
Жақын арада 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері мен шығыстары бағытын нақтылау болады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сәуір айынан алдағы үш жылдық кезеңге республикалық бюджет жобасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастаймыз. «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасының іс-шаралары мен Президенттің стратегиялық бастамалары толықтай ескеріледі», -деді министр.
Е. Жамаубаев бюджет процесін жетілдіру мақсатында 2020 жылдың желтоқсанында Бюджет кодексіне түзетулер енгізілгенін еске салды.
«Түзетулер бюджеттік әрі стратегиялық жоспарлаудың үйлесімдігін, салынған қаржының экономикалық серпінін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапкершілігін қарастырады», - деді ведомство басшысы.
