, мiскiн жан иелерi емес. Мәселе төркiнi – әрiде. Ақынның айтып отырғаны рухани «еркекшоралар» мен рухани «қыз¬текелер». Дәл қазiр мына дүниеде мәрт сөзi де жоқ, шалт iсi де жоқ кiлең бiр аяр жүздi, әлемiш тiлдi қылымсыған қызтекелер мен тәйтiк еркекшоралар қаптап бара жатқан жоқ па? Ондай сәтте «ақыл тiлi шыққан» ақын «ақылсызға азу тiсiн ақситпай» тұра ала ма?!
Шын ақын, әдетте, қолына қалам ұстап, алдына қағаз жайған күннен бастап өзiн-өзi iздеуi керек. Болдым-бiттiм деп бұтына толып iзденiстен қол үзген күнi ақынның да күнi бiтедi. Ақын үшiн «айы солынан туған» күн – сол күн. Алмас, сөз жоқ, iзденiстiң ақыны, яғни өзiн-өзi iздеп жүрген ақын. Оның iзденiсi де өзгешелеу болып шықты. Байқасаңыз, ол өзiн «өлiлер мен тiрiлерден» сыр тартып iздейдi екен. Әлдеқайда қомақты, тамырлы, тәлiмдi iзденiс. Өзiн-өзi iздеп жүрген ақында аса ұлы жауапкершiлiк болуға тиiс. Алмаста сондай жауапкершiлiк бар. «Қолыма қалам алсам, ұғады iшiм, үстiнде қылкөпiрдiң тұрғанымды» дейдi ол. Әдетте, Алла тағала алдындағы ақиқат – қылкөпiрдiң үстiнде ғана айтылмақ.
Алмаста иманды жырлар, мұсылманшылыққа уағыздайтын жырлар молынан кездеседi. Бiрақ ол уағыз өлеңдер таңдайы тақылдап тұрған құрғақ ақыл мен нақыл емес, тереңнен ырғап сөйлейтiн, қолыңмен ұстағандай немесе көзiңмен көрiп тұрғандай әсер ететiн бейнелi сөздер.
Шақырғанын шалып қалды құлағым,
Бұрын қайдан естiп едiм бұл үндi?
...Мен құдайға жақындап ем бiр адым,
Құдай маған құшақ жая жүгiрдi.
Құдайды кiм көрiптi дейсiң?! Бұл жердегi әңгiме Құдайды көру, көрмеуде емес. Бұл жердегi әңгiме – Алла тағаланың өзiнiң құл-пенделерiне деген ықыласында. Бiз Құдайға өз iс, өз әрекетiмiзбен бiр адым жақындай аламыз ба!? Жақындасаң, онда Алла тағала ықыласы да сен жаққа аумақ. Бiрақ бұл уағызды дәл осылай айтсаң не болады. Қуаты жоқ құрғақ сөз боп қана шығады. Ал оны қимыл-қаракетке түсiрiп, көз алдыңа келтiрiп сөйлесең, оның әсер-ықпалы әлдеқайда зор болмақ.
Алмастың тағы бiр ерекшелiгi, ол әрi сиқырлы, әрi құпия дүние тылсымына ден қоя бiлетiн, құлақ тiге бiлетiн ақын. Оның бүкiл болмыс-бiтiмi, жан-жүрегi аса бiр сезiмтал мембрана секiлдi сәл нәрсеге де селт ете түсетiн өте сергек.
Түнгi дыбыстар,
Түрлi дыбыстар,
Өлi үндер мен
Тiрi тыныстар.
Үннiң мұңы бар,
Бұны кiм ұғар?!
Жаның оянып,
Тәнiң тынығар.
Бiреу бұлқынар,
Бiреу жұлқынар.
Жансыз ыңылдар,
Арсыз ыңқылдар.
Түнгi дыбыстар,
Түрлi дыбыстар,
Ащы қорылдар,
Тәттi сыбыстар...
Бiрде үйлесiм мен жарасымнан, ендi бiрде кереғарлық пен қайшылықтан тұратын осынау дыбыстар мен сыбыстарды тыңдап, сол дыбыстар мен сыбыстардан сенiң де сонау жан түкпiрiңде жатқан әлдеқандай бiр аңсар мұң мен кәусар жырлар самал шайқаған шөптей сiлкiнiп қап, содан айналаңды дiрiл мен гуiлге толтырып жiберетiн, тiлмен айтып жеткiзе алмайтын құпия сыр мен гәп оянып кеткендей.
Бұл – Алмастың дүние дыбыстарын поэтикалық болмыспен есiте бiлуi. Рухани саққұлақтығы. Ол сонымен бiрге, айнала ортаны поэтикалық құлақпен есiтiп қана қоймайды, поэтикалық көзбен көре де бiледi. Яғни, айналадағы қарапайым тiршiлiк, тiптi, жансыз заттарыңыздың өзi жанды поэтикалық кейiпкерге айналып шыға келедi.
Әлдекiмнiң жетi атасын тiлдедi.
Әлдеқайдан әңгүдiк, мас жел келiп.
Қайда қашып құтыларын бiлмедi
Қыз Қайың мен кәрi Терек сенделiп.
