12 қыр, 2022 сағат 13:27

Сыншының сыны түзу болса...



Жалқыны жазу - сыншы Әмірхан Меңдекенің өз стилі. Жуырда сыншының «Жалғыздық сені қайтейін» әдеби сын кітабын Ғарифолла Әнес пен Айзат Рақыш автормен бірлесе отырып талқылады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Жалқыға да көп нәрсе жатады. Мысалы, Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» дейтін өлеңін талдаймын. Бұл деген - өте күрделі өлең. Қаншама талдасаң, соншама артылып қала береді. Түгендей алмайсың. Сондықтан сол өте өзекті, аса зәру мәселелерді сыншы сөз ету керек. Сыншының айтуынша, бұл жалғыздықтың жөні бөлек. Шығыс философиясында әбден талданған, жиі қолданылатын жалғыздық.

«Ақтамберді айтады: «Жағама қолын тигенін, Жалғыздық сенен көремін» дейді. Оныңкі де жалғыздық қой, бірақ мынау басқа жалғыздық. Бұл шығармашылық жалғыздық. Шығыс философиясында әбден талданған, жиі қолданылатын жалғыздық.

Әдеби сынның өзі оңай емес. Алған тақырыбыңды ашуың керек. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі ғажап әңгіме. Осы әңгімені оқып отырып, ежелден ойлап келе жатқан нәрсем, әйелдің жанын, әйелдің жаратылысын, әйелдің табиғатын қалай терең біледі десеңші. «Қаралы сұлуды» ашу үшін Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегімен» салыстырамын ғой. Сосын Абайдың интимдік мәселелерді сөз еткен мысалдарын аламын. Енді бұлар өте тереңнен, түп тамырдан қазған. Ал оны ашу үшін жәй аша салмайсың, оны ғалымдарға сүйенесің, әйел туралы зерттеулерге, әйел туралы толғаныстарға, әйел туралы әртүрлі пәлсапалық мәселелерге назар аударасың. Соның бәрін қамтығаным ғой. Бұның бәрі сол «Қаралы сұлуды» ашу үшін. Мынау әйелді психо-физиологиялық тұрғыдан әсіресе Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов өте тереңдетіп көрсетеді. Оған әлі ешкім жете алған жоқ. Ал енді бүкіл кейінгі әдебиетті жоққа шығару мұнда жоқ. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпаны», ол Ұлпанның көбіне қайраткерлігін алға шығарады. Бұл да табиғи нәрсе. Жаңағы психо-физиологиялық тұрғыдан әйелдің тәні мен жаратылысын неғұрлым табиғи, неғұрлым шынайы деймін. Сөздің тереңдігі дегеніміз, ойдың табиғилығы ғой. Өте табиғи. Жүсіпбек Аймауытовтың айтқанын да, Мұхтар Әуезовтың айтқаны да өте табиғи нәрселер», – дейді Әмірхан Меңдеке.

Сыншының 47 беттен тұратын «Еркек пен әйел» деген шығармасы бар. Сонымен қатар, 1979 жылы «Арман қанатында» дейтін бір әңгімесі жас жазушылардың жинағына енеді. Айтуынша, сол кітапқа рецензияны Мұхтар Мағауин жазғанын кейін біліпті.

«Мен үш әңгіме өткізгенмін. Соны Мұхтар Мағауин былай деп жазыпты: «Үш әңгімесі де жақсы әңгіме. Егер осы жас талапкер осылай жаза берсе, бұдан үлкен жазушы шығады» депті. Сол кезде мен енді 20 жастағы жігітпін ғой. Ал Мұхтар Мағауиннің олай жазғанын мен 2000 жылы көрдім. 2000 жылы Мұхтар Мағауиннің «Тасқа жазылған қолжазбалар» деген жинағы шықты. Баспаға жазған рецензияларын жинақтап, бір кітап қылып шығарды. Осы кітаптан білдім.

Ал жалпы сынға біреудің жетектеуімен, біреудің ықпалымен келген жоқпын. Өзім арнайы осы жанрды қаладым. Ағылшынның сыншыл ойы дейтін бар, француздың сыншыл ойы дейтін бар. Дәл сол сияқты қазақтың сыншыл ойы да бар. Сын өспей, сын өрістемей ештеңе алға баспайды. Мысалы, ұлттың сыншыл ойы өспей, ештеңе алға баспайды. Жүсіпбек Аймауытов айтады: «Сын өрістемей, әдебиет өрістемейді» дейді. Осындай ойды Нәзір Төреқұлов та айтады. Нәзір Төреқұлов та үлкен сыншы ғой. Және екеуі де сын жазды. Соны бәрін елеп, ескеріп келіп, мен бір осы пайдалы нәрсемен айналысайын деп сынға өз ықтиярыммен келдім», – дейді сыншы.

Сонымен қатар, Әмірхан Меңдеке «Абай жолы» романына енбей қалған детальдарды да тәптіштеп жазады. Бұл туралы өзі де сөз етіп отыр.

«Мұхтар Әуезовтың күнделігіне жазып кеткен бір сөз бар: «Заманымызға бағындық, бірақ заман адамды қор етеді екен» дейді. Бұл енді сұмдық сөз. Сұмдық терең сөз. Мұхтар Әуезовтың әдебиет саласында көрмеген қорлығы жоқ. Мен «Абай жолына» енбей қалған бір сөйлемін ғана емес, талай нәрсесі туралы мақала жаздым. Төрт мақала жаздым. Мысалы, Шалқымбай дейтін бір адам бар, Абайдың отын-cуын тасып күнелтеді. Абай ақырын кітап оқып, қағаз жазып отырса, мына жақтан боқтап тұрады. «Қап-қара болып, түк қолынан келмейді. Тек ет жей береді. Ең болмаса, балта қайрауға жарамайды» дейді. Мысалы, осы сөйлемді алып тастаған», – дейді Әмірхан Меңдеке.