Мен өскен өлке
Әркімнің туған жері өзіне ғана ыстық. Биік тауға қанша құмартқанымызбен қырдағы өз төбешігімізді аңсап тұрамыз. Бұның сырын әлдебір ғылымнан іздедік, жоқ. Туған жерге ауып тұрар көңілдің диагнозын қоя алмай сарсаңға түстік. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры таптық. Қара жердің қай бұрышында жүрсең де әрқашан өзіне қарай шақырып тұрар кіндік қаның тамып, Күніне табаның күйіп, топырағына аунап өскен бала мекен – туған жер екен. Мұны жазушы-драматург Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВПЕН болған әңгімеден соң қайта сезінгендей болдық. "
–Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев қай өңірде дүниеге келген?
–Мен, Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе теміржол бекетіне жақын жердегі «1-май» ауылында дүниеге келіппін.
–Былайғы жұрт туған жеріңізді сұраған сәттерде, ең алдымен, есіңізге не түседі?
–Туған жерімнің табиғаты. Әке-шешем қойшы еді; қысы-жазы Сырдария мен Сарысудың, біздің жақтың тілімен айтқанда, Сыр мен Қырдың екі арасында көшіп-қонып жүретін. Содан болар, бала кезімде баяғы көшпелі дәуірді түгелімен басымнан кештім деп айта аламын. Көктем шығып, күн жылт етіп жылына бастағанда біз түйелі көшпен қоршаудан басымыз қылтиып, жайлауға бет аламыз. Күзге салым тура осылай қоршаудың ішінде отырып, Сырға қайта көшеміз. Қоршаудың ішінде келе жатып, тамақ та ішеміз, ұйықтап та аламыз. Сонда маған түйе үстіндегі қоршау соншама кең сияқты көрінетін.
Қазір мұндай көш жұрттың өңі түгілі түсіне де кірмейді.
–Елбасы мақаласында туған жерге қатысты жақсы ойлар айтылды. Арнайы бағдарлама да ұсынылды. Өзіңіз Сырдың бойына жиі барып тұрасыз ба? Соңғы рет қашан табан тигізіп едіңіз?
–Туған жеріме жиі барамын дегенім өтірік болар. Оның басты себебі – күнделікті тірліктен қол босай бермейді. Мен ұзақ жылдардан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқардым, соған орай, ауылдан гөрі шетелдерге көбірек баруға тура келді. Оның үстіне, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ұстаздық етемін, профессормын. Бұған қоса таусылып бітпейтін шығармашылық жұмыстарым да бар. Дегенмен, облыс пен аудан, ауылдағы түрлі іс-шараларға шақыру келсе, мүмкіндігімше қатысып қайтуға тырысамын. Ең соңғы рет өткен жылы, өзімнің 70 жылдық мерейтойымда бірнеше күнге барып, түрлі кездесулер өткіздім.
–Бір сұхбатыңызда «қой баққан екі жылдағы көрген-білгенімді әлі күнге дейін жазып келемін» деген едіңіз. Байқасам, сіздердің буында қой бақпаған ақын-жазушылар кемде-кем секілді. Таяқ ұстап, қой қайтарғанның шығармашылыққа қаншалықты әсері болды?
–Иә, менің жазушы болуыма екі жыл қой баққанымның ерекше әсер еткені анық. Оның себебі әртүрлі. Басқа жерді қайдам, ал біздің жақта қой бағудың өз ерешеліктері бар. Мысалы, қыстау мен жайлаудың арасы кемінде жүз шақырым, кейде одан да ұзақ болады. Және сол ұзақ жердің табиғаты да ерекше. Ұланғайыр кең дала, мыс тақыр. Мұхиттай жүзген сағым, бір қиырдан мұнарланып көрінген әйгілі Қаратау, бір жағы атақты Бетпақдала, бұлдырып жүгірген ақбөкендер, жым-жырт тыныштыққа бөленіп жатқан ескі мазарлар. Сарысудың жағасы қаптаған киіз үй. Өрістен суға құлап келе жатқан қалың жылқы. Мұның бәрі адамның қиялын шарықтады, қолға қалам алып жазуға ынталандырады. Бұл мекеннің адамдары да ерекше; шетінен әңгімешіл. Ежелгі тарихтан бастап бүгінгі заманға дейінгі әңгімелерді барынша «майын тамызып», керемет қызықты етіп айта біледі. Менің жиырма жасқа дейінгі өмірім осы өлкеде, осындай адамдардың арасында өтті.
