Көрнекті ақын Светқали Нұржанның "Құл Қожа Ахмет Ясауи һәм Ақман-Қараман хикаясы" атты әфсәна-дастаны бес қисымнан тұрады. Бүгін біз оқырман назарына туындының бірінші қисымын ұсынып отырмыз. Дастанда бүгін де "бар болу мен жоқ болу" таразысында теңселіп тұрған Ұлт тағдырына алаң беймаза ақын өзін мазалаған ойларды өлең тілінде өрнектеп, жанды ауыртар жайттарды жырға арқау етеді. Өткеннің сұмдығы мен бүгіннің шындығын телғабыс салыстыру арқылы көңіл призмасынан Ақиқаттың алдына жүгіндіреді. Шығармаға терең бойлаған мәртебелі оқырман талғам-таразысына салып, өз шындығымен бетпе-бет келері анық. Әфсәна-дастанның қалған бөлігі оқырман сұранысына орай жарияланатын болады.
редакциядан
ҚҰЛ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ
ҺӘМ АҚМАН-ҚАРАМАН ХИКАЯСЫ
(әфсәна-дастан)
(«КІШІ ҚИЯМЕТТЕГІ ҚАЗАҚСТАН» хикая-дастандар топтамасынан)
1-қисым
Биссмиллә-һи-Рахман-Рахим!..
...Қозғағалы бір кепті Сөз бастадым, әл-қиса,
Лып-лып төкті жарығын кеудемдегі шам-шиша.
Осы жырға көз салған ойланса екен жас-кәрі:
Бар саяси қатпары, әлеуметтік астары.
Қалам тұтқан қасқаға оқырманнан аз ба сын?! –
Дерің анық: «Назым ғып жазу керек – жазғасын!..»
«Лирика саяси», әлеуметшіл өлеңдер
Өлген «мұра» емес пе ед «көсемдермен кемеңгер»?! –
«Көне жұртқа мөңіреп не болғаны?!» – демеңдер,
Алтын балық қаппаса қармағыңды, – менен гөр!
Ей, Қара Өлең аяулым,
көкірегі қаяулым,
Жұрттың бәрі ұйқыда, Сен және мен... ояумын.
Дұшпан да ояу... содан соң қырттар да ояу былапыт,
Артымыздан мігірсіз ағаш оғын жүр атып.
Қайсыбірін айтарсың, бірі – көтеу, бірі – әтек,
Алып қалмақ ол да есе – рухани рэкет.
Ұйқасы бар «мақала» қиыстырғыш дәлдүріш
Қаралы елдің үстінде қатындарша салды ұрыс.
Жаралы ерді қалды деп ойлай ма екен қансырап,
Тұншықтырып тастамақ нәжісімен жаншылап.
Қаздық қой деп ойлайды қарсы алдымнан мәңгіге ор –
Әлеуметтік желіден әулігіскен әңгілер.
Сайтанаттың түтіні перделеп ап көздерін,
Қазғандарын ұқпайды еш өз қолымен өз көрін!
ОТҚА ӨРТЕНГЕН ЖЕСІРДЕН ақы ұрлайтын жылан-сұр,
Кіл баранның ішінде ол да бүгін қылаңсыр.
Кәсібі бұл арсыздың: «Сөз қыдырт та ел құтырт»! –
Ел құтыртып болғасын әруақ жатқан көрді түрт!
Тарттырар ем қазір-ақ келе бұзғыш көртті тап,
Бірақ оны өртеуде сол көрлерден өрт тұтап!
Жалғыз тіні – Рухын ібіліске ол ұрлатқан,
Жаншиды оның еңсесін зіл-қара тас мың батпан!
Жерге кірген «інішек» – жерқұрттанған санасы,
Бүгін алып қал менен кегің болса аласы!
Бар битіңе шаққызғын,
бар итіңе қапқызғын,
Тас төбемнен саңғысын қара құзғын, ақ құзғын!
Болары хақ ертең кеш, кеңесіме құлақ түр,
Сөз қыдыртқыш арсызға «сүйегіңді» ылақтыр!
Тіл-құлағы салпаңдап сүйекке үргіш сұр төбет,
Көздерінен у тамып, бездерінен бүркеді от.
