03 жел, 2025 сағат 16:52

Темекі үшін адам өлтірген ақтөбелік азамат 20 жылға сотталды

Фото: pixabay

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша айып тағылды. Оқиға саябақ аумағында болған.

Ведомство мәліметінше, жәбірленуші серуендеп жүрген кезде, сотталушы одан темекі сұраған. Жәбірленушінің дөрекі жауабынан кейін екеуінің арасында жанжал туындап, сотталушы қалтасынан пышақ шығарып, жәбірленушіге алты рет соққы жасаған.

Жарақат алған азамат ауруханада көз жұмды. Алқабилердің шешімі негізінде сотталушы кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.