Фото: jsk.kz
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мәжілісі өтті. Жиында облыстағы Табысты арттыру бағдарламасы да талқыға салынды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Мәжіліске аймақтық партия филиалының атқарушы хатшысы, кеңес төрағасы Ерлан Нұрмаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Н.Бекмұратов, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармабасшысының орынбасары міндетін атқарушы С.Көшкінбай, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Нақыпбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары М.Қаңлыбаев және кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Олар: «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 300-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсету және ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемін 76 млрд. теңгеге дейін өсіру. Алдымен С.Көшкінбайдың партияның Жол картасында көзделген көрсеткіштерді орындау бағытында атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бюджеттен 8,2 млрд.теңге бөлініп, 2725 жоба қаржылай қолдау тапқан. Ал, биыл 11,7 млрд.теңге қаралып, жыл соңына дейін 2 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсету жоспарлануда. Сондай-ақ, оның айтуынша ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті және стартапты қолдау мақсатында «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған. Бірнеше конкурстар ұйымдастырылып, стартап жобалар инвестицияланып жатыр.
Сондай-ақ, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету бойынша соңғы 6 жылда 23 597 кәсіпкерге 31 711 қызмет көрсетілген. 2022 жылдың І тоқсанында 391 кәсіпкер қолдауға ие болған. Бұл ақпаратты Т.Нақыпбеков баяндамасында атап өтті. Ал, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік жүйелі қолдаулар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтыр нысаналы индикаторлар толығымен орындалған.
Дегенмен Н.Бекмұратовтың мәлімдеуінше жылыжай шаруашылығында кемшін тұстар бар. Көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келетін жылыжай өнімдерінің бағасы біздің өінмдерден төмен болуына байланысты, бәсекеге түсе алмауда. Басты себебі қуат көздеріне жұмсалатын шығындар. Бүгінде оның үлесі 45%-ға дейін жетіп отыр. Басқарма тарапынан Энергетика және Ауыл шаруашылығы Министрлігіне тариф бағасын 50%-ға дейін төмендету жөнінде ұсыныс енгізіліпті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 848,4 мың гектарға орналастыру көзделуде. Жиын соңында көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыштарды (аммиак селитрасы, аммофос) өндіруші «ҚазАзот» АҚ мен «КазФасфат» ЖШС тарапынан агроқұрылымдарға дер кезінде босатпау салдарына көңіл бөлу жайында сын-ескертпелер айтылды. Өйткені бұл жағдай бүгінде агроқұрылымдардың наразылығын туындатуда. Осыған орай, аталған мәселені дер кезінде шешу мақсатында отандық өндірушілерді шақыртып, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен мәжіліс өткізу туралы ұсыныс берілді. Ұсыныс-пікірлер қабылданып, қаралған мәселелерді шешу жолында жауапты мекемелермен бірлесе жұмыстар атқарылатынын айтып, мәжілісті қорытындылады.
Түркістан облысына 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр. Енді соған сәйкес 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтен қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады. Осы мәселені талқылау мақсатында салаға жауапты басшылар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жиын өткізді. Мәжілісті Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарлмасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жүргізіп отырды.
Несиелерді қаржыландыру бойынша 6 бағыт іріктелді. Олар: Өсімдік шаруашылығын дамыту; Мал шаруашылығын дамыту; Құс шаруашылығын дамыту; Балық шаруашылығын дамыту; Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау; Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Үміткерлер қатысатын ауылдық округтерде 44 кооператив бекітіліп, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда.
Еске салсақ, облыстық барлық ауылдық округтерінде скринингтер жасалып, тұрғындар сауалнамаға қатысты. Жалпы жоба аясында 2200 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 млн. теңге) бірлікке жуық микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде бағдарлама аясында 2 300 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы санын төмендету көзделген. Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысатын қосымша екі ауылды аудан әкімімен бекітіп, салалық басқарма мен «Түркістан ӘКК» және «Ырыс» МҚҰ өкілдерімен алдын ала жоспарланған жобаларды келісу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімнің орынбасарлары таңдалған ауылдық округтер бойынша толық талдау нәтижелерін, ұсынылатын басым бағыттарын, әлеуетті несие алушылар саны, ауылдық округ тұрғындарының бейім кәсіптері туралы толыққанды мәлімет ұсынды.
