ШЫҢҒЫС ХАНМЕН «ШАЙҚАС»
(«КІШІ ҚИЯМЕТТЕГІ ҚАЗАҚСТАН» хикая-дастандар топтамасынан)
(хикая)
Мұхтар Мағауинге
...Екі уысы қан болып,
Естіген жанға таң болып,
Шыңғыс туып – Арқардан,
Нұры күндей балқыған!..
...Садағын сары сағымға ілдірген,
Қуанса, – пақырдайын кішірген,
Кәрленсе, – аспаннан жай түсірген...
Шыңғыстай асқар шың өткен!..
Қашаған Күржіманұлы.
Биссмиллә-һи-Рахман-Рахим!..
...Он төртінен толған Айдың өзге бүгін іреңі,
Лүп-лүп етті сықылданып бейне көктің жүрегі.
Ай астында мүлгіп қалған Есекейдің күрені,
Оқыранды белдеудегі баһадүрдің күреңі...
Кетті оянып кенет батыр...
Жаңа ғана көз ілген,
Тамырларын лапылы ұрған оғаш өртті сезінген.
Тына қалды демін тартып, жиып алып есін бұл,
Орда ішінде жалынға ұқсас көкшіл сағым көшіп жүр.
Шаңырақтан нұр құйылып –
толқытады сағымын,
Құрсақ тұсын тұрды үйіріп
ұйқыдағы жарының.
Бір қызығы, түндік жабық, сәуле кірер жөні жоқ,
Туырлықты түтіп өткен нұрға қарық төңірек.
Кемпірқосақ сияқтанып керегенің таңғышы,
Көгіс сағым өшпей қойды шырлағанша таң құсы.
Кенет... көзге шалынды аңның әжептарқы сұлбасы,
Нұр ішінен мекіреніп шықты арқардың құлжасы.
Көкке қарап тұрды-дағы танауымен дем тартып,
От жарқылдап тұқайынан жібергені жер тарпып!
Сосын көкке көтерілді сәуле бойлап нар-құлжа,
Қалды Есекей есеңгіреп!
Қандай жұмбақ бар мұнда?..
Түтінденіп түндік қалды, түтеленіп шаңырақ,
Құлжа сөйтіп ғайып болды ғаршы жақтан маңырап.
Есеңгіреп Ер Есекей, демін жұтып тұр сұлық,
Жары ғана пысылдайды тым тереңнен күрсініп.
Үй ішінен әлі көшіп болмағандай нұр-сағым,
Алтын Сәуле ұйып қапты тұтып жардың құрсағын.
Құшқаны оны кәміл еді Ғайып-Ғалам құшағы,
Мынадай да сүгіретті елестетші, мысалы.
Таңғы ыралар шыңнан құлап, суға сіңіп кетпей ме,
Кешкі шұғыла кейде жұғып қалмаушы ма ед беткейге?
Айдың тілі ақ сәуле боп ақ қары бар шың жалап,
Жапырақтан тамбаушы ма ед бір мөлт тамшы сырғанап?
Ағып шығып, жарып шығып көктің жеті қабатын,
Көгіс жұлдыз ақпаушы ма ед шарпып бұлттың қанатын? –
Есекейдің тұр көзінде кілең сондай сүгірет,
Уәліннің пәк құрсағы нұрды қанбай сіңіред!..
Ал шаңырақ – орынында, түндік, үзік – бүп-бүтін,
Көшкен сағым – өшкен жалын...
Ұшпағандай түк түтін...
Үш түн бойы қайталанды сыры тылсым осы жай,
Есекей де үйретті бой бұрынғыдай шошымай.
Үш күн, үш түн тысқа шықпай жатты жары бүк түсіп,
Құрсаққа нұр ұя салған, ал кірпікке құтты шық!
Онсыз-дағы сәулелі жүз көрген көзді ұялтып,
Шұғылаға бөленетін ол барған жер – қиян түп.
Үш түн көктен нышан енген дәл осынау нұр-шақта,
Ұя салған Алтын Сәуле әлі құрғақ құрсаққа!
Сөйтіп ана тоғыз айда торсық шеке туады ұл,
Бұл сөзіме
барыс үнді
кәрі шыңды куә қыл!
Кім біледі, қалмауы да мүмкін еді бұл да есте –
Қашағандай ұлы жырау жырлап берген бір кеште.
Мен жадымнан еш өшірмей Ұлық Жырдың сарынын,
Көкіректің қуысында сақтап келем әлі күн.
Ол жырды айтқан – дәреттеніп, еш үзбестен жеті күн,
Бұзамын деп, қисайғаны ырас еді бетінің...
Сөзде салмақ қалды ма өзі осы күнде, жырда зіл,
Қасиетті Қазақ Сөзін кімдер бұзбай жүр қазір?!
Саңылауын сәуле шалмай, көкірегін күй шаймай,
Бәдік айтып жүргендер көп бет-ауызы қисаймай.
Көне Жырды бүгінгі әнші айта алмайды неге-дүр? –
Уызынан ембеген ол – еміренгенде Ене-Қыр!..
Ене-Қырдың етегінен түсік болған көр-оғыл,
Көздеріңе қадалады тілімдегі жебе бұл!
Хош, сонымен ары қарай не дер еді Көне Жыр? –
Көне Жырдың көмескі үнін Көкей-Көзбен көре біл!..
Содан бері төрелердің қалды ұраны «Арқар» боп,
Арқар-мүйіз Ай туғанда қарап тұрам аң-таң боп...
