ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин төтенше жағдай режимінен кейін елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіру шаралары қандай ұстанымға негізделгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы оқиғалар кезінде Мемлекет басшысы да халыққа үндеу жасай отырып, парасаттылық танытуға және арандауға берілмеуге шақырды. Өкінішке қарай, кей азаматтар заңсыз әрекеттерге жол бермеу бөлігіндегі барлық үндеулерді елемеді. Бастапқыда бейбіт жиын өткізудің заңмен белгіленген тәртібі бұзылған болатын. Осыған қарамастан, наразылық акциялары бейбіт сипатта болғандықтан, бұзушыларға шара қолданылған жоқ. Қарақшылар жағдайды пайдаланып, қылмыс жасай бастады. Күш пен қару қолданды, бұған басқаларды шақырды. Ғимараттар мен көліктерді басып алып, өртеді, адамдарды өлтірді», - деп еске алды Бас прокурордың аға көмекшісі.
Оның айтуына қарағанда, ереуілде жүргендерді ұстау осы кезден басталған.
«Осыдан кейін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың жолын кесу мақсатында тәртіп бұзушылар ұсталып, полицияға жеткізілді. Олардың әрекетінің сипатына және әкеп соққан салдарына байланысты әкімшілік жауапқа тартылды немесе қылмыстық істердің фигуранты болды. Бас прокуратура осы ұстанымға сүйене отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін одан әрі де шаралар қабылдайды. Бұл ретте әрбір құқық бұзушының іс-әрекеті обьективті және мұқият тексеріліп, жауапкершілік шаралары жасалған құқықбұзушылықтың сипаты мен кінәлілердің жеке басы ескеріле отырып қабылданады. Мемлекет басшысы Бас прокуратураға осы күндері әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін ұсталған адамдардың кінә дәрежесін анықтап, ауырлататын мән-жай болмаған жағдайда жазаны жеңілдетуді тапсырды», - деді Азамат Сарғазин.