25 қаң, 2022 сағат 20:03

Тәртіпсіздік кезінде зақым келген нысандар мен көліктер саны белгілі болды


Тәртіпсіздік кезінде ең көп зардап шеккен нысандар — бизнес нысандары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысы жөніндегі жаңа мәліметтер беруге рұқсат етіңіздер. Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 әртүрлі үй-жайға шабуыл жасалды. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, соның арасында 12-сі әкімшілік ғимарат пен 27 полиция нысаны бар», - деді С. Әділов. 

Оның айтуынша, ең көп зардап шеккен бизнес нысандары болды. Бұл объектілер зақым келтіруден өзге толықтай тоналды, яғни олардың саны – 1 395. 

«Одан өзге 700-ден астам автокөлік зақымдалып, жойылды, соның 500-ден астамы полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ 116 жеке адам көліктері бар», - деді Тергеу департаментінің бастығы.