08 қар, 2017 сағат 09:43

Танабай жырындағы Ван Гог бояуы

Көктем жеңгемнің бір көзі Көкек, бір көзі Мамыр деуші еді баяғылар. Бір көзі жалтақ, бір көзі шуақ деуші еді. Жердің беті бусанып, буланар болса жылан бауырынан, тоң қатса үскірік шалдың суып үлгерген қойнынан деуші еді-ау. Бұлтиған-бұлтиған төбелерін жалаңаштап келді биыл жеңгем. Жасыл желегің қайда, жеңеше?

Шардара дәргейіне жол шеккен сахара бозымдары. Былтыр ағамызды аққа орап ала кетіп, оралтпаған, қартайғанда қылық шығарған ғазиз жеңгем – Көктемнің, биылғы тыржалаңаш әлпеті екінші істегені. Иә, біз ардакүрең Әмірхан Балқыбектің жылдық асына бара жатырмыз.

ӘМІРХАН ЖҰМАБЕКҰЛЫ БАЛҚЫБЕК

1969 ЖЫЛЫ 19 МАМЫРДА ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ, ШАРДАРА ҚАЛАСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ.  «МЕТАМОРФОЗА» (1996 ЖЫЛЫ), «СЫНҒАН СӘУЛЕНІҢ ШАҒЫЛЫСУЫ» (2001 ЖЫЛЫ), «ҚАСҚЫР ҚҰДАЙ БОЛҒАН КЕЗ» (2008 ЖЫЛЫ) ӨМІРДЕН ҚАЙТҚАН СОҢ «АҚЫН АПОЛОГИЯСЫ» (2015) АТТЫ КІТАПТАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ.

АҚЫН ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕК БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕҢ ТАЛАНТТЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ БІРІ ЕДІ. КӨПШІЛІК ОҚЫРМАН ОНЫ ҚАРАПАЙЫМ ДА КҮРДЕЛІ ЖЫР ШОҒЫРЛАРЫНЫҢ АВТОРЫ РЕТІНДЕ ҒАНА ЕМЕС, ӨЗІНДІК АЙТАРЫ БАР ОЙЛЫ ТҮРКІТАНУШЫ, ЗЕРДЕЛІ МИФОЛОГ РЕТІНДЕ ДЕ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ. 2014 ЖЫЛДЫҢ 8 СӘУІРІНДЕ 45 ЖАСҚА БІР АЙ ҚАЛҒАНДА ҚАЙТЫС БОЛДЫ.

Иә, біз ажал мақамына елтіп бара жатырмыз. Кеуде шерге, көмей жырға толы. Менің де өлең оқығым келді. Қақ маңдайдан қария Қазығұрт көсе иегін тыр-тыр қасып, сынай қарап тұр…

– Беу, Қазығұрт!

Төбеңе қарап өз басым,

Төгіліп кетті көз жасым –

Төбелер сынды ескіріп,

Төбелер сынды тозғасын;

– Төбелер сынды қартайып

Төбелер сынды тозғасын!

Ассалаумағалейкүм бауырым, біз енді таныстық.

Бақытжан Алдияр екеуміз екінші рет осылай таныстық. Алғашқы танысуымыз күні кеше еді, асылы бүгін таныстық. Анадайдан, тау құнысының қолтығынан  Танабай Нармановтың сұлбасы қарауытты. Желкесінде қылшық, шекесінде мүйіз байқал-майды. Әруақтар даланы кезіп жүреді… Көлік доңғалағының астында жол қашып барады терістікке. «Беу, Қазығұрт! Етекке қарап киелім, Егіліп қана тұрмысың?»

Бұл 2004 жылы 27 ақпанда өткен аяулы ақын Танабай Нармановты еске алу әрі автордың «Жауқазын ғұмыр» кітабының тұсаукесер кешіне шақырту қағазында таңбаланған жазба. Ақынның ғұмырына қатысты ақпарға қанығу мақсатында өз замандастары, қазірде қазақтың белді қаламгерлерімен сұхбаттас болдық. Салып отырып Есенғали аға Раушановқа барып тілдесіп едік, білгенін айтты да, Аманхан Әлімұлына жол сілтеді. Аманхан аға естелігін шерте отырып, Байбота Қошым-Ноғаймен әңгімелес деді. Байбота аға бір күрсініп алды да, «Серік Байхоновпен көп жүрді ғой» деп бағдар берді. Серік Байхоновпен де бұл жөнінде әңгіме өрбіттік.

