19 қыр, 2018 сағат 20:34

Сыр еліндегі тың өзгерістер

Елбасы «Қазақстан-2050» Жолдауында «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсетті. Бүгінді ғана емес, келешекті ойлаған осы идея Қызылорда облысы дамуының темірқазығы іспетті.

БІЛІМ – БОЛАШАҚТЫҢ  ЖОЛДАМАСЫ

Бүгінде жаһан мемлекеттері бәсекеге қабілетті экономика құру үшін жанталасып жатқаны белгілі. Ол үшін жоғары білімді мамандарды даярлау басты орында тұр. Бұл бағытта Сыр еліндегі серпін көштің соңында емес. Білім саласында ағымдағы жылы 15 нысан іске қосылады деп жоспарлануда. Жыл басынан бері 4 мектеп және 6 балабақша пайдалануға берілді. Тағы 4 мектеп және балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары екінші жартыжылдықта аяқталады. Ал білім берудің сапасын арттыру жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Бұл бағытта да ел президенті адами капиталдың сапасына мән беруді қатаң тапсырған болатын. Адами капитал, ең алдымен, білім сапасы арқылы қалыптасады. Оны оңтайландырудағы білім саласының үлесі әлдеқайда ерекше. Сондықтан да бұл салаға рухани құн қалыптастыратын инвестициялық құндылық ретінде қарау қажет. Білім беруге инвестиция тарту жекелей адам мен тұтас мемлекет үшін де оңтайлы шешім екенін аймақ басшысы үнемі айтып келеді. Аймақта білім беру саласында мектепке дейінгі қамтылу деңгейі жүз пайызды құрап, үш ауысымда оқитын мектептер жойылған. Бір ғана Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылындағы  №34  орта мектебінен басқа,  апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына 45 мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілген. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға лайықтап салынған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер есігін ашпақ. Бұл білім ордаларының әрқайсысынан болашақта еліміздің дамуы үшін тер төгетін жастардың түлеп ұшатыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, биылғы түлектердің де жоғары және арнайы оқу орындарына түсу көрсеткіші көңіл марқайтарлық. Былтыр 97%-ды еңсерген еді. Бірнеше жылдан бері біздің аймақ ҰБТ көрсеткіштері бойынша алдыңғы бес облыстың қатарына ілікті. ҰБТ тапсырып, мемлекеттік гранты алуға бірнеше балл жетпей қалған ауыл мектептерінің түлектеріне аймаққа қажетті мамандықтар үшін облыс әкімінің гранты бөлініпкеледі.

АПАТТЫ  АУРУХАНАЛАР ТҮБЕГЕЙЛІ  ЖОЙЫЛАДЫ

Қазақта «Үш нәрсенің алдын ал: аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта қозған даудың алдын ал» деген тарқатып айтпаса да түсінікті тәмсіл бар. Оны нақтылай түсетін «Жарлының байлығы – денінің саулығы» деген мәтел және бар. Міне, бүгінгі күннің денсаулық саласында осы екі сөзді нысанаға алып, атқарылып жатқан жұмыстар қыруар. Мәселен, Қызылорда облысының денсаулық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы жасалған. Осы бағдарлама аясында алдағы 3 жыл ішінде облыс бойынша 78 нысан салынады деп жоспарлануда. Соның  16-сы келесі жылы әріптестік аясында бой көтереді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 млрд теңгеге жуық қаражатқа 4 компьютерлік томография, 3 ангиографиялық және 1 МРТ аппараты, сонымен қатар реанимацияға арналған, нәрестелер бөліміне арналған заманауи үлгідегі құрал-жабдықтардың барлығын алу үшін жұмыс істеліп жатыр. Қазіргі таңда Арал, Шиелі және Қазалы аудандық ауруханаларының құрылысы жүріп жатыр. Жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін емдеу мекемесі жуырда Жалағаш ауданында да бой көтеретін болады. Осы міндеттер жүзеге асса, апатты жағдайдағы ауруханалар мәселесі түбегейлі жойылады.