Қашағанды тыңдамаған Сөз Киесін не білсін?! –
Міне, солай дүниеге келіп еді Теміршың!
Ій-ауызға былғанбайды ол! –
Қосылмаған арам қан –
Мөрлі тағдыр Теміршыңның зады Нұрдан жаралған!
Бұл баланың одан әрі қылады аңыз туысын,
Кіндікшеше көрді кеше – қанға толы уысын!..
Анасының құрсағында сәуле тұтқан, нұр құшқан,
Дүниежарық қапысынан енген солай – Шыңғыс хан!
Есекейге у ішкізіп дұшпандары қапыда,
Жетім қалды ол ілесе алмай ағамандар сапына.
Жат-жақынның бүкіл итін балағында үргізіп,
«Жетім қозы – тасбауыр» деп, өсе берді ол – тірмізік.
Құдай жазған таланына қашушы еді Бақ қайда?! –
Жатты жаулар, жақты баурар тал бойынан тапты айла.
Одан әрі баяндайды «Қасиетті шежіре» –
Қалай оның күллі әлемді салғандығын тезіне.
Батыс-шығыс, желдік-түстік тұрды атына аң-таң қап,
Шайтан-шәрдің шықты бәрін тас ошақша талқандап!
Алтын туын қайта тікті ол Озған-Мәді жұртының,
Ергенеқон-Өтүкенге барды көші түркінің.
Жиырылып жерге түскен туын тіктеп Еділдің,
Жүрді жүйткіп арасында Қобы менен Обылдың.
Бошыман мен Күлтегіннің тауып алып байсасын,
Таққа қонды, атқа қонды тараған түн Ай шашын!
Қиықкөзді қытай қалған қорғанында қамалып,
Ойықкөзді орыс жүрген орманында омалып!
Нұрды көрдім – жарқ еткенде түн түнегін түрдірген,
Ерді көрдім – көн садағын сар сағымға ілдірген!..
«Сірнекейді ас еткен ол, сілекейін нәр етіп»,
Мың сан дұшпан жаудырса оғын, жоламаған бәле түк!
313 сардарымен шыққанда қол алдына,
Жасанған жау бөкіп безген, таппай қармар талды да...
Бәрі де бар тарихта! –
Қандай патша қай тағын
Қалай тастап қашқандығы емес бүгін айтарым.
Айтамын тек Қағанымның қуып сарттың сайтанын,
Қайтіп азат еткендігін Дәшті-Қыпшақ байтағын...
Бәтшә алдырып үнді жақтан, әнші алдырып парсыдан,
Жертәңірсіп аспан-жерден теңін таппай паңсыған;
Ұлы Қырдың аңғал жұртын қапы шауып қарсыдан,
Талай ірет нақақ қанға харам қолын малшыған;
Мәуреннахр топырағын нас табанмен жаншыған,
Түрді бұзып, дінді бұзып, «жауап тапқан балшыдан»;
Ұлды құнсыз, қызды пұлсыз азық қылып аңсыған,
Сасық тағы тақымында неше заман қаңсыған;
Елші өлтірмек елде жоқ-ты! –
Қырып салып елшіні,
Отырарды ойрандаған қан ғана боп жеңсігі;
Қапияда қан-қан қылған Қараханның әулетін,
Көрген жанды аң-таң қылған күнде асырып сәулетін.
Сол Хорезм-шахы мүлде танытқасын жау ниетін,
Шыңғыс келіп талқан қылған сартауылдың дәулетін!
Қайта айналып басқа қонды көшкен кеше ғажап құт,
Сарттан Сырда елу шаһар алып еді-ау азаттық!
...Жыр желісін бұзу егер боп жүрмесе аса айып,
Көне шәрден аттап кетпей сәл шегініс жасайық...
Көне Үргеніш шаһары еді.
Хорезм-шах сарайы.
Бұл сарайда болған істің бәрі де ерсі, анайы.
Гаремдерді жаңғыртады әсіреңкі екіесті үн –
Арақ құсқан, жәләп құшқан есіреңкі Текеш-тін.
Жаңылмасам, хижраның 615 санасы,
Сол сарайға кірді біреу, жетегінде баласы.
Сарай іші қалың нөпір.
Көрмеген еш сән тайып,
Хорезм-шах тағында отыр
ырқ-ырқ күліп талтайып.
Бас уәзір – махаллауи жөһіттердің ұлтынан,
Ал Бас пірі – «қарамойын қарасарттың» жұртынан.
Әр түн сайын бір қатынмен «некелерін қиғызып»,
Барлық ісін берген «пірі» шариғатқа «сыйғызып»!
Қатындардан жалыққанда, іс таппаса көнбет түк,
Бақсыз туған бәтшәларды қояр еді ермек қып!..
Естен тана өшкен сана, жойылған-ды патшада Ар,
Бар құмары күні-түні қар-бәтшә мен бәтшә-қар!
Таққа қонған «құдайлардың» білу үшін кімдігін,
Жадқа тоқып отырғайсың тағы мынау сұмдығын!
Қорғаны жоқ қарашының тартып алып бөбегін,
Қанын шылап нан пісіртіп айырады ол «қорегін»!..
Шақалақты шарылдатып ұн үстіне жатқызып,
Істікпенен піскілейтін қанын судай аққызып!
Мен ойымнан қосқаным жоқ, өткен іс бұл, олла, шын! –
Өлексені тастайды итке – қан сарқылып болғасын!
Тақта отырған жауыз төбет қалу үшін күшінде,
Қанша бөбек шар-шар етіп кетті иттердің тісінде!