Танабай ақын селдір шаш, көзі тұздай, мығым денелі, қоңыр мінезді болып шықты ағалар жасаған портрет бойынша. Бірге жастық шақтарын өткізген замандастары ғой. 1970-75 жылдар аралығында студенттік шағы өткен Т.Нарманов соңғы жылы, яғни жетпіс бесінші жылы шаңырақ көтерген. Оқуын тәмамдағасын қимас Алматысымен қоштасып, Шымкентке қайтыпты. Сонда Серік Байхонов, Ұлықбек Есдәулет және бізге есімі белгісіз бірнеше жігіт теміржол бекетіне шығарып салуға барған. Ағалардың естелігіне қарағанда ақынның жары Алма да сол сапарда Танабайдың жанында болыпты. Құрсағында бала бар еді дейді.

ТАНАБАЙ НАРМАНОВ

АҚЫН ТАНАБАЙ НАРМАНОВ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ, САЙРАМ АУДАНЫНДА 1953 ЖЫЛДЫҢ ЖАЗЫНДА ДҮНИЕ ЕСІГІН АШТЫ. ӨЛЕҢДІ ЖАСТАЙЫНАН ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН ОЛ ӨЗ ЗАМАНДАСТАРЫ АРАСЫНДА ЕРТЕ ТАНЫЛДЫ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ОҚЫП ЖҮРГЕН КЕЗІНДЕ ОНЫҢ ЖЫРЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЛЕНИНШІЛ ЖАС», «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ», «ЖҰЛДЫЗ», «ЖАЛЫН»  БАСЫЛЫМДАРЫНДА ЖИІ ЖАРИЯЛАНЫП ТҰРДЫ. ОЛ ӨЛЕҢНЕН ӨЛЕҢГЕ ӨСУ, МАРҚАЮ ҮСТІНДЕ БОЛДЫ. ҚЫСҚА ЛИРИКАЛЫҚ ТУЫНДЫЛАРДАН БАСТАП, ІРІ КҮРДЕЛІ ТАҚЫРЫПТАРҒА ҚАЛАМ ТАРТЫП, ЭПИКАЛЫҚ ЖАНР ШЫҒАРМАЛАРЫНА ҚҰЛАШ ҰРА БАСТАҒАН КЕЗІ ЕДІ…

АЛАЙДА АҚЫН ҒҰМЫРЫ ЖАУҚАЗЫНДАЙ ЕРТЕ ГҮЛДЕП, ЕРТЕ ҮЗІЛДІ. БІРАҚ ӨЛЕҢ-ЖЫРЛАРЫ ОНЫҢ ӨМІРІН ЖАЛҒАСТЫРЫП КЕЛЕДІ. АРТЫНДА ҚАЛҒАН МҰРАСЫ «ЖАЛЫН» (1996), «АНА ТІЛІ» (2001), «ӨРКЕНИЕТ» (2004) БАСПАЛАРЫНАН КІТАП БОЛЫП ШЫҚТЫ.

Ауылына жетіп бірнеше күн тыныққан Танабай Шымкент шаһарына барып, «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі ағаларына сәлем бере шығады да, мектептес достарына Технология институтының жатақханасына кетеді. Сол  бір-екі күннің ішінде суық хабар да жетті.

