
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келіп түсетін өтініштер жыл сайын артып келеді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құжат айналымы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Агенттік халықпен өзара іс-қимылды ашықтық, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді ден қою қағидаттарына негіздеумен қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте азаматтардың сенімі қызметтің тиімділігін бағалаудың басты критерийі болып саналады. Биылдың 2 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 1 676 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі (1 542) көрсеткішпен салыстырғанда, 8 пайызға көп. Орталық аппаратқа келіп түскен өтініштердің үлесі 30 пайызды құрайды. Өтініштер санының өсуі халықтың құқықтық сауатының артуымен, сондай-ақ азаматтармен кері байланыстың тұрақты түрде жетілдірілуімен байланысты деп санаймыз», - деді Н. Садыбеков онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, COVID-19 пандемиясы жағдайында карантин шектеулерінің енгізілуіне байланысты, 2020 жылғы наурыз айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау шектелген. Бұл ретте Агенттік басшылығы пандемия жағдайында қауіпсіздікті сақтау мақсатында азаматтарды қабылдауды бейнеконференция байланысы арқылы жүзеге асырады. Шалғай жерлерде тұратын азаматтар қашықтан қосылады.
«2021 жылдың 2 айы ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінде 258 қабылдау өткізіліп, 374 азамат 312 мәселе бойынша қабылданды. Агенттіктің басшы құрамы 2021 жылдың 2 айы ішінде азаматтарға 19 жеке қабылдау өткізді», - деді басқарма басшысы.
Өтініштерді қабылдаудың дәстүрлі нысандарымен қатар, халықпен өзара іс-қимыл Агенттіктің «Call-орталығының» жұмысы аясында жолға қойылды. Биылдың басынан бері 1 424 Call-орталыққа 812 өтініш келіп түсті.