Оған куә Хиуа мен Бұқараның түндері,
Әлі сондай «нан» жейді-дір кей «тарихат» «пірлері».
Бар сұмдығын жаза алмаймын бұдан әрі тарқатып,
Қаза берсең, – кетуі хақ таңдайларың қан татып!
...Бүгін де сол Хорезм-шах отыр еді кісінеп,
Жарастығын быт-шыт қылды ұлын ерткен кісі кеп!
Қарсы алдында кіл қарбаша былқылдатып мықынды,
Тұтжалаңаш билеп жатқан қысыр жылан сықылды!
Тозаң-мұнар сейілгендей – қорқорының түтіні,
Көз алдынан шегінгендей бишілердің мықыны...
Қалды есінде ұлын ерткен қаһарлы ердің кескіні,
Кейін білсе, – күзетшінің көрмепті оны ешбірі.
Дутарлар мен рубабтың мыңқ-мыңқ етіп өшті үні,
Сарай ішін солқылдатқан Ердің Үнін естіді:
«...Ей, қара бет, Сақи-Алла Бақ бермеген тұл-надан,
Ханның Тағын, Елдің Бағын нәжісімен былғаған!
Айналдырдың шаһарыңды сайтанаттың шәріне,
Ұшырадың Жасағанның енді оңдырмас кәріне!
Сен міскінсің – Аллаға емес, ібіліске бағынған,
Өзін Құдай санай бастар –
нәпсі-пұтқа табынған!
Ақ-Тарихат ерендерін астына сап құлыптың,
Тарса, сартты ойнаттың сен төбесіне түріктің!
Ер түріктің асыл тілі қалды аяқта тулақ боп,
Жат мақаммен шүлдірлейсің, шибөріше шулап кеп!
Ұл менен қыз көз аша алмай кенеуі жоқ бүліктен,
Елдің ділін «тазаладың» Қауіп пенен Үміттен!
Қатыныңа билік беріп, балдызыңды әмір ғып,
Қыз-күйеуді құтырттың сен бар байтаққа «тәңір» ғып!
Сан ғасырлық қазынасын мынау ұшан Дәулеттің –
Ит-жеміне айналдырдың сендік бір-ақ әулеттің!
Ширек ғасыр сенің жемің – тапқаным мен баққаным,
Ер намысын, Елдің арын табанға сап таптадың!
Қорладың сен ұлдың жанын, арулардың пәк тәнін,
Діннен безген жөгілерге қолжаулық боп хақ-таным!
«Хәл»* ғылымын көрге тығып,
«Қәл»* білімін «баптадың»,
Оның-дағы қағидатын тек тіліңмен жаттадың!
----------------------------------------------
«Хәл»* (ладуни, яки жүрек ілімі) – Алладан тікелей берілетін ілім; «қәл»* (шариғи) – адамнан үйренетін білім.
Аттадың сен Хақ Жолынан!
Кешіп нәпсі батпағын! –
Хақсыз тапқан бақта баян, болушы ма ед тақта – құн?!
Кір жұқтырдың Сұбхан-Пәктің «тұт» деп берген дініне! –
Жеттің ақыр Расулдің дінінің сен түбіне!
Күт, ендеше, Қадир-Хақтың төнер саған қаһарын! –
Тат аяусыз тағдырыңның балдан «тәтті» зәһарын!
Зәһар еді «Тәңір-асың» – таңнан тұрып татарың,
Көп ұзамай күлге айналмақ мынау шайтан-шаһарың!
Шығып қойды саған Хақтың бұлжымайтын үкімі! –
Әзір оны тұр көрсетпей мадақ-мастық түтіні...
Көзің соқыр! –
Жарты дүние уысыңда тұр бүгін,
Бір уыс құм құйылғанша түрмейді ол көз «түндігін»!
Ал әзірге жалғандағы ең көреген жансынып,
Тек өзіңде тұрғандай-ақ сезінесің барша үміт...
Құл мен күңің «шүкір» етер:
«Орнап тұр, – деп, – тыныштық»,
Ойлайды олар өздеріне қонғандай бар ырыс-құт.
Ол «тыныштық» ұлт жүрегін сорып қара жылан боп,
Жатқандығын көрмейді ешкім – жаулап қызыл-ұран боп!
«Тыныштықпен» тұншықтырып жас қауымның жігерін,
Тумай жатып Өр Рухтан «тазартады» жүрегін!
Мұның бәрін «оқып туған» мына отырған құлғана,
Керек бұған басыбайлы, жаны «жайлы» құл ғана!
Күн туғанда, тұтатқанда Шындық шақпақ-оттығын,
Отанға ие бола алмайды сендік «өнім» – көп құлың!
Бүгін, міне, барша жанға ұғынатын жетті күн:
«Шындыққа ұқсас жалғандықтан жаман нәрсе жоқтығын!..»
Ұзамай-ақ түтін тарап,
үні солып бұлбұлың,
Бастағы бақ, астағы тақ – бұлбұл ұшар бұл күнің!
Бір уыс құм құйылғанда, соғылғанда шыңға үнің –
Бар сипатын ашар Жалған, шашар шыны-шындығын!
Бір уыс боп сөнер күнің!..
Тартар түпсіз тұл жылым –
Қанға қанбас ындының мен жемге тоймас құрдымың!
Алаулап Гүл – талаурап тұр анау күннің шығысы,
Шығыстан кеп шабар сені «Хақтың Қаһар-Қылышы»!..