Мұнымыз дәйекті ақпараттар. Ал енді Танабайдың өліміне қатысты тараған аңыздарды тараталық. Бұйрабас Есениннің «Пусть ходить легенды» дейтіні бар еді ғой. Иә, мықтының артында аңыз қалсын. Сонымен, жатақханадағы кілең шартпа-шұрт жастардың отырысы жанжалмен аяқталады да, төбелес соңы албырт ақынға пышақ сұғумен тынады. Келесі алыпқашпа әңгімеде отырыс соңын ала бере көшеге шыққанында қапылыста зулап келе жатқан көлік қағып жер жастандырған. Тағы бір әңгімеде қатты сасқан көлік жүргізушісі мүрдені мәшинесіне артып, қала шалғайындағы өзенге, ескі көпір астына апарып жасырған. Ендігі бір әңгіме көпір астына пышақ сұққан жігіттер апарып тастады дейді. Осы жерде бізді де елең еткізген мынадай гәп тағы бар. Отырыста Танабаймен бірге тәжік досы болыпты. Қатты керіскен достар төбелесіп, жантәсілім еткен ақынды көпір астына апарған сол көрінеді. Мәйітті іздестірген туған-туысқандары баяғы ескі көпір астынан тауыпты-мыс. Бірнеше айлар бойы жатып қап шіри бастаған жансыз дененің мойнына тікенсым оралып жатты дейді. Өз баласы, Танашы екенін кейуана шешесі жыртық-жыртық, тозуға айналған жейдесінен таныған. Үйден шыққанда үстінде сол жейде болған көрінеді ғой. Болжамдар легі осыған саяды. Кім білген? Қаламдас достары да дөп басып айта алмады. Ақиқаты сол отырыс соңы ажалға себеп болған. Өз тарапымыздан алып-қосар дәлел болмағандықтан, уақиғаға қатысты пікір білдіруге дәрменсізбіз. Біз Танабай Нарманов шығармашылығына қа-тысты қал-қадірімізше тереңдей енсек деген ойдың жетегінде қолымызға қалам ұстадық…

***

– Не істеп отырсыз?

– Ажалдың мүйізін санап отырмын.

– Аға?

– Әу…

– Поэзияны неге философияға айналдырғыларыңыз келеді?

– Алаң көңілге тыныштықтың үні естілмейді.

– Сағыну үшін философия қажет емес қой!

– Көңіл-күй талғамға еліктейді, Досхан.

– Проза ақыл-ойдың жемісі, ал поэзия ше?

– «Пәлсәпа соққанға үш буынды ұйқас жақсы» депті ғой бір ақын.

– Әрине, ойға дін мен философия сүйкеніп жүреді, бірақ, шешім тәуелсіз.

– Идея – реал, ұғым – абстракция, пішін – футуризм!

– Сіз неге бұған осыншама ғылыми тоқталдыңыз?

– Білімсіздігімді жасыру үшін.

– Сізше жіліктесек, өлеңдер себепсіз туады, әсер жасырын қалады…

– Тағы бір әдебиет сыншысы айтыпты ғой, «бірі ойды ұйқасқа, бірі тармаққа салады» деп.

– Еһ, өнер халықтық болудан кетті деңіз.

– Далидың шамасы тұтас өлеңнің жалғыз жолын беруге ғана жеткен. Ал Мунк.., ал Ван Гог…

– …Поэтикалық динамиканы ұстауға талпынған.

– Исламда, «Он күнәнің тоғызы тілден» деген тәмсіл бар. Ой күнәсі ше?

– …

– Өлеңге сенесің бе, әлі?

– … жоқ..

– Елуді еңсерген жазушылау кісімен әңгімелестім күн ілгері. Өлеңге сенем деп өзеурейді. Күлкілі!

– Бір досым өзі ғашық бойжеткеннің терезесінің түбіне барып, Мұқағалидың өлеңін оқып сезімін білдірді көп көзінше.

– Сосын?

– Мазақ болды.

– Досхан, ең қауіпті сәт әсер үстіндегі сәт…

– «Аруанаң жерісе егер…

Келісе гөр, қайта орал».

– «Жерімейді жерің сенен,

Жетімдерге айта бар…»

– Сәнқой сұлудың қасындай сиреп барамыз.

– …

– Соңғы кезде екеуміз әңгіме айтсақ, батыстан жел есетін бопты, аға.

– Жоқ, біздің үніміз қобыздың көмейінде…

***

Олар өздері түсінбейтін дүниелер жайында әңгіме өрбіткенді ұнататын. Олардың бар қателігі саналы түрде жасалды. Піспеген ойдың толғағы басым еді оларда. Жастары сол Танабай қайтқан шамада. Бірақ, саналары мәңгі жасыл ормандардағы көлеңкелердей қою тартқан. Ерте, тым ерте. Иә, қазіргі, соңғы буын ақындарда ерте есеюге деген құштарлық я асығу бар. Әсірелегенде жарық жылдамдығымен зулаған ақпарат ағымындағы замана көшімен жарысу шығар. Мүмкін, дәуір талғамынан озып жол сілтеуге, бағдар беруге асығу ма?! Бұл осы заманғы жас ақындардың анализі, болғанда да жеке біздің пікір.