Бiр-ақ шумақ осы жолдарда қаншама қимыл-қозғалыс, қаншама драма жатыр. «Әңгүдiк, мас жел» келiп, әлек салып, жүндей түтiп жiбергiсi кеп жұлқылап жатқанда қорғансыз «қыз Қайың мен кәрi Теректiң» теңселiп, сенделiп кеткенiн көрiп сенiң жан-жүрегiңнiң түкпiрiнде аяушылық сезiмi аласұрары хақ.
Бұл тек табиғат драмасы ғана емес, өмiр драмасы да!
Бұл түнгi драма әлi бiткен жоқ. Ендi ақын «терезесiнен телмiрiп қарап тұрған түндi» аңғарады. Қап-қара түннiң де тыныштығы қашып, берекесi кеткен. Сонан кейiн ол «шақырайған шамды түгел сөндiрiп, түндi сосын алдым үйге шақырып» дейдi. Ақын ендi Түнмен бiрге жатыр. Бiрақ оның жаны бәрiбiр дегбiрсiз. Амалы таусылған. Өйткенi ол жел өтiнде қалып «дiр-дiр еткен Дүниенi бiр бөлмеге сыйғыза алмай» қауқарсыз халге түскен.
Алмас заман арқылы адамның, адам арқылы заманның бейнесiн нақты бiр штрих, дәйектi бiр детальдар арқылы салуға құмар-ақ. Онысы көбiне сәттi шығады. Туған ауылында он жыл бойы болмаған бiр азамат, күндердiң күнiнде «Тайотасын» мiнiп құйғытып келе жатады. Көз алдында баяғы ауылдың дарқан да қонақжай мiнезi. Топы¬рағына мейiрi қанғанша аунап-қунап, «жал мен жая жемекшi. Мiне, жақындап та қалды. Қараса, туған жерi ит тартып кеткен тулаққа айналыпты. Ал ауыл ше?»
Көшi қайда ауылымның мақпалдай,
Көршi қайда қыз қылықты, ақ маңдай?..
Сол бiр сәтте сезiндi өзiн, үйге емес
Зиратқа бiр кiрiп келе жатқандай...
Ащы шындық. Мына көрiнiстi көрiп сенiң де тамағың құрғап, алқымыңа әлдене кептелiп қалғандай... Өйткенi бұл көрiнiс – кеше ғана бәрiмiз көрген көрiнiс. Алмастың, бәлкiм, кейде «күрсiнумен күн өттi, өкiнумен өттi түн» деуi содан ба?! Кiм бiлсiн...
«ҰЙЫҚТАП КЕТ, ҚАЙҒЫ, СЕН ДЕ ЕНДI»
Нағыз ақын, сөз жоқ, ең алдымен, әдiлдiктiң жоқтаушысы, шындықтың ту көтерушiсi. Олай болмады ма, онда ол, жүрегi жарылып кетсе де айту керек, ақын емес! Солай бола тұра, бiз кейде жақсы бiр теңеуi үшiн, сәттi бiр образы үшiн «па, шiркiн, мына бала құйылып тұрған ақын ғой» деп таңдайымызды қағып тамсанып, тiптi, бұрын-соңды басқа өлең оқымағандай тебiренiп, емiренiп кететiнiмiз өтiрiк емес. Әрине, жақсы теңеусiз, жақсы образсыз, тосын сөз тiркестерiнсiз жақсы өлең болмайды. Бiрақ ол өлеңдерде шындық пен рух болмаса, әлгi айтқан жақсы теңеуiңiз де, сәттi образыңыз да, тосын тiркестерiңiз де жай ғана әлемiш, жансыз иллюстрациялар ғана болып шықпақ. Сондықтан әдебиеттiң табалдырығын аттаған әр бiр жас, алдымен ақынның сол мiндетi мен парызын бiлiп алуы тиiс. Танакөз Толқынқызы әдебиетке ақынның сол парызы мен борышын бiлiп келген екен.
Ақын деген кiм дейдi?
Махамбетпiз бiз деген Жәңгiрлердi жылатқан.
Бұхар жырау боламыз бұқараны жұбатқан.
Ойхой, бiздер Абаймыз, абайлаңыз ендеше,
Рысқұлбеков Қайратпыз ұлы Одақты құлатқан.
Ақын деген кiм дейдi?
Қасымбыз ғой бiз деген Алматыға сыймаған.
Төлегенбiз бiз деген тәңiр тегiн сыйлаған.
«Мен – қазақ» деп жар салған Жұбан да бiз боламыз.
Тағдырменен тартысып, тайталасын тыймаған.
Ақын деген кiм дейдi?
Танытады көкесiн талайлардың ол әлi.
Мұқағали секiлдi поэзиямыз шоң әлi.
Танымасаң, танып қой, дәл Құдайдың қонағы.
Ақын деген, қарағым, мiне осылар болады.
Рас қой. Ақын деген, мiне, осылай болу керек. Елдiң көзi, Елдiң сөзi! Ол ешқашан да әлдекiмдердiң қолына су құйып, ешкiмнiң де майлық-сулығы бола алмайды. Ешкiмнiң де алдында бүгежектемей, ешкiмнен де тайсалмай, айтатынын айтып тынбақ. Сонда ғана оның көңiлi тыншып, сонда ғана оның жан сарайы ашылады. Сонда ғана ол өзiне-өзi риза болады. Әрине, шындықты айту оңай емес. Оның өтеуi ауыр болуы мүмкiн. Оны айтам деп азапқа да, тұзаққа да түсуiң кәдiк. Солай бола тұра нағыз ақын шындықты айтып қана опа табады. Танакөздiң «шындықты айту – ол үлкен бақыттылық» деуi сондықтан.