Бірі қалмай маңыңдағы мына отырған дүрмек-топ,
Сол Қылыштың жүзінде ағар арам қаның дірдектеп!..
Сен бас тығар қуыс қалмас кең аспанның астынан! –
Жаназаңды шығарып қой,
тірлігіңнен қашты мән!
Жаназасы шықпас мұның!
Тұтылмайды азасы! –
Бұл – Алланың бұлжымайтын бұған кескен жазасы!
Тығылар бұл жанұшырып елсіз-күнсіз адаға*,
Сүйектерін мүжімекке шулар сансыз шағала!
Тас төбеден ұрар мұны тағдырының тасы ауыр –
Мың сан қолдан, ал қасында қалар жаңғыз жасауыл!
Сенбейсіңдер қазір бірің, отыр жүзіп мамыққа –
Бұйырмайды, – десем, – ертең тәнін артар табыт та!
-----------------
Ада* – арал.
Бұл кебінсіз жерленеді!
Кесулі тұл тағдыры,
Шапанына орап көмер жасауылы, ал мұны!..»
Осыны айтып, ұлын ертіп шығып кетті әлгі адам,
Сең соққандай сенделісіп жасауыл тұр сандаған.
Ақиқаттың дырау үні естен мүлде тандырып,
Шах та, «пір» де, уәзір де – қалды бәрі мәңгіріп!
Бәрінің де алқымынан буындырып бұғалық,
Өлі жылан қыздар жатыр тас еденде бұралып.
Түсінбей дал мұны өңінде,
түсте, бәлкім, кешті ме? –
«Қайда-ласып?!» жанталасты бастағанда ес кіре!..
Шөмеле-бұлт өртенгендей тиіп кетіп шырпы-Айың,
Жөңкіп кетті күллі шаһар,
ал әлгі жан зым-қайым!..
Міне, осылай баяндайды Көнедегі Жылнама,
Көп ұзамай ол шаһардан қалғаны ырас күл ғана!
Тап осылай жырлары хақ Көне Күннің Өлеңі,
Еш мүлтіксіз қайталанды уәлидің дегені!
Көкірекке қолды қойып бере аламын куәлік,
Нәмін айтсам, ол әулие – Бәһәуаддин Уәліт*!
Нұрға толған,
Сырға толған,
Жырға толған өзегі,
Жетектегі ұл – Жәләладдин Румидің өзі еді!
-----------------------------------
Бәһәуаддин Уәліт (р.ғ.)* Мұхаммед ибн Ахмед Хатиби (1231 ж.қ.б.) – «Үлемдердің Сұлтаны» атанған рухани ұстаз, Жәләладдин Румидің әкесі.
Әкесінің жетегінде хат танып ол, Хақ танып,
Сол күні олар Анадолы жаққа кеткен аттанып.
Іздегенмен дүрлігісіп сарбаз біткен шарқ ұрып,
Өзі түгіл, ізін таппай қалды шаңға малтығып.
Бұйрық болып,
залым шахқа айтты үкімін пернелеп,
Жендеттерден қақты оларды періштелер перделеп!
Жердің жүзін нәжістерден тазалаған қылышпен,
Уәліннің құрсағында-ақ қанғанынша нұр ішкен
Шыңғыс жайлы мүшел жаста біліп еді Мәуләна,
Әке аузынан Шындықты естіп, ұғып еді Мәуләна!
Ол Мәуләна, күллі әлемді жаулап Нұрмен, Сырменен,
Гүлдерге ірең,
тастарға да жан бітірді тұл-керең!..
Жүректері – Хақ шарабы шүпілдеген құмыра,
Бұл Шындықты ырастайды Әттар* менен Күбірә*...
Хош, сонымен Хан Шыңғысқа қайта айналып соғалық,
Отырарды сартауылдан босатқаны, ол – анық!
«Бұл – Бақ-Құттың қаласы!»* деп, Зарнұққа кеп бас иген,
Кеңес құрған Хақ-Халифа Дәніспандай* асылмен!
----------------------------------------
Фәридәддин Әттәр (р.ғ.)* Мұхаммед ибн Ибрахим Әбу-л-Хамид ән-Нишапури (1161-1239) – парсының даңқты софы-шайыры.
Нәжмәддин Күбірә (р.ғ.)* Ахмед ибн Омар Әбу-л-Жәниб (1145-1221) – әйгілі шайхы, софы-шайыр. Бәһәуаддин Уәліттің (р.ғ.) ұстазы. Ф.Әттәр (р.ғ.) да, Н.Күбірә (р.ғ.) да Шыңғыс ханның «Алла-Тағаланың қаһар қылышы» екенін мойындаған, Хақ қалауымен шәйіттік кешкен әулиелер.
«Бұл – Бақ-Құттың қаласы»* – Зарнұқ туралы Шыңғыс ханның өз сөзі.
Мұхаммед Дәніспан (р.ғ.) әз-Зарнұқи* – Отырар маңындағы Зарнұқ қаласында Ілім ордасын ұстаған уәли. Қ.А.Ясауидің (р.ғ.) халифасы һәм інісі. Хан Шыңғыстың кеңесшісі. Зираты, 9 ордасы Маңғыстауда.
Тәжім қылған Түркістанға – Әзірет Сұлтан басына,
Тікті ордасын Қарнақтағы тәкияның қасына!
Мың бір мәрте мінәжат қып Бас Пір жатқан мазарға,
Хақ ілімін басшы еткен-ді «Ясыны» жазарда!..
