18 шіл, 2018 сағат 14:33

Сыр өңірі I жартыжылдықта макрокөрсеткіштер бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізді

Биылғы бірінші тоқсанның өзінде өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі 10%-дан асып, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге көбейді. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Қ.Көшербаев мәлімдеді.

Депутаттардың алдында сөз алған өңір басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жетіп отырғанын айтты.

"Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Атап айтқанда, инвестициялар көлемі - 117,2%, құрылыс жұмыстары - 115,9%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру - 102,7% және өңдеу өнеркәсібі көлемі - 100,5% жоғары. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі биылғы бірінші тоқсанның өзінде 10%-дан асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге көбейді. Бөлшек тауар айналымындағы - 101,1% оң динамика біз үшін өте маңызды. Бұдан халықтың сатып алу қабілетінің біршама жоғарылағанын көреміз. Атап өту қажет, сәуір айында Жалпы өңірлік өнім өндірудің 2017 жылғы қорытындысы шығарылған болатын. 2017 жылы облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгенің өнімі шығарылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға көп. Жалпы өңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда, алғаш рет оң векторға шықтық", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өнеркәсіптік өндіріс көлемі (95,3%) және тұрғын үй беру бойынша (74,3%) облыс аздап қалып келе жатқанын айтты. Алайда, жыл соңына қарай аталмыш екі көрсеткіш бойынша да өсім болады деген сенімді болжам бар.

Өңір экономикасын дамытуда оны әртараптандыру мәселесі әлі де өзекті болып қала бермек. Атап өтейік, индустрияландыру Картасының аясында 22 жоба жүзеге асуда, қазір оның 16-сы бойынша өнім өндіріліп, 1700 адам жұмыспен қамтылып отыр. Соңғы 6 айда осы жобалар шеңберінде жалпы құны 11 млрд. теңгеден астам өнім шығарылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға артық. Ал, осы Карта жобалары негізінде өндірілген өнім экспорты 37% -ға көбейген.

Облыстың аграрлық секторы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, тек биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 85%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,7%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 15%-ға артса, ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты көлемі өнімнің заттай көрінісінде 66%-ға, ал, доллар эквивалентімен 7,3%-ға өсті.

Өнеркәсіптік бағытта облыс картоп, көкөніс және бақша өнімдерін өндіруді дамыта бастады. Ағымдағы жылы Қызылорда қаласында испан технологиясы бойынша жұмыс істейтін автоматтандырылған алғашқы жылыжай кешені салынады. Бұдан басқа, Шиелі ауданында тағы да 20 жылыжай салу жоспарланып отыр. Ал, Жаңақорған ауданында түрік инвесторларының қатысуымен қызанақ өсіретін ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 
Қазіргі уақытта экспорттық әлеуетті арттыру және өткізу нарығын ұлғайту жұмыстары мақсатты жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы бақша өнімдері экспорты, ал, 2017 жылы көкөніс және мал өнімдері экспорты қайта жаңғыртылған болатын. Ағымдағы жылы мақсары майын экспорттау басталды, алғашқы 11 тоннасы наурыз айында Қытай еліне жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 500 тонна май экспорттау жоспарланып отыр.

Әлеуметтік нысандарды салу да басты назарда. Үстіміздегі жылы облыс аумағында 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Олардың 20-сы пайдалануға берілді. Қалған 10 нысан жыл аяғына дейін ашылады, ал, 11-нің құрылысы 2019 жылы аяқталатын болады. Білім саласында үстіміздегі жылы 15 нысан пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері 4 мектеп және 6 балабақша іске қосылды. Тағы 4 мектеп пен балабақша екінші жартыжылдықта салынады.

Биыл Арал қаласында бюджет есебінен салынған 150 төсектік аудандық аурухана пайдалануға беріліп, Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Шиелі кентінде 150 орындық аудандық аурухана, Қармақшы ауданының III Интернационал ауылында 10 төсектік аурухана құрылысы жүргізілуде, 2019 жылы екі нысан да пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Жалағаш ауданындағы апатты аурухананың орнына жаңадан аурухана салу да жоспарда бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жыл Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Маусым айында облыстың барлық аудандарында жиналыстар өткізіліп, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың жұмыстары тыңдалды.

"Айта кету қажет, қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері байқалуда. Ағымдағы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілер 11 пайызға көбейді. Аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр»,-деді облыс әкімі.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Қызылорда облысында 30 млрд. теңгеден астам қаржыға 73 жоба жүзеге асырылуда.

"Аймақты дамыту бағдарламасында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын жылдың соңына дейін қол жеткізуге тиіс 121 индикатор қаралғанын айтқым келеді. Барлық осы сан-алуан жұмыстың нәтижелерін қорытындылайтын ең негізгісі, бұл өңірлік өнімнің физикалық көлемінің индексі болып табылады. Оны 100,4% -ға жеткізу - 2018 жылға міндет", - деді бірінші жартыжылдықты қорытындылаған аймақ басшысы.