Шындықты айта алатын адам, әдетте, өр, өршiл, өжет болып келедi. Танакөз өлеңдерi де өршiлдiк пен өжеттiктен туып жатады екен. «Бiз таулықпыз!» деп шың үстiнде тұрғандай асқақ сөйлеуi, мына жалпақ дүниеге биiктен қарауы содан болса керек. «Ей, Таулар! Құдай бiзге берген сенi, бiр күнi кетпесiн деп аласарып» деуi бiздiң бұл сөзiмiзге куә.
Мағынасын аша алмай аяттардың
Тағы да бiр ғасыр аяқталды.
Бостандықта қаңғырған, босқындар-ау,
Тағдырымыз нелiктен таяқталды?!
Мағынасын аша алмай сүрелердiң
Iбiлiстiң ғасыры жүре бердiң.
Ұрандардан тапталып бiттi жүрек
Құранменен келедi түрегелгiм.
Мiнеки, кешегi, бүгiнгi күн суреттерi. Басқа-басқа, «бостандықта қаңғырып босқын» болудан аянышты хал бола ма?! Не аяттың, не сүренiң мағынасын аша алмай, не бостандықты танып-бiле алмай дәлдүрiш болудан өткен сорлылық бар ма екен?! Шындық па? Шындық. Бетiмiзге шыжғырып басу ма? Шыжғырып басу.
Танакөз, әлiгiнде айтып өткендей, қайта-қайта өзiнiң таулық екенiн еске салумен болады. Ол таудан қайрат пен күш, өрлiк пен асқақтық алғанын, сондықтан да аласарып өмiр сүре алмайтынын, жақсы әннiң қайырмасындай қайталап отырумен бiрге, таудың мен дегенде түйткiлi немесе күмән-күдiгi жоқ па екен дегендей кейде именiп, кейде тартынып сөйлеуге мәжбүр. Өйткенi ол Тау ғой! Қанша өршiл болсаң да қиясына шығарып ұясында өсiрген Тауға өжектей беруге болмайды.
Ей, таулар, басы бұлттан арылмас көп,
Сенiмен ақын жыры сарындас деп
Өзiңдi құшақтаймын жүрегiммен
Сен маған қарайсың ба, қарындас деп.
Өзiңе не басты қаратам деп,
Құйынын құлшыныстың боратам деп,
Мен сенi әке көрiп масаттанам
Сен маған қарайсың ба, балапан деп.
Паң көркiң балаң тiлдi керi күрмеп,
Айтуға дәт жетпейдi серiгiм деп.
Мен сенi шеше көрiп еркелеймiн
Сен маған қарайсың ба, елiгiм деп.
Бетiңнен сүйгiм келдi ақырын кеп
Бұлтыңа жантаймақпын жақыным деп.
Мен сенi Муза көрiп таңырқаймын
Сен маған қарайсың ба, ақыным деп.
Апыр-ау, әншейiнде адамның жанын жегiдей жеп жiберетiн күмән-күдiгiңiз соншалықты кесапатты, кеселдi құбылыс емес екен ғой. Күдiк пен күмән дегенiңiз кейде осы мен, алақанына сап елбiретiп өсiрген туған ел мен желбiретiп төбесiне көтерген туған жердiң сенiмiнен шығып, ниетiн ақтап жүрмiн бе деп өзiне сын көзiмен қарататын сарабдал да құбылыс екен ғой. «Таудың бетiнен ақырын кеп» сүйе алатын, оны әкесi мен шешесiндей көре алатын Танакөздiң мақсаты да үлкен, мұраты да биiк. Ендi оның өзi де тауға айналғысы келедi.
Мен тау болам,
Жараланса жүрегiм,
Ақ тұманнан табам оның бiр емiн.
Аппақ бұлтты дәке етiп ораймын
Жүрегiмнiң қанға бөккен сiлемiн.
Мен тау болам,
Үнсiз жиям күйiктi.
Күн бiрiншi содан менi сүйiптi.
Ескерткiш боп тұрам мәңгi мұнартып
Ажыратып аласа мен биiктi.
Осындай өрлiк пен биiктiкке қол созған ақын басынан талай-талай тағдырлы сәттердiң өтуi заңды болса керек. Ол да қамығырылып қамыққан, омырылып тарыққан. Тапқанын жоғалтқан, барынан айырылған. Бiрақ оның бәрiн ол өмiр берген сабақ, тағдыр берген дәрiс деп қабылдаған. Сондықтан ол «жаныма батса жеке мiн, жабырқап, жүдеп кетемiн. Қайғы ғой бiрақ танытқан – бақыттың қандай екенiн» деп философиялық мән мен мағына табады. Ал мұндай мән мен мағыналы қорытынды жасау үшiн ақын қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өту керек десеңiзшi! Қайғының қаншалықты ауыр екенiн сезiне бiлген жан, оны ешкiмге тiлемейтiн адам тосын әрекеттерге, тiптi, қиял жете бермейтiн құбылысқа айналады. Әрине, ол тек шын ақынның ғана қолынан келмек. Сөзiмiз құр сөз боп қалмас үшiн Тана¬көздiң мына бiр өлеңiн тұтас оқиықшы.
Ренжiтпес үшiн тұл құзды
Күшiмдi барлық жұмсағам.