Сартауылдың қарасы өшіп, басын езіп бүліктің,
Сансыз шаһар қайта көшкен билігіне түріктің!..
Төрткүл әлем «Хорезмді алды!» деген хабарды ап,
Үш күн, үш түн Жеңіс тойын тойлап еді Абардат*!
Жүз бір ұлыс, мың бір тайпа дәргейіне бас ұрып,
Жарты әлемді билеп еді ол алапатын асырып!
Ұлы Дала ғұмыр кешкен оның жазған Заңымен! –
Әрбір қәрпін жазып еді ол жүректегі қанымен!
Сол Заңнан соң бұл далада болмаған еш қиянат! –
Шын-қылапсыз қалпын тапқан «Адам» деген зиялы ат!
Қайран бабам, шар-ғаламға тіккен Алтын Ордасын! –
Сол Ордаға қайта енетін күн болар ма қор басым?..
Енді қашан жарқылдайсың, Хақтың Қаһар Қылышы? –
Отын болды Өзің құрған Алтын Орда Ұлысы!
Сенің жазған Алтын Заңың қалды аяққа тапталып,
Кесенеңді, көсегемді қорлауда әлі жат сарып!..
Енді қанша жүрем «жолмен» сызып берген дұшпаным,
Өле ме Өлі Тыныштықта – Шын Аңсар, Хас Құштарым!?
Тарқап кеткен Жолшы ұлыңның баяғы Орда-Базары,
Неге маған үндемейсің, Алаша-хан мазары?!
----------------
Абардат* – Шыңғыс ханның Хорезм мемлекетін алғаннан кейін (1223 ж.) Жеңіс Тойын тойлаған қонысы. Қазіргі Жуалы-Мыңбұлақ маңы.
Жолшы* – Жошы.
Төрт тарапты түгел алған үш немерең дабылы-ай! –
Қәзір мені өзге түгіл, өз көшем жүр танымай!
Ерте көктем, қара күзде еңсем қара бұлт боп,
Алаша-хан мазарында еңіреймін ұлып кеп!
Қан-жүзімді жасым іреп, жүрегімді тіліп кек,
Мен жыласам, ыржаңдайды турист-топ, жүлік-көп!
Шығып сосын «Едіге мен Тоқтамыстың тауына»,
Тасқа қайрап азуымды, шегем айбат жауыма!
Ұлытаудың ұшарында қара жаңбыр астында,
Қиял атты қайығымды қарсы салам тасқынға!
Жаңбырменен жосылады Жүрек Қаным – жас-тұмам,
Қара түнге қосылады торлап тұрған тас-тұман!
Аллам, қашан оятасың Қара Түнге Нұр бүркіп? –
Түнге қамап қоясың ба шың үстінде шыңғыртып?!
Ұлы Дала төсін жаншып қанша жатпақ көр-ымырт,
Ұлы Баба атын қорлап жөгі қырт пен өлі жұрт?!
Етектегі, кетектегі өлі жұрттың қасынан
Орынымды таба алмай мен, шыңға шығып ашынам!..
Ұстап алып қара түннің жалбыраған шашынан,
Әр талына өрт жіберіп жасын болып шашылам!..
Енді қашан шаңқылдайсың, Шыңғыстаудың қыраны?
Неге мені жұбатпайсың, Ұлытаудың ұлары?!
Орда тіккен Орда тауың, Мұңал-Жары жотасы,
Боздайды әлі нармаядай бүгін өлген ботасы...
Көз Жасымды кім сүртеді, Жүрек Қанын кім көрер? –
Тіріөліктер түсіне ме, мүңкіп жүрген мүрделер?!
Кім үңілсін Жанардағы Жан-Азамды сүртпек боп?! –
Тапса, сүріп тастамақ боп моланы жүр түртпектеп!
«Шыңғыс ханмен бір көмілген» қазып алып алтынын,
Өзін турап тастамақшы түк қалдырмай тамтығын!
«Көз салмады ол, – десем егер, – дүниебайлық дегенге!» –
Жүз атасы аштан өлген ңөңдер оған сенер ме?!
Ауызына алтын тістеп өлетұғын көмерде –
Қалай оны ұқтырармын көрдемше мен кереңге?!
«Отырарды ойрандаған, өртеп кітапханасын
Хас қанішер Хан Шыңғыстың өшірейік қарасын!..»
Осы ұранды тамызық қып отша шалқып лапылдар –
Киізтұмсық ғалымдар мен мүйізтұмсық ақындар!
Кітапхана табылса егер – оқи қояр жан құсап,
Екіленіп есіреді «тағындағы» әңгі «шах»!
Бабасымен «соғысам» деп өтті ұйықтамай көп түні,
Есеп емес мыйын ашса, – бес әріптің жоқтығы!
Отырады «өрмек тоқып» сайтан-сирақ «бізімен» –
Дұшпан жазып берген жалған «тарихтың» ізімен.
Жидіп кеткен сол «өрмегін» тұтпақ Алтын Сарайға! –
Іріп тұрған өлі бұйым мүліктікке жарай ма?!
Одан, бірақ хабары жоқ өлермен мен жазарман,
Ойып олжа алып қалмақ дәрілфәни-базардан!..
«Өрмектерін» біржолата тығар еді сейфіне, –
Ақиқаттың Айнасымен қарап көрсе кейпіне!
Бірақ ол Пұт жалғаншыда жан теңгермес – Өзіне,
Шағылысып – Өлексе мен Жезөкшенің көзіне!