Ал, Танабай Нарманов поэзиясы – шанағына шаң қонбаған қоңыр үннің өзі ғой. Мазмұн бар да, пішін бар; ойлау бар да, айту бар. Һәкімнің отыз жетіншісінде «Көңілді, көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», деп келетін тәмсіл бар. Әуселеңді байқар тұс та осындайда жарқ ете қалады. Формалық ізденістің әпенділікке ұрындыру ықтималдылығы кемерінен төгілген ақиқаттың бір парасы. Танабай ақыннан мазмұнның жалаңаштығынан қашу, қауіп көрген кірпідей жиырылу байқалады. Ойымызды айшықтай түсу үшін жетпісінші жылдарға шегініс жасайық. Коммунизм орнауына сенген қоғамда жиырмадан енді асқан баланың санасында әлдеқандай өзге шындықтың, меңіреу даланың қу медиенге айналып бара жатқанын сезінген аядай түйсіктің саңылауы ғана бар. Сол саңылаудан бұрқыраған жыр түтіні түзу шығыпты. Сол ақынның жырлары жусан боп бүрлесе, даланың мақамын тамсағаннан шығар да.

Т.Нарманов – ерте үзілген үміт. Бұл жөнінен келгенде, әлем әдебиеті тарихында, өз әдебиетімізде де мезгілінен бұрын қыршын кеткен боздақтар баршылық. Оған дәйек үшін ұзынсонар тізім келтіруге де халіміз жетеді. Олардың шығармашылық лабораториясы мен өмір сүрген қоғамын нысанаға алып, салыстыра келе қарастыру тәжірибесі тағы бар. Асылы, Танабай қалдырған поэзияны жастық өлшемге салып зерттеу әбестік. Сәтінде суретшілерге жүгінейік. Жоғарыда келтірілген диалогта Дали картиналарына қатысты пікір айтылып қалады. Біздің ойымыздың да осыны меңзейтінін атай кеткеніміз абзал болар. Ол ойдың ізіне түседі де, кескінге көбірек бет бұрып кетеді. Тұтас динамиканы, бояулар әлеміндегі психологиялық реңкті жанды затқа айналдыру мазмұн жағындағы суреткерлердің объектісі. «Түсініксіз, беймағлұм құбылысты түсінікті жазатын поэзия бар, футуризм», – деп Г.Адамович бекер айтпайды. Мұндағы гәп тек пішін төңірегінде емес, мазмұнға да жүк салған. Танабай ақынды осы тұрғыдан қарастыру ләзім секілді.

Постимпрессионист Винсент Ван Гогтың «Қырма бас автопортретін» (Поль Гогенге арналған. Қыркүйек, 1888 жыл. Арль. Кенеп, майлы бояу. 61х50.) есіңізге түсіріңіз.

Енді Т.Нармановтың мынадай атаусыз жырына үңіліңіз:

Күлімдеп аспан күн шыға,

Күзгі маң дала бусанды.

Боз қырауларға тұншыға,

Жуады бетін жусандар.

 

Қозғала беріп… үн шалып,

Боздауға көшкен ақ қурай.

Ақ қанат анау сұрша бұлт

Айналып жүрген аққудай.

 

 Керемет таңғы еркелік

Тағы да кейін серпіле,

Табиғат енді өртеніп,

Енеді сұлу көркіне.

 

Жартастар ғана, жарықтық,

Жалынсыз күйден бір аумай,

Кеудесін көкке салып тік,

Қалғиды тілсіз жыраудай.

 

Мен болсам күздің қалпына

Толғанып тұрмын аздау шын.

Аңсауда жаным алқына

Қаңқылдап ұшқан қаз даусын.