Жиын қорытындысында аудан әкімдіктері ұсынған ауылдық округтер пилоттық жобаға қосымша қатысатын болып келісілді. Айта кетейік, 18 сәуірден бастап несие құжаттар қабылдау басталып, бүгінге дейін 847 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 459 өтінімнің 2,8 млрд. теңгелік құжаттары қаралу сатысында болса, несие комитетімен 1,1 млрд. теңгенің 248 құжаты мақұлданды. Түркістан облысына биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде, облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге қаржы берілген.
Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиыр әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур Продукт» ЖШС-на өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінде 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған. Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов.
«AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің кезекті отырысында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілген еді. Ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікпен қарыз алу, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек ала алады. Осы бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мәселесіне басымдық бергенін атап өтті.
«Жалпы, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қадам ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында да ауылдың және ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылды. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың табысын арттыру мақсатында қолға алынды», – деді ол.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатты 17 мыңға жуық шағын несие беруге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Кеңес мүшелеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов айтты.
«Микрокредиттерді жергілікті атқарушы органдар сенім білдірілген агент арқылы, яғни әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылына 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі мерзімге (мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін) береді. Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін – 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңгеге, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін микрокредит ұсынылады. Бүгінде жалпы сомасы 49,97 млрд теңгеге 8846 өтінім қабылданды. Оның ішінде 8,3 млрд теңгеге 1679 өтінім мақұлданды», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев мал өсіретін шаруашылықтарға несие бермес бұрын төрт түліктің азығы мен жайылымның жеткілікті болуы мәселесін шешу қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ, ол ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне жеке тоқталды.
«Түркістан облысындағы Ленгер қаласында 2 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Тұрғындар бал, сүт және ет өндіреді. Алайда лицензия мен өзге де құжаттардың болмауына байланысты олардың тауары дүкенге қабылданбайды. Амалы құрыған кәсіпкерлер өнімін базарда саудалайды. Тұрғындар азық-түлік қана емес, сапасы жоғары тоқыма және т.б. тауар түрлерін өндіруді үйренді. Ауыл тұрғындарының өнімін сертификаттау жұмысын оңайландыру керек», – деді партия Хатшысы.
Аталған жоба осыдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысында қанатқақты режимде жүзеге асырыла бастаған еді. Осы өңірдегі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Оспановтың айтуынша, 2019 жылы мал шаруашылығын дамыту үшін 2,5 мыңнан астам несие беріліп, шаруалар жалпы сомасы 6,4 млрд теңгеден астам қаражатқа 45 мыңнан астам мал басын сатып алды.
Бұл ретте, Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев тек отандық төрт түлікті сатып алуға тырысу керек екенін атап өтті. Себебі республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шетелге кетпей, ел экономикасына серпін беруі тиіс. Өз кезегінде, Кеңес мүшесі, Агроөнеркәсіптік кешен кредиттік серіктестіктер қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатова кооперативтерге несие беру тәртібін қайта қарауды ұсынды.
«Біз бұл 27,6 млн теңгені несиенің орнына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жарғылық капиталдың жарнасы ретінде беруді ұсынамыз. Кооператив құру кезінде шаруалар мұқтаждықты сезінеді. Олардың материалдық-техникалық базасы әлсіз. Ал бұл қайтарымы бар жарна болады. Осылайша, 5-7 жылдан кейін кооператив иелері бұл үлесті ӘКК-ден сатып алады», – деді ол.
Жиын барысында Ақтөбе, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары да сөз сөйледі. Айта кетейік, былтыр аманаттықтар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 40 күндік ақпараттық марафон өткізді. Мобильді топтар еліміздегі 179 ауданға қарасты 425 ауыл мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамти отырып кездесу өткізді. Жеңілдікпен берілетін қарызды рәсімдегісі келетін отандастарымыз өзі тұрып жатқан өңірдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына немесе kezekte.kz порталына жүгіне алады.
Жиын қорытындысында Нұржан Әшімбетов мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатарынан жұмыс тобын құруды, цифрландырудың қосымша элементтерін енгізу бойынша өңірлерге арналған ұсынымдар әзірлеуді ұсынды. Кеңес төрағасы ауыл тұрғындарының өнімін дайындау мен сатуға, сондай-ақ тиімді ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға ерекше назар аударуды тапсырды.