Мойныма тағып жұлдызды,
Тұрмысқа шықтым, түн, саған.
Игерiп түннiң сиқырын,
Ұйықтаттым барлық жандарды.
Керегiн сонда ұйқының
Бұл әлем сонда аңғарды.
Кеудемде менiң қалғыды,
Ауылдар, алып қалалар.
Тыныштығымды аңдыды
Өзендi құшқан сағалар.
Әнiмнен дала мүлгiдi
Барлығын ұйқы жеңген-дi.
Даладан алып үлгiнi
Ұйықтап кет, қайғы, сен де ендi.
Күнге де емес, жұлдызға да емес, түнге тұрмысқа шыққан арудың тiлегi қандай ауқымды, ниетi қандай iрi?! Алып анаға айналып дүниенi бауырына алып, оны тыныштық құшағына енгiзiп жiберiп, қайғыны да ұйықтатпақ боп тербетiп отырғандай. Осындай ақ адал тiлекпен, осындай сүттей аппақ ниетпен өмiр сүретiн ақынның арамызда жүргенi қандай жақсы!
«СЕРГЕЛДЕҢ ЕТПЕЙ СЕРТIМДI
НЕ ЖОЛҒА БАСТА, НЕ СОРҒА»
Айнұр Әбдiрасылқызының «Мезгiлсiз дәурен» атты шағын жыр жинағына алғысөз жазған кескектi ердiң сойындай тегеурiндi ақынымыз Фариза Оңғарсынова былай дептi: «Александр Пушкин жазған екен: «...егер мұңы болмаса, ол поэзия болмайды деп. Айнұр ақынның өлеңдерiнде мұң көп, яғни ол – Ақын, өйткенi мұңсыз ақын болмайды».
Әрине, Пушкин соқтықпалы заманның қай-қайсысында да солқ еткiзiп соғып өтетiн ауыртпалыққа қайрат көрсете алмай үнжұрғасы түсiп, мойнына су кетiп, мұңның мұнарына кiрiп, қайғының қалың тұманында адасып кететiн әрекетсiз ақын туралы айтып отырған жоқ. Қандай бiр ауыртпалық заманда да бел шешiп, бiлек сыбанып күреске кiрiсiп кететiн әрекетi бар ақын туралы айтып отыр. Яғни, Пушкин мұңды ақын жанын қозғалысқа түсiретiн күш деп бiлген.
Фариза ақын айтса айтқандай, Айнұр өлеңдерiнде мұңды өлеңдер, уайымды жырлар жетерлiк-ақ екен. Айнұр, бейне бiр, мұңмен кiндiктес, тiптi мұң¬мен егiз туғандай. Одан да дәлiрек айтсақ, көңiлдi де, көздi де қатар арбайтын қызылды-жасылды көп гүлдердiң iшiнде күңгiрттеу қоңырқай бояуын iшiне тартып өзiнен-өзi тұмшаланып алған Мұңлықгүл секiлдi.
Әлгiнде айттық қой, мұң мен уайым деген кейбiр ақын үшiн қозғаушы күш деп. Бұл сөз Айнұр үшiн де айтылған. Әрине, ол өзiне-өзi қаншама тұмшаланып алып тұнжырап тұрса да, бәрiбiр айналасына мұңын да шашпай, сырын да ашпай тұра алмайды. Тағы да ол мұң өзiнiң қарақан басының қамын қамдап, жайын жайғаудан туған мұң емес қой. Оның мұңы – халық қамын жеуден, ұлтының ертеңiн ойлаудан, елдiң иығына түскен зiл батпан ауыртпалықты қайтсем жеңiлдетем деген кiсiлiктен туған үлкен Азаматтық мұң.
Таусылып бiтпес толғауым,
Тарқалып бiтпес шеменiм!
Түнектiң көрдiң торлауын
Есiңдi жишы, ер елiм!!!
Тұсалар тұсқа таядың:
Тегiне тартар түрiң жоқ.
Аңдасаң еттi, аяулым,
Мiнезсiз ұлттың мұңы көп.
Бұл жолдар, сөз жоқ, бәрiмiздiң өзегiмiздi өртеп, бәрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйегiмiздi кемiрiп жатқан ойлармен жымдас, үндес қой. Жанымызды жеп жүрген ол ойлар осы өлең жолдарын оқыған кезде тағы да сенiң бойыңнан көл бетiнен әлденеден дүрлiге үрiккен қаз-үйректердей ду етiп көтерiлiп шыға келмей ме?!
Мiне, дәл осы тұста ақын мiнезi, ақын позициясы айқын танылуға тиiс. Ол, не күлталқаны шығып күйреп, бас көтермей құмығып бүк түсiп жатып алу керек, на қайрат көрсетiп, дүр сiлкiнiп орнынан тұрып кетуi керек. Екiнiң бiрi. Басқа жол жоқ. Сүйсiнгенiмiз, Айнұр мiнезi – қайратты мiнез екен. Сондықтан да әлгi өлең:
Сезiмнiң сеншiл шегi жоқ:
Тұғырым, тiнiм, теңi жоқ!