Қисық Айна Қортық Ойын көрсеткенде сымдай ғып,
Тамсанады ол Өз Кейпіне:
«Болды ма ер, – деп, – мұндайлық?!»
Арғы-бергі тарихтан өз теңдесін таппай қап,
Ғасырлардың Бәйгісіне қосты есегін қақпайлап!
Ал ол есек жасамай бір қала алар ма – әңгілік?! –
Тарихтың жақпарында дауысы жүр жаңғырып!..
«Соц.шыншылдық» шыңғыртқанда көрінді, ырас, баба жат,
Жаттықпенен біраз нәрсе жазып қойған қаралап.
Сол жазғанын қорғап қалмақ – жалғандықтан қамал сап,
Саусағынан «аңыз» сорып сайтан-сирақ қаламсап.
«Қамалдарын» Уақыт Желі кеткендігін күйретіп
Еш ұқпайды ол – ой-санасын нәпсі-пұтқа билетіп.
Ұғынса да нәпсісі – тау, мүмкін емес мойындау,
Содан, бәлкім, сөз – шулыған, жаназам – шар, тойым – дау!
Ұқтырып тұр, ықтырып тұр Ызғырық Түн, Желкем Күн:
ЕШ ӨТІРІК ӨТПЕЙТІНІН ӨҢЕШІНЕН ЕРТЕҢНІҢ!..
Есер бала, ол да күшті – көшесінде өзінің,
Шет көшеге шыққанынша шелі қалың көзінің!
Ол шет көше «тазартқанда» шелден оның жанарын,
Ұғар ма әзір, қайта айналып үйін таппай қаларын?!
Тұрғанында шаруаң қанша сұқ саусағын кезеп шың? –
Өз Көшеңде есегіңмен «жүлде» алғанға не жетсін!..
Адамзаттың Аспанында Ай-тұяқты алмауыт
Келеді ағып! –
Талай есек қалып жатыр шаң қауып!
Сол алмауыт қайта тауып ала ма деп Иесін, –
Дұшпан жатыр жанталасып қашырмаққа киесін!
Иесі алып қоя ма деп – АЛАМАННЫҢ ЖҮЛДЕСІН,
Күні-түні қазады олар отанымның іргесін!
«Өз көшемде пілге үрдім!..» деп мәзігетін масайрап,
Көпектер мен есектерді аламанға қоса айдап!..
Барлық мақсат: Пірлі Ұғымды ұрғынымнан жасыру –
Аламанның Киесі мен Қасиетін қашыру!..
ӨЗІН ТАНЫП қоя ма деп – Ер Түріктің ұрпағы,
Дұшпан жазған жалған тарих таққа мініп тұр тағы!
Өзін танып қойса егер де – жатқан рух сілкінбей
Бабасына қарап бойын түзеуі де мүмкін ғой!
Ол түзелсе, – Уақыттан сұрап кеткен есесін,
Түзеп алып жүрсе қайтпек – шаһарының көшесін?!
Ал ол көше болып шықса, – көшесі Алтын Орданың, –
«Қорғандары» күйреп барлық, өрт шалмай ма «орманын»?!
Сондықтан да қолында әзір тұрғанда уақыт шылбыры:
Өз Атасын Жау санау шарт – Ер Бабаның ұрғыны!
Сондықтан да барлық «жүлде» беріледі – есекке! –
Сондықтан да есектердің алдынан еш кесе өтпе!
Кесе өтсең-ақ, жем боласың оқ пенен тас, кесекке,
Тамызық боп өртенесің ғайбат пенен өсекке!
Сондықтан да бабамды айтса, – күре үреді жылқысып,
Мәліннің де көргісі бар арыстанмен жұлқысып!
Кер заманның бізге «сыйы» болар екен тағы қай? –
Ағаш оғын атады ұрғын – Өз Атасын танымай!..
Бабам тәнін шаба алмаған Уақыттың Балтасы,
Қандай залал келтіре алмақ ағаш оқтың жаңқасы?!
Сонда да қор «өрін» бермес – қурағанша қаңқасы,
Зәрін шашпақ құрғағанша Ындыны мен Аңқасы!
Қанын өртеп Бабасына жаққан қырттың жаласы,
Чехқа қашты, шетке қашты Мағауия баласы!
Оқпен емес, боқпен кептеп, кезеп ұңғы-өңешін,
«Аулап» жүрген көбейді «аңшы» «Шыңғыс ханның елесін»!
Шетке қашты ол түсінгесін «дұшпандардың» «өресін» –
Өз жерінде Өз Бабасын қорғау мүмкін емесін!!!
Асылдарын, хас ұлдарын сыйдырмаған төріне,
Не дей алам елірмелі «егеменшіл» еліме?..
Нар жығылып, піл бүгіліп, болды жемі құзғынның,
Олар сөйтіп жапа шексе, – шікірәсі біз кімнің?!
Ширек ғасыр уақытта бұлттан асып мәртебем,
Шыңғыс-бабам алдына кеп басын иген жарты әлем!
Ширек ғасыр менің де енді алғаныма – «азаттық»,
Ширек қадам алға қарай басты ма екен – ҚАЗАҚТЫҚ?!
Өз Жерімде Өз Тілімді қорғай алмай келемін,
Өз Төрімде Өз Дінімді қорлай (Алла-ай!) беремін!
Өз Елімде мені ЕЛ қылған Өз Бабамды жатсынып,
Бар қарғысты жаудырамын – Өлі Әруаққа тапсынып!..
Бес-ақ күндік боқ-тірлікте жүргенге ептеп үкімім,
Киіп алдым бетперде ғып мадақ-мастық түтінін!