Портреттегі жирен сақал, қырма бас суретшінің онға тарта автопортреті бары белгілі. Майлы бояу сомдаған картиналардағы Ван Гогтың жанарына зер салып қарайық. Бірінде мінез, бірінде үрей, бірінде немқұрайдылық, бірінде ой орманы, бірінде сұс… Дәп осы туындыда аңсау бар. Ақын мен суретшінің бірін-бірі тапқан тұсы! Бәлкім суретші де «қаңқылдап ұшқан қаз даусын» аңсап тұрған болар. Мұны жасырын ұстап, жұмбақтауы постимпрессионистің ішкі тылсымы. Бұл – шеберлік. «Қаң-қылдап ұшқан қаз» символдық сингармонизмнің далалық көрінісі ғой. Көктемін іздеу. Автопортретке тағы бір үңіліңіз де, Ван Гогтың қай кеңістікте, қай маусымда тұрғанына түйсік талшықтарын жұлқи бойлаңыз. Қышқылтым жасыл, нұрлы, жалқын жасыл. Табиғат қайда, майсаны жұбатқан мәйін самал қайда, өлер алды шырқаған өскіннің үні қайда, томсарған жартастар қайда? Мұның бәрі ақынның жырында. Аяқталған туындыны талқылау үстінде Ван Гог пен Гоген нені сөз етіскенін біз тек ойша елестете аламыз. Өз эстетикамыз биігінен, әрине.

ВИНСЕНТ ВИЛЛЕМ ВАН ГОГ

1863 ЖЫЛЫ 30 НАУРЫЗДА НИДЕРЛАНДЫНЫҢ ГРОТ-ЗЮН-ДЕРТ ӨҢІРІНДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. БРЮССЕЛЬДЕГІ КОРОЛЬДІК КӨРКЕМӨНЕР АКАДЕМИЯСЫН (1880-1881), ГААГАДАҒЫ СУРЕТШІ АНТОН МАУВЕНІҢ ЖЕКЕ САБАҚТАРЫН (1881-1882), АНТВЕРПЕНДЕГІ КӨРКЕМӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ СУРЕТШІЛЕР МЕКТЕБІН (1885-1886) ТӘМАМДАҒАН. ПЕЙЗАЖ, НАТЮРМОРТ, ПОРТРЕТ ЖАНРЛАРЫНДА ҚЫЛҚАЛАМ ТЕРБЕП, ПОСТИМПРЕССИОНИЗМ БАҒЫТЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА АТАЛАДЫ. ӘЛЕМДІК КӨРКЕМӨНЕР ТАРИХЫНДА АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН ҚАЛҒАН ВАН ГОГ КЕЙІНГІ ЖАҢА БАҒЫТТАРҒА ЖОЛ АШТЫ.

КӨРКЕМӨНЕРМЕН ҚАТАР ӘДЕБИЕТ ПЕН КИНЕМАТОГРАФИЯНЫҢ ДА ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТКЕН СУРЕТКЕР.  1890 ЖЫЛЫ 29 ШІЛДЕДЕ ФРАНЦИЯНЫҢ ОВЕР-СЮР-УАЗ ҚАЛАСЫНДА ДҮНИЕ САЛҒАН. СҮЙЕГІ СОЛ ҚАЛАҒА ЖЕРЛЕНГЕН.

Толысқан суретші жасыл бүркенген кеңістіктен өзін іздеуге жол ашқысы келді, албырт ақын «мен төгіліп сағынам» дейді. Өнердің кеңістікке ұмтылу дәуірі жүріп жатқан Еуропа жан-жақты азат еді, ал біздің дала бұғауда ол кезеңдерде. Тағы да ескеріңіз, бұл бұғау содан кейін де ғасырға созылғанын. Сонда да әлсін-әлі дүмпулер жүріп жатты. Қоғамдық процестер баяу, ұзақ жүзеге асып, халық санасында тек даталар қалатыны да рас. Танабайдың шығармашылығы жарылыс аңсаған асау кезінде шорт үзілді. Ғұмыры айта беретін «қамшының сабынан» ұзындау болғанда, нендей поэзиямен сүйіншіленер ек?! Яки, парадокс! Қолда бар қазынаның өзі әсер қуатынан тұлданар ма еді, кім білген.