Сен барда маған сему жоқ,
Мен барда саған өлiм жоқ! –
деп аяқталады. Бұл – нағыз ақын мiнезi. Ақын қызып тұрған табаға түскендей шыжғырылып, күйiп-пiсiп тұрса да күйгелек емес. Биiк, еңселi! Мiнезсiз елiнен түңiлу де, безiну де жоқ! Қайта ол өз елiнiң тамырын семдiрмейтiн де, өз елiнiң жарығын сөндiрмейтiн де күш-қуат көзi. Әсiресе, Айнұрдың өзiне деген, өзiнiң бойындағы қайратына деген сенiмiне тәнтi боласың. «Мен барда саған өлiм жоқ» деп тұр ғой ол. Неткен асқақ, iрi сөз! Мұндай асқақ, iрi сөздi iрi мiнездi ақындар ғана айта алса керек.
Айнұр секiлдi iрi мiнездi ақындардың, сөз жоқ, айнала қауымнан да ел алдында ту боп желбiрер, ел аузында ұран боп айтылар iрi мiнездi ұлан iздеуi заңды.
Құндылықтарың құнсыздап,
Құрдымның жайлап жиегiн,
Құмыққан кегi құр сыздап,
Есiл де елге кiм ие?!
Үлгiме тұтар үрдiс жат,
Тұғырсыз туған тұл емен.
Тектiден қалған туды ұстап
Бұрар ма көштi бiр ерен?!
... Тағдырдың таңы бозармай,
Таптырмай түнек жоғымды.
Көкжиек жақтан көз алмай
Күтумен келем жолыңды...
Парасатты ерiм, пiр тұлғам!
Ер салсаң атқа елтiнжал,
Ұл ермес болса ұлтымнан
Сабыңда тұрар сертiм бар!
Белгiңдi бiлдiр, бекем ер!
Жарағын жұртың сайласын.
Ғаламның рухын көтерер
Ғасырдың ұлы қайдасың?!
Көбiмiз айта алмай, бiрақ көкейiмiзде хатталып, көмейiмiзде жатталып жүрген сөз ғой бұл. Дәл қазiр бiздiң мына өмiрiмiзге қанында қазақтың рухшыл қаны атқақтаған, жанында қазақтың рухшыл жаны лапылдап тұрған, қарағайға қарсы бiткен, артық та туған бiр ұлан керек-ақ.
Мұндай жiлiк майы толық, жұлыны берiк, алмастай өткiр сөздi «толықсып тұрған заманның аш өзегiнен жаралған» ақын ғана айта алса керек. Сондықтан ол мына заманның бүкiл ауыртпалығын мойнына алуға, оны бүкiл тұла бойымен көтеруге әзiр. Тағы да ол жүктi қатар тұрып көтерiсуге өз замандастарын, өз буынын шақырады. Үндеп те, ұрандап та емес, әрине. Мiндеттеп, салмақ сала отырып!
Талқы-тағдыр тектiсiн тұлымдайды.
Көңiлiне көп түнеп ұрын-қайғы.
Қан кеш мейлi, қаза кеш, ей, замандас,
Бiздей буын ешқашан туылмайды!!!
Қайрай түссiн кегiңдi құйын-заман,
Сүйгенiне сақтаған сыйын далам:
Бiзден бұрын өткеннiң бәрiне де
Бiздей ауыр аманат бұйырмаған!
Мұндай емендей еңселi сөз айта алатын буынға сенбегенде, Құдай-ау, ендi кiмге сенесiз! Сондай аманатты арқалауға бел шешiп, бiлек сыбанып дайын тұрған буынның анттай адал, серттей берiк сөзiн естiгенде iштей шүкiршiлiк етiп ерiксiз «Тәубә, тәубе!» дейсiң.
Айнұр жалт-жұлт еткен әлемiш бояулы, жарқ-жұрқ еткен әсiреқызыл ойын-сауыққа алданып, оларға бой алдыра қоятын жан емес. Әйтпесе ол, «шаттығым шығар тым таяз, ал мұңым менiң – тереңде» демес едi ғой.
Қыл шылбырдай әбден ширығып, шиыршық атып алған мұндай жан, сөз жоқ, дауылды күнi астаң-кестең боп жатқан теңiзге де қойып кететiн тәуекелшiл жан. Алған бағыты, таңдаған жолы қайда апарады? Алдында не күтiп тұр? Қазiр оның бәрiн есепшотқа сап есептеуге, маршрутын сызып белгiлеп отыруға уақыты да жоқ, пейiл-зауқы да жоқ. Не болса да, айтқан бетiнен қайтпақ емес.
Тiрiден таппас тiректi
Өлiден iздеп өксiген,
Жұбатып жырау-жүректi
Жебеушiм болып жетшi, дем!
Естаңды болған еркiмнiң
Күрмеулi күйiн шеш, онда!
Сергелдең етпей сертiмдi
Не жолға баста, не сорға...
Мұндай кескектi ой мен кесiмдi сөздi әр адымын өлшеп, әр қимылын алдын ала пiшiп отыратын, өзiнiң қамын ғана күйттеп, өзiнiң жанын ғана ойлайтын мүсәпiр мiскiн, бейшара бейбақ айта алмайды. Елi мен жерi үшiн бәрiне де әзiр, тәуекелi зор, жiгерi серпiндi, намысы найзалы, өзегiнде өртi бар iрi мiнездi ақын ғана айта алмақ.
Бiр сөзбен айтқанда, Айнұр Әбдiрасылқызын бiз, қаншама ол «жолсыздықтан жаратылған екен мұң» деп тосылып қалса да, «азабым менiң ай-толғақ емес, жыл-толғақ» деп қиналса да, бәрiбiр мұңнан да қайрат табатын, шемен боп қатқан шерден де күш-қуат алатын қажырлы ақын ретiнде қабылдадық.