Жалпы, денсаулық сақтау саласында барлық шаралар азаматтардың денсаулықтарын жақсарту мен өз денсаулықтарына деген жауапкершілікті арттыруға бағытталады. Биыл бұл салада жалпы адам өлімінің көрсеткіші 1,5%-ға азайған, қатерлі ісіктен болатын өлім саны 10,4%, қанайналым жүйесінің бұзылуынан болатын өлім саны 9,4%-ға төмендеді. Әсіресе, сәби өлімі санының былтырғы жылмен салыстырғанда 14,3%-ға төмендегені қуантады. Қазіргі таңда өлім көрсеткішінің 52 пайызын құрап отырған аурудың  5 тобы бойынша 5 «Жол картасын» жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар 2020 жылға дейін іске асырылады. Белгіленген мерзімге дейін аурулар бойынша көрсеткіш саны нөлдік межеге төмендейді деген үміт бар. Денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыты дәрігерлердің біліктілігін арттыру болмақ. Сондай-ақ, ресми мәліметтерге сүйенсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсеткен емдеу ұйымдарына 21 млрд 535 млн теңге аударған. Бұл – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету (КТМКК) шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 59 пайызы. Бүгінде ҚОФ «МСҚ» мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 65 медицина ұйымымен бекіткен. Оның  34-і – жекеменшік емдеу мекемелері. КТМКК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде бекітілген  95 келісімшарттың жалпы сомасы 36 млрд 470 млн теңгені құрап отыр.

Айтпақшы, бұл салада сүйіншілейтін де жаңалық бар. Ол – биылдан бастап денсаулық сақтау ұйымының европалық стандарттарына сәйкес келетін «Дені сау аймақ» жобасының қолға алынуы. Мұндай жоба республика бойынша тек Сыр өңірінде ғана жүзеге асуда.

САЛҒЫРТТЫҚТЫ  КӨТЕРМЕЙТІН  САЛА

Негізінен Қызылорда облысының климаты ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Және бұл сала өркен жайған. Бүгінде индустриялық аймаққа айналып жатқанымен, ескі дәстүрден жаңылған жоқ. Яғни, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысу ата кәсіп ретінде дамып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ресми сайты жариялағандай,  аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдауға биыл 10,7 млрд теңге бөлінген. Ал  жыл басынан бері 16,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Бүгінгі күнге шаруашылықтар бойынша барлығы 184,5 мың гектар, оның ішінде 2296 га жаздық бидай, 433 га арпа, 1027 га астықтық жүгері, 618 га тары, 51 га күнбағыс, 10282 га мақсары, 19170 га жаңа жоңышқа, 791 га малазықтық жүгері, 4538 га картоп, 5365 га көкөніс, 7490 га бақша егілген. Күріш алқабының 87267 гектары жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Алда сол еңбекті жинау науқаны басталады. Бұл сала негізінде жалқаулық  пен  салғырттықты көтермейді. Еккен егіннің жер бетіне бүр жарып шығамын дегенше де, одан кейін де бабы еңбекқорлықтықа жететеді. Гектарлап егіп тастаған тұқымның жайы болмаса, еткен еңбек, төккен тер далаға кетеді. Сондықтан алдағы орақ маусымында сырбойылықтарды маңызды шаруа, зоржауапкершілік күтіп тұр.

КӘСІПКЕ ЖОЛ АШУ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ

Халықтың экономикалық белсенді тобын арттыру өзекті мәселенің қатарынан түскен емес. Аймағымызда жылдың басында 97538 толыққанды жұмыспен қамтылмаған және жұмыссыз азаматтар бар екендігі анықталды. Бұлар – өздерін зейнетақы төлемдерін, медициналық қызметтер мен әлеуметтік сақтандыруды алу мүмкіндіктерінен айырып отырған тәуекел тобындағы азаматтар. Сондықтан мемлекет осындай азаматтарды еңбек нарығына қажетті мамандарға оқыту арқылы жұмыссыздықты азайтуды көздеп отыр. Жыл басынан бері 7000-нан астам адам жаңа жұмыс орындарына орналасқан. 20400-ден астам адам нәтижелі жұмыспен қамтылып, 20000-ға жуық азаматтың қызметі заңдастырылған. Олардың 17000-ға жуығы жұмысберушілермен еңбек келісімшарттарын жасасқан және 3000-нан астам адам мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсіптерін бастады. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері өнімсіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз ретінде тіркелмеген адам санын 27 мыңнан астамға азайтуға қолжеткізілді. Бұл көрсеткішті 70 мыңға жеткізу көзделген.

Жұмыссыздықты азайту үшін шағын және орта бизнесті дамыту үлкен рөл атқарады. Ол – әлеуметтік аз қорғалған адамдардың санын азайтудың өте тиімді тәсілі. 2018 жыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Кешенді «Жол картасы» әзірленіп, нәтижесінде ағымдағы жылы барлық қаржы көздерінен 32 млрд.-тан астам теңге бөлу көзделуде. Аймақ үшін маңызды құжаттардың қабылдануының нәтижелері байқалып, ағымдағы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер 11%-ға артып, Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр.