18 қаң, 2017 сағат 20:52

«Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындылары жасалды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Антарктидаға барған «Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы туралы баспасөз-конференциясы өтті. Естеріңізге сала кетсек, полярлық экспедиция еліміздің Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен өткізілді.

42 күннің ішінде экспедиция мүшелері Винсон шыңына шапшаң шығып, Оңтүстік полюске шаңғымен жетіп, Антарктиданың қаһыраған аязында ғылыми зерттеулер жүргізіп қайтты. Экспедицияға ғалымдр мен атлеттер қатысты, олар – команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов пен команданың жалғыз аруы - Әлия Ерназарова.

"Жобаның барлық үш кезеңі – Винсон шыңына шығу,шаңғы экспедициясы мен ғылыми зерттеулерді жүргізу сәтті аяқталды. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік Күні Қазақстанның мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедиция қатысушылары қазақстандықтарға екі рет сыйлық сыйлады – 16 желтоқсанда Винсон шыңынан құттықтап және 31 желтоқсанда жердің Оңтүстік полюсінен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады. Экспедиция көптеген құштар адамдардың ат салысуының арқасында жүзеге асты.  Осыған орай, мен шын жүректен Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы QazaqGeography Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Кәрім Мәсімовке және QazaqGeography Басқарма Кеңесінің Төрағасы Қанат Байғаринге, ҚХА төраға орынбасары Ералы Тұғжановқа,  ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен  Абаевқа, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Ерболат  Досаевқа, «Қазақ Географиялық Қоғамы» ҚБ Қамқоршылар кеңесінің төрағасына Нұрлан Абдуовқа, Назарбаев Университетінің Президенті  Шигео Катсуға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, Д.С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің бірінші проректоры Нүргүл Хамзинаға, сонымен бірге журналистерге, блогерлерге және барша Қазақстан халқына бізге сенім артып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін  алғысымды білдіремін.  Шын жүректен сіздерге үлкен рақмет!", - деп  «Қазақ Географиялық Қоғамы» ҚБ Төралқа Төрағасы Төлеген Тастанбеков баяндады.

Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков мен дәрігер Дәулет Шәріпов – Оңтүстік полюске барған алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясының қатысушылары, 11 күннің ішінде 217 шақырымды мұздың үстімен жүріп өткендер, дүние жүзіндегі ең жас командаларының бірі болып саналуы мүмкін.  Экспедиция мүшелерінің әр қайсысына әлі 30 жас толмаса да, Антарктиканы бағындырған үлкен тәжірибелі, мамандар.

"Экспедиция капитаны болғаным мен үшін үлкен құрмет, сол себептен біздің командамыздың әрбір мүшесі 100%-ға жұмыс істеді деп сеніммен айта аламын. Қиын жағдайларда бір-бірімізге тірек болып, қолдау көрсеткенде өз кәсіби салаларымызда бірнеше жылдар бойы жинаған дағдыларымызбен бөлісе білдік. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқан  барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Антарктидаға экспедиция барысында жинаған  баға жетпес өмірлік тәжірибе үшін және бірегей мүмкіндік үшін ҚазГео-ге және менің достарыма алғысым шексіз»,- деп QazaqGeography Алматы қ. өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев баяндады.

Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше  жағдайында адам физиологиясына әсер беретін деректерді талдаған жас қазақстандық ғалымдардың зерттеулері енді. Зерттеулердің нәтижесі бойынша дөңгелек үстел мен шебер-сыныптары өткізілмек.

"Антарктида - ең сырлы және қызықты зерттеу нысаны. Әлемнің көптеген ғалымдары оны зерттегілері келеді, сол себептен біз ғылыми-зерттеу экспедицияның бір бөлігі бола алғанымызға қуаныштымыз. Біздің ғылыми тобымыз адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізу үшін көптеген деректер жинап алды.  Юнион Глетчер базасында болғанымызда шетелдік ғалымдармен танысып, Антарктиданы зерттеген жетекші елдердің зерттеу тәжірибелерін қабылдап келдік. Алынған мәліметтер мен ақпарлар өңделіп, талдаудан өткізіліп жатыр"-деп, экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедов баяндады.

 2011 жылдан 2017 жылға дейін үш полярлық экспедициялардың құрамында ҚазГео командасының 15 мүшесі Арктика мен Антарктикада болып қайтты. Арктикалық және Антарктикалық бағдарламалардың жетекшісі Нұрлан Абдуов айтуынша, алғашқы антарктикалық автокөлікті экспедицияның қатысушылары бағдарды шапшаң жүріп өткендері үшін Гиннесс кітабының рекордсмендері аталды. 2014 жылы мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істегеннің нәтижесінде 1959 жылғы Антарктика туралы Келісімге Қазақстанның қосылуы туралы Президент Жарлығына қол қойылды.

«Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен, сонымен қатар «Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамы» (Qazaq Geography) Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің демеуімен өткізілді.  Жобаның бас серіктестері ретінде «Бәйтерек» Ұлттық Басқару Холдингі, серіктестері - Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Д.С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қатысты. Ғылыми-зерттеу экспедициясын Қазақ Географиялық Қоғамы ұйымдастырды.