Солар ма екен, алайда көрген жауым, ал менің? –
Жетпіс кессең, – бар менің ешкемерлік дәрменім!
Жұлдыздарға көрсетіп көрмегенмен Ай-айбын,
Бір тарпыр ем, – аузымның қасиетін аяймын!
Самиғ-Аллам құлдарын сөзден тыйсын асылық,
Сөйлегем жоқ, иншалла, мен ешкімді басынып!
Сезінбейді бейбақтар у мен зәрді мен жұтқан,
Ешкемерсіп күледі өз інінде, сондықтан.
Жан екен деп қайрылман – сұр күшік пен көпекке,
Сүйектерін кеміріп жата тұрсын кетекте.
Бөлісер деп күнәмді, өзіме үрсе, – дос көрем,
Әкелер деп ылаңды, еліме үрсе, – кешпегем!
Айбаты жоқ – періге,
қайраты жоқ – бөріге,
Өлгені жөн – жөніне!
Үргені жөн – теңіне!
Олар емес жалайтын жанның қанды жарасын,
Аяймын тек, кәпірдің көбейтті-ау деп қарасын!
Олар емес ұйқымды быт-шыт қылған дұшпаным,
Тым биікте – аңсарым, тым жырақта – құштарым...
Менің шерлі даламда жасап жатыр әрекет,
ӨЗ ҚАНЫМНАН ЖАРАЛҒАН ит нәсілді пәлекет!
Әне, солар – дұшпаным!
Қазақұлын иттерге
Талатпан деп жүрген жан қара басын күйттер ме?!
Күйттеп көрген жан емен қара бастың қайғысын,
Ит тісінен сау шыққай деп – қорғансыз байғұсым!
Итаяқтан жалап ап жаттың құйған улы асын,
Күні-түні әулігіп кілең жыртқыш шуласын!
Көбеюде күн санап дозақылар дүрмегі,
Не болыпты, тәйірі, үй-күшіктің үргені?!
Тұр естіліп Жыртқыштың ЫНДЫНЫНЫҢ ЫРСЫЛЫ,
Шідер болып есіліп Құрдымының Қылшығы!
Ол жыртқыштың сесі жат – Көнаяқты, Жезтырнақ! –
Ұлтын келе талайды ояна сап көз тырнап.
Азулары сақылдап, нәж-ійісін мүңкітіп,
Ұясынан үрейдің ақ көжегін үркітіп;
Азулары лапылдап,
кірпіктері сақылдап,
Әр таң сайын біздерге келеді олар жақындап.
Болмағасын тамырда шикі жан мен күйкі қан,
Сол жыртқыштар ырылы бездірді, ырас, ұйқыдан.
Өңге кірсе не шара түсте көрер шиқыман? –
Өлең түгіл өмір де өзгерді ғой сиқынан.
Өлең, сені өзіңе қайтарсам деп қитығам,
Жұқтырмаққа бойыңа сыбызғы сыр, сиқыр ән.
Сені таза сақтап ем басып мөр ғып Ай-Таңба,
Жекпей «серік»-сайтанға, сатпай желік-сайқалға.
Ыластаған жерім жоқ – қоңсы қонып мәлғұнмен:
Әлеуметтік қан-жынмен,
саяси сұр «қалжыңмен».
Енді амалсыз, аяулым, танып тұрмын сертімнен,
Тәуіптерім мөлшерлеп берген ем мен «шертімнен».
Кешіре гөр, кеш, Өлең,
қауырсындай нәзігім,
Мен бәрібір ұсынам Рухтың азығын!
Кешір, гүлден нәзігім,
бүгінгі бар жазығым:
Жүрек-балғам қақпақшы Ақиқаттың Қазығын!
Естіледі кереңге болсын мейлі жер түбі:
Тамырымның толқыны,
жүрегімнің солқылы!..
Біздің қозғар кебіміз сол баяғы... бағы жыр,
Көп алдында шешініп көрмекшімін тағы бір.
Тыр жалаңаш діліммен, кебініме жұқпай кір,
Айтып қалшы барыңды, жетім Өлең, тұттай Жыр.
Шашып қалшы тырыңды –
дос-дұшпаннан бұқпай бір,
Ашып қалшы шыныңды – көңіліңе тұтпай зіл.