–Сырдария мен Сарысу өзендерін шығармаларыңыздан көп байқаймыз. Туған жеріңізді көркем шығармаға жиі қосасыз ба?
–Менің шығармашылық жолым ақындықтан басталды. Яғни, сонау 1966 жылы, жиырма жасымда жас ақындардың республикалық фестивалінде үшінші орын алып, жүлдегер атандым. Міне, осы кездегі өлеңдерімнің біразы Сырдария мен Сарысуға арналған. Ал кейін проза жанрына ауысқанда жазған повестерім мен әңгімелерім түгелдей дерлік туған жерге арналған. Бұл жазғандарым сексенінші-тоқсаныншы жылдары бес-алты рет жеке кітап болып шықты. Ал 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша екі томдық таңдамалы жинақ ретінде жарық көрді. Кейіннен бұл шығармаларымды қайта қарап, 3 томдық жинақ етіп ұсындым. Оның алғашқы екі томы «Ан Арыс» баспасынан «Сыр мен Сарысу», «Алтын сағым» дейтін атпен мемлекеттік тапсырыспан басылып, оқырмандарға жетті. Қазір үшінші томды дайындап жатырмын. Драматургия мен көркем публицистика жанрында да біраз кітаптар шықты. Бірақ олардың басым көпшілігінің туған жерге қатысы жоқ.
–Әңгімемізді Шиелі ауданына қарай бұрсақ. Онда тарихи орындар немесе киелі жерлер бар ма? Мына дүйім жұртқа туған жеріңіздің тарихымен мақтаныңызшы...
–Осыдан біраз жыл бұрын «Маржаны Сырдың – Шиелі» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапта Шиелі ауданының өткен тарихы мен қазіргі жағдайы барынша жан-жақты қамтылған. Осы кітаптағы деректерге сүйеніп айтар болсам, бұл жерде алты алашқа белгілі Сығанақ, Бестам сияқты ежелгі қалалардың орны сақталған. Аттары аңызға айналған жеті әулие – Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып ата, Бала би, Досбол би, Қыш ата мәңгілік мекендерін осы өңірден тапқан. Асан қайғының бейіті де осы ауданда.
–Сіз өскен ауылда халықтың әлеуметтік жағдайы қалай? Хабардарсыз ба?
–Мен туған ауылдың ғана емес, жалпы бүкіл Сыр өңірі халқының дүниедегі ең бай, әлеуметтік жағдайы ең жақсы болып өмір сүруіне толық мүмкіндіктері бар. Мен мұны жәй көңіл көтеретін қызыл сөз ретінде емес, көзіммен көрген жағдайлармен салыстырып айтып отырмын. Жоғарыда айтқанымдай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы қызметіме байланысты әлемнің біраз жерін араладым. Сонда анық көзім жеткені – қай халық жанын салып, аянбай жұмыс істейді, солардың тұрмысы жақсы. Мысалы, Қытайдың Тұрфан дейтін алыс өлкесіне жолым түсіп, бірнеше рет бардым. Ол жердің басым бөлігі – бір қылтанақ өспейтін, қиыршық тасты ұланғайыр шөл. Шыжыған ыстық. Халқы көз ұшындағы таудан суды жердің астын үңгіп қазып әкеледі. (Арық не каналмен ағызса, қайнаған ыстықтан бу болып ұшып кетеді.) Міне, Тұрфанның халқы дүниежүзіндегі ең қымбат жүзім өсіріп, бай да қуатты өмір сүруде. Ал онымен салыстырғанда Сыр бойының жағдайы – жұмақ. Мұнда атақты Сырдария өзені бар. Бүкіл дүниеге апаратын темір жол да, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы да осы өңірді басып өтеді. Әр ауылға канал су жеткізіп тұр. Егін егіп, мал өсіруге барлық мүмкіндік жасалған. Тек жан аямай жұмыс істеп, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу керек.
–Қызылорда облысының әкімдігіне айтар сөзіңіз һәм өкпеңіз болса, мархабат.
–Туған жерімдегі үлкенді-кішілі басшыларға ешқандай өкпе-назым жоқ; және болған да, болуы мүмкін де емес. Өйткені, мен осы жасыма дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, ешқандай басшының алдына барып, бірдеңе дәметіп, өтініш жасамаппын. Сондықтан оларға не деп ренжіп, өкпелеуім мүмкін?
Ал айтар сөзіңіз бар ма дегенге келетін болсақ, бұл жөнінде бір пікір білдірейін.