Жиырмадан енді асқан, мүмкіндігін толық ашпаған өспірімнің бірді-екілі шимайын мүйізі қарағайдай суреткерлермен салыстыру әумесерлік деп топшылауыңыз бек мүмкін. Түйсік саңылауының ашылуы жаспен емес, жетілумен келеді ғой. Ал, жетілуге жастық шақта да, қарттықта да қол жетуі ықтимал. Мажар композиторы Режё Шереш 1930 жылы меланхолиялық мелодия жазады.

РЕЖЁ ШЕРЕШ

1899 ЖЫЛЫ 3 ҚАРАШАДА ВЕНГРИЯНЫҢ АСТАНАСЫ БУДАПЕШТТЕ ТУҒАН. ВЕНГРИЯЛЫҚ ПИАНИСТ ӘРІ КОМПОЗИТОР. ӨЗДІГІНЕН ДАМЫҒАН МУЗЫКАНТ. ШЕРЕШ 1930 ЖЫЛДАРЫ БУДАПЕШТТЕГІ «KISPIPA» МЕЙРАМХАНАСЫНДА ПИАНИНОШЫ БОП ҚЫЗМЕТ ІСТЕГЕН. ӘЙГІЛІ «ЖАБЫРҚАУ ЖЕКСЕНБІ» ӘНІНІҢ АВТОРЫ. АҚЫН ЛАСЛО ЯВОРАНЫҢ ӨЛЕҢІНЕ ЖАЗЫЛҒАН БҰЛ ӘН –  ӘЛЕМДІК ӘН ТАРИХЫНДА «МАЖАРЛАРДЫҢ ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ ӘНІ» ДЕГЕН АТПЕН ҚАЛДЫ.  1968 ЖЫЛЫ 11 ҚАҢТАРДА ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙДА КӨЗ ЖҰМДЫ.

Сүйіктісімен айырылысқан Режёның осы «Жабырқау жексенбісі» әуелде «тіптен жабығыңқы» деген сылтаумен сатылымнан құр қалады. Кейіннен прокатталған мелодия бірден танылады. Артына ерген аңыздың себебі де бар еді. Венгрия үкіметін састырған «Жабырқау жексенбі» өзіне қол жұмсау әрекетін адам таңданарлықтай өсіріп жіберген. Бірде мейрамхана қонағы оркестрге осы мелодияны орындауын өтінеді де, тапаншамен атылып жантәсілім етеді; келесі бір өзіне қол салушы өлер алдындағы жазбасына осы әннің шумақтарын қалдырған; тағы бірде мөлшерден тыс дәрі қабылдап жан тапсырған әйелдің пластинкасында ойнап тұрған. Бұл күнәһар әрекет мұқым Еуропаға тарай бастаған тұста Будапешт билігі тыйым салады «Жабырқау жексенбіге». Сезім пернесін дөп басқан әуенге құштарлық жан табиғатының тылсымында бүркеніп жатады емес пе? Шереш соны тапты. Ақын әуен сырына басқа қырынан зер салады:

…Жылап шыққан күй жерге мұң қаптырып барады,

Сырқыратып сабазың шындап тіліп барады…

Қара жерді қарт күйі қан жылатып барады,

Қам-қайғыға батырып, қансыратып барады.

Талай жанның маржанын тамшылатып барады…

Күйдің тілін білсем деп талайлардың жарық жалғанды талақ етіп, қадірі жоқ диуанадай үні естілмей кетті. Буырқанған ішкі қуатты төпелетіп шығара алмау, булыққан үннің көмейге кептелуі барлық дарындардың тәлейіндегі естелік. Сол көмейге кептеліп, ақтарылмай, шайқалып барып тұншықтырған қуат талайларды да өмірем қаптырды-ау…

Кел, кел өлең! Оңтүстіктен ой шұғыласымен кел. Кел, кел өлең! Солтүстіктен сезім шұғыласымен кел. Кел, кел өлең терістіктен түнекті түре кел. Кел, кел өлең! Күнгейден қоңырлықты аңсата кел. Нар идірген күйге кім ие? Замана ма?! Ол күйге бауыр баспаған… Шер толқытқан жырға кім ие? Замана ма?! Ол жырға бауыр баспаған… Сөз, сөз, әруақты сөз! Талайың кімге серт…

Бекзат Смадияр