Іш ашысып қалмасақ білгеніңді тықпай бір, –
Дұшпаныңа не дауа, достарың да ұқпай жүр?!
Ей, жамағат, сөзіме тағы да бір түр құлақ,
Тас-кеудеңді шындықпен көрейінші бұрғылап.
Табылар деп елаттан ең болмаса бір құлақ,
Тұрмын Заман қапысын* жүрегіммен ұрғылап!
Қапы шекпе бұл жолы «ертегі» деп, «аңыз» деп,
Тастиықтап ескертем – қалмау үшін қарыз боп!
Айтам бәрін, –
күні ертең атқан шақта Таң алдан:
«Айтпадың!..» деп бауырлар алмау үшін жағамнан.
Бұл заманда дәл бұдан артқан емес бір Шындық,
Шындығымыз шырмалып, торда талай күрсіндік.
Босана алмай бұғаудан тарыққасын тұл Шындық,
Төбемізде тайраңдап әлі күнге тұр Сұмдық.
Артық айтсам кеш, Аллам!
Кеш, Әзірет Сұлтаным! –
Кеміруде ит тісі діннің діңін, Пір тағын.
Жетті жебір жетпегір қолдарына құранды ап,
Бәрі «шірік» ол үшін: өлі әруақ пен тірі ардақ!
Тамырымды тапаған,
өндірімді отаған
Естен әлі өшкен жоқ сонау «қызыл топалаң».
Құдайсыздан қор боп ек –
нәжіс асап, нас атқан,
Әрең тірі шыққанда қанбас «қызыл-қасаптан» –
Төсін кере бергенде атқан Таңға азат Ес,
Құбыжық кеп бас салды – түрі-түсі алапес!
Алапестер аңсызда кеулеп кіріп ішіме,
Өндірлерім әуелі азық болды тісіне!
«Жас» қаптады жұртымда заты керең, жат ірең,
Ұлтты құрту басталды енді АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН!
Қандай ауыр күнә бар (болды ӨЗ ҰЛЫМ шын дұшпан):
Құдай атын жамылып жасалатын Қылмыстан?!
-----------------------
Кім қап-қара мөр басқан – кеудемдегі Құлпыма –
Өле жау боп шығардай Отаным мен Ұлтыма?!
«Хиджаптарға» тығылып ділмарсиды салдақы,
Әулиемді атасам, – шошып кетед «аллахы»!
Құлап қалад «құдайы», – өлілерге кішірсем,
Бейсенбіде әруаққа жеті күлше пісірсем.
Жалп етеді «жаббары» киіне алмай «кебінін», –
Тәжім қылып ізетпен сәлем салса келінім.
Неткен «аллах» әлжуаз – тек долларға сыйынған –
Зәресі ұшып кететін ырым менен тыйымнан?!
Қандай «аллах» қанғұйлы – қара күшке табынған –
Жұрдай тірі тамырдан,
тас жүрегі қабынған?!
Анасының қолынан ас ішпейтін «һарам» деп,
Жат қолынан қан жалар: «мен жәннатқа барам!..» деп.
Алла атымен сөйлейді (Аллам өзі сақтасын!) –
Ашып-жауып тұрғандай сегіз жәннат қақпасын!..
Шығарады «үкімін» «серік қосқыш» Қазаққа,
«Аттандыра» қояды аузыменен тозаққа!
«Сүннет-сақал» қойғанмен – сайтанданып ниеті сан,
Бастан аттап кетеді «сүннет-намаз» оқысам!
Қиямда тұр талтайып, кеспірлерін кек бұзып,
Бір нәрсесін Құдайға қойғандай-ақ өткізіп!
Жәләп қылып жарларын, жиылып ап өлі түн,
Көргендер бар мешітте «жұма-ақшамдық» «тоғытын»!
Бауырлары өртенгір – бұзған марту Қойқабын,
«Бауырласу» атапты әлгі сұмдық сойқанын!
Шешіп «хиджап-киерін»,
көсіп «сақал-күйегін»
Жыныққанын... мұны айтсам, білем тілім күйерін!..
Құдай үйін қорлаған өріп кетті көр-надан! –
Қайран қазақ даласы-ай – мұнша тұзақ торлаған!..
Қайран қазақ баласы-ай – құны Сыртта кесілген,
Тор-тұзағы нәжіси қылшықтардан есілген!..