Түтін торлап ой-санамды түк көрмеймін бүгін мен,
Ең Бастысы, ҚОЛ КӨТЕРІП – БЕЗДІМ АТА-ДІНІМНЕН!..
Сөзім жайлы сарнама көп, өзім жайлы жарнама! –
Ұмыттым мен арналарын: МАДАҚ – ЖАЛҒЫЗ АЛЛАҒА!
Ойлап па еңіз: «Бәрі маған берілді деп – тегін!..» – сіз? –
Ұмыттым мен қалуым да мүмкіндігін кебінсіз!..
Өздігінен орнағандай бастағы аз-кем ізгі шақ,
«Төркінімді танымаймын – өзі болған қыз құсап»!
Көзім озып ұясынан, өзім озып тәнімнен,
Өз қолыммен Жасаған боп көрінбекпін бәрін мен.
«Бәрі менен басталады!..
Өткен – түгел оңбаған!..» –
Осы пиғыл ақынды да, әкімді де торлаған!
Асқына кеп осы пиғыл – Өз Бабасын қорлаған! –
Көзін қашан ашар екен көроғылы – ңөң-надан?..
«Бізде бұрын шегара да, мемлекет болмаған!..» –
Деген «пікір» жадқа оралып, қылыш-қалам қолға алам.
Тек Өз Басын асырам деп, жерге тығып Өз Жұртын,
Ит-кәуірдің одан сайын қоздырады көз құртын...
«Сенде ештеңе болмапты ғой!..
Айтқан мұны – өзің!..» – деп,
Безеп кәуір сұқ саусағын, кезеп отыр көзін кеп!
«Сені ел қылған Бабам ед!..» – деп, ұстайын ба нан-құран? –
Өзім нанбай отырғанда, жатты қалай нандырам?..
Бабам құрған мемлекет – уығы Алтын Орданың
Босағасын көріп пе еді – төрімдегі көп залым?!
Көрмек түгіл, аты естілсе, – сигектейтін інінде,
О, кер заман, о да маған «қожа» бопты бүгінде!..
Ол Орданың мынау «қорда» астарына жарар ма?! –
Соны ойласам, Жүрек Қаны салады ұя жанарға...
Қайран Бабам, жарты әлемге жүргенімен өкімі –
Екендігін тұтқан жадқа – Өз Елінің Өкілі.
Мадақ-мастық түтінінен кимеген еш бетперде,
Оранып ап шіренбеген шірік шен мен шекпенге!
Бетпердесіз жүргеннен соң ойы да айық, сөзі анық,
Ай-мүйізді құлжа болып шыңда тұр ол бозаңып...
Талай тексіз таласқанмен телімекке «мұңғылға»,
Нұр-бейнесі жүрегімнен өшкен емес мың жылда!
«Мұңғылдық» пен «мұңалдықтың» қанша ғасыр арасы? –
Көпірімді кәпір жұлып кеткендігін қарашы!..
Көз жеткісіз – ақиқаттың айдынының жағасы,
«Ол – бабам!» деп айта алмай тұр Мұңал-шалдың баласы...
БАҚ бетінде небір «пікір» айтылса да ұшқары,
Жүріп едім араласпай бұл «соғыстан» тысқары.
Қанден үріп абаданға, талағанда итімсіп,
Сүйегімді итаяқ қып жалағанда қый-тұмсық;
Мен де ит екем – көтеріппін итақайлар жаласын,
Көре тұра талаттырып Мағауия баласын!..
Түптің-түбі қирары хақ жалғандықтың түрмесі! –
Ай туғанда елестеуші ед Ер Қағанның Сүлдесі!..
Бозаң қырдан, тозаң-нұрдан көргелі оның Елесін,
Бұл «шайқастан» тыс қалуым ұқтым мүмкін емесін!
Ақиқаттың Айдынына салдым Шындық-Кемесін,
Сол кемемен жүзіп өтем, кім не десе, о десін!..
Көк жүзінде маңыраған Ай-мүйізді Арқар-Бұлт
Қылыш-Мүйіз Ақиқатпен кетті «ордамды» талқан ғып!
Қылыш-Мүйіз Шындық-Арқар тас-кеудемді сүзді кеп,
Жаңқаларым жұлдызша ұшып, көздерімде жүзді Көк!
Сол-ақ екен, түсті күйреп, шашып сәуле құз күреп –
Табалаған тас-жүрек пен абалаған мұз-жүрек!
Хан Шыңғыспен «соғысам» деп, пенде бар ма ед бақ тапқан?! –
Хақтың Қаһар Қылышы боп тағы да алдан атпақ таң!
Тәуекелге тақым артып, бұрдым, міне, ат басын,
Атпақ Таңның Жаршысы боп таптым шаһар қақпасын!
Бар Шындықты баяндауға Қадир-Хақтан бұйрық кеп,
Ендім шаһар Қақпасынан! –
Еш жөнім жоқ сый күтпек!..
Қанның оты лапылдап тұр, шамның нұры лүпілдеп,
Не де болса, бұл шайқастан шегінуге хұқым жоқ!
Жұрттан да ықпай, сұқтан бұқпай, көзден зытпай «қырағы»,
Келіп тұрмын сендерге айтып кету үшін мынаны:
...Ай астында орнап тағы АЛТЫН ОРДА – ҰЛЫСЫМ,
КҮН АСТЫНАН шығады ерлер түре созып қылышын!