Мен Сыр өңірі қазіргіден де өркендеп, дамыған елдерге теңессе деймін. Және соны кәдімгідей армандаймын. Осыған байланысты мені алаңдататын бір жағдай бар. Қазір Қызылорда облысы негізінен мұнай, уран сияқты қазба байлықтарға арқа сүйеп өркендеуде. Бірақ болашақта ауыл шарушылығына айрықша назар аударылуы қажет. Жоғарыда айттым ғой, Сыр бойының бұл саладағы мүмкіндігі өте үлкен. Өкінішке қарай, ол мүмкіндік толық пайдаланылмай отыр. Бұл ретте, бірінші кезекте Қытайдан көп нәрсе үйренуге болады. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Қиыр Шығыстан жер аударылып келген кәріс ұлтының өкілдері Сыр бойында күріш өсіруді барынша дамытуға үлкен ықпал жасаған. Қызылордалықтар оның жемісін әлі күнге көріп отыр. Міне, осы сияқты бүгінгі таңда Қытайдың ауыл шаруашылығына қатысты іс-тәжірибелері мен техникасын әкеліп, пайдаланса Сыр өңірінде егін мен көкөніс егіп, мал өсіруде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуге болатын еді.
Сыр өңірінің басшы азаматтары болашақта осы мәселені ескере жүрсе деймін.
–Былтыр жетпіске толдыңыз. Бір адамның ғұмыры. Туған жерге қоныс аударатын ой жоқ па?
–Иә, өткен жылы жетпіс жасқа толдым. Міне, осы жетпіс жылдық ғұмырымның елу жылдан астамы Алматы қаласында өтіпті. Бұл аз емес, жарты ғасыр уақыт. Яғни, мен қазір нағыз алматылық болып алғанмын. Қанша сағынсам да алдағы уақытта ауылға қоныс аудара алмайтыным анық.
–Сізге кішігірім бұйымтайымыз бар. Сырдария мен Сарысудың арасын, яғни туған жеріңізді суреттеп беріңізші. Қысқа әңгіме болса да қарсы емеспіз.
–Жарайды.
Мен Дала мен Дарияның екі ортасында туып, өскен адаммын.
Дала – бұл бір жағы әйгілі Бетпақдалаға тірелетін; бір жағы даңқы жер жүзіне тараған Байқоңырға, оның бер жағындағы Арыс құмына, теріскейінде Жезқазған өңіріне дейін созылып жатқан ұшы-қиырсыз шөл; сонау Сарыарқадан, Қарағанды жерінен басталып, қалың құмдарды, баябан жондарды жарып, Қызылорданың тұсына дейін ағып келетін шағын өзен – Сарысу. Бала кезімізде біздің үй ерте көктемнен бастап қоңыр күзе дейін осы Сарысу бойын, ұлан ғайыр кең даланы жайлап, көшіп-қонып жүретін еді.
Ал Дария – кәдімгі Сыр; Сырдария. Кішкене кезімізде біздің үй күз түсіп, күн суыта бастағанда осы дарияның жағасына, Байбол деген жердегі биік төбенің бауырындағы қыстауға көшіп келетін еді. Сөйтіп біз қысты дарияның бойында, сыңсыған қалың тоғай арасында өткізетін едік.
Мен үшін ол кезде дүниеде осы Дала мен Дариядан артық керемет сұлу, керемет жақсы жер ешқайда да жоқ сияқты еді... Және қазір де тура солай ойлаймын... Осыған орай сөзімнің соңын жиырма жасымда жазған «Сарысу» деген өлеңімнен үзінді айтумен аяқтайын:
Жапан дейді жұрт оны,
Білмегеннен айтады.
Ат арытып алысқа жүрмегеннен айтады.
Сары қымызын сапырып,
Шалғынына аунайтын
Сарысудың жағасын көрмегеннен айтады.
Боз төбелер басынан күн көтерсе сағымды,
Бозторғайдың бал үні ерітеді жаныңды.
Мақпал кештің самалы жұмсақ-жұмсақ қытықтап,
Қыздырады қаныңды,
Сергітеді жаныңды.
Ақ боз үйдің іргесін түріп тастап күн батса,
Қоңыр салқын самалмен ащы терді құрғатса,
Пай-пай, шіркін, қадірін білер едің Сарысудың
Жамбасыңда көк шалғын, құшағыңда гүл жатса...
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан ӘБІШ,