Тап осыны айтқанша, байланып-ақ қалсын тіл! –
Қызыл тілім қанжар боп көр-кеудені жарсын тұл!..
«Не де болса, бұл «аллах» бастамақшы бүлігін,
Сүймейді әсте ұлтымның Құдай сүйер қылығын.
Қашты ұл мен қыз «жиһадқа» тағдырынан тәһит жеп –
Қан мен жыны шашылып өлу үшін «шаһид» боп!
Неткен «қымбат» «ақида» – ібілістен бата алған –
Бездіретін ата-анаң, Ұлтың менен Отаннан?!
Күнәсі жоқ Ұлтымның, Отанымда жоқ кінә! –
Күнә, кінә төрдегі Бақты менен Боқтыда!
Біздің Билік сәләфтық сандырақты құп алып,
Қойды олардың «серкесін» тақ-төріне шығарып!
Саудайылар саудтың бөліп жеген «жарнасын» –
Айқара ашып қойған-дүр жаудың «Кәпір-арнасын»!
«Айтыскер» деп аталар шықты бүгін сөз-жалдап,
Түсірмекші қақпанға ұл-қызымды бозғалдақ.
Оңбай қапқан сирағы «қажылықтың» қақпанын,
Атады кеп қазаққа саудиялық сақпанын.
Қарызға ап тіл жыланнан, өңдері аумай өліктен,
Қымтанады сақал һәм партиялық бөрікпен.
Қасиетсіз қор надан –
қасиетіңді қорлаған,
Кешір мені, Қара Өлең, Сені қорғай алмаған!
Мен Өзіңнен кешірім сұрап тұрмын не бетпен? –
Жақсы ед одан мерт кеткен жасыл түсіп кенеттен!
Арыстан ғып әспеттеп көртышқанның жуәзін,
Сөз-саудаға қор боп жүр Қара Өлеңдік уәзін.
Ғаршы құсы – ғайыби мейман деуші ем мен Сені,
Өзіме оқ боп тиді ақыр Өлеңімнің Өлшемі!
Анаң қара, сақалды саудайының түріне,
Қара Өлеңмен қарғысын жаудыруда Піріме!
Мұсылмандық бар әдеп, ақидадан тысқары
Әщадының бүгінгі – Құл Қожа Ахмет дұшпаны!
Тірі ардақты нейбаттап,
өлі әруақты ғайбаттап,
Кімді ұшпаққа шығарып, кімге орнатпақ әйбәт бақ?!
О, Құдірет, Құдірет!
Жәрдем берші бір ірет,
Улы пиғыл нәкөстің жібере гөр діңіне от!
Тіріден де өліден қымсынатын түрі жоқ –
Ғайбаттап тұр Достыңды: «мүшіріктер пірі» деп!..
Әмір Темір Көреген,
көреген ең не деген –
Құдай досты Құтыбты* көк күмбезге бөлеген?!
Ойлап па едің сен, бірақ у жалар деп кереден,
Тумай шөккір туа – жат:
шөберең мен неменең?!
Таймиядан* тәмсілдеп,
талмай тауып «дәлелін»,
Көк күмбезге көзінің жаудырады-ай бар оғын.
Әл-Фаузаннан* «бата» алып,
жиып барлық «қаруын»,
Әулиеме шашады тіліндегі бар уын!
Әулиеме соншама өшігеді кер-маңдай –
Әзірет Сұлтан сиырын ұрлап сойып алғандай!..
Иә, айтпақшы, бәрі де басталған-ды сиырдан,
Бұл бір кеп-ті ізі өшпей келе жатқан қиырдан.
Шықты тағы алдымнан сол баяғы бүлік сан,
«Қайталанар, – деуші еді, – тарихты ұмытсаң».
Өзім озып Сөзімнен мен несіне асығам? –
Жә, ендеше, бәрін де қозғайықшы басынан...
Светқали Нұржан
Қапы* – есік, қақпа.
Құтыб* – Қожа Ахмет Ясауидің (р.ғ.) дәрежесі. Темірқазық, яки әулиеліктің ең жоғарғы сатысы.
Таймия, Әл-Фаузан* – еңбектеріне уахаб-сәләфтар бас ұратын діндарлар.