22 қар, 2016 сағат 19:30

Тегін дәрі-дәрмектің қоры ақпан айына дейін жетеді

Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша экспертті жұмысшы тобы жуықта Өскемен қаласындағы дәріханаларға рейд жүргізген кезде тегін берілетін дәрі-дәрмектердің бар екенін анықтады. Соңғы екі-үш айда науқастардың жанды проблемасына айналған бұл түйткілдің оңды шешілгенін облыстық денсаулық сақтау басқармасында да растады.

-Қазір облыстың барлық дәріханаларында балалар мен ересектерге арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі шеңберіндегі препараттар жеткілікті мөлшерде қордаланған. Кезінде Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 18 ауру түріне қарсы 400-ден астам түрлі дәрі-дәрмектің қоры келесі жылдың қаңтар-ақпан айларына дейін жетуге тиіс, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, жаз айларында тегін дәрі-дәрмектердің жоғалып кетуі өз міндеттеріне жауапсыз қараған кейбір тасымалдаушылар мен дәріханалар арасындағы сот істеріне қатысты орын алған. Бүгінде бұл олқылықтар заң аясында толық шешілгендіктен, диспансерлік есепте тұрған жандар тегін дәрілерді учаскелік терапевтің қағазымен белгіленген дәріханалардан ғана ала алады.

- Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі шеңберіндегі препараттарды тегін босататын дәріханалардың тізімі барлық емханаларда болуы керек. Ондай қызмет көрсетпейтін дәріханаға науқас келсе, провизорлар түсіндіріп жатпастан, препаратты сата салады. Жуықта облыс орталығында осындай келеңсіз жағдай орын алды. Сол себепті тұрғындар нақты емханалардың мекенжайларын алдын ала білгендері жөн, - деп ескертті басшының емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары. 

Пациенттердің уақытын үнемдеу және учаскелік терапевтерге түсетін жүктемені азайту мақсатында өңірдегі емханаларда бірнеше жылдан бері медбикелердің кабинеті жұмыс істейді. Тек рецепт алу үшін ғана келген адамға медбикелер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің мәліметтер жүйесі арқылы тегін дәрі алуға қағаз жазып бере алады. Алайда, олар науқасқа берілетін дәрінің мөлшерін өзгерте алмайды.

Шенеуніктер сонымен қатар тегін дәріні босату жүйесіндегі олқылықтар жайында да айтты. Мысалы, науқасқа берілген препарат дәріханада жоқ болып шықса, провизор оған осы дәріні алмастыра алатын басқа дәрілік өнімді бере алмайды. Ол үшін тұтынушы өз дәрігеріне қайта келіп, жаңа рецепт жазғызып алуға мәжбүр. Сондай-ақ, науқастарға тегін дәрі-дәрмек тек негізгі дертін емдеу үшін ғана босатылады. Бір науқасқа базалық терапия үшін препараттардың бір-екі түрі ғана жеткілікті болғандықтан, мамандар тегін дәрі-дәрмек барлығына жетуге тиіс деп сендірді. 

Облыс тұрғындарына облыстық әкімдік жанындағы байланыс орталығына 8(7232)56-09-66 телефоны арқылы хабарласып, тегін медициналық көмектің көлемі шеңберіндегі медициналық препараттарды қайдан алуға болатыны жөнінде толық мағлұмат алуына болады.

Айна Ескенқызы, "Дидар" газеті