«КҮЗДIҢ СУЫҚ ЖОЛЫ ЕДIМ МЕН ЕГIЛГЕН»
Шынтуайтын айтқанда, әсiресе, тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдары әдебиетiмiзге үлкен олжалы көш келiп кiрдi. Тағы да ол тең-тең қазына арқалаған құтты керуен боп шықты. Құдай сәтiн салып, жолын оңғара берсе, ол керуен көшi үзiлмес, әлi де жалғаса берер деген ниеттемiз. Керуендi олжа деп отырғанымыз сыртта жүрген қандастарымыздың елге оралуымен бiрге, бiздiң әдебиетiмiз бен мәдениетiмiзге құйылып жатқан ақын-жазушылардың шығармалары. Әрине, бұл үрдiс алпысыншы жылдары басталған болатын. Сол жылдары келген қаламгерлердiң бiрқатары қазiргi қазақ әдебиетiнiң қадау-қадау iрi тұлғаларына айналып үлгердi. Қазiргi толассыз келiп жатқан жастардың iшiнен де күнi ертең-ақ iргелi қаламгерлер шығатынына өз басым еш шүбә келтiрмеймiн.
Бiрден айтарым, ол жастардың шығармаларын түгел қамтып сөйлеу мүмкiн емес. Сондықтан мен бұл жерде тек ел аузына iлiгiп, жұрт көзiне түсе бастаған үш-төрт ақын шығармаларына ғана тоқталмақпын. Менiң олардың әрқайсысына жеке-жеке мақала арнамай отырған себебiм, сөзiме арқау болып отырған ол ақындардың шығармаларының бәрi «Жапыраққа тұнған тамшылар» деп аталатын, едәуiр көлемдi жинаққа топтастырылған екен. Сондықтан мен де олардың өлеңдерiн бiр мақалада бiрге қарастырғанды жөн көрдiм.
Бiрден айтарымыз, олардың өлеңдерi де, негiзiнен, қазақ жерiнiң, қазақ елiнiң мұңымен мұңдас, сырымен сырлас болып келедi. Сырттан келгенбiз деген сырғақтық та, тосырқау да жоқ. Олардың бәрi де осы ел мен жердiң төл перзентiмiн, туа бiттi ұланымын деп сөйлейдi. Бiр дiңгектен шыққан бұтақтар секiлдi. Сөзiмiз дәйектi болу үшiн Ұларбек Дәлейдiң «Емханада» деген өлеңiндегi мына бiр жолдарын оқып көрейiк.
Бiреу жүр көтерiп анасын,
Бiреу жүр көтерiп баласын,
Кiм солай көтерiп емдетер
Қазақтың жаралы даласын.
Қарапайым ғана жолдар. Ит тартып кеткен бөстектей жұлым-жұлым, жырым-жырым боп жалбырап жатқан Қазақ даласының бүгiнгi таңдағы мүшкiл халiн күнделiктi бiлiп, көрiп отырған қай-қайсымыз да Ұларбектiң осы өлең жолдарын жанымыз күйзеле отырып қайталап айтқымыз-ақ келедi.
Ұларбектiң ата-баба топырағына деген сағынышы да аса зор, аса үлкен.
Қуанышым құм астына көмiлген
Ақын ем мен аянбаған өмiрден.
Күздiң сары жапырағы ем төгiлген,
Күздiң суық жасы едiм мен егiлген.
Бейуақта қарсы алдыңды кес-кестеп,
Бейуаз шақта жұлқыласа кешкi өкпек,
Саған деген махаббатым деп ойла
Жылап жатқан жапырақты етпеттеп.
Езiлiп, егiлiп тұрып айтылған осы бiр алғаусыз айтылған жүрекжарды махаббатқа қай-қайсымыздың сенбеуiмiз мүмкiн емес қой. Қаншама мұң мен сырды арқалап тұрған бұл жолдар тамыр-тамырыңды қуалап, жан-жүрегiңдi толқытып жiберерi хақ.
Жалпы, Ұларбек құлыптаулы жатқан құпиясы да, құйындай үйiрiлген құйтырқысы да көп мына өмiрдiң жұрт күтпеген тұсынан кеп тосын әрекеттер жасап, тосын сөздер айтуға құмар. Онысы көбiне-көп, өзiн-өзi ақтап та тұр
Түн келдi.
Тәттi шағын кiмге бердi?
Мен тұрмын жоғалтқандай бiрдеңемдi.
Сырлы өмiрдiң сыртынан бұғып барып
Бастап кеп жiберер ем дүрбелеңдi.
Бұл жолдардың сиқырлы қуаты сонда, сен де Ұларбекпен қосылып бұйығып жатқан мына өмiрдi бiр сiлкiп, бiр жұлқып оятып алу үшiн дүрбелеңдi бастап-ақ жiбергiң келедi. Енжар тартып, еңсесi түсiп бара жатқан елдiң бойында ереуiл тұрғызғың келедi.
Ұларбек жырларының тағы бiр менi сүйсiнткенi астарлы сыршылдығы. Ол өзiнiң сыры мен мұңын, зары мен шерiн жалаңаш, қасаң қалпында бере салмайды. Егер олай етсе, ол сыр мен мұң да, зар мен шер де бiздiң жүрегiмiзге сiңбес едi, жанымызға бойламас едi. Қасаң нәрсе қалай сiңiп, қалай бойласын! Мәселен, ол өз бойындағы мұң мен шердi қаһарлы қыстың қыспағында, боранды желдiң өтiнде қалған бақ арқылы бередi.
