«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Шығыс өңіріндегі сапарын Курчатов қаласында түйіндеді. Пойызды көптен күткен қала тұрғындары Дегелең стансасына келіп тоқтаған республикалық акцияға қатысушыларды қошеметпен қарсы алды. Қала әкімі Нұрбол Нұрғалиев әлеуметтік пойыз жұмысының нәтижелі болуына тілектестігін білдірсе, курчатовтық ақсақал Әскербек Молбаев сапардың сәтті болуына арнап батасын берді. Ал «Світоч» украин орталығының төрайымы Нина Дмитропавленко қаладағы этномәдени ұйымдардың атынан дәм-тұз ұсынды, - деп жазады "Егемен Қазақстан газетінің тілшісі.
1947 жылы іргетасы қаланған қаланың Кеңес Одағы үшін стратегиялық маңызы зор болды. Өйткені, Курчатов алғашқы атом және КСРО термоядролық бомбасы сыналған тәжірибе алаңынан небәрі 45 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. Жан-жағы тормен қоршалған, картада «Соңғы аялдама» аталатын теміржол стансасымен тұйықталатын жабық елді-мекенде 1990 жылдары 20 мыңнан астам халық тұрды.
«Курчатов – тәуелсіздік жылдары атомды бейбіт мақсатта дамыту орталығына айналды. Қалада атом энергетикасы ғылымының танымал өкілдері еңбек етеді. Кеңес Одағы құлаған кезде әскери жабық қаланың еңсесі түсіп, халқының басым бөлігі жан-жаққа қоныс аударып жатты. Сондай қиын да жауапты кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Арада 8 ай өткенде, 1992 жылдың 15 мамырында Президент Жарлығымен бұрынғы Семей полигоны нысандарының базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Міне, Мемлекет басшысының стратегиялық шешімінің арқасында қала өзінің әлеуетін сақтап қалды және дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде Курчатовта 12 мыңнан астам халық тұрады», — дейді қала әкімі Н.Нұрғалиев.
Акцияға қатысушылар Ұлттық ядролық орталық қызметімен танысты. Оның негізгі бағыттары Қазақстан аумағындағы ядролық қару сынақтарының зардаптарын жоюға, ғылыми-техникалық және технологиялық база құруға бағытталған. Аталған орталықта жүргізілген жұмыстар Еуропа елдері мен АҚШ, Жапония, Үндістанда орналасқан атом энергетикасы, радиоэкология, ядролық және радиациялық физика, сейсмология сынды халықаралық ғылыми орталықтардың назарын аударып отыр. Орталық құрамына атом энергиясы институты, экология және радиациялық қауіпсіздік институты, «Байкал» филиалы кіреді. Қала жұртшылығының 20 пайызы осы Ұлттық ядролық орталықта еңбек ететінін ескерсек, республикалық кәсіпорынның әлеуетін байқауға болады.
Қалада 1994 жылы «Геофизикалық зерттеулер институты» РМК құрылған болатын. Инстиуттың негізгі қызметі геофизикалық стационарлық стансалар желісін дамытуға және рұқсат етілмеген ядролық сынақтарға мониторинг жасауға, арнайы сейсмикалық ақпараттарды жинауға және өңдеуге, ядролық жарылыстардың геологиялық ортаға әсерін зерттеуге бағытталған. Сондай-ақ Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2005 жылы «Ядролық технологиялар паркі» құрылды. Бұл кешенде бірлескен кәсіпорындармен полиэтилен, теміржол көлігі құрамының тежегіш құралы, құбырларды шіруден сақтайтын қаптамалар сынды сұранысқа ие өндірістік тауар түрлері шығарылады. Меймандар аталған нысандардың жұмысымен танысып, дөңгелек үстелге қатысты.
Ұлттық ядролық орталық директорының орынбасары Сергей Березиннің айтуынша, бүгінде атом сынақтары кезінде радиациялық қалдықтармен қатты ластанған аумақты зерттеу жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бұрынғы полигон аумағының 80 пайызы ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды екендігін көрсетіп берді. Радиоактивті ластанған аумақты оңалту және экономикалық айналымға енгізу бағытында жұмыстар әлі жалғасуда. Курчатов – шет елдік қонақтар көптеп келетін қалалардың бірі. Олар шаһар тарихымен танысқаннан кейін: «Мұндай адамзатқа ортақ қатерлі сынақтан өткен сіздер ерік-жігерлеріңіз өте күшті, рухты халық екенсіздер деді», — дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Наталья Котова.
Парламент Мәжлісінің депутаты Елена Тарасенко курчатовтықтардың үлкен ерлік жолынан өткенін атап өтті. «Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігері мен қазақстандықтардың бекем бірлігінің жемісі», — деді Елена Ивановна. Ал Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі бастамаларының негізгі қайнар көзі болған қаланың тарихы мен бүгінгі жетістіктері баспаға әзірленіп жатқан жаңа жинаққа енгізілетінін атап өтті.
Пойыз штабының мүшелері бұдан кейін Достық үйінде қонақта болды. Достық үйінің жетекшісі Шахмұрат Төлеутаевтың айтуынша, Курчатов қаласында 12 ұлыстың өкілдері тұрады, «Атамұра» қазақ мәдени орталығы, «Русана» орыс және «Світоч» украин этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Қонақтар этноұйымдардың дастарханынан дәм татып, шығармашылық ұжымдар әзірлеген шағын концертті тамашалады. Содан соң Семей сынақ полигоны музейін аралап көрді. Қалалық мәдениет үйінде өткен курчатовтық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы атом қасіретінен бастап бүгінгі бейбіт өмірге дейінгі кезеңді бейнелеуімен көңілден берік орын алды. Шындығында, Тәуелсіздіктің төл жемісі – бейбітшілік. Мұны ядролық жойқын қару сынағын көзімен көрген курчатовтықтар жете түсінеді. Бүгінде қалада 10 білім беру мекемесі, жасөсіпірімдердің спорт мектебі мен клубтары жұмыс істейді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік тілде оқытуға арналған 600 орындық мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Көптеген нысандар қайта жөндеуден өтті. Соның ішінде көппәтерлі 10 үй қалпына келтірілді. Халық саны біртіндеп өсіп келеді.
Бұл күні әдеттегідей пойыз құрамындағы штаб мүшелері қоғамдық қабылдау, министрліктер мен ұлттық компаниялар өкілдері консультация өткізсе, жоғары мамандандырылған 25 дәрігер Курчатов қалалық ауруханасында тұрғындарды қабылдады. Мәселен, 63 жастағы зейнеткер Камил Тинатиев 15 жылдан бері жүрек ауруы мазалайтынын, осы орайда Астанадағы Ұлттық кардиология орталығының кардиолог-дәрігері Саркен Жексенбаевадан жүрек күтіміне байланысты мол мағлұмат алғанын айтты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Кидирбаевтың айтуынша, Шығыс өңірі бойынша дәрігерлер қабылдауында 1593 адам қаралса, олардың басым бөлігін жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі және балалардың жүйке аурулары, сондай-ақ қатерлі ісік жиі мазалайтыны белгілі болды. Бұл ретте республикалық медициналық орталықтарға 80-нен астам жолдама берілгенін атап өткен ләзім.
Думан АНАШ