14 сәу, 2021 сағат 09:18

Тәуелсіздіктің 30 жылында 170 млн шаршы метр тұрғын үй салынған

Тәуелсіздік жылдарында 1,6 миллионнан астам қазақстандық жаңа баспанаға ие болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде айтты. 

«Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік жылдарында еліміз түрлі салаларда соның ішінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында 170 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 миллионнан астам азаматтарымыз баспанамен қамтамасыз етілді», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, 2020 жылы осы үрдіс жалғасып, 140 мыңнан астам баспана берілген.

«Былтыр республика бойынша 15,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8% көп. Яғни, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6% - ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. 38,4 мың отбасына әлеуметтік тұрғын үй және жеңілдетілген қарыздар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді», - деді Қайырбек Өскенбаев.