О, зарлы бақ, зарлы бақ!
Ояндың ба, өз қайғыңмен қалжырап.
Қарт теректiң қабағында қарыс мұң,
Қаусап бiткен иықтары салбырап.
О, зарлы бақ, жетiм бақ!
Сүркей күннен ояндыңдар не тыңдап?
Желiктi ме қыстың суық бораны
Сәби талдың аяқ-қолын отындап.
Өзiңдегi қасiреттi, қайғыны,
Түсiне алар адамдардың қай бiрi?!
Өлiп-өшiп құлады ма үстiне
Ақ кебiндi албастыдай Ай нұры.
Дүниеге тiрлiк отын маздатқан,
Көктем келер шуақ шашып жан-жақтан.
Жаудан қашқан жалғыз кемпiр секiлдi
Шашын жайып жоғалады қарлы ақпан.
Бұл тек қысқы бақ iшiнде болып жатқан драма ғана емес. Ақын жанында болып жатқан драма.
Осы жинаққа енген Тоқтарәлi Таңжарық та төгiлiп тұрған ақын екен.
Болған шығар болмашы еркелiгiм,
Еркелiгiм – екен ол келте күнiм.
Мен ендi кешегiге ертегiмiн,
Мен ендi бүгiнгiнiң ертеңiмiн.
Тегiн бiлiп келедi тентек ұлың, –
дептi ол өнердiң үлкен жолына шығарда әкесiнен бата сұрап.
Әлбетте, жас жiгiттiң махаббат тақырыбын айналып өтуi мүмкiн емес. Оның сүйгенiне деген ынтық пен ынтызарлыққа толы сезiмi таудың бөктерiнен көшкен тұманнан қалған шықтай мөп-мөлдiр, тап-таза. Мөп-мөлдiр, тап-таза ол шықтар ақырын ғана соққан самал желден мөлтең-мөлтең еткен самал желден үзiлiп кетердей дiр-дiр етедi.
Өзiңе бұйырғым келедi, сыр болып.
Көзiңе құйылғым келедi, нұр болып.
Шашыңды тарағым келедi, жел болып.
Өзiңе қарағым келедi, сен болып.
Өзiңе жеткiм келедi, үш аттап,
Өзiңдi өпкiм келедi құшақтап.
Мойныңа асылғым келедi. бiлек боп.
Кеудеңе бас ұрғым келедi жүрек боп.
Сенiң күйгiм келедi, отыңа,
Сенi сүйгiм келедi, шошыма...
Жүректiң ең бiр алыс түкпiрiнен лақ етiп төгiлiп, сол қалпында құйыла салған жыр ғой бұл. Дәл осындай ынтызар халдi, Құдай бiледi, бәрiмiз де жас кезiмiзде басымыздан өткердiк қой. Сол ынтызар ыстық халдi Тоқтарәлi тап-тұйнақтай етiп тамжылытып-ақ қағазға түсiрген екен.
Тоқтарәлiнiң айнала құбылыстарға құлағы түрiк, көзi жiтi. Не нәрсенi де қалт жiбермей қағып алады. Тағы да сол көргенiн оқалы образбен орап, бедерлi бейнелi сөзге бөлеп көрсете алады.
Оқушылар қайтқандай мектебiнен
Құстар қайтып барады лек-легiмен.
Әжем менiң көз тiктi көк аспанға
Айырылғандай көңiлдiң көктемiнен.
Тоқтарәлiнiң құстардың қайтқанын мектебiнен қайтқан оқушыларға теңеуi қандай әдемi болса, сол құстарға қарап тұрып көңiлдiң көктемiнен айырылған қарт әженiң бейнесi қандай аянышты. Тiршiлiктен озып бара жатқан қарт әженiң көңiл-күйiн құстардың қайтқанымен астастыра айтылуы жаныңа мұң ұялатар жарасымды шыққан. Бұл өлең:
Күйзелумен батты да күрсiнiп күн,
Жапты өлкенi жабырқау түршiгiп түн.
Мысы қайтып барады қарт әжемнiң,
Құсы қайтып барады тiршiлiктiң.
Ендi бұл өлең бiз ойлағаннан да әрiрек, яғни жан-жүрегiмiздiң қалта-рыс-түкпiрлерiн аралап кететiн мән мен мағынаға ие болды. Қарт әже көңiлiнiң көктемiнен ғана айырылып қоймай, күшi де, құсы да қайтқан тiршiлiк иесiне айналды. Образ тұтас сомдалып шықты.
Бiз сөзiмiздiң бас жағында Тоқтарәлiнiң құлағы түрiк, көзi жiтi деп айтқан болатынбыз. Сол сөзiмiзге тағы бiр дәлелдей оның әдемi бiр өлеңi бар. Ол өлеңге талдау жасап, түсiнiктеме берiп жатудың тiптi де қажетi жоқ. Оны тек оқып шығып, тұла бойыңмен сезiнуiң керек.
Жатырмын ұйқым келмей,
Бойымды билеп алды сиқыр нендей!
...Беймаза шақтарыма жартыкеш ай
Әйнектен сығалайды сүйсiнгендей.
