Фото: Orda.kz
Жетісу облысының полицейлері жоғалып кеткен 14 жастағы оқушының денесін тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Полицейлер мен әскери қызметкерлерден, еріктілерден тұратын іздеу топтары Текелі қаласының сыртындағы таулы жерден қыздың мәйіті жерленген орынды анықтады. Қазір сол жерде тергеу жұмыстары жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 28 желтоқсанда Талдықорған полицейлеріне 14 жастағы оқушының жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түскен. Жасөспірім қараша айының басынан бері сабаққа қатыспағаны белгілі болды.
"Полиция жедел-іздестіру іс-шараларын бастағаннан кейін жасөспірім қылмыстың құрбаны болуы мүмкін деген нұсқаны ұсынды.
Іс жүзінде ҚР ҚК 99-бабында (Адам өлтіру) көзделген қылмыстық іс қозғалды. Кейінірек баланың жоғалу фактісі бойынша күдікке ілінген, қазіргі уақытта қамауға алынған анасы мен өгей әкесін ұстады. Тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда" - делінген ПД хабарламасында.