Кекке қайрап, сертке байлап Ер Қазағым құрышын,
Біледі әлем өлмей Оның келгендігін кім үшін!
Алтын Орда түндігінен әр түн сайын Нұр саулап,
Әз-аналар құрсақтарын тұтар сағым құрсаулап!
Алтын айдар ұлан өріп әр шаңырақ, бесіктен,
Қызыр-Ілияс мейман болып енер сонда есіктен!
Жын-масы емес, келеді ұрпақ ышық кернеп Нұр-Масы,
Әр түндіктен әр таң сайын өрер арқар құлжасы!..
Хабар берер құлжа сонда Ғаршы жақтан маңырап,
Сәт-сағатта қозықасы енесіне жамырап!
Міскіндердің қарасы өшіп – түбі бірге, жаны жат,
Алтын шарап құяр жанға – алтын шара-шаңырақ!
Нұр-шарапқа қанып алып ұл менен қыз жаны әппақ,
Жалғыз Хақты ертелі-кеш жатар сонда мадақтап!
Оларды ешкім даттамайды: «Мынау бізге шет дін!..» деп,
Жалған құдай соттамайды: «Хақты зікір еттің!..» деп.
Жын қарығып оттамайды «қосбармақты» – өлесі үн,
Зікіршіні боқтамайды кептеп «көктер» – «немесін»!..
Жалған уағыз жаттамайды іш-қыры нас дін-масы,
Жоқ қ...ясын саптамайды ышқыры бос ұрғашы!..
Жүректерден жүректерге нұрлар ағып жеткенде,
Мастық-настық түтіні боп ыдырар бар бетперде!
Сол бетперде жыртылған күн – сөгіп Хақтың Қаһары,
Қирап түсер пұт-құдайдың барлық шайтан-шаһары!
Пұт-құдайлар сарайларын тастай қашар жұтаған,
Еркек-шора қарбашалар тырдай болып лыпадан!..
Дінін соттап,
тілін таптап,
бабасына оттаған
«Әкімді» де, «ақынды» да сонда Сотқа ап барам!
Ар-Сотына алып барам – «арқарды» атқыш «аңшыны»,
Жынды-дорақ «балшы» менен жүндібарақ «тамшыны»!
«Жүсіптердің» құдығына Ғаршыдан Пәк нұр саулап,
Азаттыққа шығар алып Ақ Сәулелер құрсаулап!
Ай алтынын шашып барлық, төгіп Күн де күмісін,
Әрбір пұтқа сілтер сонда АЛЛА ҚАҺАР ҚЫЛЫШЫН!
«Әкім» мысқал пайда көрмей батпансытқан тағынан,
«Ақын» нышан һайла көрмей отпансытқан жағынан;
Обырша обып қамқа тоны, шағып шаян-шекпені,
«Қызыл» қанын дірдектетер КӘР-ҚЫЛЫШТЫҢ ОТ-ДЕМІ!
Жаттың уын ішкен күнін қарғауға кеп шамасы,
Уә, сол сәтте түсер ме еске АЛТЫН АЙДАР БАБАСЫ?..
Бағын, тағын, жағын қарғап – жылан жұмыртқалағыр,
Сауға сұрап үлгерер ме жаққанда ымырт қара кір?..
...Бүгін, міне, таңдайына жұмыртқалап бозторғай,
Бір дәруіш шаһарға кеп бастағаны-ай сөз толғай!
Таңы мылқау,
түсі қылқау,
түні соқыр,
өлі кеш
Шулы шаһар сөзін, тіпті, елер емес оның еш! –
Ал ол болса, жыртып тастап мадақ-мастық түтінін,
Шахты ордаға айтып жатыр Қадир-Хақтың үкімін!
Хақ өкімін жеткізеді жүйрік тілмен пернелеп,
Жасауылдан жасырады періштелер перделеп...
Тақта – тұлдар, пұтқақұлдар көз салмайды бұл жаққа,
Қысыр жылан қызға қарап басып отыр ыржаққа!
Шибөрі топ шәуілдейді мадақ айтып зықыны ап,
Шайтан-шәрдің қабырғасы барады, әні, шытынап!
Көрмейді оны «қолы жүйрік», «көздері өткір» соқырлар,
Пұтқақұлға емшегінен у емізіп отыр қар!
Уәліттің сөзін ұққан Хорезм-шах құлағы
Түрік екен! –
Қайтіп енді оятармыз мынаны?..
Мүлде сөніп тыйылғандай қара тас боп шырағы,
Көзге шөгіп құйылғандай қара нас боп бұлағы...
...Жетегінде – жалғыз ұлы!
Көзінде – нұр!
Сөзінде – от! –
Ал дәруіш үкім оқып тұр алдында безілдеп!..
Бір қарасаң, көзге қораш, көрінгенмен жұпыны,
Бұлт-сияға толтырыпты ол аспан атты құтыны!
Қауырсыны көк қапысын қапысыз-ақ аршыған,
Кәусар-Шындық жұлдыз болып тамады оған Ғаршыдан!
Жұлдыз біткен Сыр жазылған сықылданып тас-таңба,
Нажағаймен қол қояды ол қара дәптер-аспанға!..
Жалғыз ұлды дәруіштің тілінде Хақ үкімі,
Алдында оның қалтырайды қашқан сарай ыпыны!..
...Жариялап – желге ұшарын, жер құшарын мұнша бақ,
Ең ақырғы түйіршігін сауып жатыр құм-сағат!..
15 – 17.06.14 ж.
Қошқар-Ата – Қолтық қонысы.
Светқали Нұржан