Қадайды өңменiмен сұғын қайғы,
Жұлдыздар да үн-түнсiз жымыңдайды.
Қос құлағым нелiктен шыңылдайды,
Сыбырлайды,
Әлдене сыбырлайды.
Бұл түннiң сұсы қандай?
Бәйекпiн өзiме өзiм түсiне алмай.
Жұп-жұмыр жұдырықтай жүрегiмде
Ғаламның ғаламат бiр күшi бардай.
Мұң деген сары күшiк,
Санамда сарпалдаң боп сабылысып.
Көз алдыма бiр бейне елестейдi
Ақ жүзi ай нұрымен шағылысып.
Жатырмын ұйқым келмей,
Көкiрегiм кей сәтте күрсiнгендей.
Менiң нәзiк жанымда,
Ой, тәйiр-ай,
Бар екен тылсым нендей?!
Жатырмын ұйқым келмей.
Ұларбек пен Тоқтарәлiнiң замандас құрбысы болып саналатын Нұрбәтима Байтұрсынқызының да өлең мен өмiр жайлы айтатыны көп екен. Тiптi, әлi жап-жас бола тұра. Әсiлi, өмiр жайлы сөйлеу тек өмiрлiк тәжiрибесi мол, көрген-түйгенi көп жандардың ғана еншiсiнде болмаса керек. Өйткенi кейде өмiр тәжiрибесi мол жандардың iшiнде де өмiр жайлы жарытып ештеңе айта алмайтындары болады. Ал кейде өрiмдей жас, әлi оң-солын танып-бiлмеген дейтiн өскелең ұрпақтың сарабдал сақа адамдардан да бетер бәрiн көрiп, бәрiн бiлiп қойғандай сөйлейтiндерi аз емес. Тағы да ол сөздерi сенi сендiрiп, баурап алатындарын қайтерсiң?! Бұл да бiр ақын бойындағы таланттың құпия бiр құбылысы болса керек.
Өмiрдiң мынау соқпақтарымен,
Келемiн кейде от қапталымен, –
дептi бiр өлеңiнде Нұрбәтима.
Нұрбәтиманың алдына қойған мақсаты да үлкен, арманы да биiк. Қа-зiр ол сол мақсаттың үдесiнен шығуға, арман биiгiнен табылуға құштар. Зор әрекет үстiнде. Оған мына төмендегi жолдар куә.
Күндер күңгiр,
Өмiр мынау бұлыңғыр.
Қайтсiн жүрек сол елестi қуып жүр.
Ұмыт болмай, үмiт болып үлбiреп,
Қолға түспей торға түскен сезiм бұл.
Құс ұшпады.
Қарлығаш та келмедi.
Сағынышты түсiнбедi-ау мендегi.
Көктем болып,
Қар жауғаны жаман-ақ,
Жас бүршiктiң жайы менi тербедi.
Аңсағаным жұлдыз да емес, ай да емес.
Бiрақ оған жарық бiткен сай келмес.
Нұрға ғашық, жырға ғашық жаныма
Кез болады –
Қайсы биiк, қай белес?
Нұрбәтима осы өлеңiнде айтып отырғанындай үлкен асу алдында тұр. Ол асуды алуға оның қуаты да, қажыр-қайраты да толық жетедi деп бiлемiз.
Отар Шауханұлының өзiндiк бiр ерекшiлiгi – ол алдындағы қатар-құрбылары секiлдi айтарын ашық айтқаннан гөрi, өз iшiне өзi кiрiп, өзiне-өзi тығылып айтқанды жақсы көредi екен. Кейде сол өзiне-өзi тығылып айтқаны түңiлiп айтқандай естiледi екен.
Маңдайымнан сүйедi жел еркелеп,
Дегендейiн,
Аяулым менi ерте кет!
Жалыққандай жалғаннан кiрiп барам
Құшағына үрейдiң көлеңке боп.
Әрине Отардың үрейдiң құшағына көлеңке боп бара жатқанынан қорықпау да, үрiкпеу де керек. Өйткенi ол үрей құшағында да дүниенi көре бiлу керек, тек көрiп қана қоймай, оның қыры мен сырын адақтап ақтаруы тиiс. Бұл өмiрдi жан-жақты тану үшiн кейде осындай бiр жұрт күтпеген сәттер де керек.
Отар ақын өзiне-өзi тығылып, жападан жалғыз жүрiп-ақ, көп нәрсенi аңғарып, көп нәрсенi алдымызға жайып салады.
Мен жылап отырмын.
Күңiренемiн жалғызбын.
Терезеден телмiрiп түнге қарап барамын,
Жалғыздықтан жабыққан үнiн естiп байғыздың.
Мен қиялдап жатамын
Жүрегiме ем iздеп,
Арман арытып сағым қуған кезiм көп.
Жартастарға тiл қатам
жалығып мынау өмiрден,
Амал нешiк, мылқау маң,
үн қатады өзiм боп.
Айнала тiршiлiктiң бәрi мұңлы. Өйткенi олар да Отар секiлдi өзiне-өзi тығылып, жалғыздықтан аңылжып жапа шегiп тұр. Тiршiлiктiң мұндай қапалы құбылыстарымен тiл табыса бiлу үшiн сенiң де табиғатың, болмыс-бiтiмiң соларға тартып тууы керек. Отар өлеңдерiнiң табиғатынан мен соны ұқтым.
Темірхан Медетбек
2008 жыл.